Қыран және қазақ (поэма)

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ 

Өмір бақи құс көтеріп өткен
марқұм әкеме арнаймын.
Автор

Аспанда ұшсам қанатым талады,
Жерге қонсам Жалайыр Шора алады.
Қыран құстың зары

I
Жағыңа Жаппар Ие жыр берсе егер,
Жалғанда не бар, сірә, тілден шебер!?
Бесігі адамзаттың – арда Алтайда,
Жырла ақын, туғандығың шын болса егер!

Жырла ақын, бойға шабыт күшпен қонбас,
Ол қонса – сенен ешкім үстем болмас!
Бабаңның жырла жанын, жерде – жылқы,
Аспанда – самғап ұшқан құспен жолдас.

Хас сақтың заты өзгеден өктем дейді,
Қазақ боп аты бізге жеткен дейді…
Біреуі – аспан, біреуі – жерде көшіп,
Ақ қаздан қазақ болып кеткен дейді…

Білмеймін, басқа шығар ішкі айырмам,
Аңыз көп бұл өлкеден тыс жайылған.
Білерім – бабам алғаш ат үстінде,
Алтайдың аспанынан құс қайырған.

Далаңда құс жолындай жосып өткен,
Із жатыр тарихтың көші жеткен.
Бірі – жер, ал біреуі – көк серісі,
Самғатып үш мың қыран Жошы да өткен.

Сауық па, салтанат па, білді нені?
Айта алман, құс қайырып ілді нені?..
Тамырын ұстап ұлы даласының,
Сырқатын емдей ме екен, кім біледі?

Нұрындай аспандағы жарық айдың,
Құс тілін білген елдің жаны да – айдын.
Қалқыпты көк жүзінде бес жүз бүркіт,
Баптаған құсбегілері Абылайдың.

Ғұрып па, заң ба солай орнаған бұл?
Қызық па, жан құмарын алдаған бір?
Әйтеуір, нағыз ерге саналмапты,
Қолына бір қаршыға қонбаған ұл.

Не дерміз?..
Таңдай жұқа тамсанарға,
Ол кезді жырлап ақын тауыса алар ма?
Одан да тымақты ки, мін атыңа,
Шығайын өзім ертіп қансонарға!

II
Кешкілік қызыл арай бояп қырды-ай!..
Ақиық алтау іліп, тоят қылмай.
Өтеді ә, қанша қазақ дүниеден,
Қысында өр Алтайдың саят құрмай.

Кешкіл бас, бұлан санды, бұжыр тұяқ,
Қара тіл, қылыш қанат, алма қияқ.
Емшекті екі езуі, күйсіз қыран,
Емес ол жадағай көз, жарғақ аяқ.

Аузы үлкен, жұтқыншақ кең, төсі шалқақ,
Төгілген балақ жүні, бұты талтақ.
Қайыңның тошынындай қос топшысы,
Жыланкөз, биік қабақ, төбе – жалпақ.

Шып-ширақ, шымыр тұлға күйкіленбей,
Қағылез, қараған көз сүйсінердей.
Тұғырға отырғанда екі шалғы,
Айқасар бір-бірімен бір сүйемдей.

Сығымның түбі – шымыр, ұшы – сида,
Тастары түйме сынды күміс құйма.
Сарғайған жездей емес жембасары,
Сексеуіл бұтағындай көкшіл бұйра.

Тұмсықтың шұғыл имек, тар иіні,
Шегедей шеңгелінде қан ұйыды.
Құлтабан, тегеуріні қысқа, жуан,
Кәдімгі қарт Алтайдың ақиығы.

Түскенде қырбақ қардың ұшқындары,
Қылпылдап келіп тұрар құстың бабы.
Шығады салбурынға саятшылар,
Сарылтқан әрең атып қыстың таңы.
Басына бозқараған құрып сәнді,
Шыңылтыр аяз келіп шырышталды.
Шашады ат тұяғы жалтылдатып,
Шағылған күн көзіне күміс қарды.

