ЗАМАНСӨЗДІ ЗАҢДАСТЫРСАҚ…

Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов бастаған әдебиет, тіл саласын ұлттық таным ­талаптары бойынша зерттеу ісі кешегі кеңестік заманда тоқтап қалған болатын. Тәуелсіздік жылдарында Ахаңның өмірі де шығармашылығы да қайта қолға алына бастады. Дегенмен әлі де аршылмай жатқан қазыналары баршылық. Солардың бірі — қоғамдық санаға қозғау сала отырып «әлеуметке дегенін істету» (Ахаңның өз сөзі.) өнерін зерттеу болатын. Осы тақырыпты үзіксіз қозғап келе жатқан ғалым Сағатбек Медеубекұлының тың пікірлерге құрылған мақаласын оқырман назарына да, терминкомқұзырына да ұсынып отырмыз
С.И.Ожегов өзінің «Түсіндірме сөздігінде»: «Публицистика – бүгінгі күннің және халықтың күнделікті өміріндегі өзекті деген қоғамдық -саяси мәселелерді қарастыратын әдебиет» депті. Ал Т.Ф.Ефремова «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде» Ожеговтың бұл анықтамасына «осы тектес шы­ғар­малардың жиынтығы» деген ойды қосады да одан әрі «белгілі бір адамның белгілі бір шығармасындағы қазіргі заманның өзекті мәселерінің көрінісі» деген пікірмен толық­тырады. «Публицистика ( латын сөзі . publicus — қоғамдық) — қоғамның күнделікті тіршілігіндегі құбылыстарға және өзекті мәселелерге арналған шығарма түрі; өмірдің өткір мәселерінің айналасында туындаған қоғамдық пікір жариялылығын таныту құралы ретінде саяси және идеологиялық маңызды роль атқарады» делінген Уикипедияда.

Біз бұл айқындамалардан нені аңға­рамыз? Біріншіден, айтушылардың ойынша, публицистика – ең алдымен сөз өнері екен; Бірақ, біз бұл жерде С.Ожеговтың «публцистика – әдебиет» дегенімен келісе алмаймыз. Бәлки ол «әдебиет» дегенді тасқа басылған жазындылар жиынтығы деген райда түсіндірмек болған шығар. Қалай десек те публицистика мен әдебиет бірдей емес. Тамыры бір болғанымен тарамы және қызмет етуі бөлек салалар. Екіншіден, ол сөз өнері қоғамның ең өзекті мәселелеріне арналады екен; Үшіншіден, ол өзекті мәселелер кешегі емес я ертеңгі емес, дәл бүгінгі күнге қатысты екен; Төртіншіден, публицистика бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғаған шы­ғармалардың жиынтығы да екен. Біз, әрине, бұл айтылғандармен шектеліп қалмай, басқа да пікірлерді қарастырып көреміз.
Мысалы, В. Даль: «Публицист – кө­бінесе халық құқығы туралы, қазіргі уақыттың жалпыға ортақ мәселелері жөнінде жазатын газет, журнал жазушысы» дейді. Бұл тұжырымнан публицистика а) халық құқы туралы; ә) қазіргі уақыттың жалпыға ортақ мәселелері жөнінде б)баспасөздежарияланған шығарма екендігін білеміз. Мұнда «құқы» деген сөзді тек заңнама аясында ғана түсінуге болмайды. Бұқараның мақсат- мұраты, мүддесі, қажеті, еркі деген мәндерде қабылдаған абзал. Егер біз Дальдің «халық» деген сөзін «қоғам» деп қабылдасақ, онда публицистика туралы Дальдың ойы жоғарыдағы айтушылардың пікірімен мазмұндас болып шығады. Ал бұл мәселені арнайы зерттеген В.Ученова: «публицистика… жалпақ жұртқа тікелей жарияланып, сол сәтте қабылданарлық бүгінгі күнге аса қажетті көкейтесті ой-пікір» деген анықтамасын алға тартады.
