Марғұлан СЕЙСЕМБАЙ, қоғам қайраткері: Экология – халықтық идеология…

Жап-жасыл нұр тамған жазғытұрым шақ. Сәуірдің соңғы онкүндігінде «Nomad-Explorer» жобасының «Оңтүстік аңыздары» атты экспедициясы күннің жаңбырына қарамастан жоғарғы деңгейде өтіп жатты. Ақыртас, Көне Тараз, Қарахан баба, Айша бибі, Домалақ ана, Ақмешіт үңгірі, т.б. тарихи орындарды рет-ретімен аралап келеміз. Әсер – көл-көсір.
Сапардың алтыншы күні, әйгілі Сауран бекінісінің түбіне келіп түнедік. Ақшаңқан қазақ үйлер мен сәнді туристік шатырлар тоқтаған жерді әп-сәтте көшпенділер ауылына айналдырып жібереді. Бірі жүгіріп, бірі жаттығу жасап, ашық аспанның астында 800-ден астам адам тағы бір таңды қарсы алып жатыр.
Таң қылаң берген шақта экспедицияны ұйымдастырушы белгілі кәсіпкер, филантроп Марғұлан Сейсембай ағамыз түскен киіз үйге таяп келдім. Осы сәт киіз үйдің есігі бірінен соң бірі ішке қарай баппен ашылды да қазақы шапанының белін тар ­буына, күміс кісесі таң тұрымен шағылыса Мәкеңнің өзі де шығып келе жатты. Бұл көрініс Қасым хан тұсындағы әлемге әмірін жүргізген Қазақтың Асқақ Рухын көз алдыма келтіргендей болды…

– Ассалаумағалейкүм, аға!
– Әлейкүмассалам!
– Сіз үнемі күліп жүресіз. Бірақ өмір­баяныңызға қарасақ, қиыншы­лықты да бір кісідей тартып келесіз. Дэвид Льюис деген кісі өзінің «Стрессті басқару» деп аталатын кітабында: «Адам неғұрлым көп күлсе, соғұрлым бақытты болады. Мәселен, балалар күніне орта есеппен 450 рет, ал ересектер 15-ақ рет күледі» дейді. Соған қарағанда, күліп жүру мен жетістікке жетудің арасында тікелей байланыс бар ма деймін?
– Иә, әрине, байланыс бар деп ойлаймын. Бірақ мен дәрістерімде үнемі айтып жүретін бір нәрсе бар. Жастар өзінің өмірлік сапарына шыққанда мына сұрақты қаперінен шығармауы керек: «Мен жетістік жолын қуамын ба? Әлде бақыт жолын ба?». Осы сұраққа нақты жауап болуы керек. Өйткені бұл екі нәрсенің әртүрлі үдерісі бар. Мәселен, жетістік жолын қуған адамға уақыт жетіспейді, ақша жетіспейді, адам жетіспейді. Бір нәрселер жетіспей жатады, әйтеуір. Стрессте жүреді. Ертең мынаны істеймін, содан кейін бақытты боламын, мынаны істегеннен кейін белгілі бір дәрежеге жетемін деп ойлайды. Ертеңді қуып жүрген адам, бүгінгі күнде өмір сүрмейді. Содан болашаққа барғанда, кеше не болғаны есінде қалмайды. Ондай адамның өмірі жоқпен бірдей. Өйткені өткен уақыты да жоқ, қазіргі шағы да жоқ, болашақта бола ма, болмай ма екіталай. Ал бақыт жолын қуған адамға өзіне қажет ресурстардың бәрі жеткілікті. Стресс жоқ. Өйткені бақыт жолын қуған адам қазіргі уақытпен өмір сүреді. Немістердің бір зерттеулері бар, бақытты адамның бақытсыз адамға қарағанда ықыласы мен назары 30 пайызға, оқу қабілеті – 20, тиімділігі 50 пайызға жоғары болады екен. ­Демек, сіз бақыт жолында болсаңыз, жетістікке жету мүмкіндігіңіз ­онсыз да көп деген сөз. Сондықтан көп күлімдеп, көңілді жүрген адам өмірге де құштарлықпен қарайды. Алланың өзі оған көп нәрсе береді. Яғни берекет сол жерде.
– Авраам Линкольн: «Егер маған ағаш кесуге 9 сағат берсе, мен соның 6 сағатын арамды қайрауға жұмсар едім» деген екен. Бұл экспедицияға қалай дайындалдыңыздар? Ұйымдас­тырушылық жағы көңіліңізден шықты ма?
