СҰЛУБАЙДЫҢ ӘНІ

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

…Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі, уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

…Басында мәуесі жоқ қу қайыңның,
Жігітке пайдасы жоқ уайымның.
Сан жердің дәмін татып,
Суын іштім –
Білмеймін қайда аларын Құдайымның.
Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырылар ма екен қайран ел.
Сұлубай САПЫҰЛЫ

…Ауылым көшіп келсе де,
Бауырым көшіп келсе де,
Адал асын берсе де,
Жайырым көшіп келмейді-ау!
Жәркен БӨДЕШ

І. КІЛТ

Ұлытауымның ұлары аман ба,
Өр Алтайымның қыраны аман ба.
Халдерің нешік,
мына заманда –
Ұлы даланың ұланы аман ба?

Ұшқанда жұрттың жан әлемі Айға,
Іздемес болар саналы ер пайда.
Сұңғыла шайыр Сұлубай айтқан
Қайқая шапқан Қарагер қайда?

Өткеннің көрдік жаза,
қыспағын,
Ұлы дала елі – ғажап ұстаным.
Өзіңнен басқа түгім жоқ менің –
Сен аман болшы, ҚАЗАҚСТАНЫМ!

ІІ. ТЕМІРҚАЗЫҚ

Ертістің арғы беті, бергі беті,
Бұл да бір шежіремнің шерлі беті.
Зар мұңға толған кезде тостағаның –
Алдыңда ақ сөйлейтін келді реті.

Зар мұңға толған шығар тостағаның,
Иә, солай өмір деген…
қош, қарағым.
Қас-қағым дүниенің дүрмегінде –
Қоштағын мейлі мені,
қоштамағын

Ертістің бергі жағы,
арғы жағы,
Ананың емес-еміс таңғы зары.
Асыл кім ат жалында атойлаған –
Ғасырдың қойнауында қалды бәрі…

Ойласаң батады екен жанға, ағатай,
Өр Алтай,
Сұлу Іле,
Тарбағатай.
…Бір тайлақ көшкен сайын бос келетін –
Тағдырдың тапаншасы бар ма, ағатай?

Басынан Қаратаудың көш ағылды,
Жанардан жақұтыңды таса қылды.
Өттің бе
өр ағысты бір өзеннен –
Кеттің бе
қосқа тастап қосағыңды?

Басында өр Алтайдың бұлты қалың,
Ұша алмай қанатымнан қырқыламын.
Қырқыспай дұшпаныммен қырын тартсам –
Жыртыстай өңіп кеткен жыртыламын.

Тау асып тағдыр кешкен тылсым елі,
Алынар күн туа ма бір шідері?
Іленің толқындары торыққанда
Тарлан тау Тарбағатай күрсінеді.

Өр Алтай!
Таупық берсін қыраныңа,
Жұртымның мұңы ілінсе мұнарыңа.
Көз жасым Қанас көлдей мөлдіреді –
Қазақтың зары жетіп құлағыма.

Жүгі ауыр қасіреттің мәңгі батпан,
Бұрқасын басылмаса – әр күн ақпан.
Арысы азап кешіп арда жұрттың –
Дауысы талып жетті арғы жақтан.

Алаштан заты да асқан,
аты да асқан,
Атадан арда туып ақылы асқан.
… Түсімде арыстандай айбат шегіп –
Көрінен ыршып тұрды батыр Оспан.

Кім көрген тап осындай марқасқаны,
Ер Оспан – өр Керейдің алдаспаны.
Тағы да аруағын шақырып тұр –
Жалына ақбоз аттың жармасқалы.

Түйілген шүберекке жаның қалай,
Қайтейін ағындамай,
арындамай.
Оспанды ақ киізбен хан көтерген –
Бұлғынның жағалауы,
Қалың қалай?

Соңында батқан күннің түн бар екен,
Қайғымды қай құдірет тыңдар екен?
…Көрінен түрегелген Оспанға еріп,
Ақырып теңдік сұрар кім бар екен?