Ғалымның бұл айтқанынан бұрын ауызға алынбаған тың пікір көреміз. Оның ойынша біріншіден, айтылған ой бірден халықтың назарына ұсынылуы керек. Екіншіден, халықтың назарына ұсынылған ой кеше айтылған немесе ертең айтылар емес, дәл бүгін жариалануы қажет. Сонда ғана ол публицистиканың талабына жауап бере алады. Аталмыш ғалым тағы бірде: «… публицистика баспасөз, радио, телевидения арқылы халықтың пікірі мен ойын және оның күнделікті еркін білдіреді» дейді. Егер ғалымның бұл ойын таратып көрсек, публицистика өздігінен халыққа жетпейді, оған белгілі бір арнаулы құралдар керек. Солардың көмегі арқылы ғана жария болады екен. Осында — публицистика жеке тұлғаның, яғни жазушының, журналистің, публицистің ғана емес, ол «халықтың да ойын, пікірін білдіреді» деген де түйін бар. Бұл түйін бұған дейінгі біз тілге тиек еткен ғылыми тұжырымдарда кездеспеген болатын.
Публицистика туралы айтылған мына пікір де назар аударуға тұрарлық: «Көсем сөз (публицистика, лат. Publicus – қоғам­дық) – әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайтын саласы…». Айта кететін нәрсе – Ахмет Байтұрсынов екі түбірді «көсем»+«сөз» қосып, «көсемсөз» деп бір мағынада ұсынған болатын.
Дәл осы айқындамадан бастап біз сараптамамызды талқыға салар негізгі мәселемізге қарай бағыттаймыз.
Әуелі «көсем сөз» деген атауға қатысты сәл шегініс жаcалық. Жоғарыда берілген айқындамадан байқайтынымыз – мұнда «публицистика» деген сөздің өзін сол күйінше бермей, қазақша атауға деген талпыныс, яғни «қазақ руханиятында да публицистика болған, қазір де бар» деген емеурін таныту бар. «Көсемсөз» деген атауды алғаш ғылыми айналымға қосқан Ахмет Байтұрсынов болатын. Бірақ ол бұл терминді «публицистиканың» жеке дара баламасы ретінде алған жоқ еді. Ол кісі «әлеуметке дегенін істету үшін айтылған сөздің» жазбаша түрін осылай атады. «Публицистика» деген сөзді аузына да алмағанына қарағанда, оның заманында, яғни ХХ ғасырдың басында мұндай термин қазақ қоғамында өз мәнінде әлі қолданысқа ене қоймаған. Қалай дегенде де жоғарыда біз мысалға алған шет ел ғалымдарының (С.И.Ожегов, Т.Ф.Ефремова, В. Даль, В. Ученова…) айқындамаларында көрсетілгендей, ­публицистика жазбаша (!) шығарылады да, жазбаша (!) жарияланады. Демек, Ахмет Байтұрсынов ұсынған термин осы «публицистика» деген латынтекті – орысмәнді терминнің қазақ тіліндегі баламасы болып шығады. Ахмет Байтұрсынов «дәл бүгінгі күнге қатысты» «қоғамның ең өзекті мәселелеріне» арналған, «әлеуметке дегенін істету үшін айтылған» сөз өнерінің жазбаша түрін «көсемсөз» деп атап қана қоймай, ондай сөз өнері тек жазбаша түрде ғана болмайтынын да көрсетті. С.И.Ожегов, Т.Ф.Ефремова, В.Даль және басқа да жазу мәдениеті мен оның технологиясы ертерек өркениетке бет алған елдердің ғалымдарының публицистиканы тек жазба мәдениетінің туындысы ретінде ғана тануы да заңдылық еді. Өйткені, олар өмір сүрген ортада – арысы 911 жылдан «Цзинь бао» («Астана хабаршысы») деген басылым шығаруды қолға алған Қытайда; орта ғасырларда «Безендірілген журналистика» деп аталатын ғашжазындар (ағаш бетіне жазу) мен «каварабан» деп аталған қышжазын (қыш бетіне жазу) таратудан бастаған Жапонияда; 