ҚазПИ – ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Мәлік Ғабдуллин ректорлықтан ауысып, Әдебиет және өнер институтына фольклор бөлімін басқаруға кеткенін, орнына Серғали Толыбековтің келгенін өткен нөмірде айтқам. Бұл 1963 жылдың аяғы еді.
Білеміз: осы институтты бітірген, алғашқы түлегінің бірі. Бұрын да екі рет ректор (ол кезде директор деп атайтын) болып кеткен. Біріншісі 30-жылдардың соңы, алдыңғы ректор «халық жауы» атанып ұсталып кеткен кез. Содан 3-4 жыл істеп, басқа жұмысқа ауысқан. Екінші рет 1947 жылдың басында келген. Мен институтқа түсуге келгенімде, тамыздың аяқ кезі болатын, сол кісінің қабылдауына барып, арызыма «емтихансыз қабылдансын» деп қол қойдырып шыққам. Оқу бітіргенімше институтты сол кісі басқарды. 1951 жылдың басында ауысып кетті. Бүкіл студенттік өмірім, оқуым, қоғам жұмысына қатысым – бәрі сол кісінің тұсында өтті.
1946 жылдан партия мүшесі едім – партия жиналыстарына қатысам, жиі көрем, тыңдаймын. Факультеттің комсомол, кәсіподақ ұйымдарын басқардым. Кейде осы ұйымдардың институттық жиналыстарына қатысады, сөйлейді. Оның үстіне бізге «Саяси экономия» пәнінен сабақ берді.

Дәрісті орысша оқитын. Емтиханды да өзі қабылдаған. 40-жылдардың соңы, 50-жыл­дардың басынан бастап Қазақстанда жүргізілген «Ұлтшылдарды әшкерелеу» науқаны республикадағы ең бір үлкен оқу орны – ҚазПИ-ді де айналып өтпеді. Партия жиналыстарында талай тартыстарға куә болдық. Біреудің еңбектерінен біреу қате іздеп жатқан заман. Бәрі келіп партия жиналысында сөйлейді. Коммунистік заманның тәрбиесін алған, тап тартысы күресінің рухын бойына сіңірген белсенділердің де талайын көрдік. С.Толыбеков те сол заманның рухын бойына сіңірген күрделі адам еді. Ол Бекмаханов еңбектері жөнінде белсенді сөйлеп жүрді. Өзі жөнінде айтылған сындарға жауап береді. Ол кезде «сын және өзара сынды дамыту» деген ұран болатын. Жұрттың бәрі сынампаз. Сын десе Толыбеков жанып кетеді, өткір, тапқыр сөйлейді. Басқа жақта оның атын атап біреу сөйлесе, оған біздің партия жиналысында жауап береді. Оның сөзінің шарпуы кезінде Орталық партия комитетінің І хатшысы Жұмабай Шаяхметовке де тиген деседі. ҚазПИ-ге бірінші-екінші келуінің арасында Қазақ КСР ­Министрлер Кеңесі жанындағы өнер істері жөніндегі басқарманың бастығы болған екен, содан сол мінезінен ұзақ отырмапты. 1951 жылдың ­басында ол ҚазПИ-ден ауысып, Ғылым академиясының Экономика институтына директор боп барды. Онда барып, ­ұлтшыл­дық­қа қарсы сөздерін жалғастырып, Қ.Сәтбаевқа ұрынған. 1952 жылғы күзде ­опера театрында өткен қазақ ­интеллигенция­сының жи­налысында ­­­­­­­Ж.Шаяхметов пен ­Қ.Сәтбаевқа тиісіп сөйлегенін естігенбіз. Қ.Сәтбаев ол кезде оған жауап беруге дәр­менсіз еді. Кейін заман түзеліп, орнына қайтып келгеннен кейін «Экономика институты жабылады» деген сылтаумен босатып жіберді. Сол кездегі Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділдин – Серғалидың шәкірті, оған ­құр­метпен қарайтын азамат болатын. Сол тып-тыныш қызмет істеп жатқан Мәлік Ғабдул­линді Ғылым академиясына ­ауыстырып, ҚазПИ-ге ректор етіп Толыбековті келтіруге себепкер болды. Бұл кезде оның арыны біраз басылған, елдің науқаншыл­дықтан босап, жұмысқа бет бұрған кезі. ҚазПИ-дің ескі кадрлары түгел. Көбі Серғалидың өзімен бірге оқыған, көп жыл қызметтес болған, қатар­ластары – Қажым Жұмалиев, Орынбек Жәутіков, Халел Әділгереев, Садуақас Бакшилов, Базарбай Оразбаев, М.Сильченко, Н.Смирнова, М.Маркович, т.