ЕҢБЕК ЕЛЕНУІ ТИІС

Әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту, гендерлік тепе-теңдікті сақтау – қазіргі таңдағы өзекті және маңызды мәселелердің бірі. Біздің елімізде тұрғындардың өнімді еңбекпен айналысу мүмкін­діктерін кеңейту, ерлер мен әйелдерді еңбекпен қамтып, жұмыссыздар қатарын азайту, әлеуметтік-еңбек саласында гендерлік тепе-теңдікке қол жеткізу мақсатында ауқымды іс-шаралар жүзеге асты.

Қазір қазақстандық еңбек на­ры­ғында әйелдердің жұмыспен қам­тылуы жоғарылап, білікті жұмысшы-әйелдер деңгейі артып, олардың арасында жұмыссыздар қатары азайғаны байқалып отыр. Бүгінде елімізде жұмыс істейтін жалпы тұрғындардың 48,2 пайызын еңбеккер әйелдер құрайды.Денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қызмет салалары мен қаржы және мемлекеттік секторда әйелдердің үлесі айтарлықтай басым.
Қазіргі уақытта салалық, аймақ­тық келісімдер мен ұжымдық еңбек шарттарында жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және қорғау, денсаулық сақтау, әйелдерді кәсіби даярлау және отбасылық міндеттер туралы арнайы бөлімдер қарастырылған. Мәселен, машина жасаушылардың салалық кәсіподақ келісімінде «Гендерлік саясат. Жұмыс істейтін әйелдер үшін кепілдіктер мен жеңілдіктер» деген жеке бөлім бар. Сондай-ақ, бастауыш сыныптарда оқитын балалары бар әйелдерге 1 қыркүйекте еңбекақысы сақталған бір күн демалыс беру тәжірибеге енді. Сонымен бірге 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер екі күнге созылатын еңбекақысы сақталған демалысқа шыға алады.
«Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының ұжымдық шартында бала күтімімен отырған жұмысшыларға 20 АЕК көлемінде бүлдіршін бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын материалдық көмек көрсету қарастырылған. Сондай-ақ 12 жасқа дейінгі екі және одан да көп балалары бар әйелдерге жыл сайын еңбек демалысына үш ақылы күн қосымша беріледі. Олардың екі апта еңбекақысы сақталмаған демалысқа шығуға мүмкіндігі бар.
Ал «Тыныс» акционерлік қоға­мының ұжымдық шартында жұмыс істейтін, 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдердің екі күнге дейін ақылы демалысқа шығуға мүмкіндігі бар екені қарастырылған. Сондай-ақ жалғызбасты аналар мен сәбилері бар әйелдерге әлеуметтік көмек көр­сетіліп, балаларына санаторий мен курорттарға жолдама беріледі. Ал «ЗИКСТО» акционерлік қоғамының ұжымдық шартында әйелдерге жасалған жеңілдіктерден бөлек оларға еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын жақсарту шаралары айқын көрініс тапқан. Мұндай мысалдар өте көп.
Кәсіпорындар мен мекемелерде жасалатын ұжымдық шарттарға көп балалы, жалғыз басты және мүгедек балалары бар аналарды қорғауға байланысты қосымша нормалар енгізіле бастады. Көп балалы және жалғыз басты аналар үшін еңбек демалысына қосымша еңбекақысы төленетін үш күн қосу, жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту, Балаларды қорғау күні кәмелетке толмаған балалары бар жұмысшыларға 3 сағат еңбекақысы төленетін демалыс беру, жалғыз басты және 6 мен 18 жас аралығында балалары бар көп балалы ата-аналар мен қамқоршыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға 1 тамыз күні баланы мектепке дайын­дау үшін 25 АЕК көлемінде (әр балаға) материалдық көмек көрсету, 2 мен 6 жас аралығында балалары бар жұмысшыларға мектепке дейінгі мекемелерге төлейтін қаржысының белгілі бір бөлігін өтеу жөнінде де ұжымдық шартқа енгізілді.
