«ШИПАГЕРЛІК БАЯН»: БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ

Алдымда 1996 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген, құны мен құпиясын, сыры мен сиқырын ішіне бүгіп: «менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ, бұл – соңғылықтар қадірін біліп ұстана білсе – қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе – отбасы аяқпен тозатын тулақ» деп, жауар күн алдындағы қабағы түксиген сұр бұлтша сұрланып Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабы жатыр.
Анығында бес ғасыр бойы атадан балаға мирас болып, бір әулетте жеті рет қағаздан қағазға көшіріліп, өте құпия сақталып келген таңғажайып еңбектің қазақ жұртымен қауышуы 1992 жылы ҚХР-ға қарасты Іле Қазақ автономиялы облысында болған еді. Міне, содан бері 27 жыл өте шығыпты. Бір қарағанда бұл аз да, көп те емес. Десек те, туынды жөнінде әттеген-айы мен бәрекелдісі қатар өрілген ойларыммен бөліскенді жөн көрдім. Әуелі әңгімені «бәрекелдіден» бастағаным жөн болар.

Кітап Қытайда жарық көрген күннен ­бастап айтулы еңбекке сондағы зерттеушілер – Әзімқан Тышанұлы, Сұлтан Жанболатов, Жақып Мырзақанұлы, Әуелқан Қалиұлы, Әрін Саржанұлы, т.б. назар аударып, зерделеуге кірісіп кетті. Сол уақыттан бері жазылған дүниелердің жалпы санын дөп басып айта алмаймын, бірақ әдеби және ғылыми мақалалардың ұзын-ырғасы жүзге жуық.
«Шипагерлік баян» тақырыбына ең алғашқы болып түрен салған Әуелхан Қалиұлы ағамыз «Киелі кітап. Ғұлама ғалым» атты зерттеу еңбегі арқылы өзінен кейінгілерге арна ашып берсе, марқұм Әрін Саржанұлы осынау рухани мұраны сала-салаға жіктеп, «Өтейбойдақ: әрекеттік мүрде боршалау ғылымы» (Іле халық баспасы. 2002 ж.), «Өтейбойдақ: жан тану ғылымы туралы» (Шыңжаң әсемөнер-фотосурет баспасы. 2011 ж.),­ «Алты өзегі тұғыр – жиырма екі таяныш» (Шыңжаң әсемөнер-фотосурет баспасы. 2011 ж.) деп аталатын том-том кітап жазған болатын. Осы ғалым ағаларымызды үлгі еткен жас буын зерттеушілер де қолдарына қалам алып, түрлі тақырыпта ғылыми еңбектер жариялады.
Мәселен, химия саласының білгір ғалымы Күндәулет Әлімжіұлы «Шипагерлік баянда» айтылған Жәнібек ханның бұйрығы бойынша, қазақта жеті атаға дейін қандас ағайындардың қыз алысуына салынған тыйымды негізге ала отырып таң-тамаша жұмыс жазды. Қабырғалы қаламгер Тұрсынәлі Ырыскелдіұлы «Ұлы дала шипагері» атты жеті бөлімнен тұратын кинофильм әзірледі. Бағдәулет Әлтайұлы «Шипагерлік баянды» қазіргі заман әлем медицинасымен, қытайдың ұлттық шығыс медицинасы және өзге де халықтардың бұл бағыттағы ізденістерімен салыстыра отырып, «Шипагерлік баян – медициналық ғылымнама» (Шынжаң ғылым техника баспасы. 2005 ж.) атты ғылыми еңбегін өмірге әкелді. Сонымен қатар философ, профессор, абайтанушы Шәйтқазы Зейнелқазыұлының «Шипагерлік баянның медициналық философиясы» деп аталатын талдамалы еңбегі де көпшілік қауымға жақсы таныс. Бұл орайда педагог, жоғары дәрежелі ұстаз Рахила Алтынбекқызы «Шипагерлік баяндағы» ел шатасып жүрген түйіндерге арнайы зеттеу жүргізіп, ондағы қателіктердің қалай туындап, қалай пайда болғанын дәлел-дәйектермен көрсете отырып жазған «Өтейбойдақ» кітабы да ерекше атап айтуға тұрарлықтай. Алтай аймағының әкімшілік орталығы Сарысүмбе қаласында Аусағи Әмеров, Қалибек Қанжарбайұлы бастаған медицина мамандарының «Шипагерлік баянды» негізге ала отырып қазақ ұлттық медицинасының оқу құралы ретінде баспадан шығарған 18 оқулығы да осы салаға келіп қосылған қомақты дүние деп есептеймін.