б. Өзара сынға үйренген адамдар кейде бірін-бірі сынап та қояды, екіншісі жауап береді. Бірақ кек тұту, дұшпан болу деген жоқ, бәрі жұмысты жөндеу мақсатында айтылған ғой деп, шыққан соң күліп-ойнап кете барады. Негізі таза, адалдыққа тәрбиеленген Серғали бұл жылдары елмен сыйласып, жақсы қызмет істеді. Өктемдігі бар, тілі өткір, ойына алғанын, айтайын дегенін қысылмай, іркілмей айтатын мінезі бар-ды. Кейде сонымен дұшпан да көбейтіп алып жүрді. Сынағанды кім жақсы көреді дейсің. Бірақ оның сынының артында зіл болмайтын. Біреудің арамдығын, ұсақтығын көрсе, төзбей кететін. Алайда үлкен ұжымның негізгі тобы оны сыйлады. Ректор есебінде де, адам есебінде де. Оның тұсында ешқайсымыз одан жаманшылық көргеміз жоқ. Қайта оның қамқорлығын сезіндік. Ұзақ жыл ел басқарған адам қол ұшын бермей тұра ма – маған да талай қолғабыс тигізді. Ол ректор болып қайта келген кезде мен докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүргем. Тілектестік болды. Филология факультетіне декан, қазақ әдебиеті кафедрасына меңгеруші болдым. Бірнеше рет институттың партия бюросына мүше боп сайландым. Өзінің замандастарымен, лауазымы жоғары адамдармен қарым-қатынасы күрделі болғанмен, жастарға ақыл-кеңесін аямайтын. Өтінішіңді аяқсыз қалдырмауға тырысатын. Сол бір жылдары тарих-филология факультеттері қосылып, бір оқу жоспарымен тарихшы, тіл және әдебиет мамандарын дайындаған. 60-жылдардың екінші жартысына қарай ұлттық тіл, ұлттық мектеп мәселелері қайта қозғалып, соған орай факультетті бұрынғыша екіге бөлу күн тәртібіне қойылды. Оның үстіне тарихшылар­дың мазасыз, айтыс-тартысы біздің тыныш филологтарды шаршатып жіберген. Осы жағдайды бірде министр Қ.Білаловқа айтқанымда, «Ректорыңа қол қойғызып, ұсыныс әкел. Факультетті бөліп берем» деген. Серғалиға Қажымды алға ұстап бардым. Қажекеңді сыйлайтын. Ұсынысты дайындап әкелуді өзіме тапсырды. Мен тез дайындап апарған хатты қол қойып, министрлікке жіберді. Содан біраз күн өткен соң шақыртыпты, бардым. – Ұсынысымызды министрлік қабылдапты. Факультетті екіге бөлу туралы бұйрық келді. Тарих факультетіне Н.Киікбаевтың өзін қалдырайық деп отырмыз. Филология факультетіне сен декан бол, – деді. Мен ат-тонымды ала қаштым. Докторлық атағым бекіген соң кафедрада профессор боп істейтінмін. Меңгерушісі – Қажекең. Бірақ бар шаруасын мен атқарам. Қажекең қағаздарға қол қойғаны болмаса, бәрін маған тапсырып қойған. Сенетін. Кафедраның шаруасы жөнінде сөз болса, «Серікке барыңдар» дейтін. Тіпті оқу жұмысын ұйымдастыру ғана емес, аспиранттар мен ізденушілерді қабылдау жұмысын да мен шешетінмін. Осы жұмысымды өзіме қанағат тұтып, оның үстіне лауазым қууға ықыласым жоқ адам – декандықтан бас тарттым. – Онда факультетті неге бөлдірдің, мен сен көнеді деп қалып едім, – деп ренжіді Серғали. Осылай тарастық. Ертеңіне мені қайта шақырды. – Басқа ешкімнің реті келетін емес. Сен факультетті қолыңа алып, бірер жыл істеп бастықтырып бер. Сол уақыттың ішінде орныңа кісі дайында, – деді Секең әңгімені қайта қозғап. Қайтатын түрі жоқ. Қажекең де осы сөзді қолдады. Амал жоқ, көндім. Бірақ бір жылдан артық ұстамауға уәдесін алдым. Факультетті 1967 жылдың наурызында алып, 1968 жылдың ­наурызында өткіздім. Серғали уәдесінде тұрды. Оның үстіне сол тұста Қажекең қайтыс болып, кафедра босап қалды. – Ал, мен уәдемде тұрайын. Мына кафедра заңды сенікі ғой, енді соны қолыңа ал, – деді Секең. Сөйтіп, 1968 жылдан 1988 жылға дейін жиырма жыл кафедра басқардым. Декан кезімде екі орынбасарым болып еді: бірі – оқу ісін жүргізетін, орыс тілі кафедрасының доценті Л.Шеляховская, екіншісі – сырттан оқу бөлімін басқаратын, қазақ тілі кафедрасының доценті Асхат Әбілқаев. Асхат өзіммен қатар, бір-екі жыл бұрын оқыған, білімді, мінезді, жақсы жігіт болатын. Соны декандыққа дайындап, декан атқаратын шаруаларға жұмсап, біраз ысылдырып алдым. Факультетті соған қалдырдым. Бірақ институт көлеміндегі қоғамдық істерге (партком мүшесі ретінде) қатысып, ректормен сыйластық қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Осылай абыройлы жұмыс істеп жүрген С.