Бекжігіт СЕРДӘЛІ, журналист-композитор: «Жас жұбайлар» жастардың сүйікті әніне айналды

Біз оқуға тапсырған жылдары журфакқа түсу қиын еді. Конкурс өте жоғары болатын. Мектеп бітірген соң, Алматыға қарай асықпай, әкеме қолғабыс етейін деп шештім. Жүгері орағына терімші болып жұмысқа кірдім. Аздап домбыра шертетінім бар еді, қырманда түскі үзіліс кезінде көлеңкеде отырып жұмысшы келіншектерге «концерт қойып жатқанымды» байқап қалған совхоз директоры: «Әй, сенің мынадай да өнерің бар ма еді? Ауыл клубына маман таппай отырмыз ғой, жүр, сонда жұмыс істейсің» деді де, «Үлгілідегі» клубқа меңгеруші қызметіне ауыстырып жіберді.
Бұл нағыз шығармашылықпен айналысатын, шалқаңнан жатып кітап оқитын жер екен. Іргесіндегі кітапхананың барлық кітабын оқып тауыстым десе де болар. Шекспир, Мопассан, Эмиль Золя, Джек Лондон, Чехов, Абай, Мұхтар, Соқпақбаев сияқты ұлы жазушылармен осында таныстым.

Осылайша арада үш жыл өтті. Тәуекелге бел байлап, Алматыға КазГУ-ге тарттым. Сол жылдары біз сияқты жұмысшы стажы бар еңбек адамдарын бір жыл оқуға дайындайтын дайындық бөлімдері ашылып жатқан екен. Сонда құжат тапсырдым. Менімен қабат еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, өзім қатарлы тебін мұрт талапкерлер де құжат тапсырып жатты. Алғаш танысқан адамым, әрі кейін екеуміз бір бөлмеде жаттық та, Дәукең – Дәулет Телібаев болды. Бәріміз оны осылайша Дәуке деп ныспылауға үйреніп қалғанбыз. Курстағы үлкеніміз де сол. Біртүрлі пана тұтатын сияқтымыз ба, білмеймін, әйтеуір, еркелегіміз, ебі келсе сипай қалжыңдағымыз келіп тұратын. Мұндайға Дәукең үйреніп кеткен, тісі ақсия күліп алатын да, әзіл-қалжыңымызға оншалықты мән бермеген сыңай танытатын.
Шешіле сөйлесе шешен, ақыл айтса көсем Дәукеңді әсіресе курстағы кішкентай қарындастары тым жақсы көретін. Дүрия, Ләйлә, Ләззаттар аға тұтып, «Дәукелеп», қасынан бір елі шықпайтын. Ондайда Дәукеңнің де қолы ашық. Қалтасындағы барын қағып, «төге салатын». Содан қыздардың бөлмесінде ду-думан, «бешір» басталатын да кететін…
Қарнымыз аша бастаса, курсымыздағы ең кенжеміз Дүрияға «ағаңнан хабар алсай» дегендей ыммен иек қағатынбыз. Ол да мұндайға епті, әлемдегі бар жылы сөздерін арнап, Дәукеңді тағы бір әдемі бешірге «көндіріп» қайтатын. Міне, сол жылдар Дәукеңнің шын азаматтығын, ініге ізетшіл, ағаға қамқор ақыл-парасаттылығын танытқан кезең болды…

Курстастар: бард-композитор Табыл Досымов, жазушы Роза Мұқанова,  профессор Айгүл Рамазанова және Бекжігіт Сердәлі
Курстастар: бард-композитор Табыл Досымов, жазушы Роза Мұқанова,
профессор Айгүл Рамазанова және Бекжігіт Сердәлі