Бір айта кетерлігі, Алтай аймағының орталығы Сарысүмбеде арнайы ашылған Қазақ ұлттық медициналық колледжінде ұлттық медициналық бағытта мыңдаған шәкірттер білім алуда. Қытай үкіметінің қызығушылығы арқасында Нұрбақыт есімді медицина маманы «Шипагерлік баянның» біраз бөлігін қытай тіліне аударып, қытай халқының танып-білуіне жол ашып, осы елдегі ұлттық медицинамыздың дамуына зор үлес қосуда.
Америкадан патентін алып, заманымыздың медицина ғылымына өзгеше үлес қосып отырған өте қарапайым әрі ешқандай операция пышағынсыз тобық арты үзілген сіңірді табиғи жолмен жалғаудың «киіз үй түріндегі аяқ кимін» («Шипагерлік баянның» дене мүшелерінің еншілі кеңістік теориясына негізделген) жасап шығарған Жасарат Жәлелұлы бауырымызды айрықша айтуға болады. Медицина ғылымының докторы Мұрат Қызайбекұлының «Шипагерлік баяндағы» теорияға негіздей отырып, балаларда болатын түрлі-түсті ұсақ-түйек қышыма мен жарақаттың алдын алатын қазақ қара сабынын ғылыми жолмен жасауды жүйелеп жүзеге асырған еңбегі де ерен.
«Шипагерлік баянның» құндылығына көзі әбден жеткен Қытай мемлекеті 1997 жылы мемлекеттік ұлт-дін істері комитеті тарапынан 3-кезекті ұлттық кітаптарды бағалауда бірінші дәрежелі сыйлықты берумен бірге республикалық ақпарат-баспасөз мекемесі тарапынан «таңдаулы кітап» мәртебесін де беріп, жылдамдатып зерттеп, қытайдың ұлттық байлығына айналдырып алу мақсатына шындап кірісіп кеткелі қашан.
Иә, кісі жерінде алтын жұлдызша жарқырап, жан-жағына нұрын шашып, таңдантып та, тамсандырып та отырған ұлтымыздың ұлы байлығы, теңдесіз асыл қазынасының еліміздегі орны мен зерттелу деңгейі қалай деген сұраққа келейік те, ендігі әңгіме тізгінін «әттеген-айға» берейік.
