ЛИДЕРЛІК ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ ТОҚАЕВ ТҰЛҒАСЫ КӨШБАСШЫЛЫҚ ТЕК ХАРИЗМАМЕН ӨЛШЕНЕ МЕ?

Лидерлік теориясының эволюциясына зер салсақ, мұның өте күрделі түсінік екеніне көз жеткіземіз. Дегенмен, біздің қоғамда лидердің сипатына қатысты көзқарас көбінесе біржақты, әсіресе тұлғалық қасиеттер тұрғысынан ғана бағаланып жүргенін байқаймыз. Қазіргі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты айтылып жатқан сыни пікірлер бұл сөзімізге негіз бола алады. Ал көшбасшылық тақырыбын терең зерттеген, зерттеп жүрген ға­лым­дар лидерлік Жаратушы тарту ет­кен тұлғалық қасиеттерден ғана тұр­май­­­тынын, ол кәдімгі жанды процесс әрі кәсіби-өмірлік қабілеттер мен тәжірибелердің, әртүрлі тәуелсіз фак­торлардың біртұтас көрінісі екенін үнемі алға тартады. Осы тұжырымның негізінде біз қал-қадірімізше лидерлік феноменін, көшбасшылық туралы қоғам­дық түсініктер мен харизманың сыр­тындағы лидерге тән ең негізгі әрі шешуші қабілеттерді, Қасым-Жомарт Тоқаев тұлғасының осы «Қа­білеттер» моделіне қаншалықты сай келетінін зерделеп көрмекпіз. 

КӨШБАСШЫЛЫҚ – ПРОЦЕСС: ҚОҒАМДЫҚ ТҮСІНІК ЖӘНЕ ТЕОРИЯЛАР ЭВОЛЮЦИЯСЫ

Біздің қоғамда көшбасшының тұлға­сына деген дәстүрлі көзқарас бар. Көш­басшылықты көп жағдайда Тәңірден бері­летін сый ретінде ғана қарас­ты­рып жа­татынымыз сондықтан болса керек. Бірақ мұндай көзқарас лидерлік тү­сі­нігінің аясын тым тарыл­тып, адам­ды белгілі бір мақсатқа тал­пын­­ды­ратын талап, еңбек, ақыл, қайрат функцияларының маңызын кө­мескі ете түседі. Сол себепті ға­лымдар көш­бас­шылықты санаулы топқа бұйыр­ған несібе деп емес, нақты қабілет­терді меңгерумен өлше­нетін үздіксіз қозға­лыс­тағы құбылыс деп қарастырады. Сон­­дықтан лидерлікті үйренуге де, да­мы­­туға да, шыңдауға да болады деген ғы­лыми тұжырым берік бекіген. Оған себеп қандай?
Лидерлік – өте күрделі феномен, академиялық ортаның талқылауына салыстырмалы түрде кеш түскенімен, терең зерттелген және зерттеліп келе жатқан тақырып. Оған дәлел, көшбасшылық теориясының тарихына үңілген ғалым Рост 1900-1990 жылдар аралығында тұжырымдалған лидерліктің 200-ден астам ғылыми анықтамасын тапқан. Бұл – әлем, саясат өзгерген сайын лидердің де, соған орай лидерліктің де сипаты өзгеріп отыратынының белгісі.
Алғашқы жылдары (1900-1930 жж. іші) ғалымдар «Тұлғалық лидерлік» түсінігін ғылыми айналымға енгізген. Кейін лидерді тек үстемдігі ғана дараламайтынын, ел тізгінін ұстаған азамат халықтың көзқарасына, іс-әре­кетіне ықпал ете отырып, өзі де өзгелердің пікіріне құлақ асып әрекет ететінін дәлелдеген. Уақыттың өтуімен лидерлік түсініктері де толыға түсіп, оның контингентті, транзакциялық, мәдени және транс­фор­мациялық сияқты бірнеше теориясы қалыптасқан. XX ғасырдың 50-60-жылдары Френч және Равен атты ғалымдар көшбасшы өзгелерге ықпал еткенде дара тұлғалық күшінен бөлек позициялық әлеуетін де пайдаланатынын алға тартқан. Мұның мәнісі лидер ресми лауазымды тұлға болса, өзіне тиесілі легитимді, өзгелерді марапаттау, жазалау (қыз­метінен алу), ақ­паратқа иелік ету күш­тері арқылы өзге­лерге елеулі әсерін тигізеді дегенге саяды.