– Линкольн дана кісі ғой. Бірақ мен ағаш кесер алдында алдымен «оны не үшін кесемін?» деп ойланар едім. Керегі бар ма, жоқ па? Мәні бар ма? Сосын барып қана арамды қайрап, кесуге кірісер едім. Ойлану сатысы ең ұзақ, ең бірінші болып тұруы керек. Бұл экспедицияны ұйымдастырардан бұрын мен «осы маған қажет пе, не үшін істеп жатырмын» деп ұзақ ойландым. Ұйымдастырудың машақаты ол бір бөлек әңгіме. Алайда бұл экспедицияның мәні зор. Ол – ішкі туризмді дамыту, патриотизмді қалыптастыру, қала адамын орнынан тұрғызу, Тайланд, Дубайға бағытталған жүздерін ауылға қарай бұру. Нетворкингке жағдай жасау. Өз тарихымыз бен құндылықтарымызды дәріптеу және күн сайын ушығып бара жатқан экологиялық ахуалға қоғам назарын ­аудару. Ұйымдастыру барысында өзіміздің ұстанатын негізгі қағидаларымыз бар. Біздің жоба коммерциялық емес, біз тек бизнес серіктестеріміздің ­басын біріктіріп, осынау игілікті іске жұмылдырдық. Мәселен, киіз үйлерді құрған – бір серіктесіміз. Шатыр берген – тағы бір серіктесіміз. Көлік ұсынған – келесі серіктесіміз, қоқыс жәшігі мен дәретхана орнатқандар – олар да ісіміз біріктірген кісілер. Тізім жалғаса береді. Біздің оларға бар айтқанымыз: «Жігіттер, қолдарыңнан келгенше аямайтын қызметтеріңді көрсетіңдер» дедік. Барынша сол кісілерге сенім арттық және төменгі бағада ғана төледік. Өйткені біз билетті өте арзан саттық. Ол өзінің 40 пайыз ғана құнын жапты, қалған 60 пайызын демеушілер көтерді. Бірнеше күн қатарынан жауған жауынға қарамастан, бәрі ойдағыдай өткен сияқты. Біз адамдардың кетер кездегі көңіл күйі келгендегісінен жоғары болуы керек деген мақсат қойдық. Және сол сеніміміз ақталады ғой деп үміттенеміз.
– Мен сізге сұхбатқа келерде компас сатып алдым. Міне, бір қолымда сол компас, бір қолымда сағат тұр. Мұның хикметін Бодо Шефер айтады: «Сағат – бұл уақытты үнемдеу, оны тиімді басқару символы. Бірақ сіз бірінші кезекте сағатты емес, компасты қолданыңыз, әуелі бағытыңызды дұрыс таңдап алыңыз. Егер де жылдарыңыз зая кетіп жатса, минутыңызды үнемдеген­нен не пайда» дейді. Қандай образды айтылған жақсы сөз, ә? Сізді бизнесмен ғана емес, бизнес-тренер ретінде де білеміз. Өзгерісті шын қалаған кісі алдымен не істеуі керек?
– Әр адам, біріншіден, проактивті белсенді болуы керек. Адам белсенді болмай, басқа нәрсенің ешқандай мәні жоқ. Мына дүниеде адамдар уақытты тапшы дейді. Менің ойымша, ол – жалған нәрсе. Адамға ең тапшы нәрсе – энергия. Егер адам өмір сүріп жатса, онда оның уақыты бар. Уақыты болмағанда өмірі де болмайтын еді ғой. Оларға жетіспей жатқаны сол – энергия. Уәждеме (мотивация) жоқ, ынта жоқ. Сондықтан біреудің айтқанын істеп, айдағанымен жүреді. Энергия – белсенділік. Адамның сана-сезімінің өзі солай дамыған. Жұмыс жасасаң ой-өрісің де дамиды. Диванда жатып сақтанғаннан гөрі, қателік жасап, ­содан сабақ алған әлдеқайда дұрыс. Ең бастысы, амалын жасау керек.