1588 жылдан «Инглиш меркьюри» («Ағылшын хабаршысы») деп аталатын мерзімді басылым шығара бастаған Ұлыбританияда; 1690 жылдан «Public Occurences» («Қоғамдық оқиғалар») деген газет шығарудан бастаған Америкада; Гутенбергтің көбейтебасу мәшинесін іске қосқан Германияда; берісі ХVII ғасырларда Борис пен Глебтің, Александр Невскийдің, Дмитрий Донскойдың, Довмонт Псковскийдің житиелері («житие» – қасиеттілер өмірі мен тірлігі баяндалатын шіркеулік әдебиет жанры. авт.)   жазылған, 1600 жылдары «Куранты» деген басылымы жарық көрген Ресейде бұқараға ортақ ойды жеткізудің, қоғамның алдында тұрған ең соқталы мәселелерді қозғау мен таратудың бірден бір тиімді құралы – баспасөз болды. Оның үстіне жазу өнерін оқыту мен үйрету және зерттеу де ол елдерде ертерек қолға алынды. Ауызекі сөйлеу мен ауызша айту шеберліктері жиынтығын «шешендік өнер» (ораторское искусство) деп қарастырғанымен, қоғамдық санаға қозғау салудың, әлеуметтік мәселе көтеріп, оларды шешудің жолына қатысты ойды бұқара назарына ұсынудың құралы ретінде арнайы ғылыми-зерттеу нысаны, тіпті пәні ретінде де жан-жақты зерттеуге мән беріле қойған жоқ. Рас, көне грек шешендері Демосфен, Платон, т.б.-лардың агорада (қалалық алаңда) мәжіліс ашып, саяси және діни өмірді талқыға салуы, ежелгі Римде Цицерон сияқты сөзгерлердің сотта, сенатта, халық жиналыстарында саясат, заң, дін, тарих туралы пікірталастары кезінде көпшілік алдында ауызша айту шеберлігі шешендік өнер (ораторское искусство) ретінде әлі күнге зерттелу үстінде. Қоғамға қатысты ойды жұртқа ауызша жеткізу мәнерін «высказывание», «говорение» деп атап, оларға талдау жасаған ғалымдар болды. Бірақ олар дәл Ахмет Байтұрсыновтай қоғамдық санаға қозғау сала отырып «әлеуметке дегенін істету» құралы ретінде жеке-дара атау беріп, бөлек қараған жоқ.
Ахмет Байтұрсынов ақпаратты жазбаша жеткізу арқылы қоғамдық санаға қозғау сала отырып іске бастаушы сөз өнерін «көсемсөз» деп, ал ақпаратты ауызша айту арқылы қоғамдық санаға қозғау сала отырып әрекет етуге ықпал ететін сөз өнерін «шешенсөз» деп атады. Егер осы екеуін жоғарыда мысалға алған ғалымдардың пікірлерімен сабақтастыра тұжырымдасақ «көсемсөз» дегеніміз «писменная публицистика», ал «шешенсөз» дегеніміз «устная публицистика» деп аударылады. Бірақ біз публицистиканың болмысын осы екі категориямен ғана шектеп қала алмаймыз. Өйткені, ақпаратты тек жазу және айту арқылы ғана қоғамдық санаға ықпал етеміз деген ой – бір жақты ғана түсініктің жемісі. Шынтуайтында, ақпаратты айтып немесе жазып қана қоймай, дыбыспен де, қимылмен де, бейнелермен де жеткізуге және сол арқылы қоғамдық санаға қозғау салуға болады. Біздің осы мәселелерге назар аударғымыз келеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін жоғалтқанымызды іздеу қолға алынды. Қолға алынған мұраның бірі – ақпарат беру және қоғамға қажетті ой айту арқылы әлеуметке бағыт-бағдар беру, ұлттық мұрат, мемлекеттік мүдде, халықтық мақсатқа жұмылдыру өнері еді. Осы өнердің қызметін әу баста не атқарды, тіл мен жазу пайда болмай тұрғанда ақпарат беру мен жұртты жұмылдыру атқарымын (функциясын) не жүзеге асырды деген сұрақтың әлі күнге басы ашық.