Біз сияқты ауылдан үлкен қалаға үркектей барған інілеріне «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» қамқор, пана болып жүретін тағы бір курстасымыз Ақпанбет Әліш еді. Мұнысы кейін жалпы курстың ұйымшылдығына, бірлігіне, ынтымағына үлкен әсер етті.
Алғаш КазГУ-ге түскен жылдары жатақханада үлкен курстың кіші курсқа базыналап, «әлімжеттік» жасайтын «дәстүріне» тап болғанымыз бар. Сондайда курс­тың Құлтөлеу Мұқаш, Бердібай Кемал, Сейтхан Зеберхан, Дәурен Қайып сияқты әскердің «тәтпіш-түтпішін» ертерек көріп келген намысшыл жігіттері қамал боп қарсы тұратын. Кейін дайындықты тәмәмдап, бірінші курсқа қабылданған соң, Табылды Досым, Серік Жанболат, Серік Аббас-шах, Әміржан Қосан, Мырзантай Жақып, Әубәкір Смайылов, Махат Садық, Қуаныш Иемберді, Арман Сқабылұлы, Болатбек Қожан, Роза Мұқанова, Нұрым Ерғали, Әбілғазы Көпбаев, Ерсайын Жапақ бастаған қимас достарымызбен курстас болдық. Қатарымызға «жұдырықтан қорықпайтын» курстағы інілер қосылған соң, біз «түн жортуылшыларының» қайсыбір «шабуылына» да төтеп бере алатындай алынбас қамалға айналдық. Екі-үш айға ұласқан текетірес біздің жігіттердің оңайлықпен «шағылмайтын жаңғақ» екенін дәлелдеп, содан бері 5-жатақханада «әлімжеттік» дейтін әпербақанның мүлдем жойылып кетуіне алып келгеніне тарих та, кейін бізбен айырыл­мастай достасып, бауырласып кеткен жоғары курстағылар да куә.
Дәріс берген ұстаздарымыз – Файзулла Оразаев, Темірбек Қожакеев, Тауман­ Амандосов, Дандай Ысқақов, Әбілфайыз Ыдырысов, Намазалы Омашев, Қабижан Құсайынов, Рахым Сатаев, Өмірхан Әбдіманов, Мамытбек Қалдыбаев, Қоянбек Ахметов, Мүбарак Үмбетаевтың берген тәлім-тәрбиесі болу керек, бүгінде жігіттеріміз де, қыздарымыз да бұқаралық ақпарат құралдарының түрлі салаларында абыроймен қызмет етіп жүр. Біздің курстан, мамандығымыз журналист болса да, әндері елге белгілі төрт сазгер, төрт ғылым кандидаты, төрт жазушы, төрт ақын, бір суретші шығыпты. Қазір бұлардың барлығымен де етене араласып тұрамыз.
Ұстаз демекші, біз де дәрісханада артқы партада отырып, Темірбек аға Қожакеевтен дәріс тыңдаған көп қазақтың біріміз. Лекциясы қызық еді. Өте қызық десем де болар! Бір өзі – бір театр! Лектор мінберінің ар жағында тұрып, әсіресе сықақ өлеңдерді шағын қойылымға айналдырып, бет мимикасымен мысал еткенде, күлкіге қарық болатынбыз. Екі пардың қалай зу етіп өте шыққанын байқамайтын едік. Осындай қызықтан құр қалғым келмей, алдыңғы партада отырғым-ақ келетін, бірақ… Шалт қимыл көрсетсең, тілімен түйреп түсетіні «ұнамайтын». Сондықтан ұстазыма объект болғым келмейтін. Ал біздің курста объект болғандар көп…
Бірде курстасымыз Ерсайын Жапақ Қожакеевтің сабағына дайындалмай келді. Дайындалмай келген адамның фамилиясының елден бұрын аталатын әдеті. Қожакеев журналды саусағымен жүгірте тұрып:
– Жапақов! – деп қалғаны.
Ерекең мұны күтпеген, абдырап, дайын еместігін ұқтырды.
– Неге?
– Кітабым болмады.
– Кітабың болмаса айтпадың ба, үйіңе-ақ апарып берер ем ғой, – деді Қожакеев қуақылана. – Қайда тұрасың өзі?
– Мына жақын жерде, Весновкада тұрамын ғой, ағай, – деді Жапақов жарқын үнмен.
– Әй, қу Жапақ-ай, менің қандай мағынамен айтып тұрғанымды сезсе ғой, – деп күлгені бар-тын ұлы ұстаздың.
Міне, содан біз біраз уақыт бойы Ерекеңді «қу Жапақ» деп жүрдік…
Ерсайынды зиялы жұрт суретші ретінде жақсы таниды. Біз, курстастары, Алексей дейміз. Алғашқы шимайларын Эстонияда Нарвада әскери борышын өтеп жүргенде-ақ сала бастаған. Алты жасынан өлең, жиырма жасынан ән жазып жүрді. Нота дәптерінде 100-ден астам музыкалық композициясы бар. Бірақ ол сазгерлікті ұңғыта кәсіп етпеді. Музыканы жай ғана жалғыз қалғанда көңіл қошын көтеру үшін жазды. «Мынау менің әнім еді» деп онысын ешкімге көрсетпеді де. Сондықтан әндері сурет галереясындағы ескі тартпасында шаң басқан күйі қалып қойды. Сосын сурет өнеріне біржола берілді.
Осы ортаны сағынамын кейде… Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақыпов, Светқали Нұржанов, Гүлнар Салықбаева, Мұратбек Дүйсенбеков, Әубәкір Смайылов, Амантай Шәріптің жатақхана дәлізінің бүйіріндегі қуықтай бөлмедегі әдеби ортада оқыған жырлары әлі есте. Біздің жігіттердің тырнақалды жырларын басқа оқу орындарындағы өлеңқұмар жастар да келіп тыңдайтын.