…Қайдағы қайғы-шерді қозғағаның,
Мен де бір боз жусаны Боздаланың.
Сонау жыл, Қаракөпір,
саған жетіп –
Есімде боз інгендей боздағаным:

«…Айт енді,
Қыран өзен,
қозға сырды,
Білемін Рухым өлмей тозбасымды.
Батырдың басы ілінген – Қаракөпір,
Мен сенен іздеп келдім, өз басымды».
Рухпен сырласа кеп,
мұңдаса кеп,
кеткенмін ұрпағына: – мың жаса! – деп.
Аллаға арзу айтқан жүрегімді –
Жаратқан жалғыз рет тыңдаса деп.

Иә, солай қоштасқанмын асылыммен,
Бошалап кеткен кезде ғасыр-інген.
Қыранның үстіндегі Қаракөпір –
Қылаң,
Бөке,
Зуқаның басы ілінген.

Қараорман қайран жұртым,
қайда қалың?
Қайырлар қайырмасыз қайран әнім.
Ести сап сай-сүйегім сырқырады –
Денесіз сол бастардың сайрағанын.

Бұл пенде бірде жаяу,
бірде аттылы,
Көз жасы көп аққаннан құрғап тынды.
…Қосылып Ақыт қажы өсиетіне
Денесіз әлгі бастар жырлап тұрды:

Бірінші: уа, сүйікті, бауырмал қазақ халқым, алты бақан, ала ауыз болмай, ынтымақты, берекелі, бейбіт ел болыңдар. Руға, жүзге, жерге бөлінбеңдер! Ұру-қуудың түбі – құру, жершілдік түбі – жегі құрт, жүзге бөлінудің – жүзі қара, көңілі нала… Қазақтан басқа да жұртпен тату-тәтті өтіңдер. Қазаққа жер де, мал да, дүние-мүлік те – бәрі жетеді. Бір жетпесе, береке-бірлік жетпей қала ма деп алаңдаймын. Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ. Берекесіздіктен сақ болыңдар!
Екінші: көрші қақысы – тәңір ақысы. Көрші жұртпен тәңір ақысын өтеңдер. Оларды ренжітпеңдер. Көрші ренжісе, тәңірі налиды. «Іргеңде жауын, көрші елде дауың болмасын» деген нақыл сөзді дана көкірекпен ұстаныңдар. Біреудің адал қақысын жемеңдер. Адал жұмысын қараламаңдар. Кім болса да қақылы істетуді, ақысын тері құрғап болғанша беріп болыңдар.
Үшінші: түбін білмеген – түгін де білмейді. Тар дүниеге тап болғанда, аласұрған хабарды естігенде, есіріп, желікпей, ой елегінен, ақыл көзінен өткізіңдер. Дұрыс-бұрысына көз жеткізіңдер. Сосын барып салмақты қорытынды, әділ кесім, адал шешім жасаңдар. Әрқандай істің обал-сауабын айырыңдар. Қара дүрсін кесін-кемесін көз жетпеген іске ұрынбаңдар. «Сабыр түбі – сары алтын» деген сөзді таразы етіңдер. Сол арқылы мұратқа жетіңдер.
Төртінші: жаны саудың – тәні сау. ­Ден­саулық – бірінші байлық. Ел-жұртым, үрім-бұтақтарым-ау, нәсіл тазалығына айырықша көңіл бөліңдер! Жеті ата араламай некелі болмаңдар. Ол үшін жыныс құмарлықтан, зинақорлықтан таза, ада болыңдар. Біреудің ақ некесін бұзбаңдар. Ол – ауыр күнә. Қиямет күні тозақ отына күюден қорқыңдар. Иманды, ибалы, арлы болыңдар. Қамшы сабындай қысқа ғұмырды адамдық қасиеттен айрылмай өткізіңдер.
Балаларды бақытты етудің жолы – адал­дыққа, адамдыққа, мәдениетке, өнер, ғылымға баулуда… Жеті аталарыңды жете біліңдер. «Жеті атасын білмеген, жетесіз» атанбаңдар. Жетесіздік – жетімдіктің белгісі. Жетесіз халықтан жетімек ұрпақ туады. Ондай ұрпақ мейір-шапағатты, аяушылықты, кешірімді, адамдықты білмейді. Туысын танымайды… Мал емшегімен қоса, жер емшегін де емуді ұмытпаңдар. Өзенді жерде өзектерің талмайды. Ата салтын сақтаңдар. Босқа қарап жатпаңдар. Ана сүтін ақтаңдар!..
Артыма айтар өсиетім осы…

