Ақсақал

Жасы сексенді ауқымдап қалса да тұла бойында титімдей артық еті жоқ, қашан көрсең де ащы тері алынған таң асқан аттай боп әрі қунақ, әрі сергек жүретін, баппен қатырылған мейіздей осы бір сары кісіні, Жарылқасын ағамды көрген сайын әрі шалқи шаттанып, әрі марқая мақтанып қалатыным бар.
Ол кісімен біз бір жер, бір ауылданбыз.Түркістанның Сырдарияға қараған бетінде Үшқайық ауыл кеңесіне қарайтын Жайылма деп аталатын жер бар. Сол жер біздің туған жеріміз. Кезінде ұжымшарлар іріленді де біздің ауыл таяқ тастам жердегі басқа ауылмен бірігіп кетті. Қазір ол, кезінде Қазақстанның Совнарком төрағасы болған , көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың атымен аталады. Нұртас аға да біздің ауылдан, жақын ағайын…
Жарылқасын Әзіретбергенұлы аға­мыздың балалық шағы да өз тұрғылас­тары сияқты ІІ-дүниежүзілік қырғынға, сонан кейін елді қалпына келтіру кезеңіне тап келді. Балалық шақтың бал дәуренін басынан өткермеген ұрпақ қой олар.
Бесіктен белдері шықпай жатып- ақ қолдарына кетпен мен күрек, орақ пен айыр ұстаған ол толқын ертеден қара кешке дейін шабындықта, мақта мен егіс алқабында, мал соңында жүріп ержетті. Табиғатынан не нәрсеге де құлағы түрік, не нәрсені де тез қабылдап, тез ұға қоятын зерек ағамыз өзінің етінің тірілігімен ауылдағы жетіжылдық мектепті үздік бітіріп,педагогикалық училищені, одан әрі пединститутты тәмамдап ауылға мұғалім болып оралды. Ауылдағы балаларды оқытты, тоқытты…