Қан тілеп қанжығасы салақтаған,
Қағушы, із кесуші көп атты адам.
Саусылдап тау қолтығын тінтіп келед,
Көтеріп өңшең қыран жалақтаған.

Жеткізбей түлкібұлаң алдап әлек,
Шиырға шатысады із қар көбелеп.
Ширатып аңшы ойын, қыран бойын,
Суық жел сумаңдайды тау жебелеп.

Қандыкөз аяқбауын жұлқып жейді,
Тамағы іш жарғыштың бүлкілдейді.
Түлкінің таңда жортқан ізі жеткен,
Жүрегі бір жотаның дүрсілдейді.

Жотаның таяғанда етегіне,
Айналып із кесуші өтеді де.
Арыға өтіп шыққан іздің жоғын,
Білдірді ат үстінен көтеріле.

Ендеше, Құдайының бергені де,
Жотаға қос бүркітші өрледі де,
Қағушы қамшысымен тоқым қақты,
Төбеге енді жете бергенінде.

Шыққандай қар астынан қан атылып,
Қып-қызыл қашты түлкі аласұрып.
Үстінде аппақ қардың өрттей лаулап,
Барады кең жазықты сара тіліп.

Кенеттен тамырына қан жүгіріп,
Далалық басталды бір лаңды бүлік.
Шерінен шегетұяқ бір шықсын деп,
Айғай сап томағасын алды жұлып.

Жазбайды-ау, жарықтығың қалыбынан,
Иә, сәт!
Салалы аяқ салымынан.
Созылған сом білекті солқ еткізіп,
Аспанға көтерілді кәрі қыран.

Көк те айғай, «айт, ұйттаған» жер де айғай:
– Ілініп бұдырмаққа кетті-ау, пай-пай!
– Қашпай ма, былай тұрсаң түлкі былай.
– Осыны бекер ерттік, қырсығын-ай!.
– Мал ма екен, қайыратын түлкі саған?
– Мынаның беттен алып қырсығуы-ай!..

Айығып ақшаңқан боз ала тұман,
Айырылып құс келеді тағатынан.
Қыжылы қыран ғой бұл қыр астынан,
Гүрілдеп дауыс жетер қанатынан.

Аспаса сасқан түлкі белесінен,
Болғаны оңай олжа ол осымен.
Шүйіліп шырқау көктен бүркіт төмен,
Құйылды сорғалап кеп төбесінен.
Екпіні тұлымырдың жанын жай қып,
Ілер деп тұрған сәтте енді қайтып.
Түлкіден қайырыла тік шапшыған,
Жалтарып қайқаң етіп шықты тайқып.

«Апыр-ау, келмеген бе бір күй бабы»,
Дегенше қайта айналып ылдилады.
Қомдап ап қос топшыны шоқпардай боп,
Тұйғынша тік шаншылып құлдилады.

Қарт түгіл бұл шаншылу балаға әйгі,
Ашуы аң ұстамай тарамайды.
Алдында түлкі түгіл қасқыр тұрсын,
Шапши ма, арсылдай ма, қарамайды!

Секілді мына аспанға жалғыз ие,
Қыранға басын исін паң дүние.
Ой, дүние-ай, ойран бар ма одан өткен,
Келгенде жез еңіреу зар күйіне!

Бұл күйге мүмкін емес жан шыдауы,
Қалатын қаншеңгелде қарпығаны.
Талайын таңнан іліп тік көтеріп,
Қапталға барып басқан қарсыдағы.

Тағы бір сондай шақтың туғаны анық,
Дүние-ай, бір-ақ сәтің – бір қаралық.
Түлкіден қаймығу жоқ қарсы ұмтылған,
Тұмсықтан тұмшалады тура барып.

Ұлпадай бұрқ еткізіп қарды құшқан,
Тегеурін шырқыратып жанды қысқан.
Жұмарлап, бүре сығып, бүктеп басып
Салды әкеп бір аяқты өкпе тұстан.

Жан-жақтан шапты аңшылар аптығысып,
Тегеурін темірдейін жатты қысып.
Лып етіп түсті атынан қарт құсбегі,
Сыпырылып қала берді қасқыр ішік.

