САРАЙШЫҚ

Қыпшақ мәдениетінің үлкен орталық­тарының бірі Жайық бойындағы Сарайшық қаласы ХVІ ғасырдың ақырына дейін өмір сүрді. Еуропа мен Азияны жалғастырған Жібек жолының бір керуен сарайы, үлкен сауда орталығы әсем қаланы көрген саяхатшылар жазбалары Сарайшықтың аса көрікті мәдени орталық болғанын дәлелдейді. Атап айтсақ Ибн Баттута (1334 жыл), Австрияның Ресейдегі елшісі Сигизмунд Герберштейн (1549 жыл), ағылшын саудагері Антоний Дженкинсон (1558 жыл) осы әсем қалада болып, естелік жазбалар қалдырды.
1581 жылы (кейбір деректерде1580 жылы), Ә.Марғұлан жазбаларына қарағанда 1586 жылы Дон казактары осынау гүлденген бай қала Сарайшыққа тұтқиылдан шабуыл жасап қиратады, халқын қырады… ең соңында қала маңындағы адамдар жерленген молаларды (пантеонды) қазып тонайды. Көрші елдің баскесер бұзықтарының қай заманда да түркі халықтарының молаларын тонап, алтын күміс сияқты бағалы заттар іздеуі дәстүрлі тіршілік еді. Алтын Орда мен Ноғайлы, кейінірек Қазақ хандығының астанасы болған әсем қаладағы талай мемлекет қайраткерлері мен белгілі тарихи тұлғалар жерленген молалардан әрине бағалы заттар мен қару-жарақтар табылған. Алтын, күмістен жасалған зергерлік бұйымдар мен бағалы заттарды тонап, кейбір тот басып ескірген қару жарақтарды тастап кетіп отырған… «Ондай қару-жарақтар сол қала маңында алпысыншы жылдарға дейін табылатын еді» дейді кейбір жолдастарымыз, сол елдің тұрғындары… Сондай-ақ әр заманның тиын ақшалары, т.б. бұйымдар сол мола тонаушылардың алтын болмаған соң алмай тастап кеткен заттары еді… Сол халқы қырылған өлі қала ХVІІІ ғасырға дейін тоналды. Қала сарайлары мен ғимараттардың және қаланы қоршаған дуалдардың тастары мен кірпіштерін тасып алып басқыншылар көптеген қамалдарын және Гурьев қаласын құруға пайдаланды… Сондықтан ірі мәдени орталық әсем қаланың жұрты ғана қалды…

Әлкей Марғұлан
Әлкей Марғұлан

Бұзақылардың қорғандарды қазып мола тонауы Сібір мен Алтайда ХVІІ, ХVІІІ ғасырда да жалғасып жатты… Орыс отаршылары Сібірдің қай жеріне келсе де ең алдымен бұрынғы, ескі молаларды қазып, алтын іздегені белгілі. Сондықтан ХVІІІ ғасырда Сібірге түгелдей мола тонаушылар індеті тарады. Осынау індетті /проблеманы/ орысша «Эпидемия кладоискательства» деп атаса, әлгі тонау­шыларды «кладоискатели», «курганщики», «бугровщики» әлде «гробокопатели», кейінірек «грубокопатели» деп әртүрлі атады. Олардың мақсаты белгілі, ертедегі түркілер молаларын қазып, тонап, оңай олжаға бату ғана болды. Олардың біраз бөлігін жергілікті басшылар, яғни губернаторлар қолдады, себебі түскен пайдаға ортақ болуға бастықтар өте құштар болды…
Сол Сібір мен Алтайды тонаған мола қазушылардың зергерлік алтын бұйымдарының кішкентай бір бөлігі І Петрдің қолына түскен себепті 1714 ашыл­ған кунсткамерада сақталды. Кейінірек Эрмитажға өтті. Осынау ертедегі түркі халықтарының зергерлік бұйымдарынан құралған экспонаттар «І Петрдің Сібір коллекциясы» деп аталады (Руденко).