Толыбеков қызметінің соңғы жылдары біраз қиындады. Ректордың оқу ісін басқаратын орынбасары болып Имаш Мадин деген педагог істеді. Өз ісін білетін азамат еді. Бірақ ұсақ мінезді болатын. Біреуге бірдеңеге көмектессе, соны ұмытпай, ылғи бетіне басып, тізіп отыратын. Біреудің арамдығын көрсе шыдамай, ұсақтық көрсе төзбей кететін Серғали соны бір жиналыста бетке айтып, қатты сынады. Мұны кек тұтқан Имаш ректордың үстінен материал жинап, қарсы тұрды. Орынбасарын босату ол кезде ректордың қолынан келмейтін. Оның үстіне, Толыбеков пен министр Біләловтің арасы нашар болды. Біләлов Мадинді қорғады. ­Институт екіге жарылды. Институттағы ­айтыс жоғары басшылыққа жетіп жатты. Мұның аяғы облыстық партия комитетінің бюросында талқыланып, ақыры екеуі де қызметтерінен босады. Толыбеков зейнетке шықты да, Мадин қыздар институтына педагогика кафедрасына меңгеруші боп кетті. Осы оқиғадан бірер жеті кейін бір күні жұмыстан соң үйге келсем, үйдегілер мені Асанбай Асқаровтың (обкомның І хатшысы) іздеп жатқанын айтты. Телефон соққан обкомның ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ольга Ободинская екен, телефонын қалдырыпты. Телефон соғып едім: – Тезірек келіңіз, сізді Асанбай Асқаров күтіп отыр, – деді. Мен Ободинс­каяның бөлмесіне келдім. Ол Асқаровтың қабылдауына алып кірді. Жаңа ғана біткен жиналысқа қатысушылар тарап жатыр екен. Ол кездегі обкомның идеология жөніндегі хатшысы Байдабек Төлепбаев (кейін академик сайланып, академияға вице-президент болған) еді. Сол екеуі ғана іште қалыпты. Ольга Трофимовна мені солардың үстіне алып кірді. Амандық сұрасқаннан кейін Асқаров бірден әңгімеге кірісті: – Сіз енді сол институтта көптен істейді екенсіз. Жағдайды біліп отырсыз. Екі бастығың бірден кетіп, институт иесіз тұр. Соған ректор іздеп отырмыз. Біраз адамдармен ақылдасып көрдік. Орталық комитетпен де сөйлестік. Бәріміз сіздің кандидатураңызға тоқтап отырмыз. Институтты, адамдарын, оқу ісін жақсы біледі дейді. Педагогика ғылымдары Академия­сының мүшесі екенсіз. Мәскеу алдында да беделіңіз бар. Қалай қарайсыз? – Мен мұндай әңгімеге дайын емес едім. Күткен де жоқ едім. Қабырғаммен ақылдасып көрейін. Ертең Мәскеуге ұшпақ едім. Жоғарғы Аттестациялық комиссияның сараптамалық комиссиясының отырысына жүрмекпін. Барып келейін. Шешімімді содан соң айтайын, – дедім. Асекең оған көнбеді. – Біз бұл мәселені тез шешуіміз керек. Келіссеңіз, Мәскеуге бармайсыз, – деді. Мен келісім бердім. – Егер сенім көрсетіп жатсаңыздар, істеп көрейін. Институттың адамдарын да, жұмысын да бірсыдырғы білетінім рас. Сенімдеріңізге рахмет! Асекең Ободинскаяға қарап, мәселені тездетуді, обкомның бюро мүшелерін жағалап қол қойғызуды тапсырды. Б.Төлепбаев сөз қосқан жоқ. Әңгімеге куә болды да отырды. Ольга Трофимовна: «Таңертең хабарласамыз» деді де қалды. Үйге келсем, мені оқу министрі Балжан Бөлтірікова іздепті. Соның алдында ғана педагогикалық жоғары оқу орындары Жоғары және арнайы білім министрлігінен бөлініп, Оқу министрлігінің қарамағына берілген. Министрдің жоғарғы педагогикалық оқу орындарын қарайтын орынбасарлығына В.Сидоров келген. ­Телефон соққан адам: «Таңертең сағат 9-да Бөлтіріковада болсын» депті. Тоғызда Б.Бөлтіріковада болдым. В.Сидоров екеуі қабылдады. Виктор Кузьмичті бұрыннан білем. Таяуда ғана Орал пединститутынан (ректор болған) ауысып келген. Тарихшы Сүният Нұрмұхамедовтің (тарих ­ғылым­ының докторы, Мәлік ­Ғабдул­линнің бажасы) үйінде кездесіп жүретінбіз. Ол күліп, үнсіз, менің қолымды қысып қойды. Балжан жақсы қабылдап, тілектестігін білдіріп, институтты көтерудің жолдары жайлы ақыл­дарын айтқан болды. Балжаннан шықсам, қабылдау бөлмесіндегі қыз обкомнан Ободинская телефон соққанын, іздеп жатқанын айтты. Хабарласқан маған ол: «Сізді қалалық партия комитеті күтіп отыр. Олар ұсыныс дайындауы керек. Ізбасар Балтағұловқа барыңыз. Шыққан соң маған телефон соғарсыз» деді. І.