Ол кездегі ауылдың жағдайы белгілі ғой. Күнде кино, күнде концерт бола бермейді.Содан да кешке қарай жастар жағы бас қосатын барар жер таппай сеңдей соғылысып кетеді. Ондай кездерде келеңсіз жағдаяттар да болып қалатыны кәдік қой. Міне, осындай нәрселерді болдырмау үшін Жарылқасын ағамыз сандалып жүрген жастардың басын қосып әртүрлі ойындар, әртүрлі кештер ұйымдастыратын. Ол ойындар мен кештерден біз біраз нәрселерді ұғып, біраз нәрсені танып, әжептәуір байып қалатынбыз.
Жақаң о бастан- ақ айтар сөзін бетің бар, жүзің бар демей қақыратып қақ тіліп айтатын азулы, бетті болатын. Кейде тек бір ауыл ғана емес, бүкіл Түркістан аумағындағы қордаланып қалған проблемаларды көтеріп аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазатын. Сол кісіге еліктеп мен де мақалалар жазып жүрдім. Енді қарап отырсам, сол еліктеу босқа кетпеген екен. Сондықтан мен осы ретте Жақаңа қарыздармын деуге болады…
Көп ұзамай мен Түркістанға , одан әрі оқуға, Алматыға кеттім де, Жарылқасын ағам сол ауылдың отымен кіріп, күлімен шыққандай боп табан аудармастан еңбек етіп жүрді. Әбден пісіп жетілді. Тек қана сол ауылдың партия комитетінің хатшысы, сонан кейін бастығы болып 30 жыл бойы тынбай қызмет етті.
Ақыры, атақты «қайта құру» мен «жариялылық» деген аласапыран заман келді. Дүниенің асты үстіне түскендей кез. Айналада не болып, не қойып жатқанын қарапайым халық түгілі, ірілі-ұсақты істің басы-қасында жүрген кісілердің өзі жете танып-білмей абдырап қалған-ды. Бұрынғы жүйе бүлініп, жаңа жүйе түзілмей жатыр. Сол бір тұстың бірінде, яғни 1990 жылы Орталық Комитеттің І-хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бастауыш партия ұйымдарының республикалық Кеңесі» құрылды. Сол Кеңесте Жарылқасын ағамыздың жай оғындай жарқылдап сөйлегені бар. Сол сөзімен ол І-хатшының көзіне түсті де бірден сол Кеңестің мүшесі, «Бастамшыл» топтың жетекшісі боп шыға келді. Орталық комитет ғимаратынан арнайы бөлме берілді. Не керек, ол Кеңес партия тарап кеткенше елдегі қордаланып қалған мәселелерді шешуге жұмыла ат салысты.
Айта кету керек, Жақаңның сол Кеңес­тегі сөзіне тәнті болған, кезінде аудан әкімі, кейіннен сенатор болған Қуаныш Айтахановтың «Жарылқасын Әзіретбергенұлының 90-жылдардың басындағы Кеңестегі қызметін ерекше атап көрсетуге болады. Жұрттың бәрі отырған креслосынан айрылып қалам ба деп қорқып жүргенде, сол кездегі елдің жағдайын ашына айтып, шындықтың бет пердесін ашып, батылдық танытты» дегені бар.
Жақаң, ешуақытта да өзін мемлекеттік, ұлттық, елдік мүдделерден тысқары қойып көрген емес. Қайта ондай сәттерде ол кісінің азаматтық болмыс-бітімі биіктеп, тұлғаланып кетеді. Бәріміз жақсы білеміз, 1998 жылдың 31 мамырында Алматы қаласында «Саяси құрбандарды еске алу» шарасы өтті. Сол шараға белсене қатысқан Жақаң, өз қаржысына сонау Түркістаннан екі үй әкеп тіккені бар. Байлығының тасып бара жатқандығынан емес, әрине. Азаматтығынан. Ірілігінен.
Сондай-ақ ағамыздың қазақ халқы­ның рухани рухты мекенінің бірі саналатын қасиетті Түркістан қаласының 1500 жылдығын өткізуге де жар құлағы жастыққа тимей белсене араласқанын өз көзімізбен көрдік.
Ол өзінің туған топырағының намысын жыртуға, оның барын барлап, жоғын жоқтауға келгенде, ешқандай жалтақтап жатпай, бірден білек сыбанып кірісіп кетеді. Оған да бір мысал.
2003 жылы қазіргі заманауи техно­логиялармен жабдықталған емхана тиісті орындардың шешімімен Түркістан қаласында салынбақ болған. Жеме-жемге келгенде әлдекімдер ол емхананы Түркістанға қимай Шымкентке тартып әкетпек болады. Міне, осы мәселеге Жарылқасын Әзіретбергенұлының жан сала кіріскені бар. Ақыры ол, не керек, келім-кетім жұртшылық та көп, тұрғындары да жетерлік Түркістан сияқты қастерлі қалаға мұндай емхананың ауадай қажет екенін дәлелдеп шықты. Қазір ол емхана ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. «Күн-түн демей осы бір жүргізген жұмысымның нәтижелі болып аяқталғаны өзімді қатты қуантып, төбемді көкке көтереді» дейді ол сол кезеңді ризашылықпен еске алып.
