ТӘШКЕНДЕГІ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ

Биылғы жылдың мамыр айында ­ ­Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында «Шетел тілдері мен қолданбалы ­лингвистиканы оқыту» атты тақырыпта дәстүрлі ІХ Халықаралық конференция (FLTAL) өтті.
Ғылыми жиын И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай-газ универси­тетінің Ташкент қаласындағы филиалында өтіп, ол негізінен Корея халықаралық зерттеулер университеті мен HOY «ERIELL prot education» бірлескен ынтымақтастық байланыстар аясында ұйымдастырылды.
Халықаралық ғылыми жиынның ашылу рәсімінде И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің Ташкент қаласындағы филиалының атқарушы директоры – директор орынбасары Абдулла Мағрупов, профессор Азамат Ақбаров сөз алып, баршаға ортақ тіл мәселесін, оның ішінде, әсіресе шетел тілдерін оқып-үйренудің мән-маңызы, жаһандану дәуіріндегі орын-үлесі хақында кең түрде әңгіме өрбітті.

ТІЛДІҢ ТУЫ – ЕЛДІК РУХЫ

Ғылыми жиынның пленарлық мәжілісінде профессорлар Гари Бархузен, Синтия Вайт ­(Жаңа Зеландия), Seth Agbo (Канада) арнайы баяндама жасады. Басты бағыт: шетел тілдерін оқып-үйрену, аударма мәні, мәдениетаралық коммуникация, тілдік білім беру, тілді оқыту әдіснамасы, орта және жоғары оқу орнында оқыту ісі, билингвизм мен көптілділіктің көкейкесті мәселелері төңірегінде пікірталас, сұхбат кең өріс алды.
Ғылыми жиынның бағдарламасына байланысты секциялық мәжілістер, арнаулы семинарлар өтіп, шеберлік сағаттары жүйелі ұйымдастырылды.
Конференция бағдарламасына көз салып, көктей шолып өткенде – әлем картасындағы бірқатар елдердің өкілдері келіп, арнайы баяндамалар жасап, секциялық һәм семинар мәжілістерінде белсенділік танытқанын аңғарар едік (мысалы, Әзербайжан, Жапония, Жаңа Зеландия, Канада, Корея, АҚШ, Ресей, Катар, Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Израиль, Ирак, Неапаль, Моңғолия, Словения, Сербия, Сингапур, Тайланд, Түркия, Пәкістан, Финляндия, ­Филиппин, Өзбекстан, ЮАР, т.б.).
Олардың арасында, әрине, Қазақстан ЖОО-лары көп қатысып, белсенділік танытып, іргелі ізденіс, жаңашыл зерттеулерімен көпшіліктің назарын аудартқаны, сөз жоқ жан-жүректі жадыратып, көз қуантып, көңілді өсіргені анық. Атап айтқанда, олардың бастапқы қатарында Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ПҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, КИМЭП, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Демирель атындағы университет, М.Нәрікбаев атындағы гуманитарлық заң университеті, т.б. тұрды. Әсіресе жаңашыл бағыттар, технологиялық әдіс-тәсілдер кең орын алды. Ғылыми-тәжірибелік бағыттарға, соны ізденістерге кең өріс ашылды.
