ГОГОЛЬ мен КӨҢІЛ

Биыл орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің туғанына 210 жыл толды. Гоголь кейіпкерлері әрдайым бізбен бірге, олардан іргеңді аулақ сала алмайсың. Өйткені өмір – әдебиет, әдебиет дегеніміз кейіпкер сомдау. Бүкіл дүниежүзі айшықтап атап өтіп жатқан ұлы қаламгер сомдаған кейіпкерлер біздің қара қазақтың арасында да емен-жарқын ер көңілмен жүр. Кәне, солардың өң-жүзіне тағы да бір үңіліп көрейікші.

«Гоголь мен көңіл» атты мақала жазу – осы бір шашын оң жаққа сыпыра қайырып, дөңгелек жүзі «мен – сатирамын!» деп күлкіге тұнып тұрған, о дүниелік деп жер қойнына бергеннен кейін де жатқан табытынан ­аударылып түсіп, жер-жаһанды таңғалдырған ғажайып адамды оқығаннан бергі көңілімнің кұштары еді. Манилов, Коробочка, ­Собакевич, Плюш­кин, Бобчинский мен Добчинский, Сквозник-Дмухановский, Хлестаков секілді Гоголь кейіпкерлері көңілдің құрты, оқи-оқи келе олар өмірде бірге жүргендей, тіпті ауылдағы кисық Бертай мен тақуа Камал, жатыпатар Сақтағанға да ұқсатып, кейде өзімнен-өзім отырып миығым тартады. Сонан кейін Белинскийдің «Гогольге хатын» оқып, Гогольдің «Шинелінен» шығудың өзі азабы көп соқпақты артта қалдырған біртуарлардың ғана пешенесіне жазылғандығына көзіміз жетті. Әлгі Собакевич, Плюшкин, Хлестаковтардың іс-әрекеті жатсам да, тұрсам да жанымды қинап маза бермеді. Тіпті заманның қылкөпірінде соларға ұқсас бейнелер де көбейе түсті, қатар жүргендердің ішінде «жорға Жұмабайлардың» салмағы таразы басында зіл тартып, ­Хлестаков пен дуанбасы Дмухановскийге ұқсап бара жатты. Біреу үйлене қалса, «Женитьбадағы» болашақ қалыңдығынан сескеніп, терезеден қарғып кеткен күйеу жігіт елестейтін болды. Олар сол қоғамның бейнесі еді. Қоғам оларды қорқақ, аяр ғып өсірді. Гоголь қоғамның кеселін күлкімен әшкереледі. Гогольдің болмысында аярлық жоқ, өйткені өзі аяр қаламгердің шығармасынан аярлықтың иісі аңқып тұрады. Өйткені ол жазып отырып та жағынып отырады. Кешегі жаман – бүгін жақсы, ол ат үстінде, керек болады. Сөйтіп, қаламдастың өзі Гогольдің кейіпкеріне қалай айналғанын білмей калады.
Осынау қоғамымызда «Ревизордың» кейіпкерлері бүгінгі күннің басты тақырыбы – шегірткедей қаптап келеді. «Шегірткеден қорыққан егін екпес». «Ревизордың» діңгек ағашы – дуанбасы Сквозник-Дмухановский мен Петербургтен келген шенеунік Хлестаков. Дуанбасы Дмухановский шөлден көл болуға – табанда жаншылып тұрып аспанға бір-ақ шығуға, аспан жайлы болмаса қайта табанға түсіп жаншылуға әбден төселген жұмыр бас пенде. Сөйтіп жүріп, қолының арам, қалтасының терең екенін де сездірмеуге тырысады. Хлестаков секілді мундир ­киген салқынқанды сылаңдар оның бір сәтте зәресін алып, үрейін ұшырады. Бұны қазақ «сезікті секірер» дейді. Ал «Ревизордың» бүгінгі күнгі көрінісі… «Салық полициясы бәрін түк калдырмай тексереді екен», «ойбай, «Ревизор» келе жатыр, қағазды дұрыстайық!». ­«Депутаттар өз учаскелерін аралауға шықты – «ойбай, келіп қалды, абай болайық!», «Еңбекті қорғау министрі бүгін кездесу өткізеді» – «Сол не бітіреді дейсің…». «Ревизордың» оқиғасын тәптіштеудің қажеті жоқ – ол 1836 жылы тұңғыш рет сахнаға шықты. Екі ғасырға жуық уақыт ішінде сол өмірлік кейіпкерлердің қайталанып, жалған ревизордың тек қорқытып-үркітіп қалтасын томпайтып жүргені кейіпкер ретінде жаныңды марқайтады, кісі ретінде түнілдіреді. Біздің көз алдымызда бірде Жерде, бірде Аспанда жүрген, өзіне-өзі риза, бірақ өзгелердің қымбат уақытын өлтірген бейшара бейне мәңгіге қалды.
