ЕСКІ ҚАТЕЛІКТЕРДІ ҚАЙТАЛАУ – ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЙДІ

Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұлы тұлғаларды жаңа қырынан тануға себепкер болып жатқаны белгілі. Бірақ неге тәуелсіз мемлекетіміз ұлы Абайға жарияланбаған бойкот ұйымдастырып, қазақ елінің тағдыры шешілетін қоғамдық сананы модернизациялау ісінен аластатып отыр? Хакім Абайдың жазығы неде болып тұр? Оны атамасақ егемендікке енді қолы жеткен қазақтың есесі түгенделіп, еңсесі тіктеле қоя ма? Осы сұрақтарды үкіметімізге кіретін барлық тиісті министрліктерге қойған болатынмын, Абайды ауыздарына алмай-ақ шығарып-салма жауаптары қолымда бар, оларға тек бөлім басшылары ғана емес, кейбір вице-министрлер де қолдарын қойған. Зиялы азамат ағаларымыз, бауырларымыз баспасөзде 20-30 жыл жариялап жатқан мақалаларына да, менің қалам тартып жүрген дүниелеріме де туған жеріміздің адамдары ретінде бірде-бір ақылға сиятын жауап берген шенеуніктерді көрген емеспін. Тіпті біздің кейбір оқымыстыларымыздың жастарымызды шатастыратын, түсініксіз, ешбір дәлелсіз жазылып жүрген мақалалары сұрақ тудырады емес пе? Айтыңызшы, сіздерді қай шала академигіміз Абайды философ емес, Аристотель, Әбу Насыр әл-Фараби сияқты хакім емес, тек қана ақын ретінде тану керек деп үйретіп қойды? 

Мен мұғалім, партия, кеңес қызмет­терінде болсам да, саналы өмір жолымды журналист ретінде бастаған едім: 20-дан сәл асқан кезімізде жаңа ауданда газет құрысып, партия мүшесі болып шыға келдік, асқан жауапкершілікті сонда бір-ақ көрдік (ол кезде партиялық емес газет болған жоқ). Мемлекеттік қызметті ­Астана әкімшілігінде аяқтадым, Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен алғашқы «Астана» медалінің иегері болғанымды да ұмытпаймын. Осынау мақаламда кәсіби философияда қалыптасқан уақыт пен кеңістік, қозғалыс пен тыныштық, өмір мен өлім сияқты танымның шекті категорияларын қазақ ұлтының дүниетанымындағы ерекшеліктеріне сай қалыптастыру ісіне тиісті мекемелер мен ведомстволар жұмылдырыла ма деген көпшіліктің үміті орындалуына септігін тигізер деп қолыма қалам алдым.
«Ана тілі» газетінің 2014 жылғы 27 ­санында «Саяси плюрализм – даму жолы» атты философия ғылымының докторы, профессор Раушанбек Әбсаттаровтың мақаласы жарияланған еді. Онда автор мақаланы былай деп бастапты: «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталмыш құжаттың міндеттерінің бірі – плюрализмді дамыту екендігі атап көрсетілген. Осыған байланысты қазіргі уақытта аса маңызды міндеттердің бірі – саяси плюрализм – прогресс жолы екенін дұрыс түсіну болып отыр». Мақалада көтерілген мәселе рухани жаңғырудың өзегі болғандықтан плюрализм мен тұлғатану ұғымын кеңейтіп, оның мазмұны мен анықтамаларының кейбір аспектілеріне қоғамтанушыларымыз да өз ойларын ашық білдірер деген үмітімді де жасырмаймын. Ең алдымен «тұлға» және оның негізін құрайтын «болмыс» деген терминдерге тоқталсақ. Тұлға (личность) – жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мушесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым («Қазақ әдеби тілінің сөздігі», 14 т., 417 б.). Болмыс (Идентичность) – жеке адамның әлеуметтік ортадағы қарым-қатынастарда өз құндылығын, көпшіліктің арасында өз орнын сезіну, айналып келгенде өз өмір сүруінің мәнін түсіну. Осындай сезіну бірлік пен көпшіліктің, индивид пен бұқараның, адам мен қоғамның байланысы барысында адамның өз мәселесінің оңтайлы шешілу жолдарын қамтиды («Наука и жизнь» журналы, №5, 1979 ж.).
Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалы мақалалары аясында елімізде қыруар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Тұлғатану да аса маңызды және жаңа жоба ретінде осы ұлы істерге қосылғалы жатыр, бұл қуантарлық жағдай.
Тұлғаны танымастан бұрын, әрине, оны өсіріп, тәрбиелеп жеткізу керек. Қоғамдық сананы өзгерту, ескі стереотиптерден құтылу, парақорлықтан тазару, егемендігімізді жүрегімізбен сезіну, жаңа идеологияны кештеу болса да қолға алу істері кезінде біз аты азбайтын, тоны тозбайтын Абайды айналып кете алмаймыз. Абай «Қырық үшінші» сөзінде адам болмысы туралы былай деп айтқан: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән (материя), бірі – жан (душа, идеализм)». Осы сөздерде бұрмаланбаған нағыз философияның тоқ етері жатыр емес пе?! Материализм мен идеализм ажырамайтын ұғымдар ғой. Сондай жағдайда ғана саяси плюрализмге жол ашылады, тұлға еркіндігіне және адам құқықтарына мемлекет тарапынан қысым бұрынғыдай жасалмайды, егеменді елдің жаңа тұлғасын тәрбиелеуге жол ашылады. Әлемде материализм ғана бар, ал идеализм деген нәрсе болмайды деп ұқтыруға тырысқан еді ғой ескі идеологиямыз. Ақыл-есі дұрыс, шексіз зорлық билікті қаламайтын, «большевиктерден» бойын аулақ ұстайтын өркениетті ғалымдар классикалық қисынды философияға сүйенеді. Өркениет дегеніміз ол осы философияны ғана мойындайтын озық мемлекеттер ғой. Біз миымыз бен жүректегі тоталитаризм қыспағынан босамай, жаңарған тұлғаларды өсірмей сондай 30 елдін қатарына қосылуымыз мүмкін бе екен?
Дуниежүзіне танымал орыс философы Н.Бердяев та Абай сияқты ақылға сыйымды классикалық философияны ұстанған, көзқарасын өзгертпегені үшін оны 1922 жылы ресейдің «қызыл» үкіметі шетел асырып жібергені тарихтан белгілі. Атышулы «қайта құру» науқаны кезінде М.Ахундов, Л.Баженов сияқты кеңестік философтар Н.Бердяевтың, басқа да әлемге танымал ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп ескі идеологиядан қоғамды тазарту жолдарын көрсеткен еді, бірақ компартия басшылары ұсыныстарды жөн көрмеді. Екінші жағынан қарасақ, Кремльдегі қаусаған «көсемдердің» кеуіп кеткен «ақыл-саналарын» жаңартуға уақыттары да таусылып еді… Осы орайда Р.Петров деген КСРО-ның белгілі академигі 1990 жылғы «Коммунист» журналының №1 санында жазғанын келтіруді жөн көруге болады: «Я определяю такое положение как опасность бездействия. Это второе ограничение оптимистического взгляда на будущее. Зло приходит само, из-за нашей несостоятельности в этих вопросах». Петров «қайта құру» кезекті саяси науқан болып, сылдыр сөзге айналып кеткеніне өкінішін білдіргені. Ал «зло» деген қаупі шынымен кешікпейді екен – алпауыт мемлекетіміздің тез арада талканы шықты. Бұл құбылыс – ішкі қатер, біз өзіміз үркіп, елді де үркітіп жүрген сыртқы көп қатерден де жойқын болып шықты. Екіншіден, посткеңестік ­республикаларда жойылмай жатқан ескі идео­логия тағы бір сырттан келетін зор қауіпті қосып отыр. «Әлемдік үкімет» құрамыз деген желеумен Батыс бізді енді тек экономика жағынан емес (монетарлық жүйеге кіргізіп те алды ғой бәрімізді), рухани жағынан да бағындырмақшы. «Рим клубы» деген өздерінің қауымдастығына қарасты басылымдарда қазір ондай көзқарастарын ашық көрсетіп келеді. Бұл жерде тарихшы Сәбит Шілдебайдың да сөзін келтірмеске болмайды: «Кезінде Батыс елдері бар күшін Осман империясын құлатуға бағыттады. Тура осы жағдай біздің елімізде де көрініс беріп, мемлекетке қауіп төндіріп тұр. Сондықтан осы мәселеде зиялы қауым, билік басындағылар және халық дұрыстап ойланса екен деймін» («Қазақ әдебиеті», 23.05.1996 ж.). Сыртқы жауларымыздың арам пиғылын иісінен танып қоятын, шұғыл қарсылық білдіретін жиырма бірінші ғасырда дайындалған жаңа тұлғаларымыз қайда? Сондықтан дұшпандарымыз ойындағысын біздін жастардың «мәңгүрттігін» пайдаланып іске асырып жатыр.
