СЕНІ КҮТІП ЖҮРМІЗ, ӘДІЛ!

Әділ Ботпановты барша қазақ білмегенімен, әдеби орта – ақын-жазушы, қалам иелеріне оның есімі, өлеңдері, аяқталмай қалған проза, драматургиясы таныс. Әділ жарқ етті де жоқ болды… Ізім-қайым. Не бары, не жоғы белгісіз…
Ең алғаш белгілі ақын Жарас Сәрсек досы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қайдасың, Әділ!» деген мақала жариялап, іздеді. Жазушы-журналист Қанат Тілеухан «Аққан жұлдыз» атты радиохабар жасады. Құрдасы, курстасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы Әділ Ботпановтың шығармашылық кешін ұйымдастырып, жиып-теріп «Өмірзая» атты шағын ғана кітабының шығуына ұйытқы болды. Кейінгі кезде курстасы, белгілі продюсер Базарбек Атығай «Алматы» телеарнасынан Әділ Ботпанов туралы «Сәуле-ғұмыр» атты телебағдарлама ұйымдастырып жүргенін білемін. Мен де мектепті бітірген соң, ең алғаш Алматыға оқуға тапсыру үшін келгенімде Әдекеңмен бір бөлмеде бір айдай бірге тұрдым. Сол кездерді еске түсіріп көріп ем…

АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҚ

Әділ Ботпановпен 1990 жылы көктемде таныстым. Жақын ағам Бақыт Әметаевпен КазГУ-ді көруге ең алғаш келген кезім. Бәкең КазГУ-дің филфагында оқитын, Әділ Ботпановтың курстасы.
Сол келісте филфак пен журфактың студенттері ақын Мұхтар Шақановпен кездесу өткізіп жатыр екен…
Менің туып-өскен жерім – Алматыдан жетпіс шақырымға жетер-жетпес жерде ғана орналасқан Жамбыл ауданының Каракастек ауылы. Бақыт екеуміз ауылдан түс ауа шыққанбыз. Ол кезде бүгінгідей ағылып жатқан автобус, толып тұратын такси жоқ. Түстен кейін сағат 16:40-та біздің арғы жағымыздағы ауылдар: Шиен, Кәстек, Амангелді, Прудкиден өтіп, ауылымыз – Каракастекке лықа толып келген автобусқа міндік. Аяғымыз автобустың полына тиер-тимес кептелген бойы Алматыға тарттық. Пора-пора тер, киім алба-жұлба болып, «Сайран» автобекетінен түстік. Түсе салысымен киімімізді түзеп, реттелгенімізді қайтейін, автовокзалдан нөмірі 154 «маршруткаға» мінгенімізде ауылдан келген автобустағы кіші кейіпті қайталап, КазГУ-ге де жеттік-ау…
Аялдамадан түсе салысымен Бақыт ағам таныстыра бастады: «Міне, болашақта сен оқитын КазГУ – осы. Бұл өзінше бір қалашық. Бәрі ішінде. Қазір жатақханаға барамыз. Біздің жігіттер шетінен өнерлі. Бәрі ән айтады. Домбыра тартады. Гитарада ойнайды. Өлең жазады. Кітабы шығып қойған ақын бар. Ол – Әділ Ботпанов. Менімен құрдас. Қызылорданың жігіті.
– Өй, ақын дегенің, өлең жазып өзгешеленетіні болмаса, өмірде кәдімгі өзіміз сияқты болады екен, – деді әзілге бейім ағам…
Бәкең екеуіміз ректораттың алдынан қиып, оқу корпустарының арасымен кесіп өтіп, ағаштар арасымен батысқа бұрылып, тротуарға іліне бергенде қарсы алдымыздан төрт-бес жігіттің қарасы көрінді. Бәкең: «Әй, мынау біздің сұңқарлар ғой. Бұлар қайда ұрып барады екен, ә? Әне, анау, бұты қисайып келе жатқан аласа бойлы – жаңағы айтқан Әділ Ботпанов. Бойын көрдің бе, бір-ақ тұтам. Әй, менен де аласа-ау деймін» деп қалжыңға сүйеп, құрдасына назар аудартты. Олар да жетті. Арқа-жарқа амандасып болған соң: «Әй, жігіттер, танысып қойыңдар! Мынау менің інім, Еділ» деді. «Қойшы, інің ұқсамайды ғой, – деді Әділ миығынан күліп. – Ал сенің бойың… түрің мынау…»
Бақыт та сөзден тосылмайтын жігіт: «Әй, Әділ, сені біз ақын деп төбемізге көтеріп, ақылды деп сыйлап жүрміз, ә?! Арғымақ ала да, құла да, тапал да, бойшаң да туады деген ғой. Біз де сол біріміз ұзын, біріміз қысқа дегендей… Бойымыз келмегенмен, ойымыз келеді».
Осылай қос достың жарасымды қалжыңдарына бәріміз күлісіп алдық.
«Жә, інішек, бәрі қалжың, Бақыт екеуміз құрдаспыз. Менің атым – Әділ!» деп қолын созды. Басқа жігіттермен де қол алысып таныстым. Олар бүгін белгілі азаматтар, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ақын Батырболат Айтболатұлы, кәсіпкер Кенже Байназаров және Ербол Бекболатов болатын. Бауыржан мен Кенже де Бақыт құрдасын қағытып жатты. Осы кезде, Батырболат: – Жігіттер, кеш басталып кететін болды, тездетейік, – деп еді, Әділ: – Иә, шынымен, Мұқаң біз бармай, бастамай күтіп қалып, көпшіліктен ұят болмасын, – деп, бәрімізді тағы бір күлдіріп алды. Бәкең екеуіміз кері бұрылып, жігіттермен бірге кешке келдік.
… Ағам «менімен бірге жүр, жатақханада дайындаласың, әйтпесе, ауылда жүре бересің» деген соң, бұл да бір ақыл-ау деп, КазГУ-ге кітаптарымды арқалап, емтихан басталардан ай бұрын келдім. Қасымда кластасым Біржан бар. Бақыт неміс тілінен, Әділ ағылшын тілінен емтиханға қарыз болып, жазғы сынаққа қалыпты. Екеуі бір бөлмеде жатады және Бақыт жатақханада уақытша «студсовет» міндетін атқарушы екен. Бұлардың қасына біз қосылып, Әділмен бірге бір айдай бір бөлмеде тұрдық.
Әділ аласа бойлы, шағын денелі, қара торы жігіт болатын. Бір ерекшелігі үсті-басы түкті еді. Таңертең сақалын алса, түсте өсіп кететін. Әділдің ­курстасы Ербол ­Сопбеков деген жігіт оқыған-ды. Қазір ауылында, Қызылорданың Жаңақорғанында, мектепте қызмет істейді. Сол Ерекең бір күні Әділмен қатар жата қалыпты. Жатысымен Әділге: «Әй, Әділ, трикоңды шешіп жатшы» дейтін көрінеді, бірақ ол трикосыз еді…

ТАМАҚҚА ТҰРЫП ҚАЛҒАН «4»

Бірінші емтихан шығарма жазу болды. Кластасым Біржан да әупірімдеп өтті. Әдекең Біржанның шығармадан өткенін естіп: – Екінші емтиханың – тарихқа көмектесемін, – деді. Ертесі ертерек тұрып кетіп қалды. Түс қайта темекісін езуіне қисайтып, күлін шертіп түсірмей, өзінің ерекше әдеті бойынша темекінің жоғарғы жағынан саусағымен қағып отырып, «Пішән, (Біржанды ­ауылда Пішән деп атағандықтан, Әділ де солай айтатын) сенің «вопросыңды» шештім. Тарихтан көмектесетін болды. Бір «должник» мұғалім бар еді, сол уәде берді. Қойылатын баға да белгілі. «4» деп саусағымен көрсетті.» Әй, Бақаш, мына «4»-ті осы жерде өзің жуып бересің бе, әлде, ауылына барып өзі жуып бере ме?» деді әзілдеп. Содан не керек аяқ асты ауылға тартып отырдық. Біржанның үйіне кіріп, мамасына Әдекеңдер болған жайды айтып, тамақ асылды, ептеп шарап ішілді. Шарап аздау болды-ау… Біржанның Әділ, Бақыт құралпы Ермек атты ағасы бар. Әділ Ерекеңе қарап: «Әлгіндегі «4» тамағымда тұрып қалды. Не әрі кетпейді, не бері кетпейді» дегені. Елпілдеген Ерекеңнің сол күні Әділмен бірге әбден «ақын» болғанын көзімізбен көрдік…

