Мейірімді мейірбике

Мейірбике Шархат – қандай маман болатынын бала күнінен бастап білген бақытты жанның бірі. Бала біткен дәрі иісі сіңген аппақ бөлмені, қолында инесі бар ақ халаттыны көрсе, зәре-құты қалмай жыласа, кішкентай Шархат, керісінше, ­емдеу бөлмесіндегі іс-шараларды жатсынбай қабылдайтын. Содан ба, ол мектепті тамамдаған соң осы саланың маманы болуға ден қойды. 

– Мен 1965 жылы Атырау ­облысы Жылыой ауданы Қаратон поселкесінде дүниеге келдім. 1972 жылы мектеп табалдырығын аттап, құралыптастарыммен бірге өзім туып-өскен поселкедегі білім ордасында он жыл білім алдым. 1982 жылы сол кездегі Гурьев медицина колледжіне фельдшер бөлімшесіне оқуға түстім. Өзіме ұнайтын мамандық болғандықтан, сол таңдауыма еш өкініп көрген емеспін, – дейді Шархат Садуақасова.
Қызығы да, қиындығы да мол студенттік шақ көзді ашып-жұмғанша өте шығып, дипломды фельдшерлер жолдамамен жан-жаққа тәжірибе жинақтап, қызмет етуге жіберіліп жатты. Атыраудан қаратондық Шархат пен оның қосшағылдық курстасы Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданына жіберілді. Осында ол үш жыл еңбек етті. Бірақ осы үш жыл оның есінде мәңгі қалды. Өйткені ол мейірбикелік өміріндегі мамандығының қызығы мен шыжығын, қиындығы мен жеңісін көрген еді. Тәжірибесіз маман бірден жұмыс ауқымы көп ауданда фельдшердің қызметіне араласып кетсе де, жүректі де білікті қыз алдынан шыққан қиындықтардан қаймыға қойған жоқ. Ал фельдшер дәрігердің оң қолы, қажет жерде ем де жасай береді. Жедел жәрдемнің көмегіне әлбетте дереу медицина көмегіне мұқтаж жан жүгінеді ғой: жиырма жасар қыздың алдында жарақаттан қансыраған адам, толғағы жетіп, босанғалы жатқан әйел, жүрек талмасынан жанұшырған науқас, қайсыбірін тізіп жаталық, өмірде адамның әр қадамын неше түрлі қауіп-қатер күзетіп жүрмей ме? Сондай жағдайда ол салқынқандылықпен дұрыс шешім қабылдап, науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аурудың асқынбауына тосқауыл болып жүрді. Жедел жәрдем көлігінің ішіне жол-жөнекей әйелдерді де босандырып алып, сегіз рет кіндік шеше болды. Солардың ішіндегі мына бір оқиға Шархат Майданқызының есінде тайға таңба басқандай сақталып қалыпты.
– Маңғыстауда Қызылтөбе деген жер бар. Онда көбіне Түркменстаннан көшіп келген қандастарымыз тұратын. Сол елді мекенде тұратын жүкті әйел тәжірибесіздіктен бе, үлкендерге сенгендіктен бе, айы, күні жеткенше үйінде болып, толғағы ұстап, жаны қысылғанда ғана «Жедел жәрдемді» шақыртқан. Барсақ, шарбақтың ортасында, матрацтың үстінде әйел толғатып жатыр екен. Үлкен кісілер у да шу. Олардың айқайынан мен қорқып, қара терге түстім. Сонда әйелді өмірімде алғаш рет босандырып алдым. Зарарсыздандырылған төсеніштің үстіне шарананы жатқыздым да, үлкендердің «кіндікті не де болса ­молынан кескен дұрыс» деген сөзі есіме түсіп, молынан кесіп жібердім. Сол-ақ екен, үсті-басыма қан шапшып кетті. Өйткені мұндай жағдайға бірінші рет тап болған мен ана мен баланың арасында қан айналым жүріп жатқан кіндікті екі жағынан қысып қойып барып кесу керек екенін тарс есімнен шығарғанмын. Жалма-жан кіндікті шарық жіппен байлап, анасы мен баласын 10-15 минут қашықтықтағы емханаға жеткіздім. Кіріп барсам, Күміс атты гинеколог маман: ­«Шархат, не болды?» деді үрейленіп. Ол менің қан-қан болған үстіме қарап, адам өлімі болған екен деп ойлапты. Балалық па, қорыққандікі ме, бұлай кіріп бару ұят-ау деп ойлау менің қаперіме кірмепті. Кейін әлгі әйел де, баласының да денсаулығы қалыпқа түсіп кетті. Бұл маған үлкен тәжірибе болды, – дейді ол.