Сосын білім деген нәрсе бар. Ол оқыған кітаптар, алған ақыл-кеңестер емес. Олар жай ғана ақпарат. Егер оны өмірге енгізбесең, өміріңде қолданбасаң, ол сол көмескі ақпарат күйінде қалады. Өміріңізге енгізсеңіз, ол білім ­болып шығады. Біздің ата-бабаларымыз «Білімге ұмтыл» дегенде бар нәрсені ұқсат деген ғой. Сондықтан көп білім қуу жағын емес, білімді көп қолдану жағын ойлану керек. Ал оны қолдану үшін адам мимен жұмыс істеу керек. Тікелей ақыл-кеңестерді адам толық түсінбейді немесе өз өміріне енгізбейді. Артық білімнің қажеті жоқтығы ­жайында менің дәрісім бар. Қажетсіз артық білім жинай бергенше, миға пауза беріп, көбірек ойланған дұрысырақ.
Жалпы білімнің үш түрі бар. Бірін­шісі – бейсаналы білім. ­Мысалы, бала кіш­кентай кезінде ыстық­ шайнекті ұстап алса, кейін оған қайта жоламайды. Екін­ші – жиналған білім. Ол өсе келе кітап оқып, интернет қарап, ақыл-кеңес тың­дап табылады. Үшіншісі – өз білімі. Жинал­ған білімін іс жүзінде өмірде қол­да­нып көр­гендіктен пайда болған білімі. Ондай білімді өндіру үшін екі шарт керек. Бі­ріншісі, біреумен сөйлесу, ақылдасып, пі­кір­таластыру қажет, яғни адамға айна керек, сонда жаңа бір идея, жаңа білім пайда болады. Немесе біреуді оқыту керек. Екін­­ші шарты –жеке қалып көп ойлану керек.
– Кейінгі жылдары еліміздің экологиялық ахуалы жайлы жиі ­айтып жүрсіз. Оны жақсартуға арналған жобаларыңыз бар ма?
– Иә, экологиялық жұмыстармен көп айналысамын. Аралда арнайы қорық жасап жатырмыз. Жануарларды сақтау қорығы, Барсакелмес қорығымен бірігіп. Сол жердегі түбекті жалға алып, Барсакелмес қорығының зерттеушілеріне ғылыми жұмыстарын дамытуы үшін берейін деп отырмын. Менің міндетім – айналасын қоршап, 8 түрлі жануарды кіргізу, оның ішінде ақбөкеніміз бар, қарақұйрығымыз бар, гепард, т.б. Ол – бір мәселе. ­Сосын қоқыс қалдықтары жөнінде, жануар әлемін браконерьлерден қорғау жөнінде көп сұрақ көтеріп жүрмін. Жобалар көп.
– Браконьер демекші, олармен қалай күресуге болады? Заңды қатайту ­керек пе? Жануарларымыз сиреп, өзен-суларымыз шірімейтін пластикалық ауларға толып бара жатыр ғой.
– Бұның бір ғана тәсілі бар деп айтуға келмейді. Оны қоғам болып шешпесе, билік заңды қатайтқанмен ештеңе істей алмайды. Браконьерлер көбейген үстіне көбейе береді. Ал қоғам күресуі үшін, ең бірінші, оның әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Өйткені көп адамдар браконьерлікке шекесі қызғаннан барып жүрген жоқ, бала-шағасының қамын күйттеп жүр. Егер оның басқа кірісі болмаса, әрине, қарақшылыққа бармағанда қайтеді? Екіншіден, ақпарат, насихат, сана жұмыстарын жүргізу керек. Бұл – идеология жағы. Үшіншіден, қоғамның жемқорлық жағы кінәлі. Сол ауларды жіберіп жатқан – шекара, кедендегі жем­қорлық. Ұсталған қылмыскерді босата салатын өз ішіміздегі полициялар мен соттардың жемқорлығы. Осы үш нәрсе дұрысталмайынша, заң қанша қатал болса да тиімділігі болмайды. Мәселе заңда емес, адамда. Мысалы, АҚШ-та аңшылық мәдени түрде енгізілген. Рұқсат беріп қойған, арнайы орындарда, белгілі уақытта, заңдастырылған қарумен аулайсың дегендей. Тіпті бұл шара жабайы аң санының көбеюіне септігін тигізеді екен. Ол да, меніңше, дұрыс саясат секілді. Бірақ ол үшін әуелі қоғамның сана-сезімі мен әл-ауқаты дұрыс болуы керек.
– Жақында парақшаңызда қор нарығы, инвестициялық сауаттылық жайлы жаздыңыз. Халқымызға ­инвестиция салу мәдениетін қалай сіңіруге болады? Мысалы, АҚШ-та халықтың 70 пайызы қор нарығын қосымша табыс көзі ретінде қарастырса, бізде тек 3 пайыз екен.