Дегенмен, біздің қоғамда әлі күнге дейін актуалды лидерлік түсінігін анықтау үшін ғылым алғаш тұжы­рым­даған «Тұлғалық лидерлік» теориясын айналып өтіп кету орынсыз. Бұл теорияның негізгі тұжырымдарына зер салсақ, «мықты лидерлер бір-біріне ұқсайды, олардың ортақ қасиеттері болады, сонымен қатар адам көшбасшы болып туылады, лидерді қолдан жасау мүмкін емес» деген көзқарасқа жолығамыз. Бірақ тынымсыз ғылыми зерттеулер бұл түсініктердің ескіргенін көрсетіп отыр. Біріншіден, интуитив­ті түрде атақты лидерлер қасиеттері жағынан бір-біріне өте ұқсас болып көрінгенімен, көшбасшылық шын мәнісінде қайталанбайтын құбылыс екеніне ғылымның көзі жеткен.

Біздің күнделікті қоғамдық пікірдің көшбасшыларды ортақ образға теліп қарастыратыны байқалады. Оған сәйкес лидер – харизмасы бар, шешен сөйлейтін, өзіне сенімді, өзгелерден үстем тұлға. Бірақ харизмалық лидерлер тақырыбын терең зерттеген ғалым Уиллнердің әлемге әйгілі басшылардың тұлғалық қасиеттерін салыстыра отырып, оларға тән ортақ қасиеттерді екшеп шығармақшы болған талпынысы сәтсіз аяқталған. Оның зерттеу нысанына айналған Кастро, Ганди, Гитлер, Муссолини, Рузвельт, Сукарно және Хомейни секілді ұлт лидерлері бір-біріне мүлде ұқсамайтын тұлғалар болып шыққан. Сол себепті ел билеушілерін ортақ тұлғалық образ тұрғысынан қарап, бағалау нәтижесіз тірлік болмақ. Екіншіден, көшбас­шылықты Тәңірден берілетін сый ретінде ғана қабылдау кең етек алған. Әрине, әр адамның өзгеден ерек қасиеттері, мінез-құлқы болатынын жоққа шығара алмаймыз, әйтсе де лидерлікті тек «сый, нығмет» деп қарастыратын болсақ, оның аясы тым тарылып, лидерге қажетті ең негізгі қабілеттер, өзге де факторлар тасада қала береді. Нәтижесінде, бұл тәсіл шынайы лидерді объективті түрде таңдап, анықтауға кедергісін келтіреді. Себебі сый біреуге беріледі, біреуге берілмейді. Тиісінше, бұйырмаған адам биікке ұмтыла алмайды деген сөз. Сонымен, лидерлік адам бойында қалыптастыруға, дамытып, шыңдауға болмайтын қаққан қазықтай қатқан ұғымға айналып шыға келеді. Оны зерттеудің де қажеттілігі жоғалады. Сондықтан XX ғасырдың екінші жартысынан бастап ғалымдар лидерлікке қатысты сан қырлы байламдар айтқанына қарамастан, лидерлік үздіксіз процесс деген ортақ тоқтамға бекіген. Себебі лидерлік біржақты құбылыстан гөрі, халық пен лидердің арасындағы интерактивті, бір-біріне өзара ықпал ете алатын жанды, сергек қатынасқа ұқсайды. Бұдан бөлек, кез келген адамның қызметтік жолында жинаған білімі мен кәсіби әрі өмірлік тәжірибесі де оның лидер болып қалыптасуына елеулі ықпалын тигізеді, сол себепті лидерлікті үйрену жолымен дамып, шыңдалып отыратын қабілеттер жиынтығы деп қарастыру– өте маңызды.