Қызылорда облысындағы «Жаңақорған» шипажайында еңбек ететін көп балалы және жалғыз бас­ты аналардың еңбекақысы көбейіп, әлеуметтік жағдайлары жақсарды. Осы игілікті іс Түркістан облысының «Манкент» шипажайында жалғасын тапты.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көп балалы аналарға әлеуметтік көмектің барлық түрін қарастыру жөнінде тапсырма берген болатын. Мұны еңбек ұжымдары арқылы шешуге елімізде мүмкіндік бар. Мәселен, біз төмен жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақыларын көтеру, көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеу, өмірге келген әрбір сәбидің ата-анасына материалдық көмек көрсету мәселелерін ұдайы көтеріп келеміз. Бұл өзекті мәселе ұжымдық шартта көрініс табуы тиіс. «Манкент» шипажайының басшылығы да осындай қадамға барып, ұжымда еңбек ететін көп балалы аналарды бір қуантып тастады. Осы шарапатты іс республиканың басқа да еңбек ұжымдарында жалғасады деген ойдамыз, – дейді Қазақстан ­Кәсіп­одақтары федерациясы Төрағасының орынбасары С.Дәулеталин.
– Біздің шипажайда Қазақстан­ның түкпір-түкпірінен келіп демалатын қарапайым еңбек адамдары өте көп. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан келетін мұнайшылар да жетерлік. Қызметімізге барлығы да риза. Еңбегіңе алғыс алғаннан артық баға жоқ қой. Демалушылардың көңілінен шығып, мінсіз қызмет етіп жүрген ұжымның ішінде 11 көп балалы ана бар. Шипажайда барлығы 230 адам еңбек етеді. Ең төменгі еңбекақы – 59 300 теңге. Енді оны 15 пайызға көтеруге шешім қабылдадық. Сонымен бірге көпбалалы аналарға жылына екі айлық есеп көрсеткіші мөл­шерінде жәрдемақы төлеу мен ұжым мүшелерінің отбасында дүниеге келген сәбиге бір айлық ең­бекақы көлемінде көмек көрсе­туді ұжымдық шартқа енгіздік, – дейді «Манкент» шипажайының Бас ди­ректоры Хамрақұл Құрбанов.
Сондай-ақ «Меркі» шипажайы қызметкерлерінің жалақысы 1 маусымнан бастап 15 пайызға көтерілгені жөнінде жағымды хабар жетіп отыр.
Рас, еңбек саласында гендерлік мәселелерге байланысты әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Айталық, қазіргі уақытта жұмыс берушілердің еңбек заңдылықтарын жиі бұзуына қатысты алаңдаушылық көп. Үш жасқа дейінгі балалары бар және аяғы ауыр әйелдерді жұмыстан шығару, балалы әйелдерді артық жұмысқа жегу, демалыс және мереке күндерінде, түнгі ауысымға олардың жазбаша келісімінсіз жұмысқа тарту, еңбек келісімшарттарын тоқтату мен жұмысқа қабылдау ережелерін бұзу, жүкті және отбасылық міндеті бар әйелдерді іссапарға жіберу бойыша заңсыздықтар орын алып отыр.
Бүгінгі күні әйелдердің 30 па­йызға жуығы қауіпті және зиян­ды жұмыс орындарында еңбек етеді. Сондықтан еңбекті қорғау – ең маңызды мәселелердің бірі. Өнді­рістік жарақаттар деңгейі әлі де жоғары. 2018 жылы 296 жұмысшы әйел өндіріс орнында зардап шеккен болса, оның жетеуі қайтыс болған.
Сонымен бірге ерлер мен әйелдерге еңбекақы төлеу жөнінде де алшақтық өте жоғары. Қазақ­стан ­Республикасы ­Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, ер адамдар 2018 жылы әйелдерге қарағанда еңбекақыны 32 пайызға көп алған.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

НҰР-СҰЛТАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.