МЕНІ КӨРДІҢ БЕ?

Әдекең екінші емтиханға көмектес­кенімен, Біржанның үшінші емтиханнан жолы болмай, оқуға түсе алмады. Әділ де жаздағы ағылшын тілінен қарызын тапсыра алмай, оқудан шығып қалды. Сөйтіп, ауылына кетіп, қайта айналып, филфактың жатақханасына жылдан аса уақыттан соң бір-ақ соқты. Ол кезде біз ІІ-курстың бірінші семестрін оқып жүргенбіз. Көрмегеніме бір жылдан асса да Әдекең өзгермепті. Сол бұрынғыдай, не сұрасаң да жымиып қойып, түзу ­жауап бермей, қыңырайып тұрған әдетінен айнымаған. Қыстың алды, күздің қара суығы. Сабақтан қайтып келе жатып, түскі тамақтың қамымен жұмысшылар асханасында курстасым Мұхарбек ­Махамбетов пен Мақсат Ошаев үшеуіміз қалтамызды қағып, кезекте тұрғанбыз.
– Әй, Еділ! – деген дауысқа жалт қа­расам, Әділ Ботпанов екен.
– Ау, Әдеке!
– Сен мені түнде көрген жоқсың ба? – деп жымияды. Үстінде жалаң жемпір ғана. Қара суықтан жаурап кіргені және түнімен «шаршағаны» түрінен көрініп тұр. Шашы ұйпа-тұйпа…
– Жоқ, Әдеке, сізді күндіз көрдім ғой.
– Түнде мені байқамадың ба дегенім ғой.
Сөзге Мұхарбек араласты: – Әдеке, кеше тым жақсы «кожанный» қап-қара курткамен жүр едің ғой, өзі берген халқыңыз, өзі шешіндіріп кеткеннен сау ма? – деп сөзінің аяғын қалжыңға сүйеп, Шәмшінің айтқанын меңзеді. Біз күлдік. Әділ күлген жоқ. Көзінің астымен бір қарады да: – Сау болсақ, сендерден мені көрдіңдер ме деп сұраймын ба? – деп тісінің арасынан сыздықтатып, жалпылама бәрімізді бір сыбап алды да, бұрылып жүре берді. «Оу, Әдеке, бізбен бірге тамақ ішіңіз» деп едік. Артына қарамастан, қолын бір сілтеді. – Менің тамаққа тәбетім жоқ. Түнде мені көрген адам болса, сұрастырайын… – деп жүре берді…