Фельдшер Шархат кейде хи­рург­тің міндетін атқарып кететін. Бірде көліктің алдыңғы әйне­гінен лақтырылған тастан бір жігіттің беті жыртылып кетеді. Ол кезде қазіргідей заманауи дәрілік препараттар жоқ, жарақаттанған жерді 2 пайыздық «Новокаинмен» жансыздандырып, тігіп те жіберіп, әрі қарай емін алу үшін орталыққа жеткізеді.
Ал Ақтау қаласына жиналысқа барған бас маман: «Мұнайлы ауданында үш фельдшер бар, дәрігерден артық жұмыс жасайды» деген мадақтауды естіп, мерейі өсіп келетін. Жақсы ­маман қайда да қажет, ондағылар ­Шархатты Мұнайлыға қалдырғысы келеді. Дегенмен, оның ата-анасы Атырау облысы Жылыой ауданы өз ­ауылы Қаратонға келуін өтінеді. Сөйтіп, ­Шархат Майданқызы ауқымды жұмысы бар ауданнан үш жылда мол тәжірибе жинақтап, Жылыойға ­оралады.
Жылыойға келген соң Теңіз қалашығында вахтамен еңбек етеді. «Мұнда да өз міндетімді атқардым, кезекшілікке шықтым, бірақ Мұнай­лыдағыдай 3 жылға татитын қиындық болған жоқ» деп күлді ол. 1991 жылы тұрмыс құрған соң, анасының ақылымен, күйеуінің өтінішімен вахталық қызметті тастап, аудандық емханасына жұмысқа орналасады. Бала күтімімен әрі көзі көрмей қалған енесіне қарайлаймын деп жұмыстан біраз уақыт үзіліс жасайды. Аналық, келіндік парызын өтеген соң біршама жылдан соң біліктілігін жаңа заманға сай жаңғыртып, курс оқып алады да, аудандық емханада мейірбикелік қызметіне кірісіп кетеді.
– Бір жақсысы, Құлсарыдағы аудандық емханаға алғаш жұмысқа кіргенімдегі қарауыма берілген ­1-учаске соңғы жұмысқа орналасқанымда да өзіме қайта оралып келді. Бұл – мен үшін үлкен жеңілдік болды. Өйткені біз өз учаскеміздің әр көшесі мен үйіне дейін жақсы білеміз, – деді жұмысына тиянақты мейірбике. Себебі учаскелік мейірбике, жалпы тәжірибелі дәрігердің оң қолы, уақытпен санаспай науқастардың дертінің шипасын табуға тырысатын маман ғана емес, өзі ­жауапты аумақтың әр шаңырағындағы ахуалды жіті білетін әлеуметтанушы да.
Күнделікті алдарынан сандаған пациенттер өтіп жатқандықтан, одан «Жылыойлықтар қандай ауруға шағым айтып келеді?» деп сұрадық. Ол тұрғындар арасында қан қысымы ауруы көп екенін, үлкен кісілер арасында ­артрит, артроз аурулары көп кездесетінін, ал балалар жиі қызулап, тамақ ауруына шалдығатынын айтты. «Біз қан қысымымен ­ауыратын науқас жандарға күн ыстықта далаға көп шықпаңыздар, өздеріңізді шаршатпаңыздар, ашуға бой алдырмаңыздар» дейміз. Сондай-ақ арнайы диета ұстауға кеңес береміз. Әсіресе жүкті әйелдерге көп мән береміз. Оларға деген үй ішінің көзқарасына дейін зерделеп, дұрыс тамақтануын, тынығуын, эмоционалдық көңіл күйінің жақсы болуын қадағалаймыз» дейді ол.
Шархат Майданқызының жары кәсіпкер, үлкен ұлы мамандығы бағдар­ламашы (программист) болғанмен, қазір әкесінің жанында. Екінші ұлдары автомеханик, қазір Теңіз қала­шығында еңбек етуде. Ал кіші ұлдары Дина Нұрпейісова атындағы өнер академиясының күйшілік класында үшінші курста оқып жатыр. Ал әулеттегі медицина саласының қызметкері – Шархат айналасын мейі­рімге бөлеп, шипасын дарытып, көпшіліктің алғысын алып жүрген жан.

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

Атырау облысы
Жылыой ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.