Жаһандық тарихтағы орнымыз

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» аттың мақаласы – тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы, жаһандану дәуіріндегі өзін-өзі танудың шалқар көкжиегіне бет алу. Ғасырлардың тасасында қалып, көзі бітеліп келе жатқан ұлт тарихындағы күрмеуі көп туйіндердің оң шешімін табудың бірден-бір жолы бұл. Мақалада өзек болған мәселелер халық көкейіндегі көптің толғандырған мақсат-мүддемен үндес. Бұл мәселе бұрын ауыз екі айтылып келсе, енді тікелей мәдениетіміздің тұғырына айналып отыр. 

Бұрын тасада қалып, қақпай көрген тарихымызды жаңарта, жаңғырта, тереңдете түсуі жалған тарихты шындықпен шыжғырып, ақиқатқа қадам жасау – парыз. Бұл соның нышаны, төл тарихымызды кемсітушілерге қойылған тосқауыл. Тарихқа құрмет – ел келешегіне алаңдау. Бір сөзбен айтқанда, көне тарихқа бойлаудың сара жолдары тиянақталды. Елбасының «Бүгінгі төл тарихымызға оң көзқарас керек» деп айтуы сондықтан. Бұл тұрғыдан келгенде, біз сақ, үйсін мәдениетінің мұрагерлері екендігімізді мақтаныш етуіміз қажет. Төл тари­хымызға тәуелсіз көзқараспен қарау маңызды екенін мақаладағы деректер мен дәйектер айғақтайды. Бұл – Евроцентристік көзқарасқа тойтарыс бере отырып, одан арылудың нақты қадамы.
Қазақ даласы бүгінгі мәдениет пен өркениеттің бастауында тұр. Ұлтымыздың танымы мен тарихы, мәдениеті өте тереңде, соның ше­жіресін жеткізу, жүріп өткен жолын айқындау еліміздің рухани жаң­ғыруының басты кепілі. Ең бастысы ұлттық болмысымызды жоғалтпау арқылы тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайту. Сонда ғана біздің рухани тамырымыз тарихпен жалғасады, бойымыз­да ата-баба аманатына адалдық сезімі оянады. Ұлттық дүниетанымды қалыптастыру осыдан басталады.
Елбасының бұл еңбегін қоғамдық сананы жаңғыртуға бағыт­талған жарқын идея деп айтуға толық негіз бар. Осындағы жылқы, қызғалдақ, алма туралы ой толғамдары, метал өңдеу, зергерлік өнер туралы тұжы­рымдары, тарихи ескертіштердің рөлі туралы пікірлері өркениеттің қазақ даласынан бастау алып, әлемге таралғанын айғақтай түседі. Жылқыны алғаш үйреткен біздің ата-бабамыз атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы», «жылқы – жаным, қымыз – қаным», тағы басқа мақал-мәтелдер соның дәлелі. Өткен дәуірлердегі түркі халқының жауынгерлік үстемдігі жыл­қымен тікелей байланысты. Қазақ жылқыны құтым деп білген. Дүниеге ұл келсе ат ұстарым деп мақтанған. Төрткүл дүниені шарлап кеткен жылқы малының бізден тара­ғанына дау жоқ. О бастан-ақ ұлан ғайыр даланы төрттүлікке толтыру бабаларымыздың арманы болатын. Сондықтан ежелгі тарихымызды, жаужүрек батырларымызды жылқыдан бөліп қарай алмаймыз. Батырлар жырларында тұлпарларға тіл бітуінің өзі де тегін емес. Сондай-ақ ат ойындары: бәйге, көкпар, теңге алу, қыз қуу т.б ұлттық сипатқа ие болуы тіршілігіміздің жылқы мен етене екенін дәлелдейді. Қазақтың ең құрметті адамына ат мінгізу салты әлі күнге жалғасып келеді. Жылқы туралы жылы пікірімізді алма мен қызғалдық туралы да айтуға болады.
Ежелгі тарихымыздың, өркенді мәдениетіміздің астарын ашып, кілтін ұсынған бұл еңбек Ұлы Даламыздан табылған тарихи ескеркіштердің, археологиялық қазба байлықтардың, тарихи жәдігерлердің қазіргі кезеңде тірі куәсі бола алатынын тілге тиек етеді, алдағы атқарлар жұмыстарға бағыт бағдар сілтейді. Осы мақсатта музейлер, клубтар ашу, іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру, өл­кетану жұмыстары басталып та кетті.
Бұл еңбекте «өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отан­шылдық тәрбие беру мектеп қабыр­ғасынан басталуы тиіс» дейді Елбасы Н.Назарбаев. Айтса айтқандай, мектеп пен балабақ­ша ұрпақтың уызына жаруына ықпал ететін киелі шаңырақ. Біздің мақсатымыз әрі міндетіміз – баба­ларымыздан жалғасып келе жатқан, ертең елге қызмет етсем деген патриот­тық рухтың дәнегін жас ұрпақтың бойында көктетуге күш салу. Сонда ғана жаһандық тарихтан өз орны­мызды іздеу жалғасын табады.

Жанар ҚОЖАБЕК,
№ 179 бала бақшаның
меңгерушісі
Алматы қаласы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.