Алтайдың тауы биік,
орманы көк,
Ойлама!
Ұлы қытай қорғаны деп.
Тіл бітіп үш батырдың қу басына,
Ақыттың өсиетін толғады кеп.

Ағарып жерге түскен ұлпадайын,
Өмірдің мен де кештім бірталайын.
Сағынған бауырлардың құрметіне,
Үкісін қара өлеңнің бір тағайын.
Сол үкі қасіретіңді азайтады,
Бағзыдан баяны бар сөз айтады.
Жерімнің иесі кім,
киесі кім –
Қастерлі қара өлеңнің өзі айтады:

«…Дүние аққан өзен,
соққан дауыл,
тыңдасып өлеңімді аға, бауыр.
Сұрасаң, мен айтайын мекенімді –
Әлемге аты шыққан Алтай – Сауыр.

Көрінген мұнан былай Арқанаты,
Түнде ұшып,
Күндіз жатар жарқанаты.
Үлкен тау Тарбағатай жалғас біткен
Бауырында кішкене тау қолғанаты.

Үліңгір – ең аяғы көл болады,
Жағалай мекендеген ел болады.
Сауырдың бір қырқасы таяу тұрған,
Салбырты, Нарынқара бел болады.

Ауылым Мөри өзен қабағында-ай,
Сіздей жан, қос әріптес, табамын ба-ай?
Көсілген көмекейің ақын болса,
Зырылда патифонның табағындай.

Базарда базар қайда Құлжадайын,
Барғанда бар керегің тұрар дайын.
Үлкендер төрде отырып «айт» деген соң
Несіне біл жел сөзді бұлданайын».

… Артында алабаған есіл елім,
Бір сәлем айта алмасам кешігемін.
Жүйелі ойларымды ортаға сап,
Киелі қара өлең боп көсілемін.

Ақыттың жақұт ойы өмірге азық,
Қайтейін, жүрек жадау,
көңіл нәзік.
Бауырым, бауырың бүтін болсын Сенің –
Бабаның аманаты – Темірқазық!

ІІІ. СҰЛУБАЙДЫҢ ӘНІ

…Жаным да қайта жаншылды,
Үзіліп қалған ән сынды –
Тербеліп тұрған қайықта,
Алты да таспа, бұзау тіс –
Тобылғы сапты қамшымды
Топқа ұстап кірсем айып па?

Тағдырым менің талайлы,
Қараған басы қарайды.
Семсерін сертпен қайрады ер.
Белдеуге бедеу байлады ел;
«…Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырылар ма екен қайран ел».

Қияға қонар қыз қашан,
Ұяға қонар ұл қашан?
Соны ойлап, жүрек, сыздасаң,
Соны ойлап көңіл мұздасаң:
«… Саялы бұлақ, көк жасаң
Көреміз елді, біз қашан?!»

Сұңғыла ердің сынындай,
Сырбаздың шерткен сырындай.
Он екі өрім бұрымдай,
Тұлпарға лайық тұғырдай:
«…Шіңгілдің мөлдір суындай,
Деп салған әнім – Сұлубай»

***
Өзектен ақтарылса өлең көші,
Жердегі аққу-құстың көлеңкесі.
Мұңымдай мұнар таудан мұнартады –
Сұлубай – жан өлкесі,
ән еркесі.

