«Даңқ залы» – ерлікке тағзым

Тараз қаласында Ұлы Жеңіс  мерекесіне орай «Ерлік» мемориалды кешенінде «Даңқ залы» ашылды. 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұ­рады. Ғимараттың бірінші қабатындағы екінші дүниежүзілік соғыстың әр жыл­дарына арналған қабырғалардағы суреттер жеңіске бастар жолдан сыр шертеді. 

Ұлы Отан соғысы жылдарын бейне­лейтін фотосуреттер мен экспонаттарды толғанбай көру мүмкін емес. Осында 1 миллион 500 мыңнан астам фотосурет пен шежірелер жинақталған екен. 1941 жылға арналған қабырғадан «Барбаросса» жоспарының картасын, генарал-майор Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Николай Белашов секілді батырлардың ерлік іздерін, майдан даласындағы құжаттарын көруге болады.
Залдың екінші қабатында «Бауыржан­тану» ғылыми-зерттеу орталы­ғы ор­наласқан. Онда Бауыржан Момышұлы­ның бала шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы жасалған. Бас киімі, сейфі, жазу мәшинесі, қаламсабы сияқты өзі қолданған заттары да көзге ыс­тық көрінеді. Деректерді жинақтайтын мамандарға үш қызметтік бөлме және фотозертхана қарастырылған. Орталықтың ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаевтың айтуынша, орталық архивте Баукеңнің әлі екі мыңға жуық фотосуреттері бар көрінеді.
«Даңқ залының» ашылу салтанатында Б.Момышұлының келіні Зейнеп ­Ахметова сөз алды. «Атам марқұм айтушы еді: «Мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүремін» деп. Мінекей, бүгін ата арамызда. Рухы, қасиеті, барлығы қасымызда. Қазақ «Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» дейді. Өсіп-өніп жатқан елміз. Мынау іс те сол өсіп келе жатқан буынның өткенін ұмытпау үшін жасалған тірлік» деп тебіренді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры ­Мекемтас Мырзахметов өз пікірін былай деп жеткізді: «Біздің мақсатымыз – батырдың қолда бар мұраларын түгел жинап алу, бірін қалдырмастан келесі ұрпақтың қолына тапсыру. Келесі міндетіміз – Баукеңнің қолынан қағазға түскен нәрсенің бәрін жүйеге түсіру, қалың ұрпаққа ұсыну. Бұл – дүниежүзіне атағы кеткен Баукеңнен қалған сөз» деп ағынан жарылды.
Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсахан Бердібаев бүгінгі ұрпаққа алғысын айтып, елге тыныштық тілесе, еңбек ардагері Любовь Накарякова «Жеңіс» саябағының бүгінгі сәулетіне көз сүйсінетінін айтты. Бұл күні мыңдаған тараздықтар мен қала қонақтары аталған саябақты, «Даңқ залын» асықпай аралап көріп, жасалған игі тір­лікке риза болды.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен өмірге келген «Даңқ залы» ғимараты сонау сұрапыл жылдардан сыр шертіп, бейбіт өмірдің қадірін білуге тәрбиелейтін ордаға айналатыны анық.

Есет ДОСАЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.