Ұлағат

Адам баласы өмірге келген соң, мәнді де мазмұнды өмір сүру үшін бүкіл ғұмырын үйренуге, тәлім алып, тәжірибе жинақтауға арнайды. Өйткені, өзіңе дейінгілердің жиған-тергенінен тәлім алып, тәжірибесінен үйренсең жолың болғаны. Отбасындағы тәрбие, мектептегі тәлім мен білім сіңіру үлкен өмірге алғашқы қадамдар – дайындық кезеңдері болса, белгілі бір мамандық алып жұмысқа кірісу – үлкен өмірдің өзі. Осы үлкен өмірде алғашқы бағыт-бағдар беруші, мамандығыңның қыры мен сырына қанықтырушы адам – өмірдегі ұстазың. Маман, азамат ретінде қалыптасуың да көбіне сол ұстазыңа байланысты. 

Менің кәсіби журналист болып қалыптасуыма ғана емес, мына ой-шұңқыры мен бұралаңы көп тіршілікте адам ретінде қалыптасуыма да көп ықпал еткен, бас әріптермен нағыз адам деп айтарлық тау тұлға — Мақұлбек ағамен Арқада, дәлірек айтсам Жезқазған жерінде жолымыз түйісіп, таныстық. Мен университет жолдамасымен келіп жұмысқа орналасқан облыстық «Жезқазған туы» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі ұзын бойлы, апайтөс, кең иықты, толқынды шашты, қара мұртты отызды орталай бастаған Мақұлбек Рысдәулеттің дөңгелек қараторы жүзі бір қарағанда сұстылау көрінді. Мені сол кісінің бөліміне жіберді. Бөлімнің жұмыс бағытымен таныстырып, маған кәсіподаққа қатысты мәселелермен айналысатынымды айтқан бөлім меңгерушісі өз шаруасымен болып кетті.
Газет редакторы Ұзақбай Төлеуов осы бөлімге тілші етіп бекітіп, бір кәсіпорынның жатақханасынан жеке бөлме бөлдірген. Жұмыс аяғына қарай сол жатақханама кетуге жиналып жатқанымда бөлім басшысы «Әй, бала, менімен жүр» деп сыртқа беттеді. Газеттің үгіт-насихат бөлімінде істейтін Дәметкен Ахметова, тағы бірнеше адам редакциядан бірге шықтық. Біртіндеп басқалар жан-жаққа бұрылып, үшеуміз ғана қалып, көп ұзамай ол кісілер тұратын бес қабатты үйдің алдына келдік.
Мақұлбек аға мені үйіне осылай ертіп апарды. Дастарқан жайып дәмін ұсынып, қал-жағдайымды білді. Дәм үстінде ашылып әңгімелескенде ол кісінің кескіні сұсты көрінгенімен жүрегі жұмсақ, мейірімді де мол адамгершілік қасиеттері бар азамат екенін біртіндеп байқай бастадым. Мінезі тіктеу, бірақ әділдіктен аспайтын Дәметкен жеңгей де құрақ ұшып барын ұсынып, бәйек болып жүр. Өмірімде бірінші мәрте көрген мына жандардың маған осынша қамқорлығы мені таңдандырды да тамсандырды. Оның үстіне бұрын аяғым баспаған, ешкімді танып-білмейтін Жезқазған жеріне «ел көрейін, жер көрейін» деп романтикалық қиял жетегімен келген маған бұл кісілердің мынадай қамқорлығы мен қолдап-жебеуі көп күш беріп, тез үйренісіп, жұмысыма да еркін бейімделуіме мүмкіндік берді. Осылайша мен Мақұлбек ағаның отбасының бір мүшесіндей болып, ол кісілердің шаңғырағы өз үйімдей болып, өздері аға-жеңгемдей болып кетті.
Мақұлбек аға мен Дәметкен жеңгеміз 1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, облыстық «Жезқазған туы» газеті ашылғанда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сол жылы бітірген бір топ жас журналистердің сапында осы газетке жас маман болып жолдамамен келген екен. Кейін ұжымдағылардан Мақұлбек аға содан бергі жылдары облыстық газетке жолдамамен жұмысқа келген, тіпті өндірістік тәжірибеден өтуге келген жастарды үйіне тұрғызып, ас-суын беріп, жұмысқа бейімделуіне жәрдемдесіп, ағалық ақыл-кеңесін айтып, қамқорлық жасайтындығын білдім. Шаңырағынан дәм татып, сонда біраз уақыт тұрып, қамқорлығын көрген Өмірхан Әбдіманұлы, Сапарғали Әлібаев, Оразалы Жақсанов, Жағыпар Қарабалаев, тағы басқалары Мақұлбек ағаны құрмет тұтып, ұстаз санап келеді. Олардың бірі профессор, факультет деканы, облыстық газеттің, телерадио компанияның редакторы, директоры қызметтерін атқаруда. Олардың бірсыпырасымен кейін кездесудің, Мақаңды қалай құрметтейтінін көрудің де сәті түсті. Ал Жамбыл жерінде оны ұстаз санайтын қаламгерлер өте көп.
