ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЭПИКАЛЫҚ МҰРАСЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» туралы: «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антология­сын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әпсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады» деген болатын.

Бұл орайда фольклордың маңызды һәм бай саласын халқымыздың баға жетпес руханияты – эпостық жырлар құрайды. Онда халықтың тарихында болған жалпыэтностық мәні бар елеулі оқиғалар мен көпғасырлық тарихында жинаған тәжірибесі, алған сабақтары, көкейіне түйгендері, салт-санасы жинақталып, көне танымнан көркемдікке дейін дамып өрнектелген дүниетанымдық көзқарастары мен ғасырлар бойы қалыптасқан идеалдары, рухани құндылықтары мен эстетикалық, этикалық, моральдық (ахлақ) ұстанымдары көрініс табады. Эпос – этностың рухани мәдениетінің құрамдас, қайталанбас маңызды компоненті.
Қазақ халқының эпикалық мұрасы жанрлық, эстетикалық, функционалдық, көлемдік жағынан аса бай.
Кеңестік дәуірде саяси, идеологиялық цензураның салдарынан жекелеген шығармаларға ғана емес, фольклордың тұтас бір жанрлары мен түрлерін жариялауға, зерттеуге тыйым салынғаны белгілі. Алайда саяси шектеулерге қарамастан ғылыми ізденіс, зерттеушілік талпыныс тоқтап қалған жоқ. Эпостық мұраларымызды жариялау, зерттеу мәселелері әрдайым ғалымдардың назарында болды. Алайда кезінде тосқауыл қойылып, ақтаңдақ болып келген жәдігерлерімізді кең көлемде терең зерттеу, қалың оқырманға табыс ету еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін болды.
Халқымыздың эпостық қазынасы шығу тегі мен генезисі, даму жолдары, эволюциясы, жанрлық белгілеріне орай төмендегідей жіктеледі: 1. Көне эпос; 2. Қаһармандық эпос; 3. Ғашықтық (романдық) эпос; 4. Тарихи эпос; 5. Дастандық эпос.
Эпосымыздың бұл түрлері типология тұрғысынан өзара күрделі өзгешелік, айырмашылықтарға ие болғанымен, өзінің табиғи жолымен өмір сүріп дамитын эпикалық шығармашылық туғызған, объективті түрде өмір сүретін біртұтас көркемдік әлем, көркемдік жүйе құрайды. Сонымен бірге қазақтың эпостық мұрасы – әлемдік эпикалық қордың ажырамас әрі құрамдас бөлігі. Демек, эпос дамуының типологиялық жалғастығы мен бірізділік заңының тұтастығын қазақ эпосының табиғатынан да тануға болады. Қазақ эпосы мифологиялық синкретизм аясында пайда болып, тарихи даму жолында саналуан түрлік/жанрлық трансформациядан өтті. Ол – кейіпкері мифтік күштермен айқасатын көне түрден ХІХ ғасырда жанр ретінде толық қалыптасқан, кейіпкері жеке даралық қасиеттерге ие, патриархалды-феодалдық қоғамның қағида, ұстанымдарына қарсы шыққан/тұрған, өз тағдырын өзі шешуге қабілетті және сол жолда аянбайтын, ортағасырлық түркі және шығыс фольклоры мен әдебиетінің ықпалын сіңірген дастандық эпосқа дейін өсті. Дастандық эпостың кейіпкері белгілі дәрежеде жаңа заман тұлғасы жазба әдебиет кейіпкеріне жақын. Дастандық эпостың фольклор мен жазба әдебиеттің арасында көпір қызметін атқаратыны сондықтан. Қазақ эпосының мәнді әрі тұрақты тақырыптарын былайша топтауға болады: генезисі мәдени қаһарманға тірелетін аңшы-мергеннің ерлігі; отбасын қорғау; тайпасын, туған жерін, елін, Отанын басқыншы жаудан қорғау; бірлік пен тәуелсіздік үшін күрес; жеке тұлғаның махаббаты, бақыты, ары мен намысы үшін күресі; қауымның қарапайым мүшесінің мінез-құлқы мен ішкі жан күйзелісін, діни сезімдерін бейнелеу; ұжым мүшелерінің ара қатынастары, тайпа аралық қарым-қатынастардың көрінісін беру, т.б.
ХХІ ғасырда эпостық жырларымыз өзінің сейілдік, тәрбиелік, идеологиялық, эстетикалық функциясын атқарып, халықтың ұлттық санасын қалыптастыру әрі нығайту жолында қызмет етуде.