Бұл да бір тұма бұлақ,
Жігітке арман.
Тарихтың қойнауында тұнып қалған.
Сүйекті сырқыратып сұмдық әні –
Құлындай шыңғырады құрықталған.

Әуелеп әлсін-әлсін әлди үні,
Қазақтың еске түсер сан күйігі.
Туымдай жанымдағы желбіреген –
Сұлубай – сұңқар қанат ән биігі.

«…Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырылар ма екен қайран ел».

Қалдырмай қалтыраған қарашаға,
Ақ таңда түссем деп ем арашаға.
…Үрейде үркіп қалған үркердей ел –
Тұл үйге ту байлаған жараса ма?

Шындықтың артып-ақ тұр шын қадірі,
Тау-тасты жарып өткен жыр тамыры.
Жарқ етті қара көңілім жарық іздеп –
Саңқ етті Сұлубайдың сұңқар үні:

«…Басында мәуесі жоқ қу қайыңның,
Жігітке пайдасы жоқ уайымның.
Сан жердің дәмін татып,
Суын іштім,
Білмейтін қайда аларын құдайымның.

«…Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырылар ма екен қайран ел».

Алдыңды орап тағы құм борады,
Уақыттың жегі желі жынданады.
Шілдеде саясына сайғақ тұрмас –
Қу қайың мәуесі жоқ тұл болады.
Көп жылқым көкалалы шапқан кері,
Арқырап арысымның ақтаңгері.
Қу қайың мәуесі жоқ…
сая деме –
Ескі күн естен кетпес шақтан бері.

Көңілімнің қалқатайда бір алаңы.
Мұнар тау мұнартады мұнаралы.
…Байталы байғұс елдің суалады
Қу қайың қурап қалған қуарады.

Бәрі де тағдырыңның талайынан,
Ақ таңның арман саудың арайынан.
Басында мәуесі жоқ қу қайыңның –
Сая іздеп әуре болма маңайынан.

«…Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырылар ма екен қайран ел».

Сайрамкөл,
Сауыр,
Сайқан сайраңдаған,
Қолыңда қайқы қылыш, қайран бабам.
Басында мәуесі жоқ қу қайыңды
Құдайым, кезіктірдің қайдан маған?

Қазандай төңкеріліп төңірегім,
Ақ, қара арасында – өмір, өлім…
…Басында мәуесі жоқ қу қайыңға
Тап болды қалай ғана керуенім?

Күттірмей қайырылатын тамам елді,
Қайқая шапқан және Қарагерді.
…Мәуесіз сол қайыңды қопарам да
Кептіріп қобыз жасап алам енді:
«…Шіңгілдің мөлдір суындай,
Деп салған әнім – Сұлубай».

***
Қайтейін қарындастан мен айырылғам,
Үстінде көк теңіздің сең айырылған.
Қобызым қу қайыңнан зарлатайын:
Күйі еді Асан қайғы «Ел айырылған»

Әр ішегі шерде ме екен,
Зарда ма екен,
Сонау құс,
қыран ба екен,
қарға ма екен.

…Буыршын,
Сарысүмбе,
Бурылтоғай –
Айналдым, Алтын Алтай – арда мекен.

…Түсімде Алтай таудан арша ап жүрмін,
Аршамды көтере алмай шаршап жүрмін.
Мынау күй «Ел айырылған,
неге айырылған –
Бірлігін байтағымның аңсап жүрмін.

Басында өр Алтайдың мұнары бар,
Маңдайда мәңгі жанар шырағы бар.
Қойнында ұлары бар,
Бұлағы бар –
Мойнында Қарагердің тұмары бар.

Бұл дүние дауыл десін,
құйын десін,
Осы күй бір ойымды түйіндесін.
…Қайтейін, қу қойыңнан қобыз шаптым,
Алтайдың асқар басы иілмесін!

