ҚҰТТЫ МЕКЕНДЕ ӨМІР СҮРГЕНІМІЗ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Биыл Қап тауындағы халықтардың депортацияланғанына 75 жыл толып отыр. 1944 жылы 8 наурызда балқар халқы өзі тамыр жайған өлкеден шығарылып, азап жолына қуылды. Бұл күннің суығынан, өзекке түскен аштықтан, ауыр қайғыдан үзілген жандардың сүйегі төселген 5 мың шақырымдық ауыртпалық жолы еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысып жатқан әрбір төртінші балқардың екеуі КСРО атты ортақ Отанды азат ету жолында ерлікпен қаза тапты. Ал елде қалып, депортацияға ұшырағандардың жалпы саны 37 мың 713 адам болса, оның 4 мың 896-сы жолда жан тапсырды. Қазақстан мен Орта Азияға әупірімдеп жеткен 32 мың 817 адамның 10 мың 284-і әйел, 16 мың 386-сы он алты жасқа жетпеген балалар еді. 1943-1948 жылдары қудаланған халықтың ауа райының күрт ауысуынан, індет пен аштықтан қырылғанының басым бөлігі белі қатпаған бүлдіршіндер болды. Осылайша адам жаны төзбейтін қайғы аналардың көз жасы болып төгіліп, сақалы селкілдеген қарттардың жанын күйзелтті. Сол күндерді еске алудың өзі қиын екенін ұдайы айтатын әжеміз: «Адам басына мұндай қайғыны ешқашан салмасын!» деп тілеп отыратын.
1999 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен әйгілі балқар ақыны, дәм-тұзы қазақ жерінде таусылған Кязим Мечиевтың сүйегі, ақынның аманаты бойынша туған жеріне қайта жерленді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің сол кездегі басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел мен елдің арасын жақындатқан оқиғаға түсіністікпен қарап, істің оң шешімін табуына қолдау көрсетті. Кабарда-Балқар Республикасынан шыққан мемлекеттік делегация арнайы ұшақпен келіп, Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесу өткізіп, қазақстандық балқарлардың тыныс-тіршілігімен танысты. Ертесіне Қаратал ауданына бет алған делегация өмірін өлеңге байлаған шайыр аруағына арнап берілген асқа қатысып, марқұмның сүйегін туған жеріне ұшақпен алып кетті. Өлілер емес, тірі адамның өмірі түкке тұрмай жатқан сол бір бұлыңғыр кезеңде ауып келген халық деп кемсітпей, керісінше, қайтыс болған жанды арулап көміп, қолға түскен нәрсемен қоршалған бейітті аяқасты етпей сақтап қалған ауыл тұрғындарының жанашырлығын қалай ұмытармыз?!
Қазақ еліне күллі балқар халқының атынан ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Өйткені қазақ халқының болмысында адам баласына деген құрмет, алғаусыз көңіл, жанашыр ықылас-ниет басым екендігі анық. Оны Қазақстан Республикасы атты бейбіт шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтар жақсы біледі. Күллі әлемге үлгі болған ауызбіршілік, бейбітшілік, ынтымақ пен тыныштық қазақтың дарқан пейілінің арқасы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясына Кабарда-Балқар Республикасының атынан қатысқан делегация басшысы Өзеир Курдановтың сөйлеген сөзі көпшіліктің есінде қалды. Сондағы: «Барлық мұсылман қауымының қасиетті жері Мекке мен Медине болса, жер аударылған адамдардың қасиетті де, құтты мекені – Қазақстан. Себебі олар қиын-қыстау күндерде қазақ халқының дарқандығын көріп, аяқтарынан тік тұрды, ел қатарына ілікті. Осынау Ұлы Далада қуғын-сүргін көрген халқымыздың үштен бірі жерленген. Қазақ халқының осындай қадір-қасиетін ескерген балқар мен қарашайлар сәждеге басын игенде, Қазақстанның болашағы жарқын, жұртының аман болуын тілейді. Сессияға қатысумен қатар, біз қазақ еліне алғысымыздың шексіз екенін білдіруге келдік. Жүрекжарды алғысымызды айтып, күллі қазақ елінің алдында оның дарқан жүрегі мен адалдығы, адамдығы алдында біздің ұлт басын иетінін айтқым келді» деген шынайы сөздер ұмытылмайды.
Халқымыздың ниетіне қарай Жаратқан берген бейбітшілік, келісім, достық сынды құндылықтар Қазақстанның қасиетті жерін мекен еткен әрбір ұлттың берік іргетасына айналып, өскелең ұрпақтың өміріне сіңіп кетеріне сенемін.

Людмила
ХОЧИЕВА,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының
Құрметті азаматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.