Қоғамдық санаға қозғау салу өнерінің бастау-бұлағын кешегі газет-журнал шыққаннан, одан асса, жазу мен сызу өнері тарихы­нан бастау арқылы да талай-талай шындықтың ауылына ат басын тіредік. Жалпы, зерттеуші ғалымдар «публицистика» дегеннің не екендігіне, оның атқаратын қызметіне, тарихи тамырларына, жанрлық ерекшеліктеріне, тілдік-стильдік сипаттарына, қалып­тасу, даму жолдарына уақыт талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігіне орай өз тұжырымдарын ұсынды, айналымға түсірді, кәдеге асырды. Сөйтіп, публицистиканың жазбаша түрін, яғни көсемсөзді зерттеу ісінің ұлттық мектебін қалыптастырды. Көсемсөзтану ғылымының ұлттық мектебі дегенде біз Ахмет Байтұрсыновтан бастап бүгінгі көсемсөз зерттеуші жас ғалым­дарға дейінгі аралықта әр жылдары әр кезеңде жарық көрген еңбектерді ауызға алар едік. Соларда айтылған ғылыми ойлар осы саланың жаңа қырларына жол ашты. Ол еңбектердің өміршеңдігі де, құндылығы да осында. Дей тұрған­мен, замансөздің бұған дейін ашылмай келген қыры дегенде біз мынаған баса назар аударамыз:
Адамзат сызу мен жазу және тасқа басу өнерін тапқанға дейін де ақпарат алмасты. Қауымдасты, қоғамдасты, тіршілік үшін күресті. Әуелі қара басының амандығы үшін қарекет етсе, кейін отбасының, одан кейін тайпасының, сонан соң одағының, елі-жұртының қамы үшін күресті. Осының бәрінде бір-бірімен ақпарат алыспай ойын жүзеге асыра алмас еді. Демек, қоғамдық санаға қозғау салу машығының тарихын әріден бастағанымыз абзал бізге. Сол арқылы ұлтымыздың да рухани мұраларының тарихын арғы кезеңдерден іздейтін боламыз. Бұл қазақ деген ұлттың тарихын адамзат тарихымен біртұтастықта қарастыруға жетелейді. Ендеше ондай ғылыми таным көкжиегін кеңейтер арналар қайсы дегенге жауап іздеп көрелік.
Соңғы кезде ел назарына ұсынылып жүрген жаңа терминнің бірі – «замансөз». Тегінде «публицистика» деген кірме сөздің ұлттық ұғымға ең жақын әрі мағыналық аясы кең баламасы осы болмақ. Мұңдағы «заман» сөзінің аясына адам тіршілік еткен қоғам, қоғам өмір сүрген уақыт пен кеңістік тұтас сыйып кетеді. Ол бүгін­гіні де, кешегіні де, ертеңгіні де қам­тиды, басқаша айтсақ, «заман» ұғымы адамзат жаратылғаннан бергі тарихты, бүгінгі сан-салалы қоғамдық қаты­настар қазанында қайнап жатқан болмысты және сол болмыстың ертеңге жалғасымын тұтастандырып тұрады. Ал сол заман туралы айтылған ой-пікірлердің дыбыстық-таңбалық жиынтығын «сөз» деп атасақ, «публицистика» дегеннің мағы­на­лық ауқымынан әлдеқайда кең, салмақты әрі жан-жақты «заман­сөз» деген атау келіп шығады. Замансөз деп – заңда тыйым салынбаған кез келген жолмен қажетті ақпарат алып тиімді тарату арқылы қоғамдағы күрделі мәселелерді мемлекеттік, ұлттық, бұқаралық мүдде тұрғысынан қозғау әрі оларды шешу жолдарын түсіндіру және сол іске жұмылдыру үшін әлеумет алдында өткенді еске ала отырып та, бүгінгінің қамын қозғап та, ертеңнің жайын сөз қыла отырып та дыбыс, қимыл арқылы жеткізілген, бейнелер арқылы көрсетілген, ауызша айтылған, жазбаша жарияланған деректі де дәйекті сөзді айтамыз.