Осы тұрғыда жазушы Қуандық Түменбай өте дұрыс айтып отыр: «Сізге көзі ашық, білімді, жаһандық бәсекеге төтеп бере ала­тын саналы ұлт керек пе әлде тойғаны мен тірлігіне мәз тобыр керек пе? Екіншісі, әрине, басқарғаңға жақсы, бірақ ол қазір сіз басқарғанға қалай жақсы болса, ертең басқа күштің басқаруына да дәл солай оңай жығылады» («Қазақ әдебиеті», 21.12.2018 ж.).
Тұлға дегеніміз асқан бай немесе үлкен шен-биліктің иесі емес, ол бір елдің қоғамға еңбегі сіңген адамы, айтулы азамат. Абайдың он сегізінші сөзін алайықшы: «Адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Тұлға атану дегеніміз оның жеке болмысына да байланысты. 19-ші сөзінде: «Адам туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады…» және «сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деген. Жастармен тәрбие жұмысын жүргізсек те немқұрайлылық танытамыз, құлаққа жағымды, көңілге сыйымды, жүрекке қонымды сөздерден бұрынғыдай қашқалақтаймыз. Бұның өзі формализм, құрғақ сөзбен айтылып жүрген патриотизм, прагматизм, толеранттық, т.б. құлаққа ілінбейді. Қазақтың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаев осыны ұғынықты қылып былай дейді: «Біз ұрпағымызды көбінде алалығы жоқ, көрінген жерде сүріне бермейтін, ­тумай жатып болдырмаған, көңіліндегі жаз гүлін солдырмаған, сәл күштіге бағынбаған, сәл байлыққа табынбаған жартыкеш емес, бүтін жан болса дейміз. Ана сүтімен қазақ тілін меңгерген, халқымыздың салт-дәстүрін ­бойына сіңірген, қаршадайынан екіжүзділікті көрмеген, жалтақсыз-бұлтақсыз қимыл­дайтын баланың еркіндігіне, бүтіндігіне кім қызықпайды дейсіз?». Академик Мекемтас Мырзахметовтың бастамасымен жасалып жатқан Абайдың «Толық адам» туралы ілімі қазақ баласын рухани кемелдікке жетелейтін құрал екенін исі қазақ оқымыстылары түгел мойындаған, Н.Назарбаевтың жаңа еңбектері Ұлы даламызға күшті серпін қосқаны да баршаға аян.
Данышпан Абай қазақ халқының ­рухани шыңдалуын мұрат тұтса, Тұңғыш Президентіміз сол ұлттық құндылықтарды адамзат мәдениетінің асқаралы шыңдарымен жалғастыруға ұмтылған алтын көпір болып жазған барлық еңбектерімен тарихымызда қалады. Ұлан-ғайыр тағылымы оның биік азаматтық өресінен туындайды. Азаматтықты осылай түсінгенде ғана біз бір елдің мақсаты бір, тілегі бір перзенттері болып үлкен істерге жұмыла аламыз. Бұл – ақиқат.

Асемхан МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.