ХАРИЗМА МЕН ЛИДЕРЛІКТІҢ БАЙЛАНЫСЫ

Тағы бір назар аудартатын нәрсе, қоғамда көшбасшыны тек қана харизмамен өлшеу тенденциясы байқалады. Оның айқын көрінісін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасына қатысты қарама-қайшы пікір ағынынан аңғаруға болады. Бірақ, көп жағдайда, біз харизма деген не және оның лидер ұғымы үшін қандай маңызы бар деген сұрақтар төңірегінде ойлана бермейміз.
Ғалымдар харизма түсінігінің лидер үшін маңызды екенін назарда ұстағанымен, осы қасиеттің көшбасшыға қажетті ең негізгі өлшем­дердің қатарына жатпайтынын үнемі алға тартады. Себебі ғылым тұлғаның нәтижелі әрі тиімді лидер болуына харизманың қандай ықпалы барын әлі күнге дейін дәлелдей алмай келеді. Лидерлік теориясында харизмалық көшбасшылардың ортақ қасиеттерін сомдауға бағытталған талпыныстар көп болғанын және олардың сәтсіз аяқталғанын жоғарыда айттық. Бірақ харизма ұғымын түсіну үшін келесідей жүйеленген көзқарастарға зер салып көрелік. Харизмалық лидерлік теориясын жасақтауға маңызды үлес қосқан ғалым Роберт Хаус харизма лидердің үстемдікке деген ұмтылысынан, өз ой-пікірінің дұрыстығына деген нық сенімінен, өзгелерге ықпал етуге деген ниетінен, өзіне деген жоғары сенімділігінен көрінеді дейді. Ал Нортхаус атты ғалым харизма бес негізгі тұлғалық қасиеттің жиынтығы екенін айта келіп, ол қасиеттерге интеллект, өзіне деген сенімділік, тәуекелшілдік, әділдік (тазалық) және байланыс жасауға бейімділік ұғымдарын жатқызады. Осы аталған модельді негізге ала отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасына жедел тоқталып өтейікші. Көпшілік білетіндей, Қ.Тоқаев – интеллект деңгейі өте жоғары саясаткер, ел үшін аса маңызды мәселелерді назарда ұстап, ашық пікір білдіріп, нақты тапсырма беріп жүрген оның қазіргі әрекетін сенімсіз көрінеді деп айта алмас едік. Сонымен қатар, талай лауазымды қызметтер атқарып, әсіресе сыртқы саясаттың биік басында жүріп, бір елдің ғана емес, бірнеше елдің мүддесін тоғыстырған геосаяси шешімдер шығаруға тікелей жауапкершілік алған тұлғаның қандай тәуекелдерге барғанын елестетудің өзі қиын. Одан қалды, біз Қ.Тоқаевты отандық саяси элитаның арасында есімі жемқорлық дауына ілінбеген, олигархтық топтарға жақындығы білінбеген таза, адал саясаткер ретінде танимыз. Ал көппен байланыс жасау критерийіне келер болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өзге саясаткерлерге қарағанда әлеуметтік желіге біртабан жақын және оны тиімді пайдалана білетін, елдің өзекті мәселелеріне тұрақты үн қосып отыратын интерактивті басшы екенін дәлелдей білді. Аталған тұлғалық модель тұрғысынан қарайтын болсақ, жоғарыдағы кейбір пікірлер болжам деңгейінде айтылса да, біз Қ.Тоқаевты харизмасы жоқ саясаткер деп тұжырым жасауға асықпас едік. Бірақ мәселе мұнда емес. Мәселе тұлғаның сенімділік, тәуекелшілдік қасиеттері арқылы бекемделетін харизма ұғымының лидер үшін маңызын айқындауда. Трансформациялық (харизмалық лидерлік теориясының жаңарған нұсқасы) лидерлік түсінігін бір жүйеге келтірген атақты ғалым Басс харизма лидерлік үшін қажетті тұздық (ингредиент), бірақ ол негізгі мәнге ие көрсеткіш емес деген тоқтамға келген. Себебі, көшбасшы қаншалықты сенімді, үстем, тәуекелшіл болғанымен, бұл қасиеттер оның шешімдерінің дұрыс, бастамаларының нәтижелі, жалпы алғанда саясатының халыққа тиімді болуына мүлде әсер етпеуі мүмкін. Сол себепті, дәл осы жерде лидерлік ұғымын тұлғалық қасиеттердің ғана емес, нақты қабілеттер мен факторлардың ықпалымен айқындалатын феномен ретінде қарастырудың қажеттілігі туындайды.