Балтағұлов қалалық комитеттің ІІ хатшысы болатын. Облыстық комитетте бөлім бастығы еді, содан ауысып келген. Таныстығым бар. Қырымда, Фороста бірге демалғанмын. Ол да жылы қарсы алып, қалалық комитеттің І-хатшысы П.Ерпиловке ертіп барды. Ол ресми ғана әңгімелесіп, Балтағұлов дайындап апарған ұсыныс қағазға қол қойды. Олардан шыққан соң Обо­динскаяға телефон соғып едім, ол: «Обкомға келіңіз. Осындағы бюро мүше­леріне кіреміз» деді. Бізді алдымен облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Елагин қабылдады. Ол институт, оның жағдайы жөнінде ештеңе сұрамады. Бірден бөтен әңгімелер айтып кетті. Л.Брежневпен таныстығы, Молдавияда бірге қызмет істегені, сонда Брежневтің инфаркт алғаны жайында әңгімеледі. Сол әңгімеден қайта оралды да, менің денсаулығымды сұраған болды. Сөйтіп, бюро ұсынысына қол қойып берді. Одан кейін обкомның ІІ хатшысы А.Клинковқа кірдік. Оны танимын, мен аз уақыт Орталық комитетте істегенде танысқанбыз. Құрылыс бөлімінде істеді. Кабинетіміз қатар болатын. Ол бірден жылы қарсы алып: – Қуаныштымын көргеніме, жаңа жұмысыңызға тілектеспін. Баяғыда Орталық комитеттен кеткеніңізде өкініп қалып едім. Қалай кеткеніңізді артынан естідім. Сұрақ болса, маған хабарласыңыз. Тікелей келіңіз, – деп жалпылдап қалды. Институттың материалдық базасы жөнінде сұрастырды. А.Клинковты кейін де көріп жүрдім. «Алматы» санаторийінде бірге демалғанбыз. Сыпайы жігіт. Құрылыс жұмыстарын басқарды. Обкомда жүргенде құрылыс объектілерінде керек адамдарды сағат 8-де жинап, мәселелерін шешіп кетеді деп айтып жүретін. Осы жолмен обкомның бюро мүшелерін түгел жағалап шықтық. Қалалық кеңестің төрағасы Есен Дүйсенов атқару комитетінің мәжілісін өткізіп жатыр екен, қабылдауға уақыты болмады. Ша­руаның асығыстығын айтып, Ободинская кіріп, қол қойғызып шықты. Содан кейін «Енді бәрі бітті. Қаулы дайындап, Асанбай Асқарұлына қол қойғызып жібереміз. Сізді Орталық комитетте күтіп отыр. Қ.Балахметов (ол кезде Ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары боп істейтін) қарсы алады, бара беріңіз» деп шығарып салды. Орталық комитет обкомның қарсы бетінде, жақын. Келсем, есіктің аузында, шынында да, Қ.Балахметов тосып тұр. Ол бірден Тұрғанбек Катаевқа (бөлім мең­герушісі) ертіп барды. Катаев біраз сөйлесіп, институттың жайын, кадрлары жайында сұрастырды, бұрынғы басшылы­ғының қателіктерін еске салып, соны қайталамай, жұмысты таза істеу, кішіпейіл болу қажеттігі жайында айтты. Соңында, «енді бара беріңіз. Хатшылар қашан қабылдайды, бюроны тосамыз ба, әлде қабылдауларына барып, тездетіп қол қойғызамыз ба, оны хабарлаймыз» деді. Мен үйге қайттым. Ол күні, ертеңіне де, оның ертесіне де хабар болмады. Осындай хабар тосып жүрген күндердің бірінде Серғали Толыбековті шығарып салу жиыны болды. Ол институттың акт залында емес, филология факультетінің оқу залында жүрді. Ұзақ жыл институт басқарған, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, экономика ғылымының докторы, профессорды зейнетке шығарып салу жиыны жетім қыздың тойындай болып өтті. Не партия ұйымда­рынан, не министрліктен ешкім келмеді. Оны тек институттың ғылыми жұмыстарды басқаратын проректоры Ц.Фридман бас­қарып, институт ұжымы ғана шығарып салды. Ресми басшылық енжарлық таныт­қа­нымен, қызметтес жолдастары С.Толыбековті ықыласты қабылдап, жылы сөздер айтты. Сөйлеушілер көп болды. Солардың бірі болып, мен де сөйледім. Секеңнің шапағатымен институтқа түске­нім­нен бастап, ұстаз болғанын, алдынан сабақ алғанымды, емтихан тапсырғанымды айтып, өзімде сақталған сынақ кітапшамның өзі «отлично» деп қол қойып берген бетін ашып алдына тастадым. Ризалықпен алып, кітапшаның беттерін қарап отырғанын байқадым. «Ғылымда, институтта жеткен табыстарым болса, ұстазымды соған ортақ санаймын. Осы кісінің көз алдында доктор, профессор, декан, кафедра меңгерушісі болдым, бірнеше рет партком мүшесі болып сайландым» деп, рақметімді айттым. «Ғылым адамы зейнетке кетпейді, демалады, жұмыс істейді, Ғылым академиясының мүшесі ретінде еңбек ете беретініңізге сенемін. Еңбегіңіз табысты, деніңіз сау болсын» деген тілекпен бітірдім. Секең орнынан тұрып, құшақтап бетімнен сүйді. Соның ертеңіне Серғалиды Д.