Көне эпос – байырғы замандарда пайда болып дамыған, эпостың алуан түрлі жанр/типтерінің бастауы саналатын эпикалық шығармашылықтың ежелгі түрі. Маңызды белгілерінің бірі – синкретизм болып табылатын көне эпостың жасалуында архаикалық мифтер, ертегі, ғұрыптық поэзия, көне дүниетанымдық түсініктер үлкен рөл атқарды.Көне эпос сюжеттік, тақырыптық тұрғыдан бірыңғай емес, олардың бірінде аңшы-мергеннің іс-әрекеті мен ерлігі бейнеленсе, енді бірінде қалыңдық іздеу, түсіне енген сұлу қызды іздеу баяндалады, яғни дара адам болмысындағы жеке қызығушылық тілектері және қуғын көргендер мен жазықсыз жәбірленгендерді, әлсіздерді қорғау, өз отбасының тыныштығын қорғау жолында іс қылған батыр мадақталады.
Жүз томдық «Бабалар сөзі» ғылыми серияның 31 мен 52-ші томдарында көне сюжеттерді арқау етіп жырланған «Мұңлық, Зарлық», «Құламерген», «Құбығұл», «Дотан Құбақанбайұғлы», «Арық мерген» эпостары жарық көрді. «Мұңлық, Зарлық» жырының бас кейіпкері Зарлық аң аулап өзін, қарындасын асырайды, отбасын қорғайды. Аңшылық – көне замандарда (дәлірек айтқанда неолитке дейінгі және неолит дәуірінің біраз кезеңдерінде) байырғы адам баласының негізгі кәсіптерінің бірі, сондай-ақ (әрине, балықшылық, терімшілікпен қатар) күнкөріс көздерінің бірі болғаны мәлім. Адамзат өркениетінде елеулі орын алған бұл тарихи кезең халық шығармашылығында көрініс таппауы мүмкін емес еді. Соның айқын мысалы ретінде жартастардың, үңгірлердің қабырғаларына қашалып салынған ежелгі аңшыларды бейнелейтін суреттерді айтуға болады.
Зарлық тек аңшы-мерген емес. Ол тілегін орындамаған Күлмес ханның ордасын қиратуға жақын барады. Ешкімнің тісі батпаған алып Қара дәуді өлтіреді, одан құтқарған Құралайға үйленеді. Бұл – қаһармандық үйлену. Көріп отырғанымыздай, Зарлық елін жаулаған, жерін шапқан сыртқы жау­мен шайқаспайды және оның негізгі қарсыласы мифтік образ – алып Қара дәу, яғни адам емес.
Зарлық жалғыз емес, оның қасында қарындасы Мұңлық бар. Бұл жағдай Зарлық бейнесі аңшы, мерген бейнесінен де көне екенін меңзейді. Бұл ­туралы Е.М.Мелетинский былай дейді: «Біз «жалғыз» батыр – ілкі бабаның көбінесе қарындасты болып келетініне көз жеткіздік. Алғашқы адамдардың жұптылығы яғни ағалы-қарындастығы туралы көзқарас матриархалдық ұғыммен сәйкес келетін­діктен жалғыз ата туралы көзқарас тәрізді өте көне». Осы келтірілгендер Зарлық пен Мұңлық бейнелерінің көнелігін айғақтайды. Халық жадында ежелден сақталып келген егіз ағалы-қарындас туралы сюжет өте көне болғандықтан оның архаикалық негіздері, яғни жапан түзді, елсіз өңірлерді мекендейтін, жалғыз жүретін алғашқы қауым адамдары туралы түсініктермен генетикалық байланысы ұмытылған. Сондықтан дастанда Мұңлық пен Зарлықты жалғыз, жетім етіп елсіз тау-тасты мекендету үшін, үйден қудалау үшін «ғажайып балалар» [чудесные дети] атты халықаралық сюжет пайдаланылған.
Ал «Құламерген» жырының бас қаһарманы Құламерген отбасымен Ғазар деген мұхиттың бір аралын мекендейді. Олар аралда жалғыз, руластары да, көршілері де жоқ. Құламерген – аңшы. Бір күні Күнайымның алтын шашының бір талы суға ағып кетіп, мұхиттың жағасындағы Бұлғар шаһары патшасының қолына түседі. Падиша алтын шашқа ғашық болады, «дүниенің жамандықпен түбін тес­кен» Құртқа кемпірдің көмегімен сұлуды қолға түсіруді жоспарлайды.Кемпірдің азғыруына ерген Күнайым опасыздыққа барады… Осы сәттен бастап Құламерген іс-әрекетке көшіп, белсенді тұлғаға айналады. Оның парызы – зұлымдыққа жол бермеу, жанұясының тыныштығын, берекесін сақтау. Құламерген патша әскерін жеңеді, Құртқа кемпірді өлтіреді, ал жеті басты жалмауыз бен оның ұлы Орақты батырдың ұлы Жоямерген жеңеді, демек, әке ерлігін жалғастырады.