Осы «замансөз» деген аталымды тілдік айналымға енгізсек,сол арқылы да ұлттық ұғымымыз бен пайымымыз батыстық санатаным құрсауынан арыла түсер еді. Осы Замансөздің көне саласының бірі – ақпаратты қимыл-қозғалыс арқылы беру, тарату, жеткізу машығы. Бұл әрекеттің адамзатпен бірге жасасып келе жатқынына ешкім шүбә келтірмес. Өйткені, тіл, яғни сөйлеу әрекеті пайда болмай тұрғанда адамдар бір-бірімен ым, ишара арқылы «сөйлесті», «тілдесті». Алғашқы тайпалық одақ кезінде адамдар аң аулауға шығарда баратын жері, басатын тауы, алысатын жауы (азығы) туралы ақпаратты қимыл-қозғалыс, ым-ишара арқылы жеткізді, қарсыластарымен күрес тәсілдерін әртүрлі қимыл қозғалыстар арқылы көрсетіп, жеңуге үндеді; Қ.Жұбанов ақпарат алмасудың, тілдесудің ең алғашқы құралы – тіл емес, қол дегенді айтады. Ол былай дейді: «Академик Н.Я.Марр бұрынғы кезде дыбыс тілінің алдында ым тілі (қол тілі) болғандығын айтады. Дене мүшелеріміздің ішіндегі ең алдымен біздің дегенімізге көнген мүше – қол. Қол бәрін істейді, бұл мүше бәрінен бұрын жетіледі. Сондықтан қол сөйлеу құралы да болды. Сөйлеу тілінің кеш шыққандығы соншалық, адам баласы қару істеп үйренгеннің өзінде де жақсы сөйлесе алмаған. Ол кезеңде сөйлеудің пайдасынан қолдың пайдасы көп болған.» (Қ.Жұбанов; «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер»; 110-бет.) Ғалым айтқандай,«қол сөйлеу құралы да болғандығын» адамдардың бүгінгі әлеуметтік топтарындағы қатысым түрлері де дәлелдейді. Сол замандардан бері адамдар арасында ымдап, ишаралап ақпарат алмасу әрекеттері еш тоқтамастан бүгінгі жетілген түріне ұласты. Оның қазіргі замандағы ең озық үлгісі – ым тілі, қолқимыл тілі. (сурдоперевод) Тілі шықпаған немесе сөйлеу машығы, есту қабілеті жетілмеген адамдар осы қолқимыл тілі арқылы ақпарат алмасады. Тілі шыққандардың айтқан ақпаратын осы қолқимыл-ым тілі арқылы тәржімәлау машығы да өмірге енген. Біз қимыл-қозғалыс арқылы ақпарат беру, тарату нәтижесінде қоғамдық санаға қозғау салу өнерін қимылсөз деп атаймыз. Қимылсөз деп, сондай-ақ, қоғамда кездескен мәселелерді жеке адамдық және бұқаралық мүдде тұрғысынан қозғау әрі оларды шешу жолдарын түсіндіру және сол іске жұмылдыру үшін тұлға немесе әлеумет алдында қимыл-қозғалыс арқылы жеткізілген пәрменді сөзді айтамыз.
Замансөздің келесі бір байырғы түрі – дыбыссөз. Яғни, ақпаратты дыбыспен жеткізу, тарату арқылы қоғамдық санаға қозғау салу амалдарының жиынтығы. Қарапайым пайым: Бала дүниеге өз дауысымен келеді, ана оған емірене үн қатады. Екеуінің арасында дыбыс арқылы «тілдесу» акциясы жүреді. Адамзаттың даму эволюциясының алғашқы сатысында, яғни сөйлеу машығы әлі дүниеге келмей тұрғанда олардың арасында дыбыс арқылы белгі беру, ақпарат алмасу болғандығы сөзсіз. Жан-жануарларды, аңдарды аулау кезінде, үрей, қорқыныш туған сәтте олар алыстағы немесе көз көрмейтін жердегі әріптестеріне ақпаратты дауыс, дыбыс, үн арқылы жеткізген. «…Н.Я.Марр дыбыс болмады дегенді қай тілдің басымырақ қолданылуы, қолданылмауы ретінде айтады. Әйтпесе, ол заманда да дыбыс тілі болған…Дыбыстарды қатынас құралы еткенде де алғашында дефузды түрде пайдаланғанбыз» дейді Қ.Жұбанов. (Қ. Жұбанов; «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер»; 110-бет.) Демек, дыбыс тілі болған. Дыбыс тілі болса, ол тіл қоғамдық санаға ықпал ету, белгілі бір ақпарат тарату, сол арқылы адамдарды іске шақыру қызметін атқарғаны да ақиқат.
Дыбыспен ақпарат беру арқылы санаға қозғау салу, сөйтіп әлеуметке дегенін істету амалдары жетіле келе ақпараттық деңгейден көркемдік сапаға дейін көтерілді. Мысалы, арнайы жалпыға түсінікті ырғаққа құрылған дабыл қағу арқылы белгілі бір оқиғаны хабарлау, тосын апат-кесапаттан сақтандыру, жұртты бір әрекетке жұмылдыру, қауымды бір жерге жинау, іске бастау қарапайым амалдардан бастап өркениеттің затындық-техникалық дамуына қарай жетіле келе электрондық дыбыстауларға дейін жетті. Сөзбен де емес, қимылмен де емес, тек ысқыру арқылы сөйлесу машығы қалып­тасқан тайпалар да бар. Америкалық тіл маманы Дж.Коуэн мазатекалық үндіс Эсебиомен жолыққанда Эсебио базарға кетіп бара жатқан адаммен ысқырып сөйлеседі. Дж.Коуэн болған жайды сұрап, таңғаларлық ысқыру дилогын жазып қояды. Егер бұл оқиғаны сөз түрінде түсіндіретін болса, Эйсебио алдымен ол адамға қарап:«Не алып бара жатырсың?» деп ысқырған. Ол: «Бір қап жем» деп ысқырып жауап берген. Эйсебио: «Қайда барасың?» деп тағы ысқырған. Ол: «Мен Тенангоға барамын» деген.
– Жемді сатасың ба?
– Иә, сатамын.
– Қанша ақша алғың келеді? Маған сатып, осында қалдыр.
– Мен 2 доллар 50 цент алғым келеді…
– 2 доллар 25 цент алғың келмей ме? Мен қазір беремін.
– Мен алып бара жатқан жерде одан көп беретін…
– Бірақ оған ұзақ жол жүресің ғой.
– Жақсы, мен тауарымды саған берейін…
– Келістік.Сен өз ақыңды аласың!
Мазатекалық үндістерде осылай ысқыру арқылы пікір алмасудың 4 түрі қалыптасқан екен. Дж.Коуэн бұл тілді басқа тілдерге қарағанда әлдеқайда ерекше әрі халық мәдениеті мен дәстүрін сақтай білген айырықша құбылыс, қажет жағдайда ысқыру тәсілін игере алған бірден-бір ұлт деп түсіндіреді. (Е.Н.Панов. «Знаки символы языки». 120-121-бет). Дыбыс арқылы санаға қозғау салудың көркем тәсілдері де жетілді. Ол – музыка. Музыкалық дыбыстың ақпараттық сипатын анықтау да арнайы зерттеуді қажет етеді.
Ойымызды осы жерден қысқаша тұжырсақ, дабылдау, дыбыстау, дауыс­тау арқылы қоғамдық санаға қозғау салу, жұртты жұмылдыру, халықты жігерлендіру, әлеуметке дегенін істету үшін берілген ақпараттар жиынтығын дыбыссөз дейміз.
Замансөздің ежелден келе жатқан тағы бір түрі – оқиғаны, болмысты бейнелеу арқылы таратып, қоғамдық санаға қозғау салу өнері. Бұл машық адамзат дамуының тас дәуірлерінен басталады. Тасқа қашап белгі, таңба, өрнек, сурет салу арқылы ақпарат беру, жеткізу, соның нәтижесінде қоғамдық санаға қозғау салу – шын мәнінде мәдениеттің өскендігінің бір көрінісі еді. Тасқа салынған бейнелер, сұлбалар, сызықтар, таңбалар, айшықтар, бедерлер, бәдіздер, қырнаулар, ойықтар өз заманында белгілі бір мазмұн мен мағынадағы ақпарат бергендігі сөзсіз. Сол кездегі таным мен түйсікке түсінікті әрі белгілі бір деңгейде санаға қозғау салатын, көрген адамды әрекетке бастауға ықпал ететін ақпараттық бейнелерді, яғни бүгінгі ұғымға тек топшылау мен долбарлау арқылы ақпараттық елес беретін бейнелерді бейнесөздің алғашқы амалдары, жалпыға түсінікті тәсілдері деп білеміз.
