«Қазақстан барысы» атанды

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ІХ «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Додада еліміздің 17 өңірінен келген 36 балуан боз кілемде бақ сынады.

Алты сағатқа созылған тартысты доданың үшінші орын үшін жекпе-жекте Нұр-Сұлтан қаласының балуаны Айбек Сейтен мен Алматы қаласының арланы Руслан Әбдіразақов арасындағы белдесуде алматылық балуанның жеңісімен аяқталды. Осылайша Руслан Әбдіразақов екінші рет «Қазақстан барысының» қола жүлдесін иеленді.
Шиеленісті өткен «Қазақстан барысы» турнирінің финалына Шығыс Қазақстан облысының екі балуаны ­Айбек Нұғымаров пен Ерасыл Қажыбаев шықты. Белдесуде Айбектің бағы жанып, екінші рет «Қазақстан барысы» атанды. Ал аталған жарысқа екінші рет қатысып, екінші рет финалда бас жүлдеден қол үзіп қалған Ерасыл Қажыбаев биыл да «Күміс белбеу» иегері атанды.
«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлде­герлерін марапаттау шарасына Халықаралық қазақ күресінің президенті Қанат Бозымбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәскеу Олимпиадасының ­чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман ­Шораев қатысты. 2019 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровқа «Алтын белбеу» тапсырылды. Сонымен қатар шығысқазақстандық балуанға «алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.