Сол Сарайшық қаласы құлаған соң Батыс Қазақстан мен басқыншылар арасында әскери қақтығыстар басталды… Осы қиян кескі соғыстар 300 жылға созылды… Әрқайсысы 150 жылдан тұратын екі кезеңге бөлінеді… Ең соңы 1874 жылы Адайлар көтерілісімен аяқталды…
Осынау 1580-1730 жылдардағы 150 жылға созылған қырғын соғысты белгілі зерттеуші М.Әбдіров: «…С конца XVI – начала XVIII в. начинается ожесточенная и кровополитная, длившаяся 150 лет, казахскоказачья война. С этого момента вся история взаимоотношений казахов с яицкими / Жайық өзені/ казаками заполнена взаимными набегами, враждой, захватом пленных и угоном скота. Борьба шла не на жизнь, а на смерть, с переменным успехом, и в этой борьбе не было ни победителей, ни побежденных, никто не хотел уступать. [2, c. 44-45] деп жазған болса, қазақ елінің басына түскен соншама ауыртпалық туралы: «…Многострадальная казахская земля обильно полита кровью наших предков, отстаивших право на мирную жизнь на древней, исконно своей территории…» [2, c. 45] деп жан-жақты анықтамасын берген болатын.
Ал, екінші 150 жылдық кезең туралы (XVIII бен XIX ғасырлар) аса қиын кезең туралы Х.Досмұхамедов : «…Осы екі ғасырдағы патша өкіметінің жұмысы қазақты әбден бағындырып алып, қазақты көпір қылып Азияға аттау болды. Қазақтың амалы таптайын деп тұрған патша өкіметінен құтылу болды. Дәуірлеп келе жатқан орыс байларының капиталымен жауласам деп, Кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылғандай болды»[3, c.53] деп толық бейнесін берген еді.
Осылай Кіші жүз қазақтарының басқыншылармен соғысы – әрқайсысы 150 жылдан тұратын екі кезең, демек барлығы 300 жыл соғыс. Осы Кіші жүз қазақтары мен орыс казактары арасындағы қырғын соғысты М.Әбдіров: «…Они были хорошо вооружены и обучены, прекрасно организованы, дисциплинированы, обладали громадным опытом борьбы с покоренными народами. Вот с такими отборными воинскими отрядами 300 лет воевали қазахи за свою свободу и независимость, отстаивая родную землю…» деп мінездеме берген еді. Қазақ еліне толассыз шабуыл жасаған казактардың жауыздығы мен зұлымдығы туралы орыс тарихшылары да көптеп жазды.
Мысалы тарихшы А. Рябинин: «…У яицких казаков был один смертельный враг – это киргизы (т.е. казахи). Они были «враги неутомимые, настойчивые, не знавшие ни страха, ни усталости. Яицкие казаки вели против них войну настоящую и ожесточенную» деп жазғаны «қазақтардан басқаның бәрін тізе бүктірдік енді тек қазақтарды бағындыру ғана қалып тұр» деп жазып, қаншама қазақ ауылдарын түгелдей аямай, жауыздық пен қатыгездіктің неше түрін көрсетіп қырып жібергенін баяндайды.
1692 жылы Ресей мемлекет басына І Петр келген соң орыс әскерлерінің Қазақ жеріне жаңа қарқынды шабуылдары басталды. Себебі І Петр қалмақтардың ұйымдасқан қарулы отрядтарын қазақ еліне айдап салып отырды және тісіне дейін қаруландырды. Аюкені қалмақтың ханы етіп тағайындап, барлық титулды, барлық сыйлықты соған берді. Оның негізгі міндеті қазақ елін шауып қирату ғана болды. Сорлы Аюке хан тегін сыйлықтар мен арзан титулдарға қызығып өз қандастарын өлімге айдап отырғанын түсінбеген болар. Тек өлер алдында 1724 жылы қалмақтардың Әбілхайыр әскерлерінің қолынан қырылып жатқанында ғана түсінген болуы мүмкін… Не деген сұрқиялық өмір. Күні кеше Шыңғысханның қандасымыз, ұрпағымыз деп жүрген халықтың біреудің сойылын соғып жүріп арам өлгені әрине –же­те­сіздік, сұрқиялық, ұят, яғни даңқсыз өмір.