Адамзат ақыл ойы мен шығарма­шылық әлеуеті жетілген сайын бейне арқылы ақпарат берумен бірден санаға әсер етуден гөрі сезімге, адамның жан дүниесіне, көңіл-күйіне ықпал ету басымдыққа ие бола бастады. Нақтылықтан шарттылыққа ауысты. Нақты ойлаудан көркем ойлау машығы жетілген кезде сызу, сурет салу барысында шығармашылық шеберлік те биіктеді. Солай бола тұра қоғамдық-әлеуметтік болмысты бейнелей отырып көрген адамның сезіміне ғана емес санасына да қозғау салу мақсатында салынған шығармалар түрі де көбейді. Мыс.:Тұлғаттар (портреттер), пейзаждар, каррикатуралар, коллаждар, плакаттар, инфографикалар, фотоэтюдтер, фотоақпараттар, монументтер, мүсіндер, т.с.с. тек көркем туынды ғана емес, сонымен қатар белгілі бір деңгейде ақпарат беретін, сол ақпарат арқылы санаға қозғау салу міндетін де атқаратын жаратындылар екендігі де арнайы сөз етуді қажет етеді. Яғни, ақпарат тарату, сол ақпаратпен белгілі бір ойды жеткізу, сол оймен қоғамдық санаға қозғау салу бейнелеу амалдары арқылы да жүзеге асады. Демек, замансөздің бастау көзінде тұрған және бүгінгі өркениеттің таным мен талғам биігіне көтерілген бейне арқылы ақпарат тарату және әрекетке бастау өнері де тұр. Оны біз бейнесөз деп алдық.
Сөйлеу, айту машығы жетіле бастаған замандарда бейнелермен ақпарат берудің орнын өзге амалдар алмастырды. Басқаша айтсақ, ақпаратты тіл жоқ кезде бейнемен жеткізген адам тілі шыққан соң айту арқылы ақпарат алмасуға көшті.
Замансөздің ендігі жетілген тағы бір саласы – ақпаратты айту арқылы қоғамдық санаға қозғау салу, «әлеуметке дегенін істету» өнері. Ұлтымызды өзгелерге ұқсататын, олардан өзгешелейтін әрі өзіне ғана тән тұрпатын айқындайтын рухани қазынасының бірі – сөз өнері. Оның сөз өнері сан мәрте зерттелген, зерделенген. Соның өзінде ашылмаған қырлары әлі де баршылық. Олардың дені бұрынғы патшалық және кеңестік ұлтсыздандыру саяса­тының басты бағыты бойынша әдейі еленбеген, еленсе де бұрмаланған. Солардың бірі – Ахаң анықтаған шешенсөз.
Шешенсөзді зерттеу арқылы біз оның табиғатын анықтаймыз. Ауызша ой айту түрлерін, әдіс­терін, әдеттері мен әдептерін білеміз. Оның айшықты айтында­рын қайта тірілтеміз. Сол арқылы өшіп бара жатқан ауызша айту өнерімізді (шешендік, айтыскерлік, жыршылық, термешілік, ертегішілік, әңгімешілдік), айтуға қатысты қалыптасқан салтымызды (беташар, жар-жар, бата беру, алғыс айту,) қайта жандандырмыз. Сол мақсат орындалса, онда ұлтымыздың ұрпағы кешегі бабалары секілді ойын анық та айшықты етіп айтуға көшеді. Ойыңды алдыңдағы адамға бетпе-бет келіп, ашық айту – шындыққа жол ашады. Ауызша айту өнері дамыған кезде демо­кратиялық үрдістер қайта жанданады. Шешенсөздің құдіреті де осында. Сондықтан да шешенсөздің бар болмысын анықтап алу, оны пән ретінде оқыту, үйрету ұлт ұрпағының болашағы үшін қажет. Өмірде болып жатқан оқиғалар туралы шын ақпараттар, нақты мағлұматтарды ауызша тарату арқылы қоғамдық санаға ықпал ету өнерінің бірі – шешенсөз болмысын зерттеу ісі тың жатқан саланың ашылмаған қырларын ашады, бұрынғы таптаурын қағидалар мен түсініктерге бүгінгі ұлттық рух талабы мен ұрпақ талғамы деңгейінен қайта қарауға мұрындық болады. Тақырыптың өзі жаңа болғандықтан, тың ойлар, тосын пікірлер, бұрын айтылмаған атаулар мен аталымдар және солардың астарындағы ұғымдар мен түсініктер ортаға салынады. Сол тың таным ғылыми ой-сананың бір мысқал болса да алға жылжуына түрткі болады. Кезінде қазақ фольклорының ел ішінде тарыдай шашылып жатқан нұсқаларын жазып алып, ғылыми айналымға қосу арқылы ұлтымыздың ұшан-теңіз рухани мұрасын сақтап қалу ісін қалай жолға қойсақ, шешенсөздің де небір үлгілерін мыс.:«қосажар», «оқиғат», «аңғарат», «әңгіме», «естегі», «ғұмырат», «өсиет», «сырашар», «дат», «ант», «ұран», «аттан», «серт», «уәде», «уәж», «наз», «айтыс», «терме», «ән», «өлең», «дәріс», «ақыл», «кеңес», «тілек», «сын», «мін», «алғыс», «лепес», «лебіз», т.б жазып алып, саралап, қажетті ойды айту өнегесінің үлгісі ретінде ғылыми айналымға қосуды да жолға қояр едік. Ұлтымыздың өзіне ғана тән қоғамдық сананы ояту өнерінің болмысын анықтап, кейінгіге үлгі-нұсқа ретінде ұсынар едік. Сөйтіп, халқымыздың жиналмай жатқан төл өнерінің тың нұсқалары дер кезінде хатқа түсіп,тасқа басылып, сақталып қалар еді.