ЛИДЕРЛІК: «ҚАБІЛЕТТЕР»  МОДЕЛІ ЖӘНЕ ТОҚАЕВ ТҰЛҒАСЫ

Лидерлік тақырыбы зерттеле түскен сайын көшбасшыны харизма, тұлғалық қасиеттер тұрғысынан ғана бағалау нағыз лидердің тұтас сипатын айқындауға жеткіліксіз екені белгілі бола бастады. Себебі ел тізгінін ұстаушы – тек қана әдемі сөйлей білетін, үлкен уәделер беретін, күрделі мәселелерге қатысты моментальды шешімдер шығаратын тұлға емес, ол – өзінің білімі мен кәсіби тәжірибелері арқылы қоғамның мәселелерін терең түсінетін әрі проблеманы шешуге бағытталған тиімді стратегия құра алатын, өзгелерді тыңдай білетін, көпшілікті ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, халық үшін тиімді нәтижелерге қол жеткізе алатын қайраткер. Осы қабілеттер тізбегі ғалымдарды лидердің жаңа моделін жасауға итермеледі. Осылайша, лидерлік теориясында «Қабілеттер» моделі қалыптасты. Аталған модель лидердің тиімді, нәтижелі болу факторларын маңызды деп есептейді және көшбасшылық қабілеттер білім мен тәжірибенің негізінде толысып, дамып отырады деген тұжырымды алға шығарады. Дәл осы модельдің критерийлерін 2000 жылы Мэмфорд бастаған ғалымдар жүйелеп, мынадай бес өлшемді бекіткен: кәсіби қабілеттер, лидердің нәтижелілігі, тұлғалық атрибуттар, кәсіби тәжірибелері, ортаның әсері. Біз осы критерийлерге сүйеніп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың лидерлік тұлғасын бағалауға талпынып көреміз. Әлбетте, кез келген саясаткерді осы модель тұрғысынан зерделеп көруге болады.
Кәсіби қабілеттер. Кәсіби қабілет­тер үш компоненттен тұрады. Олар: лидердің әлеуметтік бағалау, сараптау қабілетінің, мәселені шешу қабілетінің және білімінің болуы. Ғалымдар бұл факторларды қабілеттер моделінің жүрегі деп есептейді. Әлеуметтік бағалау, сараптау қабілетіне келер болсақ, көшбасшы әрдайым қоғам қандай маңызды мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын түсініп, қоғам мүшелерінің мәселеге, өзгеріске қалай жауап қайтарғанынан хабардар болып, сол арқылы әрдайым халықтың пульсін сезініп отыруы керек. Мәселеге қатысты түрлі пікір-ұсыныстарды, болжамды шешімдерді зерделеудің мәселенің тиімді шешілуіне ықпалы зор. Ал мәселені шешу қабілетінің өзіне тоқталсақ, жаңа, өте күрделі мәселемен бетпе-бет келіп, оң шешім шығара білу – көшбасшының күнделікті әрі ең маңызды міндет­терінің бірі. Бұл қабілет лидердің өзекті мәселені айқындай білуіне, туындаған мәселені жаңа заман тұрғысынан қарап, түсінуіне және оны шешуге бағытталған нақты жоспарының болуына тәуелді. Келесі, білім компоненті лидердің нақты әрі маңызды мәселені анықтап, оған қандай шешім ұсынғанынан көрінсе керек. Білімді лидер – адамдарды, мәселені, құрылымдарды, шешімдерді және күрделі жүйені түсінетін, олардың байланысын жақсы сезіне білетін тұлға, сол күрделі жүйеде оң өзгерістерге бастайтын лайықты стратегия құра алатын қайраткер. Білім – лидердің өткен жағдайларды, тәжірибелерді есепке ала отырып, болашақтағы мәселелерге де төтеп бере алатын конструктивті шешім ұсынуының кепілі болмақ.