Әрине І Петр келген соң тісіне дейін қаруланған казак отрядтары мен қалмақтар шабуылынан қазақ елінің есесі кете бастады. Сол кезде қазақ елі үшін І Петрден кем емес тұлға жарқырап тарихи аренаға келді. Жас батыр қолбасшының аты Әбілхайыр (1685-1748) еді. Бұл 1700 жылдар болатын. Қазақ елі мен орыс қол астындағы туысқан башқұрт халқын қызғыштай қорғаған ерлігі ескеріліп 1709 жылдың күзінде Әбілхайырды Кіші жүзге Тәуке ханның өзі бас болып билер кеңесінің шешімімен хан сайлады. Әбілхайырдың қазақ елін Ресей басқыншыларынан 48 жыл бойы қорғаған ерліктері – халқымыздың тарихындағы өшпес батырлық пен ерліктер.
Орыс-қазақ қатынасы тарихы қазақ халқының-ұлт азаттық соғысынан тұрады. Орыс-казак отрядтарының жауыздығы мен зұлымдығынан және оған қазақ елінің жанкешті, ел қорғап жанталасқан шайқастарынан тұрады… Қазақ елінің осы жауыздыққа қарсы жанкешті соғыстары патриотизм мен батырлықтың және ерліктің шыңы болғанын бұл күнде мақтанышпен айтудың орнына көз-көрекі жасырып келе жатырмыз… Кіші жүз халқының ата мекенін қорғаудағы ерліктері мен батырлығы туралы орыс зерттеушілері де көптеп жазды… Мысалы: «…Казахи Младшего жуза… отличались «диким, буйным, резко выраженным характером». В степи казах почти непобедим, говорили о них, а в ручной схватке физическая сила, ловкость владеть холодным оружием и управлять конем дают ему величайший перевес над царскими войсками…» [6, с.300-301; 2, с.72] деп жалпы анықтамасын берген еді.
Сарайшық қаласының жұрты мен қасиетті топырағы жоғарыда айтылған қиян-кескі соғыстар мен шайқастардың үнсіз күәгері болып қалды….
Сарайшық трагедиясы туралы жазғандар: П.Рычков, Н.М.Карамзин, А.Б.Карпов, А.Рябинин т.б. болса ХХ ғасырда жазғандарды ұзын саны көп. Б.А.Кочекаев, Р.Г.Скрынников, М.Абдиров, т.б
Сарайшық жұрты қаншама жылдар бойы тоналып жатты. Оған ресми ұйымдастырылған археологиялық экспедицияны 1937 жылы Н.К.Арзютов басқарды. Келесі жылы ол репрессияға ұшырап, 1942 жылы Красноярск өлкесінде қайтыс болғандықтан ғылыми есебі жарық көрмей жатты. Ә.Х.Марғұланның мұрындық болуымен 1949 жылы ҚазССР Ғылым академиясының Хабаршысына (№67) Н.К.Арзютовтың Сарайшық қаласын қазған есебі жарық көрді.