«…Қасқая шапқан Қаракер,
Қайырылар ма екен қайран ел?».

ІV. ЕСКІРМЕГЕН ЕКІ АҢЫЗ

І
Алмағайып заманда,
Арман қанат бола ала ма адамға?
…Қазыналы қария сөзден қопарған –
Бір-ер аңыз сарғаймай жүр санамда.

Бақ пен соры – бес елі,
Бұлағай күн бұлтпен бірге көшеді.
Қайран да қайран, бабалар:
Қайқая шапқан Қарагер,
Шалқая тартқан қара нар –
Әлі де тірі – деседі,
Қазақтың жұрты көшелі.

Қара орманның қазығы,
Жалғызымның жанға дәру жалбызы.
«…Буыршынның бұта шайнар азуы –
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы»
Алтай таудың жаңғыратын жар-құзы,
Көнермеген көне сөздің қалды ізі:

Алтын Орда бүлініп,
Береке хан өлгенде,
Қазақ тағы шерменде:
Майқы бидің ұрпағы
Асан қайғы абызым –
Таңдай қаққан деседі Алтай тауын көргенде.

Тауарихтан тапқан із,
Солай дейді бізге жеткен текті аңыз.
– Ұжмақ екен,
бөлек әуен, сазы бар.
Жан жарасы жазылар.
Алты ай қысы,
Сосын алты ай жазы бар;
– Алтын мекен Алтай болсын! – депті абыз.

Көрген адам балайтұғын ырымға,
Сол Алтайдың арман жетпес шыңында.
Алтын сирақ,
Гауһар тұмсық,
Көк қанат –
Алтай – деген бір қара құс,
алып құс,
Оны көрсең көрдім дей бер, жарық түс…
Сондай аңыз естіп едім бұрында,
Құдай сүйген құл көреді ғұмырда…

Әлгі алып құс елес берер кезеңде,
толқын біткен тулап ағып өзенде,
Күн күркіреп,
Нажағайы шатырлап –
Бұл өлкеге бақ пен бақыт жақындап –
Бар осындай сөз елде…

Жаратқанның шебері,
Жылқы біткен теріскейге өреді.
Қанатынан жақұт саулап сұңқардың.
Тұяғынан алтын ыршып тұлпардың.
Бәрін көзің көреді,
Киелі құс елес берді, себебі…

Алтай құсы бір көрініп қайтады,
Солай дейді:
тауы,
тасы,
байтағы,
Соңынан ел ырыс-құтқа
кенеліп
тыныштыққа бөленіп,
Өрен біткен өмір әнін айтады.

Елтігенмін көңілімнің хошымен,
ести сала керуеннің көшінен.
Айналайын,
Сізге айтуға асықтым –
Құс жайлы аңыз тамам болсын осымен.
ІІ
Тірлікке тағдыр салса қара құлып,
Көшке ермей көктей салып қалады жұрт.
Алағай да бұлағай күн туғанда –
Алтайдың асқар басын шалады бұлт.

Қысылсаң дос дегенің сырт айналар,
Ілеспей керуенге бір тай қалар.
Түсі де заманыңның сұрқай болар –
Алтайдың алтын басын бұлт айналар…

Ел-жұрттың күйіс таппай күйі мүлдем,
Қаларсың сен де адасып үйіріңнен.
Жағаға шығып қалған қайыңдайсың –
Замана қысқан кезде бүйіріңнен.

Көк қанат,
Гауһар тұмсық құсыменен,
Боп кірген бір аңыз бар түсіме өлең.
…Алтайда ақ бұлттарды жарып шығып –
Ақбоз ат азынаған,
Кісінеген.

Ұмытқан қуанышын,
күлкісін де,
Заманның алмағайып жұрты ішінде.
…Маңдайы жарқырайды жарықтықтың –
Ақбоз ат арқырайды бұлт ішінде.

