«Жас ғұмыр жалғыз терекпін»

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрлан Мәукенұлының «Жас ғұмыр жалғыз терекпін» атты оқулары өтті. Соңғы жылдары дәстүрге айналған осынау рухани шара биыл ерекше деңгейде ұйымдастырылды. Қалалық Мәдениет үйінің залы көрерменге лық толды. Небары 43 жасында қазақ әдебиетінің қайталанбас шоқ жұлдызына айналған, қысқа ғұмырында әдебиет әлемінде өзіндік орын алған Нұрлан Мәукенұлының рухына бас ие келген кеш қонақтары да аз болмады. Ақынның аяулы жары Гүлмира Амангелдіқызы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, Зайсан ауданының әкімі Серік Ақтанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Нұрханұлы, «Зайсан ауданының құрметті азаматы» Манарбек Бошақов, жазушы Қалибек Алтыбаев және т.б. қатысты.  

Рухани кештің шымылдығы Нұрлан Мәукенұлының өмірінен өрнектелген Зайсан аудандық жастар театрының қойылымымен ашылды. Тағы бір ерекше көрініс кеш қонақтарына ой салған, қысқаметражды бейнефильм болды. Онда ақынның Жамбыл ауылындағы балалық өткелдері, жастық шақтағы жалынға толы өлеңдері, жан достарының сағыныш арқалаған лебіздері ұсынылып, көрерменнің жүрегін тебірентті. Мазмұнды әрі әсерлі бейнефильмді әзірлеген режиссер Алма Сүлейменованың бұл еңбегін көпшілік көрермен жылы қабылдады.
Шара барысында сөз алған аудан әкімі Серік Қасымбекұлы ақынның өміріне қысқаша тоқталып, жүйрік ойлы жырларының бірінен өлең оқып, ­аудан басшысы ретінде қазақ әдебиетіне ерекше құрмет көрсетті. Құттықтау сөз алған Гүлмира Амангелдіқызы ақынын ұмытпаған халқына, аудан басшысына үлкен алғысын айтып, лебізін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының атынан сөз алған Бақыт Беделхан басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтің ыстық ықыласын жеткізді:
– Қазақ халқының әдебиет әлемінде шоқтығы биік Нұрлан Мәукенұлының оқулары туған жерінде осыншама ­қо­шеметпен ардақталуы – біз үшін өте үлкен абырой. Келер жылы ақынның туғанына 60 жыл толғалы отыр. Сол шараға Қазақстан Жазушылар үйі ерекше дайындықтамыз. Алла қаласа, оны да өткереміз деп ойлаймын. Бүгінгі Нұрлан оқуларынан орын алған оқушыларды сонда шақырамыз. Ақын ұлын ұлықтаған Зайсан халқына, жора-жолдастарына, аудан әкімі Серік Қасымбекұлына ерекше алғысымды жеткіземін. Әкімнің ақынын іздеуі ауданның рухани қазынасына ерекше мән бергені деп білемін, – дей келе сөзін Нұрлан Мәукенұлына арнаған өлеңімен жалғастырды.
Ақынның досы Манарбек Бошақов азаматтың балалық шағынан естеліктер айтты. Сонымен қатар осынау шараға Алатау баурайынан ат арытып келген Бақыт Беделханға қазақы дәстүрмен ат мінгізіп, досының рухын асқақтата түсті.
«Жас ғұмыр жалғыз терекпін» оқула­рына ауданның барлық мектептерінен 30-ға тарта талапкер қатысты. Ереже бойын­ша сайыстың бірінші кезеңінде оқушылар Нұрлан Мәукенұлының өлеңдерін жатқа оқуы тиіс. Мұнда оқу­шылардың жас ерекшелігі, өлеңді мәнерлеп оқуы, сахна мәдениеті есепке алынды. Екінші кезеңде ақынның шығармашылығы мен өмір кезеңдері бойынша сұрақтарға жауап берді.
Төрт сағатқа созылған көркемсөз оқуларының нәтижесінде Бас жүлдені Гүлден Дулатқызы, бірінші орынды Сағыныш Қалиакпар, екінші орынды Алуа Дулатқызы иеленсе, Сая Еркінқызы және Алмагүл Мұқаш 3-ші орынды еншіледі. «Көрермендер көзайымы» жүлдесімен Жанар Минар, «Нұрлан Мәукенұлы» атындағы атаулы жүлдемен жерлесі Елия Жәнібек марапатталды. Жүлделі болған оқушылар қаржылай сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды. Шара соңында сөз алған аудан әкімі Серік Ақтанов барлық қатысушылар мен олардың ұстаздарына, ата-аналарына алғысын білдірді. Ақын рухын асқақтатқан іс-шараны аудан әкімі С.Ақтанов пен ақынның досы Манарбек Бошақовтың мұрындық болуымен ұйымдастырып аудан халқына рухани кеш сыйлаған басшылыққа халық ризашылығын білдірді.
Құрметті қонақтар ақынның туған жері – Жамбыл ауылына барып, ағаш көшеттерін отырғызды. Білім алған мектебімен ­танысты. Нұрлан Мәукенұлының рухына арналып Құран-қатым бағышталды. ­Рухани кеш көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.