Жоямергеннің адамша сөйлейтін Ділдәш тұлпары бар. Қазақ батырларының жан жолдасы тұлпары екені белгілі, мысалы, Қобыландыда Тайбурыл, Алпамыста Байшұбар, Қамбарда Қарақасқа, Ер Тарғында Тарлан, т.б. Көп жағдайда батыр өз жетістіктеріне сенімді тұлпарының ерекше қасиеттерінің, төзімділігі мен иесіне шын берілгендігінің арқасында қол жеткізеді.Жоямергеннің Ділдәш аты иесіне аталған әйгілі тұлпарлардан артық қызмет етеді: иесі бір жыл іздеп таба алмаған алтын қазанды дарияның түбіне түсіп алып шығады, басқаша айтқанда батырдың қызметін атқарады.
Әкесі мен баласының ең басты жауы – жер астын мекендейтін жеті басты жалмауыз, қызы – Құртқа кемпір мен баласы – Орақ. Жырда кездесетін тағы бір көне персонаждар – жыландар, олардың патшасы – Жыланбек. Жыланбек бастаған жыландар адам кейпіне ене алады. Олар Жоямергенге қастандық жасамайды, керісінше, Жыланбек Жоямергеннің қайратына тәнті боп, басқа батырлар орындай алмаған тапсырманы (алтын қазанды әкелу) орындайтынына сенім білдіреді және алтын қазанды әкелсе – жалғыз қызы Күнсұлуды беретінін айтады. Жыланбек уәдесінде тұрады. Мұндай сарын, сюжеттер байырғы замандардағы төтемдік көзқарастармен, дәлірек айтқанда жылан культімен байланысты, соның негізінде туған.
Сонымен, «Құламерген» жыры басынан аяғына дейін мифтік, ертегілік мотив – сарындарға толы (олардың рөлі мен орны біркелкі емес), баяндалып отырған оқиғаларының біразы дарияның ортасында, жеті қат жер астындағы жылан елінде өтетін (бұл байырғы адамдардың дүние төменгі, ортаңғы және жоғарғы әлемге бөлінеді деген ұғымдарымен байланысты), шежірелік тұтастанудың белгілері анық (жырда бір емес, екі батыр әрекет етеді, бірі – Құламерген, екіншісі – оның ұлы ­Жоямерген), оқиғасы шытырман, мазмұны қызық архаикалық батырлық эпостың типтік үлгілерінің бірі. Ал қос батыр – Құламерген мен оның баласы Жоямергеннің бүкіл ерлігі, іс-әрекеттері – ­отбасы құру, отбасының тыныштығы мен берекесін сақтауға бағытталған.
«Дотан Құбақанбайұғлы» жырында да кейіпкерлердің ру-тайпасы, елі көрсетілмейді, ал мекені туралы мәтінде былай делінеді: «мекені елсіз-күнсіз жапан дала», «елсізде жалғыз ауыл жатты саяқ», «өтіпті Құбақанбай жапан түзде». Жырдың бас кейіпкері Дотан 11 жасында ерлік көрсетеді, отыз тоғыз ағасын жұтқан жалғыз көзді жалмауызды өлтіреді, жеті жылдық жолға шығып, көптеген сынақтан өтіп Күнікейге қол жеткізеді, ағаларына қалыңдық іздеп оқшау өмір сүріп жатқан бір елге келгенде, тұтқиылдан шабуыл жасаған жауды қиратады, ағаларын үйлендіреді.
«Құбығұл» жырының бас кейіпкері Құбығұл ата-анасының тілеп алған баласы, ол жеті жаста ер жетіп, қыз іздеп алыс сапарға аттанады; үш рет ерлік көрсетеді – айдаһармен екі рет айқасады, қалыңдығының әкесімен соғысады. Құбығұл айқасып жеңетін айдаһар жай жылан емес. Ол екі елдің – Құбығұл мен оның түсінде көріп, ғашық болған қалмақ қызы Ақбілек елінің – шекарасын, яғни өзінікі мен бөтен, жау жерінің арасындағы шекараны күзетуші. Айдаһарды жеңген соң Құбығұл тағы бір кедергіге тап болады, ол – үш шақырым ені бар, арыны тасты ағызған Теңгелік өзені. Өзен де көне түсінік бойынша кейіпкер елі мен жау елінің арасындағы шекара іспеттес. Осылайша жырда айдаһарды жеңетін Құбығұл бейнесі классикалық батырлық эпостың қаһарманы іспеттес сомдалған. Бірақ оның ерліктерінің бағыты мен мазмұны батырлық эпос қаһарманының ерлік іс-әрекеттерінен бөлек: Құбығұл бүкіл батырлық әрекетін бір мақсатқа ғана жұмсайды, ол мақсаты – Ақбілектей аруға үйлену.