– Мұндай нәрселерді теориялық тұрғыда үйрену қиын. Тек іс жүзінде көру керек. Мәселен, теориясын әбден үйренсе де өз ақшасымен қор нарығына шыққанда адамның қылығы мүлдем өзгеріп кетеді. Әр адамның пайдаға немесе, керісінше, ақша жоғалтуға деген сезімі әртүрлі. Сондықтан біз қыркүйек айынан бастап инвесторлыққа талпынған ­азаматтар болса, ақыл-кеңесімізбен бөлісіп, жөн сілтейтін жобаны қолға алмақпыз.
– «Тәуекелдің өзі әрекет» дейді, ендеше қор нарығында анда-санда тәуекелге бел буған жөн бе, әлде әркез сақтықпен салым жасаған дұрыс па?
– Қор нарығында тәуекелге барма­саңыз, пайда таппайсыз. Екіншіден, тәуекелді басқара білу ­керек. Мәселе, сақтықта емес. Сақтықта сіздің пайда табу көрсеткішіңіз өте төмен, жоққа жақын. Ал тәуекелге салсаңыз, пайда табу мүм­кіндігіңіз өте жоғары. Бірақ ақша жоғалту мүмкіндігіңіз де ерен. Сол үшін тәуе­келді басқару деген ғылым бар. Соны білсеңіз, оны жақсы меңгерсеңіз кенен пайдаға кенелуіңізге болады.
– Форекспен айналысасыз ба?
– Онымен айналыстым. Айналысып та жүрмін. Бірақ оны сатып алып, сату жөнінде емес, тәуекел, риск менеджмент құралы ретінде пайда­ланам. Онымен табыс табу мақса­тында айналысуға болмайды. Ал егер тек тәуекелді басқару ретінде айналыссаңыз, пайдалы нәрсе.
– Сонда қалай?
– Қысқаша мысал келтірейін. Егер мен Қазақстанға инвестор болып келсем, қай валютамен келемін? Әрине, доллармен. Яғни инвестициям доллармен, пайдам теңгемен. Мысалы айталық, 10 мың долларлық инвестициям девальвация болып кетсе, 5 мың доллар болып, екі есеге қысқарады. Демек, инвестиция жасаудың қажеті жоқ. Ал егер мен экспортқа шығаратын компанияға инвестиция жасасам, девальвация болған жағдайда, пайдасы, керісінше, екі есе өседі.
– Криптовалютаға инвестиция салуға көзқарасыңызды білсек?
– Мен криптовалютаға ақша ­салып көрдім де, былтыр қайта сатып жібердім. Пайдамды таптым. Одан кейін айналыспаймын. Онымен қысқа мерзімде пайда табу үшін айналыстым.
– Бұл сұрақты қойып отырған себебім, оған қазір жастар өте көп қы­зығады. Өйткені 10 мың биткойнға сатылған пицца, т.б. оқиғалар адамды жедел баюға шабыттандыратын секілді.
– Иә, дұрыс айтасыз, ондай оқиғалар бір кезде болған еді. Қазір жоқ. Осы уақытқа дейін биткойнда ақша тапқандар мен жоғалтқандар саны тең. Сондықтан өзіңіз ойланып, қорытынды жасаңыз…
– Джордж Самюэль Клейсон деген кісі «Вавилонның ең бай адамы» деген кітабында: «Вавилон қамалын салған құлдардың үштен бірі ғана соғыста қолға түскен тұтқындар еді, қалған үштен екісі қазынадан қарыз алу үшін бас бостандығын кепілдікке қойған қарапайым вавилондық тұрғындар болатын. Олардың көбі қарызын қай­тара алмай, құлдыққа түсетін де қала қамалын салуға аттандырылатын. Басым көпшілігінің сүйегі сол қамал құрылысымен бірге қаланып кететін» дейді. Осы жағдай біздің қоғамда да бар секілді (басқа формасында). Бүгінгі қазақ жастарының көпшілігі банкке қарыздар. Қашып жүргендері, қиналып жүргендері қаншама? Бұл мәселеден жастарды қалай құтқаруға ­болады?