Гогольдің замандасы Антон Чехов дімкәс болса да ең төменгі – жетінші класты вагонмен жүруді қалайды екен. Бұл халықпен етене араласу деген сөз. Солай жүріп «Хамелеонды» жазды. Интеллигенциядан идеялық таным іздеген Чеховтың Очумеловы хамелеондықтың шыңы болса, біздің өтпелі қоғам хамелеон ұрпақтарының тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығарды. Бұларға «жаңа хамелеон қазақтар» деп атау берсе дұрыс болар ма еді. Күтемін деп алдап кету – өнер, қонақ дастарқанында қолында билігі бар кісі «шай ішемін» десе ішіп, сол кісі «ішпеймін» десе, «онша шөлдеп отырғанымыз жоқ» деп, қоғадай жапырылу – очумеловшілдік кіші дәстүр. «Жас өспей ме, көкейді теспей ме» деп күткенде, өз інің өзіңді алдап тұрса – оның «Хамелеонды» оқымай-ақ, әдебиеттегі айтулы персонаждың мінез-құлқымен қаруланып алғаны – заман идеологиясы, заман «жетістігі». Очумеловтің түп атасы – дуанбасы Дмухановский. Екеуі де адамзат аярлығының алақандағы айнасы.
Көркем әдебиеттің көкжиегі кеңейіп, «Ревизор» мен «Өлі жандарды» тудырған кезең, сөйтіп, ұлыларға алтын қалам ұстатқан кезең – помещиктік Ресейдің қалт-кұлт еткен кезеңі – қазақ үшін дағдарысты капитализмге бет алған осы кезеңге ойысады. Мінез-құлық пен ниет күрт өзгеріске түскен осы өтпелі кезең (созылып та кетті) қазақ үшін небір өлмес кейіпкерлер сыйлайтын алтын дәуір. «Өлі жандар» Ресейдің тағдырына айналды, Гоголь өз халқының ұлттық ерекшелігін көркем айшықтап, ашып көрсете алатын бірегей қаламгерге айналды. Ал өзімізге, бүгінімізге келсек, бетперденің хамелеондық шапшандықпен шұғыл өзгеруі төменнен емес, жоғарыдан бастау алғандай. Аспанға, Күнге қарап өскен қайран қазағым әрдайым жоғарыға қарайды. Жоғары түшкірсе «жәрекімалла» айту бізде бұрыннан бар қасиет. Тіпті шашылған кітапхана, сойылып біткен қойды көріп тұрып, осы қасиет бізде басқа ұлттарға қарағанда молдау ма деп каласың. Хамелеондықты қазақ «жүзіктің көзінен өткен екен» десе, «жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» – сол кейіпкерлерге арнап айтылған афоризмнің атасындай. Осы қасиет тек базар мен пойызда жүргендерде ғана емес, біздің идеологиялық қуатты құралымыз – ақпарат кеңістігі де бұдан құралақан емес. Ділмар басшының көлеңкесінен сескеніп, ат мініп жүргендерді алдыңғы сапта ұстау – ақпарат кеңістігіндегі ұлттық ауру, жазылмай келе жатқан кесел. Әдебиетте алалауға жол жоқ. Әдебиеттің өз адамдары айдалада қалмауы керек. Игілік – ортақ, ортақ қазанның басында жолай қосылғандар емес, сол жолда жан азабын тартып жүргендер отыруы керек. Есенин күндеріне – ақынның туған жеріне Әдебиет институты студенттерімен бірге жолға шығатын сәтінде бас редакторларды жинаған Бас хатшы М.