Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Жер шетелдіктерге сатылмайды

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай және Ақтөбе облыстарында іссапарда болды. Мемлекет басшысы Қостанайда жаңадан ашылған Жастар сарайы мен «iKomek» орталығына барып, STARTUP жобаларының көрмесін аралады. Сонымен қатар Қостанай облысы Жастарға қызмет көрсету орталығына, «СарыарқаАвтоПром» зауытына, «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы кіріп, жұмыстарымен танысты.

Кен өндіріп, ауылшаруашылығының да басында көш бастайтын Қостанай облысы қайта өңдеу өнеркәсібімен, машина жасау ісімен де еліміз бойынша алға шыққаны белгілі. Мұның дәлелі – облыс орталығында орналасқан «СарыарқаАвтоПром» автозауыты. Аталған зауыт биыл 38 миллионнан аса теңгенің өнімін өндірген. Осы жылдың алғашқы тоқсанында-ақ 5306 жеңіл және жүк машинасын, автобустарды іске қосқан. Яғни өткен жылғымен салыстырғанда 1,8 есе көп өндіріске ие болып отыр. Ал жыл соңына дейін 20000 жеңіл және коммерциялық машиналар құрастыру жоспарланған екен. Зауыт басшылығы Мемлекет басшысына Қостанай автозауыты автомобильдерді сыртқа бұрынғыдан үш есе көп шығаратынын, биыл автомобильдер Ресей мен Тәжікстан сияқты Кеден одағы елдеріне 30 пайызға артық сатылатынын жеткізді.
Қостанайға сапар барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы қалада жақында ашылған «iKomek» орталығына бас сұқты. Мұнда Президент «109 Call-орталығы» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы және «Ашық әкімдік» жобасының жүзеге асырылуымен танысты. Осы орайда Мемлекет басшысы «iKomek» орталығының тәжірибесін республиканың барлық өңіріне кеңінен тарату қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар іссапар аясында Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу барысында аналитикалық және цифрлы жүйенің қолданылу мүмкіндіктері көрсетілді. Қостанай облысының ішкі сұранысын және еліміздің өзге өңірлерін сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы да өз кезегінде өндіріс көрсеткіштерімен таныстырды. Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер мен диқандар Президентпен кездесіп, жетістіктері мен мәселелерін ортаға салды.
– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған өңірдің аграрлық саласының дамуы өте жоғары. Диқандарға көктемде берілетін несиенің қайтару мерзіміне қатысты проб­лемаларды шешу жұмыстары Үкіметтің көмегімен күшейтіледі. Ал жер мәселесіне келер болсақ, кім жұмыс істейді, жер соған тиесілі. Екіншіден, жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл – менің Президент ретіндегі ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаев ­«Жастар» сарайында Қазақстан мен Ресей волонтер жастары мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан ­«Во­лонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты Қазақстан-Ресей жастар форумына қатысты.
Екі ел жастарының форумында Қазақстан Президенті еліміздің жастар саясаты жөнінде мемлекет атқарып отырған келелі істерді атап өтті. «Дипломмен – ауылға!», ­«Сер­пін» бағдарламалары шеңберінде білікті жас ­мамандарды қолдау күшейетінін айтты.
– Мемлекеттік органдар менің тапсырмам бойынша жастардың білім алуын, кәсіптік мамандықтарды меңгеруін, жұмысқа орналасуы мен сапалы демалысын күнделікті қадағалап, тексеретін болады. «Жас кәсіпкер» бизнес-бастамалар бағдарламасын, стартап жобаларды қолдайды, жұмысы, білімі жоқ жастардың мәселелері шешімін табады. Біз, ең алдымен, жұмысы, кәсібі, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа орналастыратын арнайы бағдарлама жүргіземіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік жастар өкілі айтқан Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қар­саңында халықаралық экспедиция құру туралы бастаманы қолдай отырып, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы, Маңғыстау облысындағы волонтерлердің игі істерін ерекше атап өтті.
Ал алдағы жылы «Волонтерлік қозғалыс» жылы деп бекітілсе, халықаралық «Жыл волон­тері» сыйлығы бекітіліп, ол үздік волонтерлік бастамалар мен жобаларға, креативті істерге берілмек. Қазақстан Президенті мұны талқылау үшін екі елдің үздік волонтерлері кіретін тұрақты Волонтерлік кеңес құрылуы керектігін айтты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қостанай өңіріне сапары барысында бірқатар орындарды аралап қана қоймай, өңірдегі білікті мамандарды Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар Мемлекет ­басшысы Ақтөбе өңіріне сапарында қаланың ­Индустриялды аймағының жұмысымен танысып, «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС зауыты мен «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының ферроқорытпа зауытында болды.
Президентке Индустриялдық-инновация­лық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, өнеркәсіптің жаңғыр­тылуы, шағын және орта бизнестің дамуы туралы баяндалып, мұнай өндіретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоға­мының және жел электрі станциясының құрылысымен айналысатын «ARM WIND» ЖШС-нің жұмысы жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев еңбеккерлердің жалақысын жыл сайын өсіру және сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердегі Қазақстанның үлесін арттыру қажеттігін айтып, облыс басшылығына өңірге инвестиция тарту бойынша кешенді шара қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының ферроқорытпа зауытында Мемлекет басшысына Қазақстан металлургиясы көшбасшыларының бірі саналатын зауыттың технологиялық үдерісі мен өндірістік көрсеткіштері көрсетілді.
Ақтөбе өңірінде «халық бақылауы» жобасы жолға қойыла бастаған. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандар өндіріс орнында қауіпсіздік техникасының сақталуы мен еңбектің қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның іске асырылу нәтижелерін жоғары бағалаған Президент Қ.Тоқаев аталған жобаның әлеуметтік маңызына тоқталып, бұл тәжірибені кеңінен қолдануды тапсырды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.