«Кәрім-ай, тарланым-ай, баршыным-ай,
Шарықтап, самғауың-ай, қалқуың-ай.
Көңілімді қалдырмаған жолдасым-ай,
Қанатты құс біткеннен артығым-ай».
Құс отыр құмарына әлі қанбай,
Марқайып мақтау бар деп тағы қандай.
Жем жұлып, иығына иесінің,
Тұмсығын сүртіп алды жанығандай.

Жүргендей күлкі жүзіп күллі аңғарда,
Ырситып түлкі сойып тұрған жанға.
Жамылып ақ көрпесін керілгенде,
Алтайдан сұлу не бар бұл жалғанда?!.

Арпалыс, айғай да жоқ алдындағы,
Жадырап сала берген жанның бәрі.
Түлкі емес, қолға ұсталмас бір аңсары,
Секілді ақиыққа алдырғаны.

Ғұмыр-ау бір ғанибет бұл да сірә,
Жетеді осы қызық бір басына.
Олжаны қарт құсбегі
кемпірі өлген,
Байлады жетпістегі құрдасына.

Бұйырса ақиығы алар деген,
Бір емін жарым көңіл табар деген.
Сол шығар ебін тапса, ер қайғысы
Қыранның қияғында қалар деген.

Бір сәтте-ақ түгелденген төңірегі,
Бұл сірә неткен ғажап өмір еді!?.
Түлкі емес сыйлағаны құрдасының,
Жер-көктен табылмайтын көңіл емі.

Құсты ұстап аспандағы тілін тауып,
Ілдіріп жердегі аңды ізін шалып.
Сонарда тымақ сыйлап бір-біріне,
Өтетін көңіл жалғап неткен халық!

III
Өрнектеп өтпелі өмір ғапылдығын,
Жалғасын ары қарай ақын жырын.
Алтайдың төсіндегі сол қансонар,
Өткен жай бұдан тура ғасыр бұрын.

Шыңғыртып қылдан салған бұрау санды,
Қазақтың басын ауыр мұнар шалды.
Опырып омыртқасын жіберердей,
Ойраны отарлықтың лаң салды.

Көбейіп паралы би, қарғылы бек,
Қарғадай жұрт басына саңғыды кеп.
Қазақы салттың бәрін санап тұрып,
Сынады «ескіліктің қалдығы» деп.

От тастап төбесінен әр ұяның,
Осы ма лайланғаны дарияның?
«Шығатын қансонарға күн кетті» деп,
Жармасты бүркітіне қарияның.

«Керек пе, қорадағы малымды ал» деп,
«Мал түгіл, бойымдағы барымда ал» деп.
Құсбегі қарсы ұмтылды жандайшапқа,
«Алғанша бүркітімді жанымды ал» деп.

Тұрғандай жалғыз билеп замананы,
Сызданды жаңа шыққан «заң адамы».
Қатулы қаруланған қанішерлер,
Қауқарсыз қарсылыққа қарамады…

Тұтқындап бас көтерер тамам ерді,
Үрейден үйшік жасап қамады елді.
Ап кетті қапқа салып хас қыранды,
Қан қақсап қарт құсбегі қала берді.

Дүние, ұйтқып соққан құйын желдей,
Үкімі жеткен жанды үйіргендей.
Тіршілік айналады шыр көбелек,
Күштінің қолындағы диірмендей.

Қолдағы құс кеткен соң зар жылатып,
Білмейді күн шыққанын, таңның атып.
Құсбегі құсаланып төсегінде,
Тұрмастай шөке түсіп қалды жатып.

Ешнәрсе тыңдамады, келсін кімі,
Жерде еш қызық жоқтай желпір мұны.
Ол үшін қолдан ұшып самғаған құс,
Жанының көкті кезген – еркіндігі.