Горбачевке қолындағы пойыз билетін көрсеткен «Литературная Россияның» бас редакторы Эрнест Сафонов Компартияның бірінші басшысына сөзін өткізіп, шәкірттерін ай мүйізді ақ серкедей боп Рязаньға бастап барғанда, қаламгерге разы болдық. Соның орнында менің қаламдас ағам болса, өзгенің көңілінің пұл болғанын қалар ма еді? Ол Елбасының қабылдауына бір кіргеніне мәз болар еді. Өзгенің көңіліне күл шашып жүре беру, өтірік көлгірсу – көкжиегін кең жайып бара жатқан ұлттық мінезге айналды. Ірілік ығысып, орнын ұсақтық тартып алды. Екі жаққа бірдей ұнау да қиынның қиыны. Шығармашылық жолда жүрген адам алдыңғы орында тұруы керек. Ақсақалдарға жол даңғыл. Ағалар алқасын да тыңдадық. Енді түк көрмей өсіп келе жатқан ұрпаққа ұлағат айта бермей өмір көрсету керек, еврейлер айтпақшы, «балық бергенше, балықшылыкқа баулитын» кез жетті. Жолбасшымыз Гоголь көкем болса, әдеби кейіпкерлеріне сеніп, патшадан да ықпапты. Көңілдің кілтін табуды – күлдіріп тұрып жылатуды, сосын жылағанды жұбатуды табытта жатып та бір аунап түскен сол көкемнен үйренсек қой…
Балаң кезімізде С.Бабаевскийдің «Кавалер Золотой Звезды», Г.Серебрякованың «Жатва» деген романдарын қызыға оқыдық. Партизандар туралы «Мәңгілік өмір» мен «Біз Қызылжарға аттанғанда үшеу едік. Үшіншіміз беліне тапанша байлаған НКВД бастығы болатын» деген жолдарды үрейлене отырып оқыдық. Мәңгілік өмір иелері – жер бетіндегі әділет үшін жанын қиған партизандар. Нағыз мәңгілік өмір сүріп отырған Гоголь кейіпкерлері Хлестаков, Бобчинский мен Добчинский, Плюшкиндер. Бұлардың қазақтағы ізбасарлары Бейімбеттің Мырқымбайы мен Талтаңбайы, Ғабиттің Торсаны, Сайынның Жүкені, Дулаттың Әшені… Тізе берсе көп-ақ. «Байға қарағанда кедей мән-мағынасыз көп күледі» деген Сенека сөзі осыларға қарап айтылғандай. Неге? Ол күлсе жағады. Ол күлсе уысы толады. Ол жақпай қалмайыншы деп күлмеуге қорқады. Оталып күлетіндерге сену қиын. «Күлкі– арсыз» дегенмен, күлкінің орны мен мәнері бар. Дер кезінде келген сұлу күлкі жігіттің көркі. Сурет бейнесінде риясыз күлімсіреген Гоголь – күлкінің тамыршысы. Бір фракті жиырма жеті жыл иығына іліп, қыз көруге келгенде астарын аударып киген Гоголь кейіпкері қалыңдық алдында жарамсақтанып күле берсе, ол – жағыну, оның мұраты сүйкімсіз күлкімен сүйіктіге айналу. Ақырында өз көңіліне өзі сенбей терезеден қарғып кетсе, ол – сенімнен айырылған қоғамның өкілі. Іргетасы шайқалған коғамның ісі осындай жаны мен тәні бірдей жұпыны өкілдерімен қалайша ілгері бассын.
Арсыз күлкінің түп-тамыры – жағым­паздық, арсыз көңілдің өзін-өзі алдауы– «ұсақ жәндіктерді ұстауға қажет шалт­тықпен» ­(Астафьев) алда жүру. Ұлы Абай «Арсыз болмай атақ жоқ…» десе, бұл – арсыздарға ашына қарап тұрып айтылған сөз болса керек, сірә. Тағдырдың тартуымен жиырмадан асқан шағымда Орталық Комитет мүшелерімен бір үйде тұрдым. Бірде астыңғы қабаттағы Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі ағай сырласып отырып: «Қарағым, біз күлкіміз келмесе де күліп жүрген адамдармыз ғой» дегенін ұмыта алар ма екенмін. Алпыстан асқанда осы сөздің түп-тамырына үңілсем, «Біздің тіршілікке құмар болма, бұл лас кухня» дегенді аңғарғандаймын.
