«ОЛЖАС – ӘЛЕМ АДАМЫ»

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде халқымыздың зиялы тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтың шығармашылығы мен өмір жолына арналған «Олжас – әлем адамы» арнайы іс-шарасы ұйымдастырылды.

Негізінен ауыл балалары оқитын университетте тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Қайраткер тұлға осында оқитын ауылдан шыққан студенттермен жиі кездесіп, әртүрлі мәдени-көпшілік, спорттық шараларға қатысып тұрады.
Студенттермен кездесулерде көрнекті ақын әдебиет пен мәдениет, ұлттық патриотизм мен бейбітшілік мә­селесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады.
Биыл да Олжас Омарұлы өзінің атымен аталатын институтқа келіп, университеттегі әр ұлттың жастарынан құралған сдуденттік «Достық» ассамблеясы мүшелерімен кездесіп, руханият тақырыбында әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Өнерлі жастар Олжекеңнің өлеңдерін әр ұлттың тілінде оқып, шығармаларынан композициялық көріністер ұсынып, батасын алды.
Биыл университеттегі «Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық тәрбие, білім беру институтына» 15 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында институт көптеген рухани, мәдени, спорттық шаралар өткізіп келеді. Соның бірі – жыл сайын, дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ардагер командалар арасындағы халықаралық волейбол турнирі. Бұл жарыстарға Олжекең өзі де қатысып, жастарға үлгі көрсетіп келеді. Осы іс-шарадан кейін университетіміздің Спорт кешенінде өткен турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде «Олжас және оның командасы» атты деректі фото, құжаттарға негізделген арнайы альбом-кітаптың таныстырылымы болды. Бұл кітапта біз 13-інші рет өткізіліп отырған ардагер волейболшылар турнирінің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері мен әр кездердегі жарыстардың сәттері бейнеленген.
Шығармашылық кездесуден кейін университеттің Спорт кешенінде дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» үшін волейболдан ардагер командалар арасында ХIII Халықаралық турнир тартысты өтті. Турнирді ұйымдастырушы – университет ректоры, академик Тілектес Есполов.
Олжекеңнің қол добы – волейбол ойынына құмарлығын дүйім жұрт жақсы біледі. Ақын студенттер арасында салауатты өмір салтының үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте ардагерлердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізу дәстүрге айналған.
Биылғы турнирге «Ташкент» (Өзбекстан), «Спартак» (Қырғызстан), «Ардагер» (Түркістан облысы), «Ардагер» (Жамбыл облысы), «Номад» (Нұрсұлтан қаласы), «Жетісу» (Талдықорған қаласы), «Байқоңыр-Қызылорда» (Қазақстан-Ресей), Еуразия технология университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ардагер волейболшылар командалары қатысты.

М.Ботабеков

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.