Қонаев қабылдады. Димекең қызметінен босаған адамды қабылдап, риза ғып шығарып салатын әдеті еді. Димашқа барып келген күннің ертеңіне Секең маған телефон соғып, келіп кетуімді сұрады. Секең Абай көшесінің бойын­да Бейбітшілік пен Чайковский көшелерінің арасындағы үкімет үйінде тұратын. Бұрын болғам. Шақырған соң бардым. Секең жылы қарсы алып, бірден ас бөлмеге кіргізді, Ажар жеңгей шай дайындап қойған екен, шай ішіп отырып әңгімелестік. Сонда айтқаны мынау: – Серік, қарағым, мен сені жақсы көрем, сыйлаймын. Келешегің бар жігітсің. Саған бір жайсыз хабар айтайын деп отырмын. Естіген соң жасырмай өзім айтқанды жөн көрдім. Ренжіме. Сені ректорлыққа ұсынған кезде «мыналар тауып қойды-ау» деп қуанып едім. Кеше сол әңгіменің басылып қалғанын естіп, ренжідім. Оны бүлдірген – менің мына Балжан келінім. Өзің білесің, оның жолдасы Ескендір – менің жақын інім. Олар мен қызметтен босағаннан бері хабарласқан жоқ еді. Кеше келіп кетті. Димашқа кіргенімді де естіген болуы керек. Сөйтіп отырып Балжан маған сенің кандидатураңды тоқтатуға араласқанын айтты. Ол сені Саттар Имашевтің жолдасы деп санайды екен. Сол Саттарды мұқатпақ болып, Асанбайға барып: «Саттардың маған істемегені жоқ. Ылғи жолыма тұрады. Мені Димекеңе жамандайды. Соның жолдасын қалай ұсындыңыздар?» деп тоқтатуды сұрапты. Асанбай Димекеңе барыпты. Сөйтіп, бәрі тоқтатыпты. Енді олар өз адамдарын іздеп жатқан сияқты. Басында қызу басталған әңгіменің тоқтап қалғанынан өзім де сезіктеніп жүргем деді. Естігенін жасырмай айтқаны үшін Секеңе «рақмет» айттым. Секең кейін бұл әңгімені Шахбаз Омашевке де айтыпты. Шахбаз институтта Секеңе жақын жүретін, маған да көңілі дұрыс жігіт еді. Осыдан кейін институтқа ректор болып Жұмабеков Жүнісбек деген жігіт келді. Партия тарихының маманы екен, физкультура институтында істепті. Алып-қашты әңгіме жата ма – менің өтпей қалғанымды, Жұма­бековтің тағайындалуы жайлы түрлі әңгі­мелер тарады…
«Серікті Димаш тоқтатқан екен. Оның әйелі Сәкеннің жауының қызы екен (Сәкен Сейфуллин шығармашылығын зерттеп, мен кітап жазғам, диссертация қорғағам). Димаш білмей қалыпты, Асқаров Имашевтің айтуымен ұсынған екен» деген бір жүйе әңгіме шықты. Екінші бір өсек – «өзіміздің де жігіттер жетіп қалды. Басқа жақтан іздеп нелерің бар, – деп Дәулет Әлімжанов (ҚазПИ-де осындай доцент істейтін) Димаштың әкесі Милиахмет ақсақалға барыпты (Дәулет – Қонаевтың күйеу баласы Д.Серікбаевтың жақын ағасы, Серікбаев үйленгенде құда болып барып, шалдың қасында отырыпты-мыс). Ақсақал баласына айтып, Серіктің кандидатурасын тоқтатып, Жұмабековті қойғызыпты» деп шығарды. Қайсысының болса да қисыны бар нәрселер сияқты. Бір қисынға келмейтіні – «Имашев Асқаровқа айтыпты» деген сөз. Имашевті мен жақсы білем. Жолдас болғаны рас. Ол – қорқақ. Қонаевқа айтып қояды деп Асқаровқа ештеңе айта алмайды. Өзінің қызметінен айы­рылып қалмау принципін қатты ұстанған ол бір жолдасына жақсылық жасаған емес… Жолдасы деп айтады деп, ешкімді еш жаққа ұсынған да емес. Жұма­бековті институтқа таныстыруға Б.