Талқысын тағдырының тосып алып,
Аңызды ақиқатқа қосып алып:
…Жұлдыздай ағып өткен ақбоз атты
– Екі рет көрген-дейді,
осы халық.

Тірлігің тірелсе де қайқы асуға,
Аңызды: «жалған сөз» деп,
айтасың ба?
…Біреуі – Ер Жәнібек заманында,
екінші – Оспан батыр айқасында.

Ақбоз ат кеткен екен елес беріп,
Бел ме едік,
Белең бе едік,
Белес пе едік.
…Аңызы аңыратар ала таңнан –
Көнермес көне күннен көп естелік.

***
Бағзы сөздер – Бағдаршам бағыма кіл,
Не шара бар берген соң,
тәңір әмір.
Алтын сирақ алып құс елес беріп –
Арқырасын, Ақбоз ат, тағы да бір!

Ағам қалды,
Қарындас,
досым қалды
көп іркіліп…
көрінбей көшім қалды.
Алтай құсы,
Ақбоз ат
Хош, аман бол –
Көнермеген көне сөз есімді алды…

«…Былғары белбеу, бұраң бел,
Бұрылар ма екен біздің ел».

ХХ ҒАСЫР. ШЕРУШІ ҚЫЛАҢ БАТЫРДЫҢ АҚТЫҚ КҮЙІ

…Қылаң батырды ақтың әскері
қолға түсіріп атуға бұйырғанда,
соңғы тілегім деп, күй тартыпты.
Оны көзі көргендер: «Шеруші Қылаң
батырдың басын алардағы
күйі» деп ел арасына таратқан.

…Алтай жақта сол жолы
қасқыр жидек қасарып,
Таутобылғы көзінен тарам-тарам жас ағып.
Домбыра айтып таңға зар:
тартылыпты арналар
Ұлар шулап,
Ит ұлып,
Қарқылдапты қарғалар.

Ажал жетіп, алса өлім,
біреуге аңыз, ертегі.
Қылаң батыр бар шерін
Осы күймен шертеді.
Жеткен жерің осы да
дүние-жалған болғасын,
Тағдырыңды шешеді жалғыз түйір қорғасын.
Шеруші Қылаң батырдың жауға игізбей өр басын,
Он төрт бунақ,
егіз ішек қу қарағай толғасын:
…Қалың дұшпан келгенде,
Көк сүңгісін өңгерген,
Жалғызбын деп қарамай.
Мен де болдым шерменде,
Қоштасайын сендермен
Ай, заман-ай, заман-ай.

Алты қанат ордаңыз,
Мен өлсем де тұл болмас.
Беріп кеттім сендерге –
Туған жерді қорғаңыз,
Ұрпақтарың құл болмас,
Сеніп кеттім ерлерге!

Сен де өтерсің бір күні,
Қарындасты зарлатпай.
Әй, зар заман,
Тар заман.
Жаудың аян құлқыны,
Желді күнгі қаңбақтай,
Дүние кімнен қалмаған?!

Қайтем, енді қайғырып,
Кеттім артқа қарамай,
Үнім жетер жаңғырып…
Тоғызымда тай мініп,
Топқа түскен кезімнен –
Домбырам басы – қарағай,
Сен де есен бол, мәңгілік!

Қолға түсіп қалдым ба,
Жауды көрмей жолдағы.
Қанбай кетті-ау құмарым.
Ақтық демі алдында,
Осылай бір толғады –
Қылаң батыр – қыраным!

…Алтай жақта сол жолы
қасқыржидек қасарып,
Таутобылғы көзінен тарам-тарам жас ағып.
Домбыра айтып таңға зар;
Тартылыпты арналар –
Ұлар шулап,
ит ұлып,
қарқылдапты қарғалар.

Күй біткенде…
Әр жағы…
Әй, обал-ақ, обал-ақ,
Денесіз бас бір сайда бара жатты домалап.