Ақпаратты жазып тарату арқылы бұқараға ой тастау, санаға қозғау салу амалдарының жетілген түрі – көсемсөз.

Ойыңды алдыңдағы адамға бетпе-бет келіп, ашық айту – шындыққа жол ашады. Ауызша айту өнері дамыған кезде демократиялық үрдістер қайта жанданады. Шешенсөздің құдіреті де осында. Сондықтан да шешенсөздің бар болмысын анықтап алу, оны пән ретінде оқыту, үйрету ұлт ұрпағының болашағы үшін қажет. Өмірде болып жатқан оқиғалар туралы шын ақпараттар, нақты мағлұматтарды ауызша тарату арқылы қоғамдық санаға ықпал ету өнерінің бірі – шешенсөз болмысын зерттеу ісі тың жатқан саланың ашылмаған қырларын ашады, бұрынғы таптаурын қағидалар мен түсініктерге бүгінгі ұлттық рух талабы мен ұрпақ талғамы деңгейінен қайта қарауға мұрындық болады.

Газет, журнал, кітап нұсқаларының алғашқы түрлері шығарыла бастағаннан бері үнемі жетілу үстінде келе жатқан көсемсөздің пайда болуы, қалыптасуы, жүйеленуі, жанрларға бөлінуі, олардың түрленуі, мазмұндық, (яғни идеялық-тақырыптық,) және пішіндік, (яғни құрылымдық, сюжеттік, тілдік, безендік) ерекшеліктері, авторлық айқындық мәселелері біршама зерттелді. Біз оған тоқталып жатпаймыз.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келіп, біз мынадай қорытындыларды терминком назарына ұсынамыз:
–«Публицистика» деген терминнің мазмұнын тарихи һәм қоғамдық-әлеуметтік таным тұрғысынан тереңдете әрі кеңейте түсетін қазақша баламасын «Замансөз» деп атау;
– дыбыспен ақпарат тарату арқылы қоғамдық санаға қозғау салуға бағытталған өнерді «дыбыссөз» деп атау;
– қимылмен ақпарат тарату арқылы қоғамдық санаға қозғау салуға бағытталған өнерді «қимылсөз» деп атау;
– бейнемен ақпарат тарату арқылы қоғамдық санаға қозғау салуға бағытталған өнерді «бейнесөз» деп атау;
– айтумен ақпарат тарату арқылы қоғамдық санаға қозғау салуға бағыт­талған өнерді «шешенсөз» деп атау;
– жазумен ақпарат тарату арқылы қоғамдық санаға қозғау салуға бағытталған өнерді «көсемсөз» деп атау ғылыми айналымға ұсынылғалы жиырма жылға жуықтап қалды.
Бұл уақыт аралығында аталмыш тақырып бұқаралық ақпарат құралда­рында, ғылыми семинарлар мен кеңес­терде бірнеше мәрте талқылаудан өтті.Оқу құралдары мен монография жарық көрді. ЖОО-ларында «журналистика» мамандығы бойынша маманданатын студенттерге пән ретінде оқыла бастады. Енді терминологиялық комиссияға осы зерттеу барысында анықталған терминдерді заңдастыру күн тәртібінде тұр.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің
деканы, филология ғылымының
кандидаты, доцент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.