Бұдан басқа, ғылыми жиын барысында – 16 бағыт бойынша 58 семинар, 20 шеберлік сабақтары өтті. Барлық басқосу, жиындарда филология ғылымының докторы А.Акбаров модераторлық қызметті мүлтіксіз атқарды. Орайлы тұста, профессор А.Ақбаров: – Бұған дейінгі ғылыми жиындардың басым бөлігі – Еуропа елдерінде өткен болса, бірқатары Қазақстанда жүйелі жүзеге асты. Ендігі кезек – Өзбекстанға тиді. Келешекте бұл бағыттағы іргелі ізденіс пен ізгілікті істерімізді білім-ғылым бағытына бұрып, бастысы адами капиталға, интеллектуалды құндылықтарға баса назар аударып, жүйелі жалғастыратын боламыз, – дегенді ерекше екпінмен, мадақ сезіммен жеткізді. Орайлы тұста, Қазақстан мен Өзбекстанның тамырлы тарихын, арғы-бергі кезеңдерден желісі үзілмеген берік те бауырластық байланысын, болашағы бір, мақсаты мен мүддесі ортақ, татулығы мен тұтастығы мәңгілікке шеру тартқан достық қарым-қатынасын да кеңінен тілге тиек етті. Өзбекстандағы Қазақстан жылының тарихи һәм мәдени-рухани көркемдік кеңістігін де жан-жүректен қозғады. Өзбекстан мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстан ұлттық мұражайының көрмесі көпшілікке есігін айқара ашқанын, ондағы айрықша экспонат – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» ел рәмізінің үздік үлгісі екеніне мән берді. Ұлы дала қуаты мен оның мол мүмкіндіктеріне көпшіліктің назарын аударды. Өзбек ағайындардың: «Қазақтан жолдасың болса, жолда қалмайсың!» деген даналығында кеңдік пен тереңдік жатқанына басымдық берді. Ал биылғы конференцияға Қазақстан ЖОО-нан әріптес-ғалымдар көптеп қатысып, сан жағынан да, сапалық тұрғыдан да айрықша үлес қосқанына баса мән берді.
Кезекті тұста, осы жолдардың авторы Қазақстан ЖОО-лары атынан сөз алып, ғылыми жиынды ұйымдастырушыларға ризашылық көңілі мен лебіз-тілегін білдіріп, бірқатар кәдесыйларды табыс етті.
Арнаулы орындарда – кітап көрмесі ұйым­дастырылып, әр алуан бағыт, тақырыптағы кітап саудасы да қалың көпшіліктің біліми-ғылыми һәм мәдени-рухани қажеттілігі мен талап-тілектерін толық қанағаттандыра түсті.

