Дегерестің жүзжылдығы тойланды

Алматы облысындағы Басбатыр тауының етегінде Дегерес ауылының жүзжылдығы тойланды. Ғасырлық мерейтойды думандата атап өтуге елді мекен тұрғындарымен бірге бүкіл аудан жұртшылығы атсалысты. Жап-жасыл болып құлпырған қырқаны қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер одан сайын түрлендіріп, дала сахнасында ән мен жыр күнұзақ қалықтады.

Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келген мерекелік шараға алыс-жақыннан халық көп жиналды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткен жер бұл күні де алыс-жақыннан ағылған ағайынды қауыштырды. Кезінде атағы дүркіреп тұрған ауылда туып-өскен, еңбек еткендер сағына бас қосып, мәре-сәре болысты. Мерекенің салтанатты ашылуында аудан әкімі Бағдат Әлиев жиналған қауымды құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Көпшілік алдында сөз алған «Бәйдібек баба» респуб­ликалық қорының президенті, академик-жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Дегерестің тарихы жүз жылдан да әріге кететінін, Қазан төңкерісіне дейін ол Ырғайты болысы аталып, оған Ақтерек, Көлқамыс, Жаманты, Қараарша, Бұғымүйіз, Бесмойнақ сияқты елді мекендер қарағанын тілге тиек етті. Әр сайы мен қырқасы, тау-тасы көнеден сыр шертетін бұл аймақтың қазақ тарихындағы айтулы оқиғалар өткен киелі де қасиетті мекен екендігіне тоқталды.
Спорт ардагері, атбегі Бақыт Байталиев көршілес Қордай ауданындағы ағайынның ыстық ықыласын жеткізді. Көпшілік алдында Нағашыбек Қапалбекұлының құрастыруымен Дегерес жылқы зауытының жүзжылдығына орай жарық көрген «Ер қанаты, жер жаннаты» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Тойға келгендерге 92 жастағы Қырғызбай Мәденов ақсақал бата беріп, қалың көрермен «Сүйінбай сазы» ансамблінің концертін тамашалады. Бір шетте жастар алтыбақанның айналасына топталып, тербетіліп жатты. Түс ауа түрлі спорттық ойындарға кезек беріліп, кір тасын көтеру, жаяу жарыс, асық ату, қошқар көтеру ұйымдастырылды.
Күнұзаққа жалғасқан мерекелік шараны дала төсін дүбірге бөлеген тұлпарлар жарысы қорытындылады. Екі жеңіл автокөлік тігілген аламанға сонау Қызылорда, Орал, Өскеменнен де атбегілер сәйгүлік әкеліпті. Алдымен 5 шақырымға 30 тай шауып, бірінші және екінші болып Талғар ауданынан Мерхат Бұлғыновтың «Ақтанау» мен «Қызғалдақ» атты тайлары келді. 3,4,5-ші орындардан Сарыбай би, Бесмойнақ ауылдары мен Қордай ауданының тайлары көрінді.
Асыға күткен аламанда жетпіс ат 25 шақырымға көсілді. Көрерменнің көз алдында тоғыз айналым бойы бірінен бірі оза шапқан бәйгеде тұлпардың тұлпары, жүйріктің жүйрігі танылды. Бірінші болып Жамбыл облысынан Артығали Миразовтың жүйрігі «Қаракөз» келді. Қордайлық Алтынжол Нұрманбетовтың тұлпары екінші, Беріктас ауылынан Ұлан Омаровтың сәйгүлігі үшінші, Дегерестен Жоламановтардың «Ақбақайы» мен Сатыбалдиевтардың «Берікқарасы» төртінші және бесінші, жамбылдық Мұрат Қозыбаевтың «Айзері» алтыншы, Балқаш ауданынан Бақытжан Мұздыбаевтың «Үміті» жетінші болып келіп, иелерін бәйгелі етті.

С. ӘШІМБЕКҰЛЫ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.