Кенес Одағы кетті – тәуелсіз Қазақ Елі отау тікті. Заңгер кауымға саяси сабақ жүйесінде Гогольдің «Ревизоры» мен «Өлі жандарын», Чеховтың «Хамелеонын», Достоевскийдің «Кылмыс пен жазасын» оқыту керек дер едім. Көркем шығарма өмірге деген көзқарасыңды өзгертеді, ал заң саласында мәңгүрттің басындай шашы ішке қарай өсіп келе жатқан бастар баршылық. Қоғам үшін ең қауіпті элемент те желтоқсан күндерінде Адамға емес, Жерге қараған осы мәңгүрт бас­тар. ­Тургенев отбасылық-тұрмыстық ­роман жазудың шыңына жетсе, Чехов әлемі трагедиялық тұлғаларға толы («Апалы-сіңлілі үшеу», «Шағала», «Хамелеон»). «Сан-Францискодан келген мырзаны» жазған Бунин қоғамдағы зұлымдықтың түп-тамырын іздейді, мырзаның өлімі арқылы сол кұпияның кілтін табады. Ол кілт – буржуазиялық қоғамдағы ойраны шыққан енжар көңіл күй, шеңберде қалған шектеулі тіршілік. Миллионер мырза өлгенмен ешкімнің ештеңесі кетпейді, төсегінде киімшең өліп жатқандар аз ба? Қоғам мырзаның күлкілі өліміне тура қарай алатын халде емес еді. Тағы да өтпелі коғам әлегі… Бунин де Қазан төңкерісін жер бетіндегі әділетсіздіктің бір көрінісі деп қабылдады да, оған тек Тарих-Ана куә деп, ­Отанынан қоныс аударды. Біздің бүгінгі қазақ «өз мырзаларының» ит өліміне «жегенің желкеңнен шықсын» деп ашына қарайтын ашулы кейіпте. Бұған киелі Түркістанда көрген әбден күнге күйген кейуананың аялдамада дір-дір етіп тұрып айтқан «Кұдай да зәлімдердің жағына шығып кетті ғой» ­деген сөзі куә.
Гоголь кейіпкерлері сол­қылдақ қоғамның бел ортасында өмір сүрді. Дуанбасы ревизордан корықса, ол өзінің шірік орындықта отырғанын білетін. Қорқып тұрып амалсыз күлетін. Күлмеске амал бар ма? Қалтаға түскен көз жасының сығындысындай қоқыр-соқыр парақорды лас күлкіге кенелтетін. Ал біздің қазақ әлеміндегі Мырқымбай мен Күлтай болыстың ұрпақтары әзір томаға-тұйык – не күлмейді, не жыламайды. Қаламгер қауым шымшып жылатайын десе, шымшу үшін де күш керек. Бармақта әл жоқ, қалам да бармақтың арасына қыстырылмай ма? Қаламгердің қазіргі халі – «О да қылған кедейге үлкен сыйы, қара қидан орта қап ұрыспай ­берсе» (Абай). Олар өздерінің өмірде бар-жоғын Гоголь, Чехов, ­Бунин, Бейімбет, Бердібек кейіпкерлерін салыс­тыра отырып сезеді, сонан кейін көк дөненнен де жүйрік қиял шіркін кешегі өткен көркем әдебиетті насихаттау бюросын аңсайды. Ол пақырың Чехов жүрген жетінші класты вагон емес, екі адамдық, әрі кетсе төрт адамдық жұмсақ вагонды көз алдына елестетер еді. Арман шіркін таусылған ба? «Арман алдамайды».
«Бәрі жақсы болып тұрған жерде ештеңе жазудың керегі жоқ» (Б.Шоу).
Ей, Жер бетіне азап үшін келген ағайын, жақсы жер, жайлы төсек іздемей, жазсаң кайтеді онан да.
«Тектілік – төзімділікте. Қазақта «қоңыр» деген кеңістік бар. Майқоңыр, назқоңыр, әсемқоңыр. Қоңыр жел теңіз тербейді. Тербелген көңіл сергектеу болады. Шалшығын шалпылдатып, көп сөйлеп, аз ұғатын тобыр қоңырды түсінбейді. Тектіліктің, төзімділіктің, ұлағаттылықтың реңі – қоңыр» деген екен Сәкен Ғұмар. Сөз-ақ қой. Бұзылған құлыпты да төзген адам ашады, төзімді ғана жөндейді. Бір әке, бір шешеден туған жеті жүзден аса төзімге суарылған қандыкөйлек тағдырластарым, бұған не дер екен? «Лас» кейіпкерлер сомдап, қоғамды кірден тазарту Гоголь қаламына тән құпия. Николай Васильевич қай ғасырда өмір сүрсе де, біздің құпиямызға шүңірек көзін терең қадап, күлімсірей қарап тұрар еді. Дүниеде қаламгер білмейтін құпия болмауы керек.

Жақында КТК арнасынан 17 жылға сырттай сотталып, Лондон көшесінде қыдырып жүрген бір облыстың бұрынғы әкімін көрдім. Жағасы жайлауда, төсі қыстауда. Көңілі құрғыр бүлк ете қалды. Бұл маған Гогольдің Дуанбасындай боп көрінді. Тегі қазақ болғанымен кейіпкер ортақ қой. Мырқымбайды да, Хлестаковты да ешқайда тығып қоя алмайсың. Қояншық Гоголь арамызда болмағанымен кейіпкерлері бізбен бірге. Қоғам олардан құтыла алмайды. Өмір дегеніміз осы болса, әдебиеттің құдіреті де осы. 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.