Мақұлбек аға мамандығының қыры мен сырына қанықтырып, тәжірибесімен бөліскен талай жас журналист бүгінде республикалық, облыстық деңгейдегі майталман маманға айналып, журналистика саласында еңбек етіп жүр. Өзі де қаламы ұшқыр журналист ретінде Ұлытау – Жезқазған өңірі жайлы, оның белгілі тұлғалары жайлы ондаған очерктер жазып, кейін соларды індете зерттеу арқылы деректі кітаптар да жазды. Қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ғалым, қайраткер Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы деректі «Мыс дария» повесі Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясының Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығына орай жариялаған конкурсының проза жанры бойынша бас бәйгесіне ие болды. Сонымен бірге оннан астам ұжымдық кітаптарға очерктері мен әңгімелері, повестері мен хикаяттары, эсселері мен публицистикалық мақалалары енді. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Әбдір Сағынтаев», «Тарих тамырлары», «Көңіл құсы», «Бақатерек», «Ән ғұмыр» көркем әдеби кітаптары оқырмандарына жасаған тартуы.
Ерекше айта кететін мәселе – Мақұлбек Рысдәулеттің бүкіл шығармасы нақты деректер мен дәйектерге құрылуымен құнды.
Газет жұмысының ең қайнаған ортасы – секретариаттың жұмысы. Мақұлбек аға жауап­ты хатшы болған жылдары да секретариат жұмысына талай шәкірт тәрбиеледі. Менен басқа Бибаят Үсенова, Мәулетхан Ақсанов, Төлеш Асанов, тағы басқалары секретариатта Мақұлбектің мектебінен өткендер. Олардың бірі Қарағандыда, екіншісі Талдықорғанда, үшіншісі Жезқазғанда ұжым басшысы.«Жезқазған туы» газеті сол жылдары облыстық газеттер арасында газет беттерін безендіруден бірнеше мәрте республикалық жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер болды. Өйткені, Мақұлбек аға газет безендіруде тек сәнділікті, әдемілікті емес, газетті қолына алған оқырманға оның беттеріндегі мақалаларды оқу жеңіл де ыңғайлы болуын, суреттердің «сөйлеп» тұруын, яғни сурет арқылы ақпарат берілуін талап ететін, бет жасаушыны соған тәрбиелейтін.
1990 жылы елде саяси жылымық болып, халықтың еркіндікке ұмтылысы басталғанда Жезқазған өңірінде Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысын ұйымдастыруға белсене қатыстым. Отыздан жаңадан асқан маған Мақұлбек аға ақыл-кеңесімен, қолдап-демеуімен дем беріп, қоғамдық-саяси жұмысымда да ұстаздық жасады. Көп мәселелердің орайын келтіріп, ұлт белсенділерін ұйымдастыра, ұйыта білуде де Мақаңмен жиі кеңесіп, ақыл сұрап отырушы едім. Отбасымдағы қиыншылыққа қайыспай, басқа түскенге мойымай тағдырдың тәлкегін жеңіп, болашағыма сеніммен қарап, еңсемді тік ұстап өмір сүруімде де Мақұлбек ағадай өмірлік ұстазымның үлесі мол болды.
Туған жері Жамбыл өңіріне оралып, ор­ныққан соң да Мақұлбек аға маған қамқор­лығын жалғастырды. Жиі-жиі хабарласып, жағдайымды біліп, шығармашылығымды бақылап дегендей қанаттандырып отырды. 2006 жылы бір хабарласқанда «Әй, бала, елуге келіп қалдың, жалғыз ұлың бар, келін аурушаң, туған жеріңе қайтпайсың ба, болмаса Жамбылға кел, облыстық газетте бірге жұмыс істейміз» деп менің қамымды ойлап жүргенін тағы байқатты. Ол кісі үшінші мәрте осы жағдайға қатысты хабарласқанда ойланып-толғанып жүрген мен ағаның ақылын тыңдап Таразға көштім.
Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде жұмыс істеген бірнеше жылда Мақұлбек Рысдәулеттің майталман журналист, қаламы қарымды жазбагер ғана емес басшылық, ұйымдастырушылық жұмысындағы ерен қабілетін көріп, газет жұмысын жандандырудағы талай жаңашылдықтарына тәнті болдық. Ол кісі қожырап кеткен газетті қайта көтеру үшін редакцияға жастарды жинады, соларға сенім арту арқылы қанаттандырып, жалындатып жұмыс жасауына жол ашты. Жұмыс барысындағы қателіктерге, кемшіліктерге қаталдық танытып, бірден жазалай жөнелуден гөрі алдына шақырып алдымен ақылын айтып, кемшілігіңді жоюға кеңесін беріп, кеңшілік танытатын. Әр қызметкердің өзінің міндетіне деген жауапкершілігін сезінуіне, тапсырылған іске тиянақтылығын қалыптастыруға тырысатын. Күні бүгінге дейін Мақұлбек аға бас редактор болған жылдары еңбек еткен журналистер сол кезеңді «Ақжол» газетінің «алтын ғасырына» балап жүргенін талайынан естідім.
Журналистиканы жанымен жақсы көріп бар саналы ғұмырын осы салаға арнап келе жатқан Мақұлбек Қайыпбекұлы қырық жылдан астам еңбек жолында жүздеген жас журналиске жол сілтеп, мамандығының қыры мен сырына қанықтырып, қаламдарын ұштап, қанаттарын қатайтты. Сонымен бірге, өзі де осы жылдарда жүздеген очерктер жазып, өзекті тақырыптарға материалдарын жариялап Қазақ елінің қуатының артып, дамуына, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлесін қосты. Оған Талас ауданыдағы Амангелді газ кені орнының ашылуы жолындағы жазғандарын мысал етіп айтсақ та болар. Амангелді газы бүгінде халық игілігіне пайдаланылып келеді. Журналист ретінде Мақұлбек ағаның мәселе етіп көтерген, әрі одан нәтиже шығарып халық игілігіне жаратқан ірілі-ұсақты осындай ондаған мысалдарын келтіруге болады.
Мақұлбек ағаның журналистік жазбаларының негізінде көлемді материалдарға айналған талай тақырыптары, өзінің жазушы ретіндегі көркем дүниелері бүгінде он бестен астам кітап болып жарыққа шықты. Олар оқырмандарынан лайықты бағасын да алуда. Әсіресе, халқымыздың өткен тарихындағы ақтаңдақтардың орнын толтыруда, архив материалдарын сөйлету арқылы тарихи кезеңдерді жаңғыртуда жасап келе жатқан еңбегі зор. Сол сияқты халқымыздың тарихын түгендеуге қатысты Ұлттық тарихымыздың бастауында болған, аты әлемге мәшһүр, тарихшы Жамал Қаршы жайында ізденіп, тіртінектеп деректер жинап жариялаған кітабы тарих ғылымына қосылған үлкен үлес екені анық. Ал ­«Конфискация» деп аталатын архив құжаттары негізінде жазылған тарихи еңбегінің орны ерекше. Ол бұл еңбегінде 1928 жылы болған тәркілеудің Сырдария округінде ( округке қазіргі Қызылорда мен Жамбыл облыстарының жартысы, Түркістан облысы түгелімен қарайтын) қалай жүргізілгені жөнінде жан-жақты нақты деректер негізінде баяндайды, сараптайды. Аса құнды деректер мен дәйектер бар. Ол қазір Жамбыл облысының жылнама-шежірешісіне айналды. Облыс тарихын одан артық ешкім жазған жоқ. Облыстық ономастика комиссиясының ұзақ жылдардан бері мүшесі ретінде жер-су аттарының тарихи атауларына қайта ие болуына зор үлес қосып келе жатқандығы тағы бар. Тіл жанашыры ретінде оның дауысы биік мінбелерден естілуде.
Сонау 1983 жылдан бергі аралас-құралас өмірімізде Мақұлбек ағаның мен сияқты талай жастарға, демеп жіберуге мұқтаж болған жандарға жасап келе жатқан қамқорлықтарына, жақсылықтарына талай куә болдым. Талайлардың Мақаңды «Менің журналистикадағы ғана емес, өмірдегі де ұстазым» деп ризашылықпен қадір тұтып, алғысын жаудырғанын да естіп келемін. Қазақ журналистикасына сіңірген ерен еңбегінің арқасында алғашқылардың бірі болып «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанған, Қазақ елінің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталған менің ардақты ұстазым, арқа сүйер ағатайым 70 жасқа толды. Жаны жайсаң, ұлағаты мол ұстазыма деніңізге дерт жоламасын, жағыңыз түспей жамандық көрмеңіз, ұрпағыңыздың қызығына тоймаңыз, Жаратқанның жебеуімен жүз жасаңыз деп тілеймін.

Аманғали ӘБУОВ,
журналист
Шымкент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.