СӨЗ АСЫЛЫ – ТІЛ ҚУАТЫ

Конференция тақырыбына қатысты бірқатар баяндамалар мен семинарлар мазмұнынан – жаңа бағыттар, тіл мұраты мен оны оқып-үйренуге қатысты соны әдіс-тәсілдер, ақпараттық-технологиялық жүйе тиімділігі, теориялық һәм тәжірибелік ұстанымдар көрініс береді. Атап айтқанда: тілді оқыту мен оқытудағы инновациялар, қолданбалы тіл білімі, тілдік білім беру, тіл оқытушыларын оқыту, тілді оқыту әдіснамасы, тілдік тестілеу және бағалау, белингвизм және көптілділік, тілді меңгеру және тілді үйрену, аударматану, латын қарпіне көшу жолдары, психолингвистикалық һәм этнолингвистикалық бағыттар, когнитивті лингвистика, т.б. шетел тілін оқып-үйрену ісіндегі жаңашыл бастамалар мен іргелі ізденістер, тілдік білім беру­дегі шет тілі мен туған тілдің ұлттық мұрат­тары һәм ерекшеліктері, ақпараттық-коммуникациялық технология тиімділігі, осыған қатысты соны әдіс-тәсілдер жүйесі, теория мен тәжірибе байланысы, басқа да ортақ мұраттар кеңінен көрініс тапты.
Ғылыми жиынның алғашқы кезеңінде сөз алған – Cynthia White, Gary Barkhuizen (Жаңа Зеландия), Seth Agbo (Канада), Abdulla Magrupov, Azamat Akbarov (Өзбекстан), т.б. күн тәртібіне шығарылған тақырыптардың мән-маңызына кең түрде тоқталды. Алыс-жақыннан келген қатысушыларға бұл бағытта ізденіс жұмыстарына, зерттеу жүйесіне шығармашылық табыстар тіледі. Әрі ғылыми жиынның әлем тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үрдісінде әсер-ықпалы мол екеніне үлкен үміт, сенім артты. Жаһандық үдерістегі халықтардың өзара қарым-қатынасы мен ұстанымдар жүйесіндегі ортақ мұраттар, сабақтастық пен ықпалдастық, әсер-ықпал мән-маңызы хақында да жан-жақты сөз етілді. Мұның өзі, сөз жоқ Ә.Науаидан жеткен: «Әлемнен қайғысыз өтем десең, ілім және өнер үйрен» немесе Ш.Айтматов айтқан: «Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін – ұлы» деген біліктілік пен кемелділік, көрегенділік пен танымдық мәні мол тағылымға негізделген берік ұстанымдарынан терең танылады.
Бұдан басқа, алыс-жақыннан келген ұстаз-ғалым, тілші мамандар жасаған ­баяндама мен оның тақырыптары ғылыми көпшіліктің назарын аудартқаны анық. Осы орайда, атап айтқанда «Көптілді оқушылар мен мұғалімдердің өзіндік ерекшеліктерін зерттеу» (Gary Barkhuizen, Жаңа Зеландия), «Тілдік мұғалімнің көшбасшылық рөлі: оқушының өзін-өзі жетілдіруі» (Seth Agbo, Канада), «Бағалау және сыни оқу жүйесі» (Fauzia Zhaniya, Пәкістан), «Жапониядағы көпмәдениетті жұмыс орнында мәдениетаралық құзіреттілікті зерттеу» (Foyoko Takita, Жапония), «Ойындар сабағының соңы қандай да бір жақсы нәрсе ме?» (Hoyula Cayrili, Түркия), «Сыныпта ағылшын тілінің социолингвистикалық аспектілері: қабылдау және көзқарас» (Елена Букиевич, Сербия), «Ауызша тілдік талдау құралы және экожүйе» (Жер Минг, т.б. Сингапур), «Ағылшын тілін үйренушілерге арналған ағылшын тілін үйрету: ағылшын тілін оқытудың салдары» (Zherusha If.Ong, Филиппин), «Қазіргі оқыту жүйесіндегі тілдегі билингвизм және интеграция» (Г.Асилова, Өзбекстан), «Қырғыз мәдениеті тарихынан» (Г.Тоқтоғұлова, Қырғызстан), «Технологиялық дебат – жетістік кілті» (Қ.Сүлейменов, Қазақстан), «Қазақ тілін оқытудағы халық музыкасының орны» (М.Құсайынова, Қазақстан), «Әлеуметтік медиадискурстағы бағалау» (Н.Ысқақова, Қазақстан), «Спорттағы терминология» (Н.Аяқұлов, Өзбекстан), «Тіл мен этнос» оқу құралы қазақ тілін оқытудағы қосымша дереккөзі» (Р.Авақова, Қазақстан), «Ағылшын тіліндегі жаңа сөздердің прагматикалық аспектісі» (С.Сұлтанбекова, Г.Мамаева), «Жыраулар поэзиясындағы көне сөздердің герменевтикасы» (Р.Тұрысбек, Б.Қорғанбеков, Қазақстан), «Ағылшын және өзбек тілдерінде терминдердің шығу тарихына қысқа шолу» (В.