Сарайшыққа жасалған келесі ­ресми археологиялық экспедицияны Ә.Х.Марғұлан басқарды. Осы екі экспедиция екеуі де өз жұмыстарын толық орындай алмады. Арзютов репрессияға ұшыраған болса, Әлекең де сондай пәледен әрең аман қалған сияқты. Жалпы Марғұлан экспедициясы сол кездегі ҚазССР Ғылым академиясы президенті Қ.И.Сәтбаевтың ерекше қамқорлығы арқасында болған еді. Оның есесіне 1952 жылы Қ.И.Сәтбаевтың өзі жауапқа тартылып, Ғылым академия президенті қызметінен босатылды… 1956 жылы Қаныш Имантайұлы өз орнына қайтып келгенде Ш.Ш.Уәлиханов ғылыми мұрасын игеріп жарыққа шығару науқаны тоқтап қалғанын көреді. Сол кезге дейін алты рет шоқантанушылар тобы құрылған екен, ешқандай нәтиже бермегенін көріп, оны басқаруды Әлкей Марғұланға тапсырады. Соның арқасында 1958 жылы Шоқанның Таңдамалы шығармалары жарық көрді. 1961 жылы І-томы, одан соң басқа томдары жарық көрді…
Біз енді Сарайшыққа жасаған Ә.Х.Марғұланның археологиялық экспе­дициясының ғылыми есебіне шолу жасайық. Айтпақшы бұл материал қаншама құнды болса да осы уақытқа дейін еш жерде жарық көрмепті… 1950 жылы қыркүйектің 22 күні Ә.Х.Марғұлан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының Ғылыми кеңесінде Сарайшық экспедициясы туралы баяндама жасады. Соның хаттамасының көшірмесі профессор Хисмет Табылдиевтің жеке архивінде сақталыпты. (Ол 2018 жылы қаңтарда қайтыс болды). Өлкетанушы ғалым ағамыз Атырау өңіріне қатысты құжаттар мен деректерді өте ыждағаттылықпен жиыстырып, қызғыштай қорып, өлке тарихының білгірі болғаны және Алматыдағы ғылыми орталықтар мен архивтерге етене жақын араласқаны белгілі. Әрине академик Ә.Х.Марғұланның Сарайшық туралы жазған зерттеулері біздің қолымызға түскен жоқ. Егер сол бір зерттеулерді қазіргі тарих ғылымының игілігіне жаратса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі Әлекең Кеңес Одағы заманында бауырын жазып, көсіліп шаба алмаған тұлпардың бірі, яғни халқымыздың мәдениеті мен тарихының үлкен жанашыры, ерекше патриот жан еді… Қысқаша болса да сол Ғылыми кеңесте Әлекең жасаған баяндаманың Хисекең үйінде сақталған хаттамасын көпшілікке ұсынғанды жөн көрдік:
«Отчет о работе Сектора археологической экспедиции за 1950 План работы на 1951-1955 гг. Переписка по археологическим исследованиям за 1950 г. // Д. 11. Ф. 557. О.36».
Ә.Х.Марғұланның осы құжат ішіндегі Сарайшық экспедициясы бойынша жасаған есебін қазақ тіліне ықшамдап аударып беріп отырмыз.
22 қыркүйек 1950 ж. Қазақ КСР ҒА тарих, археология және этнография институты ғылыми кеңесінің мәжілісінде Қазақ КСР ҒА корр.мүшесі Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының жетек­шісі Ә.Х. Марғұланның есебі тыңдалады.
Ол есепте былай жазылған: Экспедиция жұмысының негізгі объектісі Сарайшық қаласы болды. Орыс жылнамаларына қарағанда 1586 ж. дон казактары Орал өзендері арқылы көтеріліп, Сарайшыққа жетеді, оны талқандайды, Левшин мен Рычков та осыны дәлелдейді. Сонымен 16 ғ. аяғында Сарайшық орны (жұрты) үйінді болып жатты. Сарайшықтың үйінді­лерінде Паллас, Рычков және басқа 18 ғ. зерттеушілері болған. Қирап жатқан территорияда архитектуралық құрылыстардың, сарайлардың және күйдірілген кірпіштен жасалған басқа үйлердің де қалдықтары сақталған. Бұл құрылыстардың қалдығын жергілікті халық алғанынша алып кеткен, өздерінше қазба ұйымдастырған.
Марғұланның есебіне қарағанда, экспедицияның мақсаты қираған қаланы зерттеу болды. Экспедиция солтүстік маршрутпен Жезқазған, Торғай далалары, Шалқар стансасы арқылы шықты. Сарайшық қаласы Гурьев қаласынан 48 шақырым Орал (Жайық) өзенінен жоғары жақта орналасқан. Барлау кезінде Орал өзенінің сол жағалауында ежелгі керуен сарайдың қалдықтары табылды, оның қарсысында Ибн Батута жазған көпір болған болу керек. Қаланың оң жақ бөлігі жеке төмпешіктерден (бугра) тұрады, олардың биіктігі – 2 м.