Мақаламыздың бас жағында айтқанымыздай «Шипагерлік баянның» Қазақстанға оралғанына 23 жылдың жүзі болып қалған екен. Ол кезде (1996 ж.) егемендіктің алғашқы шағы еді, ел экономикалық жақтан әлсіз болса да ұлттық сана-сезім оянып, рухтанып тұрған тұсы болғандықтан, кітап шыға салысымен қалың оқырман жапатармағай қолдан-қолға алып, алыстағы ағайын бір-біріне қолқа салып, Алматыдан алыс аймақтарға жөнелтіліп, кереметтей оқиғаға айналып еді. Бір қызығы, біздің қазақта кітап оқитынның көбісі әдеби шығарма болса жақсы оқып, керемет түсінеді. Ал алдымызда жатқан «Шипагерлік баян» бір бағытта немесе бір сарынды жазылған жеңіл-желпі дүние емес еді. Сонысынан болса керек, оқымыстылар тобынан суырылып шыққан кей азаматтар «Шипагерлік баянның» ішіндегі өздері түсінген немесе сезінген аздаған мазмұндарына байланысты там-тұмдап болса да біраз мақалалар жазды да, баспа беттерінде жарияланды. Нәтижесі ретінде «көненің көзі, дананың сөзі» деген тақырыпта мақалалар жинағы топталған бір кітап болса да жарық көрді. Бірақ қазақ баспаларынан «Шипагерлік баянның» ғылымилығы жөнінде жан-жақты зерттеп-зерделеніп жазылған бірде-бір кітап көрмедік. Көріп жүргеніміз, көңілге медет ретінде Зиядан ақсақалдың «Шипагерлік баян» атты газет шығарып, Өтейбойдақ пен Жәнібек ханның жүздесіп, салиқалы сұхбат құрған сәтінен қысқа да нұсқа фильм түсіріп, қазақ халық емшілігін дамыту үшін талмай еңбек етіп жүргені игілікті іс еді. 2017 жылы Шымкент қаласындағы дәрігерлер аллеясына ғұлама ғалым Өтейбойдақ бабаның тас мүсіні орнатылды. Бұл да қазақ медицинасының алыбы Өтейбойдаққа деген құрметтің бір белгісі болар. Қазақтың қанағатшыл халық екені рас. Бірақ ол қанағат заманымыздың ұшқан құстай зымырап бара жатқан дәл осы тұсында ғылымда әлі күнге дейін соңғы жұрт қатарында келе жатқан біз үшін орынды бола қоймас деп ойлаймын. Айтпақшы, «әттеген-айымыздың» жанға бататын ең ауыр тұсы мұнда жатыр. Сан ғасырлар бойына сартап болып сақталып келген ұлттық құндылықтарымызды дер кезінде қадірлеп-қастерлей алмай жүргенімізде өзге бір ұлт немесе өзге бір елдің аяқасты ие болып, патенттеп алғанын көргенде ғана байбалам салатынымыз бар. Бұған біраз жыл ілгері әлеуметтік желілерде желдей ескен көкпарымыз бен қымызымыздың жыры дәлел болса керек.
«Шипагерлік баянды» өзге елде жүрсе де Қытайдағы қандастарымыз зерттеп, зерделеп, ондағы құндылықты ғылыми айналымға түсіре алды. Соның айқын дәлелін айтсақ, жоғары оқу орындарында қазақ медицинасын арнаулы мамандық ретінде ашып, теориялық және практикалық тұрғыдан тынымсыз еңбек етті. Соның нәтижесінде қазақ медицинасын Қытайдағы 56 ұлттан құралатын миллиард халықтың ішіндегі ең алдыңғы орындағы алты ұлттық медициналардың қатарына қосты.
Енді біз не істеуіміз керек? Баба біздікі деп арқаны кеңге салып жүре бергеніміз жараспас. Өз ойымша, дереу іске кірісіп, арғы беттегі қазақ зерттеушілерінің том-томдаған ғылыми еңбектерін елімізде жарыққа шығарып, мұндағы жұртпен жүздестіргеніміз дұрыс болар еді. Бұл, бірінші кезекте, «Шипагерлік баянда» нендей дүниенің бар екенінен хабардар етіп, екіншіден, жас ғалымдардың қызығушылығын тудырып, ғылымда жаңалық ашуына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз. Сонымен қоса «қазақта оқу, жазу, мәдениет, ғылым-білім болмаған, тек біз келіп хат таныттық, өнер үйретіп, адам қылдық» деп жүргендерге тамаша тарту болар еді. «Шипагерлік баяндай» құнды мұраны ғылыми айналымға енгізе алсақ, ғылымда ғана емес, ұлттық рухымыз да серпіліс алып, ұлттығымыздың алтын шаңырағы аспандап, уығы бекемдей түсетін болады.

Шаяхмет ҚАЛИ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.