ТҰРЫМ БИ

Сыр сүлейлерінің жырлары мен айтыс­тарында сирек те болса Тұрым бидің есімі аталады. Оның есімі, әсіресе ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің патшалық кезеңдегі Қараөзек бойындағы елдердің жай-күйін жазып қалдырған естелік жазбаларында көбірек айтылады.
Тұрым би шамамен 1854-1856 жылдарда туып, 1909-1910 жылдарда өмірден өтіп, бүгінде №9 бекет маңындағы «Шуақтың» бейітінде жерленген. Сейітмұрат Ембергенов «Тұрым би» туралы жазған мақаласында бидің ұрпақтарының бірі Құдайбергеннің айтуынша, 1908 жылды меңзейді.
Алайда Нақыпқожаның Қаңлы Жүсіпке қайтарған үшінші жауабында:
…Алмалы биге песір амалың бар,
Өзі алар, Тұрым келсе қырдан қайтып.
Бес күнгі песірлікті көтере алмай,
Әркімге сөз жазасың оттай шалқып, – деп Қаңлы Жүсіпке 1909 жылы жазған. Олай болса Тұрым би Сауранбайға хатшы да болған. Ол 1909-1910 жылдарда қайтыс болса керек.

Тұрым Шуақұлы туралы мақала жазған Қаңлы Жүсіп пен Тұрым би тұрған ауылдың тумасы Жәнібек Махамбеттің Аққошқар, Тұрсындардың Арал өңіріне алғаш келген-ді дегені менің 1868 жылғы архив деректерінде Қазалы уезінің адамдары жазылмағанын ескерсек, Тұрымдардың бабалары әуелде Арал, Қазалы өңірінен кейін Қараөзекке ХІХ ғасырдың 40-50-ші жылдарында келіп орналасқан сияқты.
Тұрым биден тараған ұрпақтар буынын шежірелік талапқа сай таратқанымызда Тұрым баласы Тұрғанбайдың 1885 жылы, оның қызы Патыманың 1953 жылы туғанын ескерсек Тұрым би шамамен 1854-1856 жылдарда дүниеге келсе керек. Өйткені замандас туысы Қашқынбай 1854 жылы туған екен.
Ел әңгімелерінде Тұрым бидің сөзі екен, ана бір дауды былайша шешіпті деген сөз өте көп. Алайда жинақталып бір жүйеге түспеген. Дегенмен, ол жөнінде жасынан Тұрым, басқа да билер жайлы естіп өскен Асқар Тоқмағамбетовтің естелік-жазбаларында көрініс тапқан. Бұлармен қатар Перовскі уезіне қараған Байзақ, Қараөзек, Айнакөл болыстары арасы жер-су мәселелерінде талас туып, дау болған. Осы жанжалды реттеуге болыстар мен билер тартылған. Солардың бірі Медетбай, Ешмұрат, Тұрым, т.б. билер қатысып кесімді шешімдерін айтыпты. Бұл архивтегі 1886-1902 жылдардағы құжаттарда хатталынған. Осы жазбадан Қараөзек болысын Сауранбай Құлманов 1887 жылдары басқарғанын оқи аламыз.
Осының алдында жергілікті болыс көп мәселені дұрыс шешпеуіне, өздерінің шет­тетілуіне намыстанған ұлы жүз билері Тұрымды Талдықорғанға жіберіп, сол жақтан 60-70 шаңырақты көшіріп Қараөзек маңына әкеліп орналастырады. Сауранбайдың өзі көршілес отырған Назар, Ауғанбас басқаратын ағайындарын үгіттеп, күштеп дегендей сайлауға қатыстырып, Қараөзек болысы басқарушысына сайланады. Күні бүгінде де осы тұста Тұрым Шуақовтың қосқан үлесін А.Тоқмағамбетов ауылындағы көнекөз қариялар айтып келеді. Демек, бұл әңгімелер шындық. Сондай-ақ көптеген билермен бірге 1902 жылы генерал-губернаторды күтіп алуға қатысқан, үй тігу, оның ішін сәндеу тағы басқа да шаралардың басы-қасында Тұрым би де жүріпті. Оны А.Тоқмағамбетовтің 1965 жылы «Ленин жолы» газетінде шыққан «Губернатор келе жатыр» атты мақаласынан оқи аламыз. Демек, бұл Тұрым бидің сол кезеңдегі шоқтығы биік билер қатарында болғанын көрсетеді. Сол жолы генерал-губернатордың құрметіне кілем төселген жер қазірге дейін «Кілем жайған» аталады.
Жалпы ел аузында «Қаңлы қауымшыл ел» деген сөз бекер айтылмаса керек. Мұны 1941-1945 жылдардағы соғыс кезіндегі оқиғалар дәлелдейді. Олардың артынан ру атын иемденген Қаңлы Жүсіп, Дұрыстыңұлы Сейіл, қобызшы Жанпейіс, Бисен, Медетбай, Тұрым атты билерінің шыққанын білеміз.
Әйімбет балалары Жәреке, Зәке – одан тараған Тұреке, Төлептер, Қашқанбайдан тараған А.Жанпейісов, Ә.Мүслімов, Омар қалпеден тараған Омаровтар елге сыйлы, қадірменді адамдар болды. Олардың ұрпақтары да Сыр елінің өркендеуіне мол үлес қосты. Біразымен сыйлас та болған едім.
Олар өмір сүрген өңірде «Сауранбай» каналы, «Қараөзек», «Талдыкөл», «Бидайкөл», «Қаракөл», «Медетбай» сияқты көлдермен қатар «Сауранбай көпірі», «Омар талы», «Ыбырай талы», «Жанпейістің түбегі», «Бекіш түбегі», «Серікбай түбегі» деп аталатын жер-су атаулары бар. Осы атаулардан-ақ бұл жерлерде кімдердің тұрғанын білуге болады.
Ел аузында «Тұрлаулы сөздің иесі Тұрым би», «Тұрым тоқтау салған». «Тұрым кетті – Қырым кетті» деген қанатты сөздермен қатар, оның алдағы заман хақында: «…Сөйлейтін қағаз болады. Оқылмай қалған намаз болады» деуі тап кеңестік кезеңдегі оқиғаларды болжап айтқаны да оның ерекше жан болғанын көрсетеді. 1905-1914 жылдарда болыс сайлауы тартысқа түсіп, ағайындылардың арасында талас-тартыс өрістегенінен «Тұрым кетті – қырым кетті» деген сөз шыққан.
Бірлік пен тірліктің басы болғандай, ақыл­ман Тұрым бидің өз тұсында жасаған билік сөздері мен кесімдері арнайы зерттеушісін күтіп тұрғандай көрінеді маған.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.