Кетті алып еркіндігін, жалмауыздай,
Тірлікте мән-мағына бар ма мұндай?
Қарияның мүмкін сол құс созса қолын,
Буырыл бұлттан асқан арманындай…

Бұл сөзге күдік, күмән үстемеңіз,
Қиял да, оны жай бір түс демеңіз.
Сүйетін еркіндікті, кең даланы,
Қазақтың жаны ежелден құспен егіз.

Күні-түн құсы кетпей зердесінен,
Қарт ұзақ хабар күтті келмесінен.
Аспанға қарап жатып алқара көк,
Кетті ұшып қыран жаны кеудесінен.
Босатпай аштық, соғыс құрығынан,
Қан кешті қаншама ерлер жұлығынан.
Ес кетіп, еркіндік жоқ, ел сандалды,
Қазақтың қыран кетті тұғырынан.

«Жер куә, аспандағы ай да куә»,
Дейді жұрт аңыз қосып айғағына.
Қабірге қарт құсбегі жерленген күн,
Ақиық қонақтапты сайғағына…

IV
Желтоқсан!
Талқандалып тас бұғаулар,
Шынжырды бырт-бырт үзіп жас қырандар.
Еркіндік елшісіндей кетті аспанға,
Ұлтының рухы самғап асты заңғар!

Көрсе де жүз кесапат, мың кеселді,
Ешкімге бермеді елім бұл мекенді.
Қазақтың азат күнге қолы жетіп,
Аспанға алқара көк ту көтерді!

Беу, қазақ жас ұрпағы, бағы батпан!
Бұл сенің енді батпас таңың атқан!
Қыранның шаңқылдаған үні естілді,
Қазағым қайта тіккен шаңырақтан!

Тасытып бойындағы бұла күшті,
Көздеген отты жанар тым алысты.
Туымен аспан түстес күн арқалап,
Қазақтың аспанында қыран ұшты!

Шанақтан күйі тасып домбырамның,
Уа, қазақ! Мен қуандым, сен қуандың!
Сұлтаның томағасын сыпырды алғаш,
Қанатын сүйіп тұрып сол қыранның.

Сол қыран!
Содан кейін қайда ұшпады!?
Қалықтап ғарыш жайлап, ай қыстады.
Көреді аспанынан сол қыранды,
Жердегі жүрген қазақ қай тұстағы.

Сол қыран!
Еркіндікті қанша ұқтырды!
Десімді талай жұрттан артық қылды.
Әлемдік додада алғаш жас Бекзаттың,
Жарқырап төбесінде қалқып тұрды!

Сол қыран!
Еске салып кешегімді,
Жатқандай алып беріп есемізді.
Алдына адамзатты тік тұрғызып,
Аспанға қаншама рет көтерілді!

Менің де сол қырандай серпілді үнім,
Ағылды асау толқын жөңкіп жырым.
Самғады сан тарапқа дамыл таппай,
Әйгілеп қазағымның еркіндігін!

Аңсаған азаттықтың құсын көктен,
Баба арман, қуатты еді күшің неткен!
Сол қыран сол баяғы ақиық па,
Шыққанда туым көкке ұшып жеткен!?

Жалғанбай тар заманда үмітке арман,
Асаудай кетті арыстар құрықталған.
Сол қыран рухындай сол ерлердің?
Самғап кеп көк аспанда тұрып қалған.

Сол қыран еске салып қайдағымды-ай,
Тұр қалқып аспанымда айбарымдай.
Кеудесін жарып шыққан Алашымның
Іштегі арманының айғағындай.

Не керек!
Қыраныңа ілгіз бәрін,
Бағындыр жер-жаһанның шың-құздарын.
«Қанатың талмасын» деп бата берер,
Қыранға балап қазақ ұл-қыздарын!

Жөнің жоқ енді ешкімнен бұқпалайтын,
Қыран ол – басқаларға ұқсамайтын:
Жердегі жалғыз ғана жаратылыс,
Жасқанбай күн көзіне тік қарайтын!

Тәуелсіз тұғырымда Тұранда азат,
Туыма көз суарып тұрам ғажап.
Ендеше, еркіндіктің аспанында,
Самғай бер мәңгілікке қыран – қазақ!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.