Еңбектің еленгені маңызды

Мәдениет пен өнер саласында жүрген мамандардан «Жағдайларыңыз қалай?» деп сұраңызшы, алдымен айтатыны – жалақы. «Көтерілсе дұрыс болар еді» деген ойларын білдіреді. 

Еңбекақыға байланысты шетел асып жатқан кәсіби мамандар аз емес. Олар­дың ойлағаны – жоғары жалақы мен жайлы тұрмыс-тіршілік.
Рас, әншілер мен артистер той-томалақта ән шырқап, тамада болып, қосымша табыс табар-ау. Оны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Олардың күнкөрістері жаман емес. Бірақ мәдениет саласы тек артистер мен әншілерден тұрмайды ғой. Басқа да мамандық иелері көп. Көбі сырт көзге көріне бермейді.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің мақсат-тілегі қалай жүзеге асуда? Осыны білмек ниетпен «Қа­зақ­стандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иман­құловаға жолыққан едік.
– Бүгінгі күні біздің салалық ­кә­сіподақ Қазақстан Республикасы ­Пар­ла­ментінің Мәжілісі жанындағы әлеу­меттік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның құрамына енді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанында аталған мәселеге байланысты қоғамдық кеңес пен комиссия бар. Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінде де тиісті жұмыс тобы құрылған. Басқа да ведомстволарда біздің саланың әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты мәселелерді тиісті орындарға жеткізетін комиссиялар бар. Соның бәріне біз тікелей араласып, көкейкесті мәселелерді көтеріп жүрміз, – дейді Светлана Иманқұлова.
Оның айтуынша, 2018 жылы ақпан айында әлеуметтік қорғауға, оның ішінде еңбекақыны көбейту де бар, байланысты салалық келісімге толықтырулар енгі­­зілген. Тек соңғы бір жылдың өзінде еңбекақы мәселесіне қатысты рес­пуб­ликалық бірнеше жиын өткен. Оның барысында көтерілген барлық өзекті мәселелер хатталып, қағаз бетіне түсіріліп, Қазақстан Президенті мен Парламентіне жолданған. Ол қандай мәселелер? Бірінші, сала қызмет­кер­лерінің еңбекақысын 1,5-2 есе көтеру. Екінші, базалық еңбекақыны тоқтату. Өйткені оның мөлшері төменгі еңбек­ақыдан да төмен. Үшінші, сала қызмет­кер­леріне бұрын 1,72 коэффицент көле­мінде қосымша қаржы төленетін. Қазір тө­ленбейді, соны қайта қалпына келтіру. Төртінші, еліміздің жоғары оқу орындарында цирк бөлімін ашып, балет пен хорео­графия қызметкерлерінің зейнетке ертерек шығуына мүмкіндік жасау. Қуа­ныштысы, Мәжіліс осы жақында ғана соңғы мәселе – балет артистері туралы заң жобасын мақұлдаған. Сәтін салса, бұл заң осы жылдың соңына дейін жүзеге асуы тиіс.
Мұрағат саласы қызметкерлерінің де жалақысы мардымсыз. Осының салдарынан мамандар тұрақтай бермейді. Рас, ауылдық елді мекендердегі мұрағат мамандары басқа жұмыс табу қиын болғандықтан, амалсыздан барды қанағат етуіне тура келеді. Олардың еңбекақысы қаладағы әріптестерімен салыстырғанда тіпті төмен. Енді олардың жалақысына қосымша 25 пайыз төленбек.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын алдын ала жоспарлағандай 1 шілдеден емес 1 маусымнан бастап 30 пайызға көтеру жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
– 21 мамыр – Қазақстан мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осының қарсаңында жеткен жағымды жаңалықтар біздің сала қызметкерлеріне ерекше серпін бергені айтпаса да түсінікті шығар. Алдағы уақытта жағдайдың жақсара беретініне сеніміміз зор, – дейді Светлана Иманқұлова.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
журналист

НҰР-СҰЛТАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.