Қ.Тоқаевтың Президент ретінде өңір­лерге жасаған сапарларында, билік, бизнес өкілдерімен өткізген кездесулерінде сөйлеген сөздерін зерделеп көрсеңіз, тұлғаның ең негізгі төрт бағдарын айқындауға болады. Олар: экономикалық өсім (мемлекеттің үлесін азайту арқылы бизнесті дамыту), азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру (сапалы жұмыс орындарын ашу және лайықты жалақымен қамтамасыз ету), әділеттілік (жемқорлықпен күрес) және коммуникация (қоғаммен тиімді қатынас орнату). Бұл басым бағыттар Қ.Тоқаевтың қоғамда туындап отырған өзекті мәселелерді нақты білетінін және оларға қатысты оңтайлы шешімдер ұсынуға деген ұмтылысы бар екенін көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамырда өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінде мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, шекарасын нақтылап, шағын және орта бизнесті 2025 жылға қарай 35-40% дейін ұлғайту керектігін айтты. Дамыған елдерде мемлекет экономиканы заңнамалық тұрғыда ғана реттеуші рөлінде, мұндай саясат бизнестің қанат жайып, ел экономикасының әлеуетінің артуына әрі демократиялық құндылықтардың нығаюына тікелей ықпал етеді. Сонымен қатар Қ.Тоқаев көтерген ең маңызды мәселенің бірі – азаматтарды лайықты жалақымен қамтамасыз ете алатын жұмыс орындарын ашу. Бұған қатысты Қ.Тоқаев 17 мамырда болған еңбек және жұмыспен қамту мәселелері туралы жиында «сапалы жұмыс орындарын құру» маңызды міндет екенін, 14 мамырдағы Қызылорда облысының халқымен кездесуінде «лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет» дегенді айтты. Әлем елдерінің еңбек нарығындағы тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қазіргі таңда мемлекеттер үшін тек жұмыссыздықпен күресу аздық етуде, себебі нарықта «жұмысы бар кедейлер» (working poor)деген жаңа категория қалыптасып, оның үлес салмағы артып келеді. Сол себепті, ендігі жерде тек жұмыс орындарын аша берумен мәселе шешілмейтіні айқын білінуде. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек нарығын ­уа­қыт­ша тұрақтандыратын қысқа мерзімді жұмыс орындарын ашу арқылы халықты тиімді жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес екенін, осыған орай сапалы жұмыс орындарын құру қажеттігін бекер көтеріп жатқан жоқ. Қазақстан жағдайында мәселе өте өзекті, енді осы мәселеде оңтайлы шешімдер табу аса маңызды болмақ. Қ.Тоқаев көтерген кезекті мәселелер – әділдік және халықпен байланыс. Әділдік – жемқорлықпен батыл күрес, халық қаржысын тиімді жұмсау, мемлекеттік және ұлттық компаниялардың қызметі ашық әрі үнемі қоғамдық бақылауда болуы керек деген ұстанымдармен шегеленген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте (20 мамыр, 2019) Қ.Тоқаев «Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек» деген ұстанымын білдірді. Соңғысы – билік пен халық арасындағы коммуникацияны жақсарту мәселесі. 2011 жылдан бері «Твиттер» әлеуметтік желісін тұрақты әрі тиімді пайдаланып келе жатқан Қ.Тоқаев халықпен байланысқа, диалогқа дайын интерактивті тұлға екенін дәлелдеп үлгерді. Сондықтан ол әкімдерге халықтың әлеуметтік көңіл күйін түсініп, оған жедел үн қатуды, халықпен есептік кездесуде ғана емес, күнделікті жолығуды тапсырды (27 наурыз, 2019). Әлеуметтік желіге тіркелу керектігін де айтты, өзі де «Виртуалды қабылдау» ашты. Бұл бастамалардың халықтың билікке деген сенімін жақсартуға бағыт­талып отырғаны анық. Жалпы алғанда, Қ.Тоқаевты қоғамның өзекті мәселелерін терең сезінетін және жақсы түсінетін, жинақтаған білімі арқылы мәселелерді нақты шешу жолын ұсына алатын тұлға деп қабылдауға болады.