Сарайшықтың үйінділерінде Орта Азия қалаларындағыдай нақты конфигурация жоқ. Оның ауданы – оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 1,5 шақырым, ал солтүстік батыстан шығысқа – 1 шақырым. Қала «земляной вал»-мен қоршалған, оның іздері қазіргі кезге дейін сақталған. (Әрине «земляной вал»-дың сырты тастармен және тас кірпіштермен қапталған)
Ә.Марғұлан есебіне қарағанда, қалада екі қақпа болған, біреуі батыста, екіншісі оңтүстік-батыста, қақпаның бағыты керуен жолдарының бағытына сай келеді. Материалдық мәдениеттің де қираған қаланың топографиясы сияқты ортаазиялық қалалардан айырмашылығы бар. Қаланың үйінділерін алғаш рет кеңестік дәуірде Арзютов зерттеді, ол үйіндінің түрлі жерлерінде барлығы 13 шурф жасаған, шурфтары аса терең емес, максимум – 1,5 м.
Одан әрі Ә.Марғұлан былай жазады: «Осы жылы жүргізілген біздің экспедицияның жұмыстары көрсеткендей, Сарайшық үш мәдени қабаттан тұрады: ежелгі моңғол дәуіріне дейін, одан кейін алтынордалық (Дешті Қыпшақтық), және жоғары қабаты – 15-16 ғғ., яғни Үлкен Ноғай ордасының билік құрған уақытына жататын қабат. Жоғары қабат ноғай хандарының молаларының қал­дықтарымен белгілі.
Экспедиция барлығы 5 қазбаны қойды. №1 қазбада біз үлкен ғимараттың қалдықтарын көрдік, бұл қандай да бір сарай қалдықтары болуы мүмкін. Біз ашқан қазба 4 бөлмеден тұрады, ғимарат Орта Азия мен Сырдария қалаларына тән кәдімгі көлемдегі күйдірілген кірпіш­тен салынған. Саз балшықтан жасал­ған құбыр­лардан тұратын ежелгі жылыту жүйесі назар аударарлық. Біз түтін шыға­ратын мұржа таптық, оның тереңдігі 2,28 м [с.131].Үйдің оңтүстік шығыс бөлігі де назар аудартады. Бұл жерден ротонда түрін­дегі дөңгелек үйдің қалдықтарын таптық.
№2 қазбадан ежелгі күйдіргіш пеш табылды, ол 3 бөлімнен тұрады: негізгі, жеке столбалардан (бағаналардан) тұрады, оны арка тіреп тұрады, ішінде отты камера бар, сонда керамика күйдірілді. Үшін­ші қазбадан шеберхананың қал­дық­тары табылды. Ол квадрат аудан­ды, ше­­бер­хана бөлмелері салынған. Үйдің сол­түстік жағында екі пеш бар, бұл пештер су құбырымен, саз балшықты құбыр­мен жалғасқан. Осында металл, темір қорытқан.
Төртінші қазбадан тұрғын үйлер табылды.Мұнда үш қабат бар. Жоғарысында қазақ ноғай дөңгелек мавзолейінің қал­дықтары, екіншісі алтынордалық және үшіншісі ежелгі моңғол дәуіріне дейінгісі. Бұл жерден біз архаикалық типтегі материалдар таптық, ол Алтын Орда уақытына тән емес. Бұл фактіге қарағанда Сарайшық моңғол дәуіріне дейін болған деп айтуға мүмкіндік береді және ол шамамен 12 ғасырда пайда болды деген қорытындыға келдік, бұл кезде Орал мен Еділдің тө­менгі жағында қыпшақтардың немесе половецтердің ірі тайпалық одағы өмір сүрді, алайда бұл поселениенің ежелгі атауы, Сарайшыққа дейін өмір сүргені бізге әзірше белгісіз.