Бөлті­рікова алып келді. Бәріміз қатыстық. Ел үнсіз қарсы алды. Бірақ Жұмабековпен қабағымыз жараспады. Ол институтқа менімен алыса келді. Өмірі көрмеген, білмейтін адамым. Ол да мені білмеуге тиіс. Сірә, біреулердің айтуымен болар. Маған «басқа жаққа қызметін ауыстырып кетсін» деп кісі салыпты. Мен таң қалдым. Сосын өзіне бардым. – Жүнісбек, қатар құрбы, тіпті құрдас екенбіз. Өзім келіп, ашық сөй­лескеніме ғафу ет. Маған сәлем айтып­сың. Мен қайда барам? Бұл институт – оқыған, өмір бойы қызмет істеген жерім. Ешқайда да бармаймын. Сенің ректорлығыңда да жұмысым жоқ. Істей бер, біреуге кедергі, қастандық жасау, пәле теру менің әдетімде жоқ. Өз жұмысымды ғана білемін. Ал, жөнге келсек, сенің маған қандай өкпең болуы мүмкін? Өкпелесем, «орнымды тартып алды» деп мен өкпелеуім керек. Сен неге менен құтылғың келіп отыр, – дедім оған. Бастырмалата сөйлегеннен бе әлде тегі жуас па, үндемей қалды. Біраздан кейін ойланып отырып: – Жоқ, ондай сәлем айтқам жоқ, жұмы­сыңызды істей беріңіз, – деп айтқанынан танып шықты. Мен бұрынғыша жұмысымды істей бердім. Бірақ ректордың көзқарасы онша емес екені күн сайын сезіліп, естіліп жатты. Еш жерде менің атым аталмайтын болды. Ол кезде Әлия физикалық география кафедрасында доцент болатын. Ол да осы институтта оқыған, аспирантурасын өткен, кандидаттық диссертациясын Мәскеуде қорғаған тұрақты кадр. 70-жылдары география мамандығындағы аға ұрпақ түгелдей таусылып, қалған бірен-саран әйелдер (Н.Щукина, А.Пузырева) зейнетке шығып, кафедра басқаратын адам табылмай қалды. Осы жағдайды кафедраның жас жігіттері мен қыздары өзара талқылап, Әлияға кафедра меңгерушісі болуды ұсынады, кафедра­ның шешімін шығарады. Оны зейнетке шықса да, әлі аздап сабақ беріп жүрген жоғарғы екі ұстазы да қолдайды. Сонымен кафедра меңгерушісінің бос орнына жария­ланған байқауға құжаттарын тапсырады. Байқауға одан басқа ешкім қатыспайды. Соған қарамай, Ғылыми кеңесте өткен сайлауда Әлияны өткізбеді. Мұның ректор Жұма­бековтің ұйымдас­тырған нәрсесі екені бірден белгілі болды. Менің қолымнан келгені – кеңестің соңында Жұмабековке қарап: – Мені қуу қолыңнан келмеген соң сенің істеп отырған шаруаң ғой. Жігіт-ақ екенсің – әйелмен алысып жеңген, – деу ғана болды. Мұның барлығын аяқсыз қалдыру мүмкін болмады. Жұмабековке батып айта алатын адам шықпады. Бәрі де оны Қонаевтың өзі қойған деп жасқанады. Сондықтан Қонаевтың өзіне барып, осы әңгімелердің бәрін айтуға бел будым. Бекежанов (көмекшісі) арқылы бір сұранып едім, болмады (Сірә, Бекежанов­тың өзі жуытпаған болу керек). Сөйтіп жүргенде құдай қолыма Владислав Влади­мировті (ол да көмекшісі) түсірді. Ол М.Әуезов атындағы институттың ғылыми кеңесінде Е.Лизунованың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Мен сол кеңестің мүшесі едім – оның қорғауына қолғабысым тиді. Оның үстіне Мәскеуде Жоғары Аттестациялық комиссияның мүшесі едім, сол жақтан тезірек өткізуге көмектестім. Ең соңында дипломы қолына тиіп, маған рақмет айтуға келген Владимировке «Қонаевқа кіргіз» деп өтініш жасадым. Ол мәселені бір-екі күнде ғана шешті. «Ертең, сағат 10.00-де келіңіз» деп телефон соқты. Сөйтіп, Қонаевқа қолым жетті. Баруға алдын ала дайындалдым. Ойымда­ғының бәрін батыл айтуға бекіндім. Бәрібір мені ешқайда ұсынып жатқан жоқ, несіне жалтақтаймын. Ойым шашырамас үшін және бірнәрсені ұмытып кетпес үшін тезис күйінде айтатындарымның бәрін қағазға түсіріп алдым. Димекең сырт көзге кішіпейіл адам болатын. Ішкі ойларын сыртқа шығара бер­мейтін. Мені орнынан тұрып, «Серекелеп» қарсы алды. Жалпы жағдайды, денсаулық, жұмыс жағдайларын сұраған болды. – Сізді сыртыңыздан білем. Сайфуллин (Димекең Сәкенді осылай атайтын) туралы кітабыңызды оқығам. КСРО Педагогикалық Ғылымдар академиясына өткеніңізден де хабарым бар, – деді сөз арасында. Мен оған рақмет айттым. Сосын: – Ал, енді қандай шаруаңыз бар? – деп сұрады. – Димеке, – дедім мен, – ешқандай өтініш айтпаймын. Тыңдасаңыз, көрген зәбірімді, қиянатымды айтып, сізге шағынайын деп келдім. Сіз – бір елдің көсемісіз, басқалар сізсіз аяқ баспайды, басқа кімге барып мұңымды айтам? – Айт, айт, жасқанба, – деді ол кісі де. Мен обкомның, Орталық комитет бөлімінің мені ректор қоямын деп