Сонымен бірге Жақаң үкімет шеші­мімен Қожа Ахмет Яссауи секілді әлемге мәшһүр алып кесенесі бар және айналасы түгел тарихи, мәдени жәдігерге толы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру керек деп көп тер төкті. Қасына үш-төрт белгілі азаматтарды ертіп жер-жерде баспасөз конференцияларын өткізді. Әлі де күресе берер еді… Құдай оңдап армандай боп жүрген Түркістан облысы ашылды. Түркістан – облыстың орталығы. Бұдан артық қандай мәртебе керек. Жақаңның сондағы қуанғанын көрсеңіз! Түркістанмен бірге өзінің де мәртебесі көтеріліп кеткендей болды.Қуаныштың керегесі кең, шаңырағы биік-ау!..
Қай кезде де қасиетті туған жерінің мерейін асырып, мәртебесін көтеру үшін тынбай күресіп келе жатқан Жақаңа облыстың алғашқы мәслихатында-ақ Түркістан облысының Құрметті азаматы атағы берілді. Куәлігінде нөмір бірінші деген жазу тұр. Лайықты құрмет!
Әйтеуір, Жақаң, қалай болғанда да, Түркістанда өтетін ірілі-ұсақты бар шаруаның басы-қасынан табылады.
Ірі мемлекет қайраткері, атақты жерлесіміз Нұртас Оңдасыновтың 90 жылдығын да, кейін 100 жылдығын да өткізуге Жарылқасын ағамыздың сіңірген еңбегі орасан. Сол еңбектің нәтижесінде Нұртас ағамыздың үлкен кешені жұмыс істеп тұр. Кейіннен өзі сол кешендегі Н.Оңдасынов мұражайының директоры болып біраз жыл қызмет атқарды.
Ел алдындағы елеулі еңбегі ескеріліп «Парасат» орденімен марапатталған.
Бүгінде Жарылқасын Әзіретбергенов ағамыз Түркістан облыстық Ақ­са­қалдар алқасын басқарады. Бұл қоғамдық ұйымды Ардагерлер ұйымымен шатастырып алуға болмайды. Бір бірінің ара­сында ешқандай да бәсеке­лестік жоқ. Әрқайсысы өз бағдармаларымен жұмыс істейді
Сонда ақсақалдар алқасы қандай жұмыстар атқарады дейсіз ғой. Ол алқаның басты мақсаты, өз жиынында қабылданған бағдарлама бойынша, қасиетті Түркістан қаласын тәртіпті, таза, көгалданған қалаға айналдыру.
Алғашқы тәртіп мәселесі бойын­ша Түркістан қаласындағы тойхана мен кафелердің, сауналар мен түнгі ойын-сауық клубтарының жұмыстарын реттеу шаралары қабылданды. Сонан кейін тойхана иелерін, асабаларды, сауна басшыларын шақырып, пәтуаға келу жолын іздестірді. Оларға әлгі думанды орындардың түн жарымынан асқанға дейін, тіпті таң атқанға дейін даңғыраған музыкамен сол маңдағы қала тұрғындарының берекесін қашырып, ты­ныштығын бұзатындығын, ішкілік ішіп алып бір-бі­рімен жанжалдасып, жойдасыз тәртіпсіздіктерге ұрынатын­дарын айтып, мұндай келең­сіз­діктер мұ­сыл­ман­дық­ты ұстанған бүкіл түрік әлемінің рухани орталығы деуге боларлық Түркістан қаласының атына мүлде жараспайтынын егжей-тегжейлі түсіндіріліп айтылды. Сондықтан Ақсақалдар алқасы ол орындарда өтетін тойлар мен басқосулар түнгі сағат 23.00-де аяқталуы керек деп шешті. Обалы не керек, басқосуға келген азаматтар Ақсақалдар алқасының бұл ұсынысын сөзге келмей құп алды. Әрине, тойды қай кезде бастайды ол той иесінің өз еркі. Бірақ той қалай да 23.00-де аяқталуы керек.
Қазір Ақ­сакалдар алқасының бұл ұсынысы іске асып жатыр. Тойханалар маңындағы қала тұрғындарының ри­за­шылығы шексіз. Ал Түркістанда қаншама тойхана бар! Яғни бүкіл қала риза деген сөз. Сонымен қоса тойха­налардағы, кафелердегі, түнгі ойын-сауық клубтардағы төбелестер де едәуір азайғанын айта кеткен жөн. Тәртіптің тәлімі деген осы болса керек.
Сондай-ақ Ақсақалдар алқасы қаланы сегіз шағын ауданға бөліп, оның төрағаларын, орынбасарларын, көше билерін, ауыл ағаларын сайлады. Олардың бәрі тегін жұмыс жасайды. Өз көліктерімен жүреді. Көше тәртібі мен әрбір үйдің тазалығын бақылайды. Олар өздеріне бөлініп берілген көшелердегі үйлердің тіршілігін, күн көріс дәрежесін көздерінен таса етпейді. Зерттеп, біліп отырады. Ішкілікке құмар, ұрлық қарлыққа бейім азаматтарды ерекше бақылауға алып қана қоймайды, олармен бетпе-бет кездесіп, имандылыққа, адамгершілікке шақырады.