VІ. СҰЛУБАЙ ШОҚЫСЫ

… Қытайдың Шыңжаң өлкесі,
Алтай өңіріндегі Сұлубай батыр
оққа ұшқан төбе күні бүгінге дейін
«Сұлубай шоқысы» деп аталады .

… Қарғыс атқыр қаралы күн,
қара күн,
әлі күнге аузын тырнар жараның.
Бұлғын өзен,
Алатөбе маңында –
Сұлубайдың шоқысы бар, қарағым.

Тау түлеткен тау ұлы,
Ақын біткен адамзаттың бауыры.
тап осында оққа ұшыпты
жарықтық –
1944-тің сәуірі…

Ей, қара күн,
құса күн,
тұлпарымды қанша мәрте тұсадың?
… Бұл шоқыда рухы бар Оспанның –
Ақтекенің,
Бүркітбай мен Мұсаның.

Батыр,
ақын көрген емес ұсақтап,
қанат қағып көңілінің құсы аппақ.
… Ат жалында ажал құшқан арысым –
Отыз жеті – мүшел жасын құшақтап.

Маңайынан өте алмайсың мұңданбай,
Өн бойыңды өктем бір жел ұрғандай.
Содан бері Сұлубайдың шоқысы –
Ен далада ескерткіш боп тұрғандай.

Шуылдайды құлағым,
Жалғыз оқтан қалай ғана құладың?
… Тұяқтарын тас мүжіген тұлпарым –
Қанатынан қан саулаған қыраным!

Бұл өлкенің өзінің бар өлеңі,
Өсиетін өлеңі айтар өрелі.
Сұлубайдың шоқысынан қайтқанда
Соңымыздан қуып жеткен ән еді:

«… Атымды Сұлубай деп әкем қойған,
Руым Жәнтекейден ортаны ойған.
Шіңгілдің мөлдір суындай,
деп салған әнім – Сұлубай!

… Астымда Алқоңырым желмедің ғой,
Құдайым, сұрағанды бермедің ғой.
Талпынып қанша қанат қақсам-дағы
Қысқа жіп, күрмеуіме келмедің ғой.
Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырылар ма екен қайран ел?!»

VІІ. ХХІ ҒАСЫР. 
УАҚ ЖАРМҰХАМЕД ЖЫРАУДЫҢ  ЖАЙЫРДЫ ЖОҚТАУЫ

…Ана жақта – анасы,
Мына жақта – баласы.
Сауал толған санасы –
Екі дүние арасы.
…Алматының қаласы –
Қазақтың соңғы жырауы
Жармұхамед асылға,
Жиырманың соңы,
жиырма бірінші ғасырда –
Бауыр боп ерген кез еді,
Оны өзі де сезеді.
Жүрегінде жан жыры –
Шым-шытырық тағдыры.
… Көптен кезіктірмеп ем
Тап осындай арлыны.
Сағыныш па,
Сезім бе,
Көзін ашып көргені.
Жайырды айтқан кезімде –
Жайылып сала бергені:

Мұңын айтып қайыңға,
Айналғандай елеске:
«…туған жерім – Жайырда,
Жайыр алыс емес пе?
Алаң, алаң, алаңмын
Алаңдасам налармын.
Қиын екен жалғанда –
Алаңдауы адамның.
Қараша түспей қар ұрған,
Заман мынау тарылған.
Мендей мұңлық бар ма екен –
Ғұмыры қақ жарылған…»

…Қу теректей қуарған, қос жанары суалған,
Жайыр жайын естігем
Жармұхамед жыраудан.
Көңіліне сай құсы…
Емес еді жай кісі –
Жайырдан да ауырлау ішіндегі қайғысы.
Сырқат тәні сықырлап
жүре берер пенденің.
Жаны қалып кеткендей,
Майлы Жайыр, сенде оның…
Қызыл-жасыл дүние қызуымен арбайды,
Қарт жыраудың бойында –
Бар қасірет,
бар қайғы.
Тоғыз тарам көз жасы
тоғыз сағат құрғамай –
Сыбызғы боп сыңсиды,
Қобыз болып зарлайды.