Менің де, Табылдың да (Досымов), Нұ­рымның да (Ерғалиев), Бауыржанның да (Үсенов), Әміржанның да (Қосанов), Бейбіттің де (Құсанбек), Серіктің де (Жанболат), Жарылқасынның да (Дәулетов) ертелі-кеш ермегіміз – домбыра мен гитара-тын. Қос домбыраны әнге қосып, (кейде үшінші дауысқа гитараны да қосақтайтынбыз), терциямен бірнеше дауыста сүйемел жасауды­ алғаш енгізгенімізді ол кезде өзіміз де байқамаған екенбіз. Балконда, не болмаса тамақ иісі мұрын жарған ас бөлмесінде жаңа туған әндерімізді шырқайтынбыз. Әсіресе, ортадағы холлдың акустикасы жақсы болатын, ән әдемі естілетін. «Көтеріп ап кетіп ем, бұлқынбадың…» деп Табылдың, «Даусың қандай, дариға-ай, даусың қандай» деп Бейбіттің, «Сені алғаш көргенімде, мен өзіңе ғашық болдым» деп Уәлибектің, «Кеудемде самғайды арман, сен маған өкпелеме» деп Бауыржанның, «Жапырағыңмен бетімді бүрке, қайың» деп менің әндерімізді шырқағанда, ертеңгі коллоквиумды ұмытқан сауыққой студенттер әжептеуір жиналып-ақ қалатын.
Бірде Табыл досымыз әскерге баратын болып, шашын тақырлап алдырып келіпті. Сабаққа қалай барам деп уайымдап жүр. «Жігіттер, барлығымыз бірдей болсақ, алабөтен көзге түсе қоймаспын, сендер де шаштарыңды алдырып келіңдерші» деп қолқа салды. Дос көңілін жығамыз ба, алдырдық…
Менің де алғашқы әнiм студенттік кезеңде туды. Бiр күнi табан астынан курстас­ дос Құлтөлеу Мұқаш үйленетін болды. Бүкiл курстастарға бұл үлкен уайымға айналды. Шәкіртақы таусылып, қалтаның түбi қағылған кез, көк тиын да қалмаған. «Не болса да, көрейiк!» деген тәуекелшiл көңiлмен бүкiл топ Темкеңнiң (деканымыз Темірбек Қожакеевтің) көзiне түспей, аудиториядан абайлап қана шығып, «Қарағанды, қайдасың?» деп тартып кеттiк.
Содан қызы бар, ұлы бар, бас-аяғы 12 адам алты билетпен жолға шықтық (ақшаның жеткені осылай болды). Билеті жоқ алтауымыз «қоянбыз». Көзге түспей, әр вагонда қашып-пысып, уақыт өткізіп жүрміз. Әр билетке екі адамнан жармасып жүрген қулығымызды жолсерігі құрғырдың жүрегі сезетін сияқты, бірақ жол бойы қанша санаса да, билетсіз адамдардың санына жете алмай-ақ қойды…
Содан не керек, пойыз жүйткіп келеді. Сту­денттер көңілді. Той өтетін мекен – Ақадырға жақындаған сайын той сценарийі мазалап, ал қыздарды жас жұбайларға қандай сый тартпағы ойлантып, ұнжырғамыз түсе бастады. Бәрімізді «Құлтөлеудiң тойына қандай сыйлық апарамыз?» деген сұрақ мазалаған. Қалтада тиын жоқ. Үйленген Құлтөлеу де, оған тұрмысқа шыққан Райхан да өзiміздiң курстасымыз болса, қиналмай көр!
Түн. Жүрдек пойыз жүйткіп келеді. Студенттер ұйқыда. Стол үстiнде жол бойы дастарханға айналған «Лениншiл жастың» (қазiргi «Жас Алаш») қиындысы жатыр. Қиындыда – фотоэтюд. Оған жазылған екi шумақ өлең.
Ақ қайыңның төгiлiп нұр шашағы,
Алаңқайды ақ қанат гүл басады.
Алақанға қондырып ақ сезiмiн,
Жас жұбайлар жарасып сырласады.
Бiрiн-бiрi көргендей бiрiншi рет,
Көп қарайды жанымды ұғыншы деп,
Қалқатайын аймалап күйеу жiгiт,
Қалындық тұр күнәсiз күлiмсiреп.
Ал пойыз тербетiле зымырап келедi. Доңғалақ ырғағымен ыңылдап едiм, жарасымды бiр әуен пайда болды. Келе-келе әнге айналды. Вальске ұқсайды. «Лениншiл жастың» бетіндегі әлгi екi шумақты салып, айтып көрiп едiм, әп-әдемi ән туып шыға келдi. «Жас жұбайлар» деп ат таңдым. Таңертең тойға асығып, көңiлдерi алабұртып келе жатқан курстастарыма «мынау бір жерден есіткен әнім еді» деп тыңдатып көрiп едiм, бәрiне ұнады.
Осылайша, дүниеге «Жас жұбайлар» атты жаңа ән келдi. Оны сәлден кейiн бүкiл вагон, ал Ақадырдағы Құлтөлеудiң үйлену тойында бүкiл ауыл айтып кеттi. Кейiн ол жастардың аузынан тастамайтын сүйiктi әнiне айналды.
Альбомымды ақтарсам, әр беті – бір тарих. Гитарасын қағып Табыл отыр, күй қызығына берілген Серік, фотоаппаратын жарқылдатқан Әбілғазы, ойлы кейіпте Құлтөлеу… Бұлар менің курстастарым – менің достарым!

Дайындаған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.