Жетісу әндерінің антологиясы

Көңілге жылы шуақ ұялататын жағдай – Алматы облысында мәдениет пен өнерге деген қамқорлық ерекше. Осыған орай соңғы жылдары игілікті шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстарды жергілікті халық оң қабылдап отыр. Мұндай шарапатты істер алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол. Мына төмендегі жағымды жаңалық солардың бірі ­туралы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» жинағы Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шықты. Жинақ облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Талдықорған қаласында өткізілген салтанатты шарада таныстырылды.
Атап өтсек, «Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» жинағына жалпы саны 250-ге жуық ән кірген. Кітап қазақ халқының ғұрыптық әндері, халық әндері, халық композиторларының әндері дейтін 3 бөлімнен тұрады. Жинақтың тағы бір ерекшелігі – кітапқа енген барлық әндер жазылған CD-дискілер қоса тіркелген.
Жалпы «Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» кітабын басып шығаруға жер­гілікті бюджеттен 5 млн теңге бөлін­ген. Оны 150 дана етіп шығару көзделіп отыр.
«Жетісу кітапханасы» 100 том­дығы сериясының аясында өткен жылы 20 автордың кітабы жарыққа шықса, биылғы жылы 40 кітап басылады деп жоспарланған, соның 20-сы – жас ақын­дардың жинағы. Сол сияқты бұл қатарда «Мәдени ескерткіштер энциклопедиясы» 2 томдық кітабы да бар.

Смайыл БАЗАРБАЙ

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.