… Жайыр деген қоңыр ғана тау еді,
тербеп тұрған ағын сулар әуені.
Тарпаң мінез құландары бар еді,
Жаны жайсаң ұландары бар еді.

Құм көшетін жиегінен шағылдың,
Мұң көшетін әр жағынан сағымның.
…Тау көтерген – тастарын да сағындым,
Жер көтерген аспанын да сағындым.

Алақанда жақыны да,
алысы,
Жайыр деген – қоңыр салқын тау іші.
Бұлағының жарқыраған жанары,
Өзенінің сарқыраған дауысы.

Сағыныштың қанша ашсам да сандығын,
Жазиралы Жайырда екен жан-нұрым.
Қара жолда қараяды күн сайын,
Қара судай қақ айырылған тағдырым…

«…Сағынып жүріп бір барсам,
Бір барсам емес,
Мың барсам –
Басылар ма екен зарығым,
Ашылар ма екен қарығым.
Шекара бөліп тұрса да –
Жайырым көрер жарығым».

…Дариға-ай,
Бұл бір өткен өмір еді,
Өмір өлең болғанда көңіл емі,
Сағынышын сарнатып самал желге –
Сөгіледі, қарт жырау, төгіледі.

Қасиетті қазақтың қара өлеңі,
Қияларға қанатын қағар еді.
Жайырдың жалғызындай Жармұхамед –
Қайқая шапқан жырдың Қарагері.

«…Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырылар ма екен, қайран ел?»

VІІІ. ҚАЙҚАЯ 
ШАПҚАН ҚАРАГЕР

…Қанша сөз айттым,
қанша аңыз,
Жанымыз – жалғыз қайықта.
Сұлубай әнін баршамыз –
Қосылып айтсақ айып па?

Есіңе сақта,
Саналы ер,
Өмірдің жырын жазамын.
…Қасқая шапқан Қарагер –
Қайран да менің, ҚАЗАҒЫМ!

Сан ойлар қалған ішімде,
Тұмадай мәңгі тұнады.
Ұлтыңның рухын түсірме –
Ұлы даланың ұланы!

Ән болып ұшса шер-құсым,
сертіндей серпіл,
серінің!
…Қайран да менің Ертісім –
Қайран да менің Еділім!

Жанымның бітпес жарасы,
Бөлініп әттең,
қалғаны-ай…
Көзімнің ақ пен қарасы –
Қазақтың жұрты, қарғам-ай!

Мөлдіреп тұрған бір тұма –
Қосылар осы кезеңде.
…Үш қияндағы жұртыма
Жетісу – жеті өзенге.

Мойынға тағар әні – алқа,
Қыранға мекен қиясы.
…Сауыры тұтас Сарыарқа,
Алтайдың алтын ұясы.

Қасірет көрмей көп сендер,
Жиналып шығып жолға аман.
… Ұлы сәскеде жетсеңдер –
Ұлытау болып толғанам.

Азабын жолдың көрсеңдер,
Менен де кетпес қайғы, алаң.
…Ала-таңменен жетсеңдер –
Алатау болып айналам.

Арылар сонда бар мұңнан,
Қазақтың жұрты, киелім!
…Сәуле боп шықсаң алдымнан –
Ақ Жайық болып сүйемін.

Бұлбұл боп таңда сайраймын,
Көзімнің аққан жасымен.
…Қайратыңды да қайраймын,
Қаратау қара тасымен.

Байтаққа байлар байрақ ер,
Қанатын көкке жайған ел.
«…Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырылар ма екен, қайран ел».

Сұлубай әні санамда,
Қаңқу сөз айтпа
қаңғырып…
Қазақтың жұрты аманда –
ҚАЗАҚСТАНЫМ – МӘҢГІЛІК!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.