Бесінші қазбадан тұрмыстық заттардың қалдықтарымен, идеологиялық заттармен ежелгі тұрғын үйлер табылды». (Марғұлан мәжіліс залына қойылған коллекцияларды түсіндірді).
Қазба кезінде табылған заттарға қара­ғанда ежелгі Сарайшық қаласы Дешті Қып­шақтың ірі саяси, сауда және мәдени орталығы болды, ол 13, 14, 15, 16 ға­сыр­ларға жатады. Ол монғол дәуіріне қарағанда ежелгі заманда (одан бұрын) пайда болды. Сонымен оның тарихы шамамен 500 жылды қамтиды.
Осы кезеңдер ішінде Сарайшық өз дамуында түрлі оқиғаларды бастан кешірді, маңызды өзгерістер болды және қала орта­лығына айналды, 13-14 ғғ. Алтын Орда хандарының резиденциясы болды, одан кейін 15-16 ғасырларда көшпелі қазақтардың резиденциясына айналды. Марғұлан қазақ хандары Қасым мен Жәнібектің молалары осы жерде екенін Есебінде айтқан.
Есепте Сарайшықтан Хорезмге дейінгі керуен жолы зерттелгенін сипаттаған. Осы жерде егін шаруашылығының мекендері ежелгі және орта ғасырда болғанын және осы үлкен керуен жолында бірқатар керуен сарайлары болғанын жазған. Маршрут Каспий теңізінің солтүстік жағымен жүріп, әуелі Ембінің төменгі жағына, одан кейін Қосшағыл мен Үргеніш арқылы жүрген. «Бұл жерде кейін біз орнына келтіретіндей тұтас керуен сарайлар бар екенін экспедиция зерттеушілері қалдықтар бойынша зерттеген. Біз Ембінің төменгі жағындағы екі жерде Ұшқан және солтүстік шығы­сын­дағы Қызылқұм құмдарындағы ескерткіштерді зерттедік. Оның ішінде Ұшқан үйінділері ерекше назар аударады. Бұл да Сарайшық сияқты қала, жоғары жағында көптеген тұрмыстық және көркемдік керамика бар. Шамасы, Сарайшықтан кейін Ұшқан көпестер тоқтаған ежелгі керуен жолындағы орталық болса керек.
Орта ғасырда Батыс Қазақстанда Сарайшық сияқты үлкен қалалар ғана емес, егін шаруашылығының орталықтары да, керуен сарайлардың басқа да тіректері болғаны, олардың бәрі күйдірілген кір­піштен жасалғаны, ежелгі қолөнер өндірісінің сақталғаны дәлелдейді. Оларды қолөнермен де, егін шаруашылығымен де бірдей айналысқан негізгі халық жасады, сонымен бірге қосымша көшпелі өмір салтында жүрді. Мұны тұрмыстық заттардың формасы да дәлелдейді. Біз таза көшпелі заттарды да, егін шаруашылығымен айналысқан тұрғындардың да заттарын таптық, демек, бұл ауданда көшпелі және отырықшы мәдениеттің үйлесімдігін дәлелдейді».
Экспедиция негізгі жұмыстан басқа ғылыми дәрістер мен баяндамалар оқыды, мысалы, «Кеңестік ғылымның патриоттық маңызы», сонымен қатар И.В.Сталиннің «Тіл біліміне марксизмнің қатысы» деген әңгіме өткізді.
Осы есептен кейін Ә.Марғұланға сұрақтар қойылды.
Шахматов: Каспий теңізі 12 ғасырдан 15 ғасырға дейін қанша шегінді?
Жауап: Осы тақырыпқа ленинградтық жертанушы профессормен әңгімелестім, ол топырақтың құрылымын зерттеп, Алтын Орда кезеңінде Каспий теңізі қазіргіге қарағанда солтүстікке таман орналасты деп бекітті.