– Кез келген қоғамның өзіне тән қаржылық проблемасы болады. ­Мысалы, Кеңес дәуірі кезінде байларды жаман етіп көрсететін. Суретін салса, қарынын қабақтай етіп әжуалайтын. Шындығында солай ма? Таңғы сағат бесте, алтыда Алматы мен Астананың орталық парктеріне барып қараңызшы. Жүгіріп жаттығу жасап жүргендер кім? Кілең миллионер­лер мен соған ұмтылған жандар. Мына заманда «байлар жаман» деп ойлаудың өзі ұят сияқты. Керісінше, қазір спортпен айналыспай, дұрыс тамақтанбай, түске дейін ұйықтап, өзін дамытпағандардың қарыны қабақтай бола бастады. Сондықтан бай болуға адамды бала кезінен бастап тәрбиелеу керек. Қазір еліміздің қаржы саласына мұсылман идеологиясы еніп келе жатыр. Ол бойынша, білесіз, ­пайызбен кредит алуға болмайды. Осы дұрыс деп ойлаймын. Мәселе, ­кредитте ғана емес. Мәселе, адамдардың сана-сезімінде, тәрбиесінде. Адамға жас кезінен сапалы білім, әсіресе қаржыны басқару білімін беру керек. Сауатты ақыл-кеңестердің арқа­сында ақшасын нөлден бастап мил­лионға жеткізген адамдар әлемде өте көп. Егер қаржыны басқара алмасаңыз, ең абзалы қарызыңыздан тезірек құтылудың ама­лын қарастырыңыз да келесі жолы оны алмаңыз. Пайызбен қарыз алу деген сөз – белгілі бір дәрежеде өз тәуелсіздігіңді бі­реудің қолына өзің апарып беру деген сөз.
– «Өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтындардан» қалай құтыласыз?
– Өкінішке қарай, ондайлар да болады. Олар менен ақыл сұраса, айтамын. Қолданбаса, өзінің кінәсі. Ақылға құлақ асып белсенділік танытса, оны барынша қолдаймын. Ал енді, адам егер түгел бағдарын (ориентирін) жоғалтып алса, депрессияға түсіп кетсе, оған жоғарыдағы компасты берсең де пайдасы жоқ. Алдымен, адамның өзі қимылдауы керек. Қимылдағанда өз-өзін сақтап қалу амалын жасауы керек. Отын жинап, от жағып бірдеңе қылып тірі қалуы керек. Айналасынан көмек іздегені дұрыс шығар. Өйткені төтенше жағдайларда қайтыс болған адамдардың 70-80 пайызы депрессияда, стрессте жүрген жандар екен.
– Кез келген қоғамның екі түрлі мінезі бар. Бірі – құлдық мінез, екіншісі – еркін мінез. Құлдық мінез деп қарызға, банкке, жалақыға тәуелділікті айтсақ болады. «Елу жылда – ел жаңа» ғой, қазіргі қазақ жастарының болмысы осы екеуінің қайсысына жақын деп ойлайсыз?
– Әрине, жастарымыз әртүрлі. Бірақ шүкір, қазір жақсы өзгерістер жүріп жатыр. Жаңа буын келіп жатыр. Олар өмірді біз үйренген, бейімделгеннен басқаша сүргісі келеді. Сондықтан өзгерісті талап ететін де, сөзсіз, солар болады. Өзгереміз деп үміттенемін. Сенемін. Біз өткен ғасырда көп тұрып қалдық. Жақсы, динамикалық өзгеріс болады деген сенімім бар. Сол сенімім – жастарда.
– Макдональдс компаниясының негізгі бизнесі «бургер сату» деп ойлайды көпшілік. Бірақ ол әлемдегі ең ірі қалалардың орталықтарында орналасқан бургер сататын ғимарат­тарды сатып алумен айналысады екен. Яғни бизнесі – жылжымайтын мүлік. Сіздің «Nomad-Explorer», «Мен кепілмін», басқа да әлеуметтік, қайырымдылық жобаларыңыз бар, осылардың бәрінен саяси астар іздейтіндер бар ма?
– Әрине, бар. Былай қарасаң, кез келген нәрсе – саясат. Әжетхана – саясат, ішкі туризм – ол да саясат. Қоғамдық нәрселердің бәрі саясат. Идеология да – саясат, халықты басқару – ол да саясат. Біздің елде «саясат» деген сөзді, «билікті басып алу» деп түсінетіндер бар. Бірақ ол олай емес. Тырнақ астынан кір іздейтіндер табылады. Ондайларға қанша шырылдап айтсаң да сенбейді. Алайда кімнің кім екенін, не істеп жатқанын тек уақыт қана көрсетеді.
– Әңгімеңізге рақмет, аға!
– Өзіңізге де рақмет!

Сұхбаттасқан
Мақсат ЯСЫЛБАЙҰЛЫ,
журналист
Ежелгі Сауран қалашығы

Фотоларды түсірген –
Дмитрий Ругис

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.