Зұлмат жылдар – тарихшылар назарында

31 мамыр – Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Алматы облысының Жаңалық ауылында арнайы жиын өтті.  Шараға қатысушылар зұлмат жылдары қаза тапқан адамдардың рухына Құран бағыштап тағзым етті және ескерткіш-мемориалға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ осында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның екінші отырысы өтті. 

Айта кетерлігі, жуырда осы ауылдан табылған, репрессия жылдары атылған 168 адамның сүйегі тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін 29 мамыр күні қайтадан жер қойнауына тапсырылған болатын. Болашақта бұл қорым қуғын-сүргін құрбандарына арналған пантеонға айналмақ.
Музейдің экспозиция залындағы қара тастарда кеңестік саяси жүйенің құрбаны болған 4125 адамның аты-жөні, өмір сүрген жылдары жазылған. Залдың ортасында орналасқан цифрлы тақталардан қуғын-сүргін құрбандары туралы қосымша ақпарат алуға болады. «Музейде 160-қа жуық экспонат бар. Кеңестік саясаттың салдарынан құрбан болған боздақтардың тұтынған бұйымдарын олардың ұрпақтарынан, мемлекеттік архивтерден алдырып жатырмыз. Біздің музейдің ерекшелігі – барлық қорды цифрландыруға арналған жеке зал бар. Репрессия, аштық, депортация құрбандарының қорын электронды форматқа өткіземіз. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар атқарылуда» деді музей директоры Ғ.Әнес.
Халықаралық конференцияға Қыр­ғызстан Республикасынан арнайы келген тарих ғылымының докторы Жұмағұл Байдилдаев және тарих ғылымының кандидаты Жолдошбек Бөтөнеев ХХ ғасыр басындағы қырғыз-қазақ қатынасы, ашаршылық кезінде босқын болып барған қазақтар туралы деректерді келтіріп, өз елдерінде осы бағыттағы зерттеулер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аққали Ахмет репрессияға ұшыраған тұлғалардың қызметі мен өмірі, ал шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей ашаршылық кезінде шетелге жер ауып кеткен босқын қазақтардың тарихын зерттеу жөнінде ұсыныс айтты.
Жиын барысында тарихшы Көшім Есмағамбетовтың «Түркістандық әскери тұтқындар», Талас Омарбековтың «Ашаршылық» және «1928-1930 жылдар­дағы халық көтерілістері», Шәкәрімнің «Иманым», Бейбіт Қойшыбаевтың «Ұлттық апатты тану» атты кітаптарының, «Сарыарқа. 1917 жыл», «Қазақ газеті. 1913 жыл», «Қазақ газеті. 1914 жыл» жинақтарының тұсаукесер рәсімі жасалды. Тарихшы, ағартушы, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Дәулет ақсақал әкесі тұтынған заттарды музейге тапсырды. Сондай-ақ, Алматы облыстық Ішкі істер департаменті «Зұлмат заман құжаттары» атты архив деректерінен тұратын көрме ұйымдастырды.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.