Тұрсынбаев: Қала халқы жартылай көшпелі өмір сүрді ме? Демек, егінші­лер мен қолөнершілер арасында жоғары пай­ыз­ болды деп айтқан дұрыс па? Меніңше, Сарайшық көшпелі даламен қоршалып жатты, демек қолөнершілер де осы көш­пелі далаға жұмыс істеді.
Марғұлан: Мен жергілікті халықтың ішінде қолөнершілер болды деп есеп­теймін және оны нақты фактілер арқылы дәлелдеуге болады. Олар жер­гілікті халықтан 12-13 ғғ. бөлініп шықты, тұр­мыстық заттарды жасады және жоғарыдағы феодалдарға салтанатты бұйымдар жасады, бұлар қала халқы­ның негізгі құрамы еді, сонымен қатар қаланың әкімшілік бөлігі, бұл жерде көпестер де көп болды.
Шахматов: Ә.Марғұлан баяндамасынан экспедиция нәтижелері назар аударады және Батыс Қазақстан тарихы бойынша бірқатар мәселелерді қайта қарауға көмектеседі, әсіресе көшпелілер мен отырықшылардың өзара қарым-қатынасы туралы. Бұл маңызды мәселе. Екіншіден, Алтын Орда дәуіріндегі көшпелі мемлекеттік бірлестіктің орталығы болған, шамасы ол, сауда орталығы ретінде пайда болуы мүмкін, ол шайбанидтердің Мәуераннахрға кеткеннен кейін саяси орталық ретінде көрінді. Өзбек, Қасым тұсында маңызды рөл атқарды.
Мен барлық экспедицияға тән кемшілік ретінде жұмыстар аяғына дейін жүргізілмейтінін айтқым келеді. Біздің археологтар шашылып жатады. Марғұлан да Сарайшықта тоқтай алмаған және экспедицияны Усть Уртаға бұрған, бұл Черниковтың экспедициясына да тән, осындай ауданы бар, қысқа мерзімде зерттеу керек, ал ол Жоңғар қақпалары­на талпынады, екі күн ішінде түк істей алмайсың.
Әлкей Хакановичтің еңбектері өте қызықты. Іс жүзінде Якубовский еңбегінен кейін бізде Алтын Орда кезеңі бойынша қызықты материалдар болған емес. Сарайшықтағы жұмыстарды жалғастыру керек.
Нүсіпбеков: Біздің мекеме ірі ГЭС-ті салу бойынша өз жоспарын ұсыну керек. Бұл Әлкей Хакановичтің жұмысы. Осы мәселені Сарайшық мәселесіне байланыс­ты қою қажет.
Черников (қорытынды сөз): Мен Әлкей Хаканович экспедициясының нәтижелеріне ризамын. Сталинград ГЭС-і құрылысына байланысты Сарайшық қазақстандық археологтардың назарында болу керек. Менің соңғы ұсынысым –Сарайшықта стационар ұйымдастыруға қол жеткізу керек.
Марғұлан (қорытынды сөз): Біз жалпы жинақталған жоспарды қайта қарауымыз керек және Батыс Қазақстандағы архео­логиялық жұмыстарды қарастыру қажет. Сталинград ГЭС-і Батыс Қазақстан­ның бүкіл территориясын алады. Менде бұрынғы міндеттер де бар, екі тақырып: «Орталық Қазақстанның монументальді ескерткіштері» және «Мериодиналды көшпелі жолдардың мәселелері». Соңғы тақырып өте маңызды және қызықты.
Біз жоғарыда Шахматовтың Марғұлан экспедициясын асығыс жасағаны туралы айыптаған сөйлемдердің астын сызып қойдық…Жалпы Арзютов экспедициясы да, Марғұлан экспедициясы да тұйыққа тірелгенін анық көреміз. Біріншіден, Сарайшықтың тек жұрты жатыр, ғимараттар мен дуалдардың тастарын алып кетіп топырағын ғана қалдырған. Пантеондағы қабірлер түгелдей тонал­ған… Мұндай қалаға археологиялық қазба жұмысын жасау оңай емес… Дегенмен сол кезден бері қарай 1996 жылы И.Тасмаған­бетов қолға алып З.Самашевке қаздырғанға дейін қаланың көп бөлігін асау Жайық өзені шайып кетті.