Лидердің нәтижелілігі. Көшбасшы қолға алған бастамалардың нәтижелі болуы алдыңғы факторға тікелей байланысты. Бірақ тиімді нәтиже көрсетпесе, тұлғаның лидерлік әлеуеті бірден сынға ұшырауы мүмкін. Шешім қаншалықты логикалы, уникалды, сапалы болса, жоспарлаған істің нәтижелі болу мүмкіндігі артады. Осыған байланысты лидердің де беделі орныға түседі. Осы орайда, Қ.Тоқаевтың нәтижелілігіне қатысты екі байлам келтіруге болады. Біріншіден, Қ.Тоқаев ел дипломатиясының лидері ретінде Қазақстанның көпвекторлы сыртқы ­саяси ұстанымын белгілеген тұлғалардың бірегейі. Осы саясаттың арқасында қазақ дипломатиясы ел шекарасын бекемдеу, өзге мемлекеттермен сенімді қарым-қатынас орнату, қарусыздану, Сирия конфликтісі секілді мәселелерде жетістіктерге жете білді. Тәуелсіздік жылдарында жас та болса, тәжірибелі қазақ дипломатиясы қалыптасты. Екіншіден, Қ.Тоқаев Премьер­-Министр болған кезеңде (1999-2002 жж.) еліміз тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары эко­номикалық өсімге қол жеткізді. Дүние­жүзілік банктің мәліметі бойынша 1999 жылы экономикалық дағдарыстан есін жиған Қазақстан алғаш рет 2,7% өсімге қол жеткізсе, Қ.Тоқаев қызметке кіріскен бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш бірден 9,8%-ға (2000 ж.), ал 2001 жылы 13,5 %-ға өскен. Бұл көрсеткіштер әзір қай­талана қойған жоқ. Осы аталғандар – Қ.Тоқаевтың сыртқы және ішкі саясатта да нәтижелі басшы болғанының дәлелі.
Тұлғалық атрибуттар. Лидер үшін кәсіби қабілеттер тұлғалық атрибуттармен астасып жатуы керек. Мэмфорд лидердің екшелген танымдық қабілеттері мен тұлғалық қасиеттері – лидер болу потенциалын күшейтетін факторлар деп бағалайды. Ғалымдар тобы лидердің ашықтығы, сенімділігі, қарама қайшы жағдайларға төзімді болуы, мотивациясының болуы (күрделі мәселелерді шешуге; өзгелерге ықпал етуге; елдің әл-ауқатын көтеруге деген мотивация) маңызды екенін айтады. Біз тұлғалық қасиеттердің бірқатарына бірінші бөлімде тоқталғанбыз. Бұл жерде қоса кететін бір нәрсе, қазіргі жағдайда халық тарапынан айтылып жатқан кейбір сын-пікірлерге талдау жасалып, Президенттің имиджіне жауапты мамандар талай сыннан өтіп шыңдалған Қ.Тоқаевтың мықты тұлғалық атрибуттарын (мысалы, ашықтық, ­интеллект, тәуекелшілдік, әділеттілік, жоғары мәдениеттілік) алға шығаруға күш жұмсауы керек деп есептейміз.