әурелеп, аяғында далаға тастап кеткенін тәптіштеп айтып шықтым. Содан кейін: – Кадр партияның үлесіндегі нәрсе ғой. Кімді қоятынын өздеріңіз шешесіздер, оған өкпе жоқ. Бірақ біз де адам баласымыз, коммуниспіз, жасымыз да елуге таяп қалды, далада жатқан жоқпыз. Академия мүшесі, доктормын, профессормын. Не Орталық комитеттің бөлімінен, не обкомнан бір адам шақырып алып, «мәселе былай болды, кешіріңіз» деуге болатын еді. Адам тағдыры­мен осылай ойнауға бола ма? – деп бетіне қарадым. – Иә, иә, солай етуге болатын еді. Сол кезде неге келмедіңіз? – деді ол. – Ойбай-ау, сізге қолым жете ме? Осының өзінде екі-үш рет сұранып, зорға кірдім. Ол үндемей қалды. – Ал, енді, – дедім әрі қарай сөзімді жалғап, – Ғабит Мүсіреповтің бір пьесасында «Қыран екеу, тұғыр біреу» деуші еді Ақтоқты. Екі қыранның керектісін алып, тұғырға қондырдыңыздар – оның келіп алып мені, менің әйелімді қудалауына жол болсын! Осы жерде Жұмабековтің мені мен Әлия жайындағы істерін түгел айттым. Әлияны сайлаудан құлатып жібергенін естігенде, шыдай алмай: – Не дейді, ит екен ғой мынау, мен қазір Имашевқа айтайын, дереу жөндесін оны, – деп телефонға ұмтылды. – Димеке, Имашевқа айтпай-ақ қойыңыз. Оның қолынан ештеңе келмейді. Ол – менің білетін адамым. Қара көжені бөлісіп ішкен доспыз. Егер ол адам болса, сіз «тоқтатыңдар» деген күннің өзінде, «Димеке, ол обкомнан өтіп қойды, Орталық комитеттің бөлімінде әңгі­меден өтті. Енді ұят болар. Өзімізге абырой емес, Жұмабековке басқа бір қызмет табармыз» десе, сіз де адамсыз, тыңдар едіңіз ғой. Соны айтуға жарамады. Мен сол оқиғадан кейін онымен сөйлеспеймін, адам деп есепте­меймін, – дедім. Менің сөзімді тыңдауын тыңда­ғанымен, Имашевқа телефон соқты. – Саттар, мына Жұмабеков, ҚазПИ-дің жаңа барған ректоры, ит екен ғой. Мына Қирабаев­тарды қудалап, әйелін сайлауда құлатып жіберіпті. Оны жөндеудің жолы қандай? ­Кооптация деген болушы еді ғой, ол ВУЗ-ға жарай ма? – деген сияқты әңгімелер айтып жатты. – Басқа не айтасыз? – деді содан кейін маған қарап. – Не айтайын, Димеке! Мораль­дық жағынан жүдеумін. Осы әңгіме­лерден кейін қалада «Қонаев Қирабаевты жек көреді екен» деген әңгіме тарап кетті. Оған себеп те жоқ шығар. Сіз кім? Мен кім? Бірақ өсектің аты – өсек. Осы әңгімелер маған жайсыз тиеді. Ел күдіктене қарайды. Осы моральдық жүдеуліктен құтқарыңыз, – дедім. Димекең мені жұбатуға шықты. – Өтер іс өтіп кетті. Қате кетсе, жөндерміз. Басыңыз жас қой. Сізге менің қояр ешқандай кінәм жоқ. Ел өсектей береді. Басылып, жұмыстарыңызды жасай беріңіз. Басқа өтініштеріңіз болса айтыңыз. Үй-жайыңыз қалай? Мен жасығымды жұбатпайын деп, ештеңе сұрамадым. – Димеке, басқа өтінішім жоқ. Үйім де, күйім де,саяжайым да, машинам да бар. Еңбегіммен күн көріп жүрген адаммын. Тағдырыма өкпем жоқ. Тек мені қызметке қоям деп, ойыншық қылғандары, мына ректордың келіп алып, бізді қудалауы батады. Егер маған жасалатын жақсылық болса, ұсыныс өзіңізден шықпаса, төмендегілердің ешқайсысы сізге менің атымды атап келмейді. Қазір осылай пікір қалыптасқан. Осы оқшаулаудан құтқарсаңыз болғаны, – дедім сөзімді жинақтап. – Жақсы, жақсы, – деді ол да әңгімені қысқартуға бет түзеп. Обалы нешік, Димекеңнен шыққан дүмпу тез арада Әлияның жағдайын жөндеді. Оны өз орнына қалдырып, артынша өз өтініші бойынша екі жылға аға ғылыми қызметкердің жалақы­сымен докторлық диссертация жазуға жіберді. Ол кезде докторантура деген болмайтын. Жоғары мектеп оқытушылары сабақ беруден босатылып, аға ғылыми қызметкер болып шығатын. Жұмабеков кішіпейілділігі жоқ, өзінше паңдау болуға тырысатын – институт ұжымына сіңіп кете алмады. Ол өзінше (нөкер­лерімен) бір бөлек, ұжым бір бөлек өмір сүрді. Тіршілігінің бәрі ұжымнан тысқары, жасырын өтті. Ауру жігіт екен, ұзамай қайтыс болды. Оның орнына Құлжабай Қасымов келді. Қазақ универси­тетінде істепті, математик. Кішіпейіл, елгезек, қарапайым жігіт екен. Жұмысына кіріскен­нен кейін бірер жетіден кейін мені шақыртыпты. Бардым. – Секе, – деді ол, – маған сіздің фамилияңыз таныс. Мен мектепте сіздің оқулығыңызбен оқыған баламын. Бірақ өзіңізді көрген жоқ едім. Шал ғой деп ойлаушы ем. Енді танысып, бірге қызмет істейтініме қуаныштымын. Бұрынғы рек­тордың кезінде сіздің басыңыздан өткен оқиғалардың бәрін естідім. Енді ондай ешнәрсе болмайды. Алаңдамай, жұмы­сыңызды істей беріңіз. Мен рақмет айттым. Ол: – Сіз тәжірибеңіз бар адамсыз. ­Институт пен адамдарын жақсы білесіз, маған ақыл-кеңес беріп тұрыңыз, – деді. – Менен сұрайтын ақыл-кеңесің болса, мен дайынмын. Пікірімді, ойымды адал айтам. Ал, мәселені өзің шешесің. Осылай жүріп жаттық. Бірер айдан кейін бір күні Орталық комитеттің Ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі Садуақас Темірбеков телефон соғып, менің келіп кетуімді сұрады. Бардым. Аман-саулықтан соң жұмыс жағдайын, институттағы атмосфераны, жаңа келген ректордың жұмысты қалай бастап жатқаны жайында, Әлияның жағдайын, не істеп жүргенін сұрады. Мен барлық сұрақтарға жауап беруге тырыстым. – Шынын айтайын, – деді Темірбеков артынан, – мен сізді Димаш Ахметовичтің айтуы бойынша шақырып отырмын. Ол кісі: «Солардың жағдайын білші. Менде болып еді. Бұрынғы ректормен тіл табыса алмай жүр еді. Қазір қалай екен?» деп сұрады. – Ойбой, рақмет сізге де, Димекеңе де! Сәлем айтыңыз. Қысылып жүргенде барғаным рас. Соны ұмытпай сұрастырып жатқанына. Қазір халім жаман емес. Жаңа ректор шақырып: «Сіз жөніндегі әңгімелерді естідім. Енді ондай болмайды, алаңдамай жұмысыңызды істеңіз» деп жатыр. Маған басқа не керек? Онша мазасыз, сұраншақ адам емеспін. Тыныш жұмыс істеуге мүмкіндік болса, болғаны. Тағы да рақмет айтып, қоштасып шығып кеттім. Бір жетіден кейін Темірбеков қайта шақырды. Әңгіме тағы да институт, ондағы атмосфера, жаңа ректордың жұмысты қалай игеріп жатқаны жайында болды. Мен бәріне риза көңілден жауап бердім. Сонан соң отырды да: – Сізбен ақылдасатын бір шаруа болып тұр. Құлжабайды мақтап отырсыз. Соған орынбасар боп барып көмектессеңіз қайтеді? Қанша дегенмен, ол сырттан келген адам ғой, институттың ішкі жағдайын, адамдарын білмейді. Сіз бәрін білесіз, беделіңіз де бар. Бұрынғы ректордың қатесі де осында болды ғой, өзі де, орынбасары да сырттан келіп, ұжыммен тіл табыса алмады, – деді. – Ой, Сәке, рақмет ұсынысыңызға. Мен оған қызықпаймын. Тіпті қазір одан да үлкен қызмет ұсынсаңыздар да бармас едім. Жасым елуге келді. Абыройым, қызметім жаман емес. Еңбекақым жеткілікті. Адам үлкен қызметке барғанда, дәрежесін көтеруді, елмен, бас­қа­лармен танысуды, ақшасын көбейтуді көздейді. Менде осының бәрі бар. Атақ-дәрежем жеткілікті. Қысылып келіп, Диме­кеңе сұранып едім. Ол кісі жылы қабылдады. Машинам тозып жүр деп, Бәйкен Әшімовичке барып едім, ол кісі жаңа машина берді. Осы екі аға құрмет тұтып жатса, мені жұрттың танығаны емес пе? Ал, проректордың кафедра меңгерушісінен елу сомы ғана артық. Мен қолым бос болса, жазып, одан көп гонарар табатын адаммын. Осыларды ойлап, мен проректор болудың қисынын таппай отырмын. – Оныңыздың бәрі рас, – деді Садуақас, – бірақ, шынымды айтайын, осы ұсыныс Димаш Ахметовичтен шығып еді. Ол кісіге сәлеміңізді айттым. Жағдайы жақсы екен дегенге қуанып қалды. «Өздері түсінісіп жатса, сол ректорына көмектессін. Ректор қоймады деп өкпелемесін» деп еді. Мен мүдіріп қалдым. Димекеңнің өзінен шыққан ұсы­нысты қабылдамау – ол кісіні сыйламау сияқты көрінді. – Жарайды, онда бірер жыл істеп көрейін, көмектесейін. Ар жағын көре жатармыз. Осымен әңгіме бітті. Артынша оқу министрі Қ.Балахметов мені шақырып, оқу ісін басқаратын проректор қызметіне бұйрыққа қол қойды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.