Бұл жұмыстардан басқа, ол шағын аудан басшылары тәртіп, тазалық сақтау жұмыстарымен бірге қаланы кө­гал­дандырумен де айналысады. Түр­кістандағы әрбір үй, мектеп, балабақша, тойхана, дүкен иелері мен басшылары ауласы мен есіктерінің алдына биылдың өзінде ғана Ақсақалдар алқасының тікелей басшылығымен 40000 түп ағаш, 100000 түп гүл екті. Егер ағаш пен гүл егуді жыл сайын осылай жалғастыра берсе, онда Түркістан қаласы көп ұзамай-ақ жапырағын шашып жайқалған баққа, алқызыл, сары гүлдерге оранған қала боп шыға келері сөзсіз. Сонымен бірге Ақсақалдар алқасының тағы бір тындырған айрықша ісі көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар үшін қайырымдылық дүкенін ашты. Бұл дүкенде балалар мен ересектер киімі және азық түлік тауарлары зәру адамдарға таратылады. Ол дүкендер жеке жомарт кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдерінің көмегімен ашылып, бүгінде тәп-тәуір жұмыс істеп тұр. Алдымен қандай отбасыларға көмек берілу керектігін шағын аудан басшыларының өздері анықтайды.
Міне, бүгінгі таңдағы Ақсақалдар алқасының үлгі тұтар жұмысы!
Жақында Жарылқасын Әзіретбер­генов ағамыз Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қабылдауында болып, бүгінгі таңда Ақсақалдар алқасының қандай жұмыстар атқарғанын баяндап, болашақта қандай істерді қолға алатындарын айтты. Облыс әкімі атқарылған бұл жұмыстарды шын ықыласпен құптап, облыс әкімшілік аппаратындағы тиісті қызметкерлерге осы жүйені «түркістандық жүйе» деп атап республика деңгейіне көтеру үшін қызмет істеу керек екенін тапсырды.
Жарылқасын ағамыздың отбасы да үлгі тұтарлық отбасы. Үрліхан деген жаны жомарт, көпке сүйкімді жақсы жеңгеміз бар еді. Әттең, о дүниелік болып кетті. Өмірдің жол ортасында, алпыстан асқан шағында асыл жардан айырылу, әрине, оңай емес. Қанша бала-шаға болғанмен, қас-қабағыңа қарап, жағдайыңды жасап, қасыңда жүретін жұбайдың орны бір бөлек. Содан біраз уақыт өткеннен кейін төсек жаңғыртсам қалай болар екен деп ағайындармен ақылдасып көрсе, олардың көбі қартайып қалған жоқсың ба дегендей жылы қабақ таныта қоймады… Сонан кейін қартайғанды көрсетейін деді де, үлкенге ілтипатын, кішіге ізетін аямайтын қазіргі Ұлбосын жеңгемізге үйленді.
Қазір Жақаң екі жеңгемізден туған он жеті ұл-қыздың әкесі. Тіліміз тасқа, балалары шетінен алғыр. Алдыңғылары мектеп бітірген бойда жоғары оқу орындарына түсіп, сан-салада жұмыс істеп, үйлі- баранды болып кетсе, олардан кейінгілері мектептерде, бала-бақшаларда. Ал кенжесі, жетпіске шығар тұста ғана дүниеге келді. «Құдай беріп жатса, жиырмаға жеткізем» дейтін ол кейде әзілдеп… Біз, әрине, әзілі шындыққа айналсын деп тілейтінбіз. Әттең бізде «Ардақты әке» деген атақ жоқ, болса ғой сол атаққа бірден бір лайықты адам Жақаң болар еді.
Өздеріңіз айтыңыздаршы, осындай ағаңның барына қалай мақтанып, қалай шаттанбассың!
Өлең жазатын адаммын ғой, мақа­ламды «Он жеті баланың әкесі Жарыл­қасын Әзіретбергеновке ақ тілек» деген өлеңмен аяқтағым келіп тұр.
Оу, Жақа,
Елге қадірлі,
Бірақ та бір ұлға зар болған
Әзіретберген көкеміздің
Алпысында көрген
Жалғыз баласы едің,
Көзінің
Ағы мен қарасы едің!

Құдай берді ғой!
Бергенде де
Құлай берді ғой!

Жап-жас кезіңнен
Қызылқұмның
Аптабында ширап,
Қаратаудың
Шақпақ тасына
Қайралдың.
Он жеті
Перзент құшақтап,
Он жеті жерден отау тіктіріп,
Ұшар басына
Құс қана жететін
Бәйтерекке айналдың.

Егер бүгінде
Алтын алқаны
Еркекке берер болса
Соны сіз алар едіңіз.
Шалқып бір қалар едіңіз.

Көсілсең—көсемсің,
Шешілсең—шешенсің.
Оңтүстік аймағын
Аузына қаратқан
Ақсақал- ағасың,
Бірде данасың,
Бірде дарасың!

Сенімен мақтанам,
Уа, Жақа, жерлесім.
Өйткені сен деген
Таусылып бітпейтін
Қазына көмбесің.
Саған тілерім:
Жүрек пен жаныңның
Жарық пен шуағы
Ғасырда сөнбесін!

Темірхан МЕДЕТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.