Мектепке сыйланған кітаптар

Алматы қаласы Наурызбай ауданында жаңадан бой көтерген №200 мектеп-гимназиясында ақын Рахметолла Нұрпейісовтың шығармашылығына арналған «Алтын тұғыр» әдеби-сазды кеші өтті. Шара аясында ақынның авторлық кітаптары мен жинаған кітаптары (барлығы 2000-ға жуық) білім ошағына табысталып, кітапхана қоры жаңа кітаптармен толыға түсті. 

Рахметолла Нұрпейісов Алматы облысына қарасты Қарақол деген жерде дүниеге келген. Филолог маманы дипломын алған соң, журналистік қызметке араласты. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Теміржолшы» — «Турксиб», «Қазақ әдебиеті», «Жетісу» газеттері мен Қазақ радиосында бірқатар қызмет атқарған. Алматы облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық кеңесінің депутаты болды. Қайда, қандай қызметте болса да Р.Нұрпейісов адамдық-азаматтық болмысын сақтай білген. Ол туралы білім ошағына кездесуге келген ақынның көзін көрген азаматтар сыр шертті.
– Рахметолла Нұрпейісов мінезі жұмсақ, ақкөңіл адам еді. Адал еңбек етті. Өлең жазды. Ауылының ауасын, табиғатын, тау-тасын, әр бұрышын жырға қосты. Көпшіл еді, жұртқа көмектескісі келіп тұратын. Ол өзі үшін емес, ұрпағы үшін кітап жинаушы еді. Абайдың, Мұхтар Әуезовтің кітаптарын, тарихи кітаптарды, өлеңге, музыкаға қатысты кітаптарды жинаушы еді. Сол мол қазынасынан 2000-ға жуық кітап бүгін осы білім шаңырағына сыйға тартылып отыр. Бұл – үлкен мұра. Өскелең ұрпақтың терең, жан-жақты білім алуына пайдасы көп қазына. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға ағамыздың кітаптары мектепке құт болсын! – деді филология ғылымының докторы, дінтанушы Сәрсенбі Дәуітов.
Ал белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев ақыннан көрген ағалық қам­қор­лығын еске алды: «Кітапхана қорына Рахметолла Нұрпейісов ағамыздың жи­наған кітаптарын алып, мына болашақ ұрпақ оқып-танысын деп бастама жасаған екенсіздер. Баянды болсын. Мен оқуға тапсырғанда да, қызметке араласқанда да соңымнан іздеп келіп, арқамнан қағып тұратын. Рахметолла аға мені зиялы қауымның жиындары мен дастарқанына жиі апарып, араластырып жүрді. Көрсін, білсін деген екен. Рахметолла Нұрпейісов білімнің төңірегінде қызмет істеген адам. Қарның тоқ, киімің көк бола берсін. Бірақ екінің бірі білімді, парасатты бола алмайды. Мына кітаптарды сендер білімді, ақылды болсын деп, оқысын, таным көкжиегін кеңейтсін деп сеніп тапсырып отырмыз» деді жазушы.
Шара аясында республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Нұржан Жанпейісов ақынның сөзіне жазылған «Соға кет» әнін орындаса, мектеп оқушылары концерттік бағдарлама ұсынды. Кеш соңында №200 мектеп-гимназияның директоры Айнұр Нұрымқызы қонақтар мен оқушыларға алғыс айтты.

А.МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.