Жоғарыда сөз болған мәтіндерден «Құбы­ғұлдың» айырмашылығы – мұнда кейіпкердің елі мен мекені айтылады: Құбығұлдың елі – Орта Ноғай елі, жері – Көк Еділдің бойы. Бұл кейінгі заман қоспасы.
Көне эпостарда елсіз тауды, орманды я мұхит ортасында орналасқан аралды мекендейтін жалғыз я отбасымен ғана тұратын батырдың ерлігі мен әрекеті баяндалады, ал оның функциясы: түрлі құбыжықтарды жою, қалыңдық іздеу, отбасын құру, отбасын қорғау, оның тыныштығын сақтау, әлсіздерге көмектесу. Құламерген мен оның баласы Жоямергеннің де, Зарлық пен Арық мергеннің де, Құбығұл мен Дотанның да күллі іс-әрекеттері, жігері мен күш-қуаты осы айтылған мақсаттарға қол жеткізуге жұмсалады.
Көне эпос қаһармандарының қарсыластары – мыстан кемпір, жылан, жеті басты айдаһар, жезтырнақ, жеті басты жалмауыз кемпір, жалғыз көзді адамжегіш (Төбекөз), Қара дәу, арыстан, жолбарыс, ал енді бірде батырдың қарсыласы эпикалық дұшпан – қалмақ болады. Бірақ мұндағы жау-қалмақ батырлық, ғашықтық я тарихи эпостардағы қалмаққа ұқсамайды. Біріншіден, олардың елі қазақ жерімен шекаралас емес, өте шалғайда, мысалы Зарлық қалмақ ханы Күлмеске жүйрік тұлпарымен 60 күн жол жүреді, Құбығұлдың қалмақ еліне баратын жолы «Төрт айшылық жер еді, / Бір айшылық көл еді» деп сипатталады, ал Дотан Шынтемір ханның еліне жеті жылда әрең жетеді, сонда келгенде ғана Күнікейді аламын деп қысым көрсеткен қалмақ ханы Жазираға, оның әскеріне тап болады. Екіншіден, қалмақтар өздігінен қаһарманның жанұясына шабуыл жасамайды. Оларға эпос кейіпкерлері өздері түрлі себеппен барады. Мысалы, Құбығұл түсінде көріп ғашық болған сұлу – қалмақ қызы болып шығады, сондықтан ол эпос поэтикасына сай қыздың еліне барады, Дотанды Шынтемір ханға жалмауыз кемпір жұмсайды, ал Зарлықты қалмақ еліне Құртқа кемпір жұмсайды. Демек, көне эпос сюжеттері қалыптасқан дәуірлерде қалмақ жау ретінде тарих, сондай-ақ эпос сахнасына әлі шықпаған; олардың кейде батырдың қарсыласы болуы көне эпостың бірнеше дәуірдің белгілерін қатар сақтағанын, көпқабаттылығын айғақтайды. Атап өтетін жайт, көне эпос қаһармандарының қалыңдықтары, көбіне өзге елдің, бөтен, жау елдің өкілдері болып келеді. Құламерген жер астындағы жылан патшасының қызына үйленеді, Зарлық пен Құбығұл қалмақ қыздарын алады, Дотан алған қыздың этностық белгілері көрсетілмейді, бірақ оған Дотан батыр жеті жыл жол жүріп жеткенін білеміз.
Архаикалық сюжеттер байырғы замандарда қалыптасты. Бізге сол сюжеттерді арқау етіп жырланған эпостық жырлар жетті. Кейінгі замандардың эпикалық дәстүр аясында жырланған бұл сюжеттер өзінің бастапқы бейнесінен айтарлықтай өзгеріске ұшырап трансформациялануы әбден мүмкін. Алайда біз қарастырған сюжеттер, тұтастай алғанда, өзінің константтары мен доминанттарының терең мәнін толық сақтаған.

Бақытжан ӘЗІБАЕВА,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.