БІР ӨЗЕННІҢ БАЛАСЫ ЕКЕНБІЗ

Ауыл жақын болған соң, апта сайын тартып отырамыз. Әділ апта сайын болмаса да біздің ауылға бірнеше рет барды. Алматыдан тіке ауылға тартатын жалғыз автобусқа іліне алмай қалсаң, Ұзынағашқа дейін барасың да, одан әрі қарай басқа автобуспен кетесің…
Ұзынағаштың автобекетінен түсіп, ауылға қарай аяңдай басып кетіп бара жатыр едік, алдымыздан барша қазаққа белгілі айтыскер ақын Есенқұл аға Жақыпбеков шыға келсін. Есағаң Ұзынағашта тұратын. Айтыскерлігі бір аңыз, жазба ақындығы бір төбе Есағаң: «Әй, Әділмісің? Сен мұнда қайдан жүрсің? Адасып жүргеннен саумысың?» деді.
– Ооо, Есаға, ассалаумағалейкүм! Менің адаспайтынымды білмейтін бе едіңіз? Мына ініңізді оқуға түсіріп жүрген жай.
– Ее, бәсе, Әділ жайдан жай жүре ме? – деді, Есағаң күліп, маған қарады. Осы мүмкіндікте мен де Есағаңды ­танитынымды, әкесі Серікбаймен көрші болғанымызды, әкеме келіп тұратынын айттым.
«Ә, бәрекелді! Бұл Әділді білемін, әйбәт ақын» деді. «Сен өзімнің інім екенсің. Екеуімізді Қызылорданың ақыны таныстырғаны жақсылық болғай. Қойнымда жалғыз кітбым бар еді, Әділден мен кітап алмасам, бұған менің кітабым таңсық емес шығар» деп еді, Әділ: «Ой, қойыңыз, Есаға! Сіз біз үшін, легендасыз ғой» деп қалды. «Аа, солай ма еді» деп Есағаң да риза кейіп танытып, маған: «Еділ бауырыма! Бір өзеннің баласы екенбіз. Үлкен азамат бол!» деп қолтаңба жазып, кішкентай ғана кітапша сыйлаған еді. Бір өкініштісі, ол кітапты жоғалттым, естелігі есімде қалыпты. Мені таң қылғаны, қазақтың үлкен ақыны Есенқұл Жақыпбековтің қарапайымдылығы еді. Ол қарапайымдылық Әділдің сол кезде ірі ақын болғанының айғағы болса керек.

ЕКІ-ҮШ-АҚ АЯЛДАМА

Бір күні кешқұрым шалқамнан түсіп кітап оқып жатыр едім, бөлмеге Әділ кірді:
– Еділ, не істеп жатырсың?
– Ә, жай, кітап оқып жатырмын.
– Бұл кітаптың сенің ертеңгі тағдырыңа қатысы бар ма? – деп жымиды. Мен түсініңкіремей: – Жоқ, ә! Кітап болған соң оқып жатқан…
– Мен сені тірі кітапқа ертіп апарайын, жүр! – деді,
– Қайда, алыс па? – деп едім:
– Екі-үш-ақ аялдама – деді.
– Жарайды, Әдеке, – деп ілесіп жүре бердім. Содан 11-троллейбусқа міндік. Екі, үш, бес аялдама жүрдік. «Әдеке, түсеміз бе?» десем, «аз, қалды…» деп жымиып қояды. Тоғыз, он, он екі аялдама болды, санап келемін. «Әдеке, қашан?». «Сәл шыда». Не керек, кемі жиырма аялдама жүрген шығармыз, бір уақытта «жүр, Еділ, келдік» деді. Сол күні бүгінде белгілі ақын Мәди Қайыңбаевтың үйіне келіппіз.

P.S. 

Әділмен мен поэзия, өнер жайлы әңгімелестім, өлең жөнінде сөйлестім деп айта алмаймын. Бір қызығы, не сұрасаң да Әдекең қисық жауап беретін. Айға жуық бір бөлмеде тұрдық, ауылға барар жолда аз-кем қалжың-шыны ажыратқысыз әңгіме айтатын. Әділ Ботпановқа қатысты жайттарды қаз-қалпында жаздым. Көркемдеуге де, әсірелеуге де бармадым. Осы жазбалардан ақын болмысын қалай ажыратасыз, ол, патша көңілді оқырман, өз еркіңізде, ал стилі бөлек, ойы өзгеше ақын Әділ Ботпановтың өлеңдері жайлы түйген ойлар бар. Ол келесі жазбаның еншісінде…
Біз сені күтіп жүрміз, Әділ! Қайдасың?

Еділ АНЫҚБАЙ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.