Каримова, Өзбекстан), «Қазақ тіліндегі виртуалдық мектеп» (С.Иманқұлова, Қазақстан), «Тілді оқытудың методологиясы» (Г.Сарыбекова, Қырғызстан), «Тест жүйесі – студент білімін бағалаудың әдісі» (А.Асқарова, Қырғызстан), «Қазақ-өзбек әдеби байланысы: көркем аударма» (Ж.Мамаев, Қазақстан), «Қазақ тілін оқытудағы мотивациялық стратегия» (А.Салқынбай, Қазақстан), «Кәсіби қазақ тілі сабақтарындағы тақырып пен мәтін таңдау мәні» (А.Сарбасова, Қазақстан), «Оқушылардың ағылшын тілін оқудағы сөздік қорын дамыту» (Д.Сангиринчингийн, Моңғолия) т.б. әр алуан тақырыптарда ­баяндамалар жасап, оны ауызша һәм жазбаша үлгіде, бейнекөріністер арқылы әр қырынан ашып, ғылыми-теориялық аспектіде мың сан мысал, деректермен дәлелдеп, тиянақтай түсуі де айтылмыш жиынның мән-маңызы мен ауқымын арттыра түсті. Мұның бәрінен, сөз жоқ шетел тілін оқыту мен оқыту ісіндегі инновациялар, зерттеу мен зерделеулер жүйесі, тың ізденіс пен тұжырым, жаңашыл көзқарас – ұстанымдар һәм танып-талдау мәні жан-жақты ашылып, кең өріс алды.
Біз де өз кезегімізде (доцент Б.Қорған­бековпен бірге) «Жыраулар поэзиясындағы көне сөздердің герменевтикасы» ­деген тақырыпта баяндама жасадық. Бұл ­ретте, әсіресе Қазақ әдебиеті тарихының ­ХV-ХVІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген жыраулардың бір шоғыры қыпшақ тілдік тобына жататын түркі халықтарына ортақ та, енді бірі сөз өнеріміздің өз өкілдері болып саналатынына кең түрде мән берілді. Аталған екі топтың шығармашылығында ортақ сипаттар мол. Жыраулар толғауларындағы қазіргі кезде мағынасы көмескі немесе түсініксіз сөздердің дәуір шындығын сезіндіретін, патетикалық пафос туғызатын көркемдік қызметінен басқа танымдық мәні де маңызды. Бұл сөздердің мағынасын ашу лингвистикадан өзге әдебиеттану, тарих, этнография сынды ғылым салалары үшін де мәнді.
Еске түсірсек, жыраулар шығармашы­лығындағы архаизмдердің жасалу жолдары да әртүрлі. Олардың дені – кірме сөздер. Әсіресе османлы тілінің ықпалы көбірек байқалады. Бұл қыпшақ тілдік тобындағы түркілерге ортақ жыраулардан да анық аңғарылады. Себебі Қырым хандығы құрамындағы ноғайлардың Османлы мемлекетінің ықпалында болғаны белгілі. Сондай-ақ парсы сөздерінің де үлесі мол. Олардың басым бөлігі әдеби шағатай, түркі тілдері арқылы келгені аян. Бұл тұста, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің маңызы зор. Жыраулардың дүниетанымдық көзқарасында Қ.А.Ясауи насихаттаған хал ілімінің әсері айқын көрінеді. Бұдан басқа, орыс сөздерінің де кездесетіні бар. Бұны қазақ хандарының Ресеймен қарым-қатынасы негізінде енген сөздер деген жөн. Қазақ-жоңғар соғысының және екі халықтың арасындағы экономикалық, саяси байланыстарының да ізі көнерген сөздер арқылы көрініс береді. Жоңғар руларының аттары, олардың діни нанымдарын танытарлық атаулар да осы қатардан орын алады. Көне және мағынасы көмескі сөздердің бір тобы семантикалық өзгеріс нәтижесінде туған. Олардың біразының өзгерген нұсқасы қазіргі тілдік қолданысымызда да кездеседі. Қадымша араб қарпінде жазылған сөздерді кирилл жазуына көшіру кезінде жіберілген қателіктер негізінде мағынасы түсініксіз сөздер де бар екенін ескерген жөн. Осыларды анықтауда аударма, диалектологиялық, этимологиялық және түсіндірме сөздіктерді пайдаланудың мәні зор. Қыпшақ тілдік тобындағы түркілермен байланыста болған өзге тілдерді тексеру арқылы да айқындалатын сөздер бар. Тағы бір топ архаизмдер этнографиялық мәліметтерді зерделеу­мен айқындалады. Жыраулар поэзиясындағы бұл сөздердің мағынасын ашу, қолданыс аясын кеңейту – филология ғылымының алдында тұрған келелі мәселелердің бірі.