Еңбек тәжірибесі. Қабілеттерге негізделген лидерлік моделінде көшбасшының тәжірибелі болуы – үлкен мәнге ие, себебі лидер тәжірибе арқылы қалыптасып, шыңдалады дейді ғалымдар. Еңбек тәжірибесі лидердің қабілеттеріне және кәсібилігіне тікелей ықпал етеді. Маңыздысы, лидер жоғары позицияларға көтерілген сайын ол өте күрделі және ұзақ мерзімді мәселелермен бетпе-бет келіп отырады. Осы мәселелерді шешу кезінде оның концептуалды потенциалы күшейе бермек. Бұл тұрғыдан алғанда, Қ.Тоқаев – еліміздегі ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі. Екі мәрте, он жыл Сыртқы істер министрі, Мемлекеттік Хатшы, Премьер-Министр, екі мәрте Парламент Сенатының Төрағасы болғаны, тіпті БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметтерін атқарғаны Қ.Тоқаевтың саяси тұлғасын сенімді ете түсетіні сөзсіз.
Сыртық әсерлер. Сыртқы әсерлер – салыстырмалы түрде лидердің кәсібилігіне, мінез-құлқына, тәжіри­бесіне тәуелсіз факторлар, олардың өзі ішкі және сыртқы категориялардан тұрады. Ішкі факторлар лидерді қоршаған кадрларға байланысты болады. Осы ретте Қ.Тоқаевтың елдегі ең жоғары қызметке кіріскен кезде жасаған Президент Әкімшілігіндегі тағайындаулары жылы қабылданып, оның жанына топтасып жатқан кадр­ларға деген сенім қалыптасқандай көрінгенін айта кеткен жөн. Ал сыртқы әсерлер дегеніміз экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелер себебі­нен туындайды. Бұл бір жағынан көшбас­шы­ның аталған мәселелерді қалай шеш­кеніне де тәуелді екенін ескеру керек.
Көшбасшының сан қырлы болмысын біртұтас жүйеге тоғыстыруға күш салған осы «Қабілеттер» моделінің бес критерийі Қ.Тоқаев тұлғасының Лидер түсінігіне толық сай келетінін көрсетеді.
Мақаланың басында айтылғандай, лидерлік – өте күрделі, сан қырлы феномен. Біржақты бағалау тәсілімен лидердің тұлғасын шынайы танып, түсіну еш мүмкін емес. Сондықтан саясаткердің тұлғалық қасиеттерінен бөлек, оның білімін, кәсіби қабілет­терін, қызметтік нәтижелерін және өмірлік тәжірибелерін, өзге де сыртқы факторларды есепке ала отырып, бір тоқтам жасау маңызды деп есептейміз.

Жасұланбек МАЙЛЫБАЙ,
Бристоль университетінің
магистранты (Ұлыбритания),
«Болашақ» бағдарламасының
стипендиаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Оңайгүл

    Өте мықты сараптамалық мақала. Әдетте, көптеген пікірлер не таза жамандаудан немесе таза мақтаудан тұрады. Әрине, әркім өз деңгейіне қарай сөйлейді ғой. Жасұланбектің мына мақаласындағы «Президенттің имиджіне жауапты мамандар талай сыннан өтіп шыңдалған Қ.Тоқаевтың мықты тұлғалық атрибуттарын (мысалы, ашықтық, ­интеллект, тәуекелшілдік, әділеттілік, жоғары мәдениеттілік) алға шығаруға күш жұмсауы керек деп есептейміз» деген сөзінің төркініне назар салып көріңіз. Президенттің имиджмейкерлерінің жауапкершілігі өте жоғары болуы керек. Имидж дегеніміз тек киім ғана емес. Имидж — бұл бәрі. Яғни, автор айтып тұрғандай: ашықтық, ­интеллект, тәуекелшілдік, әділеттілік, жоғары мәдениеттілік.
    Рахмет, Жасұланбек! Сәттілік болсын!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.