Сондықтан Сарайшық қаласының орнын сақтап қалу үшін жалғыз дұрыс және шұғыл шешім – Жайықтың арнасын бұру керек деп талай зиялы ағаларымыз дабыл қағып еді. Өкінішке орай ол ұсыныс жүзеге аспады … Себебі қазір Жайықтың опырылып құлап жатқан тік жар жағасына мыңдаған куб бетон құйылып бекітіліп жатыр… Демек өзен арнасын бұрып, қала орнын қалпына келтіру енді іске аспайтын болады…
Киелі Сарайшық қаласы Мәскеуден (1147 жыл) бұрын құрылған. Жалпы Сарай­шықтан басқа да Алтын Орда астаналарының ешқайсысы сақталған жоқ. Осы жерде Жәнібек хан салғызған Астархан неге сақталды деген сұрақ туады. Сонда Асан қайғы туралы аңызды еріксіз еске аламыз. Ел аузынан алынған бұл аңыздың қысқаша мазмұны мынындай: Жәнібек хан Астархан қаласын құрғызған соң қаланың құрметіне үлкен той жасайды. Сол тойға Асан қайғы келмей қалады. Бұған қатты қайғырған Жәнібек хан Асан қайғыны алдырып себебін сұрайды. Сонда Асан ата: «Келмеген үш себебім бар. Біріншісі — Қаланың іргетасының астында өлген орыстардың бастары қалып кетті. Бұл жаман ырым… Келешекте осы қала орыстардікі бола ма деп қорқамын» деген екен. Әрине бұл аңыз әңгіме…

Қорыта айтсақ, Жайық өзенінің жағасы бетон құйылып құламайтын етіп шеген­деліп жатыр. Бұл жақсы әрекет, дегенмен су шайып кеткен қала орнын қалпына келтіру жүзеге асатын болса нұр үстіне нұр болар еді… Басқа тірліктер мен шаралар содан кейін жалғаса береді. Сонда баба­ларымыздың аруағы ырза болар еді. Сондай ақ академик Әлкей Марғұланның да арманы орындалар еді демекпіз.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
тарих ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. QAZAQ

    Қазіргі археологтарымыз көпшілік халық жерленген көне орындарын немесе мекендерін зерттемей дара орналасқан мекендер мен қорғандарды зерттеп, сол зерттеу нәтижелері бойынша біздің бабаларымызды сипаттайды. Олай тарих құруға болмайды. Қазақтың тарихы құлпытастарда. Құлпытастардағы жазулар арқылы рулардың тарихын, рулардың тарихы арқылы — ұлтымыздың тарихы жазған жөн. Әрбір мұғалімдер даярлайтын университеттердің тарих факультеті жанынан 15-20 студенттік көне жазуларды оқи алатын топтар ашу керек. Жайық жағасы бойындағы құлпытастар комунистік дәуір кезінде «шаруашылық қажетіне пайдаланылған» секілді. Осыдан 10-15 жыл бұрын Бөрілі ауылының мастерскойының іргетасы мен қабырғаларында көп құлпытас табылса (ол туралы кезінде «Бөрлі жаршысы» газетінде жазылды), жақында Базартөбе ауылы қасындағы Қызылжар қорымына бабаларыма құран оқытуға барғанымда зират басында 50-ші жылдардан кейінгі ғана құлпытастарды кездестірдім. Ескі орындар көп болғанымен бастарында бірде бір құлпытас кездеспеді. Еділ бойындағы су электрстансаларының құрылысы бірталай тарихымызды су астына алып, құпия қылды ғой, Азоп теңізі мен Дөң өзені (Көпір өзенін ХОПЕР деп жүр ғой) жағасынан жер ауып келгенін ТАНА руы әлі ұмытқан жоқ.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.