ДОСТЫҚ МӘНІ – ТУЫСТЫҚ ТІРЕГІ

Ғылыми жиыннан соң, көп ұзамай-ақ алыстағы ағайынның өмір-тұрмысымен жақынырақ танысу мақсатымен – «Өзбекстан қазақ ұлттық орталығына» жолымыз түсті. «Өзбекстандағы қазақ ұлттық орталығы өткен ғасырдың 90-жылдарынан (1992 ж.) жүйелі жұмыс жасап келеді. Анығында, қазақ-өзбек халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарды, ұлттық құндылықтарды, гуманитарлық байланыстарды ­арттырып, тиісінше дамыту мен нығайту ісіне сүбелі үлес қосады. Бұдан басқа, Өзбекстан Президенті Шавқат ­Мирзиеев 2018 жылы қазақтың бас ақыны Абай мұрасын оқып-үйрену мен насихаттау ісіне қатысты қаулы қабылдады. Бұл бағытта, атап айтқанда Өзбекстанда мекендейтін – 160000-нан астам қандастарымыз А.Құнанбаев шығармашылығын жаңа қырынан танып, бірқатар мәдени-рухани бағыттағы игілікті іс-шаралар атқарылып келеді. Сондай-ақ жергілікті халықпен, әсіресе өзіміздің қандастарымызбен берік байланыс бар. Өмірі мен еңбегі, тұрмыс-тіршіліктері таныс. Ортақ мақсат-мұраттар төңірегінде кездесіп, кең түрде әңгіме-дүкен құрып, дөңгелек үстел ­басында емен-жарқын сырлы сұхбат өрбітеміз. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында жиі жүздесіп, мәдени-рухани шараларда да бас қосамыз. Наурыз мейрамы, Тәуелсіздік күн­дері ұлттық дәстүр мен рәміздерге, мәдени-рухани ерекшеліктерге кең орын беріледі. Кеш-кездесулер өтіп, ұлттық ерекше­ліктерді кеңінен танытатын танымдық мәні, тағы­лымдық сипаты жоғары басқосулар өтіп, концерттік бағдарламаларға, достық пен туыстыққа, татулық пен тұтастыққа, атау­лы көрмеге кең өрістер ашылады» дейді Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов.
Өзбекстандағы қазақтардың тамырлы тарихы мен мәдени өмірі, әдеби-рухани тірлік-тынысы, тіпті талайлы тағдырлары туралы жақынырақ көз жеткізу мақсатымен «Нұрлы жол» газеті редакциясында болдық. Әр жылдардағы газет тігінділерімен таныстық. Редакция қызметкерлері Ж.Әлімбекова, Т.Ахметов, Г.Байтөреева, т.б. емен-жарқын көңіл танытып, ел-жер, мәдени-рухани өмір, тұрмыс-тіршілік төңірегінде кеңінен сөз етті. Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласы хақында да құрметі мен сағынышын, сүйіспеншіліктерін бүкпесіз баяндады. Бас редактор Ғұламзәкір Юсупов: «Республика өміріндегі қоғамдық-саяси һәм мәдени-рухани шаралардың бәрі-баршасымен бауырлас-отандастарымызды дер кезінде кеңінен таныстырамыз. Әсіресе Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламалар, «Нұр Отан» аясында атқарылған игілікті істер, Жастар жылындағы жаңашыл бағыттар, біліми-ғылыми арналар һәм мәдени-рухани шаралар да қандас бауырларымызға кең түрде жүйелі жеткізіледі. Қысқасы, қазақ-өзбек халықтарының байырғы дәстүрі мен берік достығы, терең тамырластығы мен дүниетаным арналары, салиқалы сабақтастығы кең орын алады» дегенді де анық-қанық айтып, ел-жерге құштарлығы мен сағынышын мадақ сезіммен, көтеріңкі көңілмен жеткізіп, мақсат-мұратын байыппен, бүкпесіз баяндады.

ТӘЛІМ ТҮЙІНІ

Өзбекстанға жолы түсіп, Ташкентке келген әрбір қазақ, сөз жоқ Төле би кесенесіне барары анық. Кезекті тұста, біз де сөйттік. Жасыратыны жоқ, бұрын болған, жүрген жерді едәуір шиырлап, зорға таптық. Дұрысы, жетіп алып, келіп тұрып, «тәп-тәуір адастық». Анығын айтсақ, жол жақ бетті, яки көрнекті жерді – Ислам академиясы алыпты. Бірқатар тұсында әлі де құрылыс жүріп жатыр. Айналып жүріп, әлдекімдерден сұрай-сұрай межелі жерге де жеттік. Бәрі де орнында. Қаз-қалпында тұр. Өкініштісі Төле би кесенесі көзге бірден көрінбейді. Тым тасада қалған екен… Алайда айналасы, іші-сырты бақылауда, күтімде екені айқын аңғарылады. Тілек тілеп, ниетімізді айтып, дұға бағыштадық. Кесене ішіндегі Төле би (1663-1756) сөзіне де ден қойдық: «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген!». Ақиқатында, Төле би сөзі – ел-жер мәнін, тарих таңбасын, уақыт рухын танытып тұр. Елдік рухты, ұлт пен ұрпақ байланысын да көрсетеді.
Жаратушыға бас иіп, «Тәңірге тәубе!» дедік. Ел бірлігі үстем екен!
Сапар сазы мен мәні, көңілдегі қуаныш та – осы.

Рақымжан Тұрысбек,
филология ғылымының докторы,
ЕҰУ профессоры

НҰР-СҰЛТАН – ТАШКЕНТ – НҰР-СҰЛТАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.