Тамыры терең Түрксой

d182d183d180d0bad0bad0bad0bad181d181d181d181ТҮРКСОЙ деген атау қазір баршамызға жақсы таныс. Бұл — түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамытуды көздейтін халықаралық ұйым. Қазақстан — бұл ұйымды құрушы мемлекеттердің бірі. Оның үстіне бұл ұйымды біздің елімізбен тығыз байланыстыратын тағы бір себеп бар. Екі жылдан бері ТҮРКСОЙ-ды Қазақстанның өкілі, бұрынғы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов басқарады. ТҮРКСОЙ-да түркі тілдес елдердің әрқайсысының өкілдері қызмет атқарады. Қазақстанның Мәдениет министрлігінің өкілі ретінде журналист, бірнеше тіл білетін шығыстанушы-ғалым Асқар Тұрғанбаев қызмет істеп жатыр.

Жалпы, бұл ұйымды құру идеясы түрік жерінде өмірге келген. 1992 жылдың көктемінде түркі тілдес тәуелсіз алты мемлекеттің Мәдениет министрлері Ыс­тамбұлда кездесіп, бірлесіп жұмыс жүргізу жөніндегі Ме­морандумға қол қояды. Ал осы жиыннан бастау алған ұйымның құқықтық мәртебесін айқындап, құрылымын бекіту сол жылғы желтоқсанда өткен түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі мәжілісінің еншісіне тиді. Бакуде өткен бұл басқосуда ТҮРКСОЙ-дың тұрақты атқарушы органы – Бас дирекцияны құруға шешім қабылданды.
ТҮРКСОЙ-дың жұмыс жүр­гізу принциптері жөніндегі шарт Алматыда 1993 жылғы 12 шілдеде жасалды. Осы жиынға ұйымға мүше алты елдің — Түрік Республикасы, Қазақ­стан, Қырғызстан, Түрік­менстан, Әзір­­байжан және Өзбекстанның мә­дениет саласының басшылары қатысты. Бұл ұйымның өмірге есік ашқан күні болып есептеледі. Ке­йіннен шартқа бақылаушы ел ре­тінде Татарстан, Башқұртстан, Сол­түстік Кипр, Хакасия, Гагауз, Тыва қосылды. Уақыт өткен са­йын халықаралық ұйым­ның аясы кеңейе түсті. ТҮРКСОЙ түр­кі халықтарының мүддесіне орайлас келетін шаруалардың ешқайсысынан да шетқақпай қалған емес. Әсіресе, туыстас елдердің мәдени өміріндегі елеулі шараларды ортақ мереке ретінде өткізіп, бас біріктіруге айрықша маңыз береді.
ТҮРКСОЙ-дың Тұрақты ке­ңесі ұйымның ең жоғарғы жиыны болып саналады. Ең негізгі және маңызды мәселелер осында қабылданады. Тұрақты кеңестің мәжілісі Қазақстанда да бірнеше рет өткізілді. Биыл Тұрақты кеңестің жиырма сегізінші жиыны Түркияның Анталья қаласына шақырылды.
Жиын өткізетін елдің Мәдениет министрі ТҮРКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісі болып есептеледі. Бұл жолғы уақытша үйлестіруші Түрік Республикасының Мәдениет және туризм министрі Ертұғрұл Гүнай басқосуды өзі жүргізіп, әріптестеріне елінің қонақжай шаңырағын көрсетті.
Алғашқы болып сөз алған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мы­ның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов соңғы жылдарда ат­қарылған шараларға жан-жақты тоқталды. Әрқайсысының ма­ңыз­дылығын айрықша атап өтті.
Тұрақты кеңесте Қазақстан делегациясының атынан Мә­дениет министрлігі Тіл коми­тетінің төрағасы Бауыржан Омаров сөз сөйлеп, елі­міздің ұйымды дамытуға қо­сып отырған үлесі жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Садық Шер-Нияз, Башқұртстанның Премьер-министрінің орынбасары Зугура Рахматуллина, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Мәдениет министрі Кемал Дюрист, Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің халықаралық бай­ланыстар департаментінің ди­ректоры Екатерина Селезнева, Татарстанның Мәдениет министрінің орынбасары Ирада Аюпова, Әзірбайжанның Мә­де­ниет министрлігінің бөлім бас­тығы Ризван Байрамов, Гагауз Жері Мәдениет және туризм бас басқармасының бастығы Дмитрий Камбур қатысып, өз тұжырымдарын көпшілікке ұсынды.
ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесте келер жылға арналған шаралар жоспарын бекітті. Сәуір айын­да Түрікменстанда «Түркі ха­лықтарының мәдени мұрасы» атты халықаралық фестиваль өтпек. Осы шараны ұйымдастыру мәселесі талқыға салынды. Сонымен қатар биыл ТҮРКСОЙ тарапынан Ахмет Зәки Уәлиди Тоған жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай жыл бойы ұйымдастырылған шаралар жөнінде есеп берілді. Алдағы жыл татардың аса дарынды ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімімен аталатын болды.
Тұрақты кеңестің шешімі бо­йынша Қазақстан Респуб­ликасы­ның Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ТҮРКСОЙ-дың келесі кезеңге дейінгі Уақытша үйлестірушісі болып сайланды. Келесі жиырма тоғызыншы жиын 2011 жылдың аяғында Астана қаласында өтетін болды.
Тұрақты кеңестің мәжілісін­де Башқұртстанның Премьер-ми­нистрінің орынбасары Зугура Рахматуллина Дүйсен Қасейіновке осы елдің «Халықтар достығы» орденін тапсырды. Ол бұл марапатқа Башқұртстанның Президенті Рүстем Хамитовтің жарлығымен ие болыпты.
ТҮРКСОЙ-дың басты мақсаты — түбі бір тарихымызға тереңірек үңілу. Халықаралық ұйым бұл міндетті абыроймен орындап келеді. Түркі халықтарын жақындастыратын бірнеше қасиетті ұғым бар. Ол – аса қиналмай түсінісуге болатын тіл және түркілік өршіл рух. Ұйым өткізіп келе жатқан айтулы шаралардың бәрінде түркі бірлігінің беделі байқалып тұрады. Шынын айтқанда, соңғы кездері ТҮРКСОЙ деген атаудың өзі түркі бірлігі деген ұғымның баламасына айналып келе жатқаны рас.
ТҮРКСОЙ рухты көтеріп, өнерді ынталандыратын шараларды көп өткізеді. Өз қатарынан оза шыққан саңлақтарды ұйым­ның қомақты сыйлығы­мен ма­ра­паттайды. Түркі тілдес ха­лықтардың бір-бірімен жақын­дығын, рухани туыстығын өздері әрдайым сезініп жүретіндей ахуал қалыптастырады.
Антальяда өткен түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлігі басшылары Тұрақты кеңесінің биылғы жиыны да ТҮРКСОЙ-дың тамыры тереңдей түскенін анық көрсетті.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Ана тілінің» арнаулы тілшісі

Алматы —Анталья — Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.