Үздіктер топ жарды

Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар ­му­зыка мектебі қала әкімдігінің қолдауымен «Ұлы дала ­әуені» ­І аймақтық ­ансамбльдер байқауын өткізді. «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл байқау ­Павлодар облысында тұңғыш рет ұйымдастырылды.

100-ден астам өнерпаз қатысқан доданың бас жүлдесіне 100 мың теңге тігілді. Фольклорлық және аспаптық ансамбльдер болып екі номинацияда өнер көрсеткен байқауға Нұр-Сұлтан, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Майқайың кенті, Май ауданынан ансамбльдер қатысты.
Байқауда алғашқы болып қаламыздағы №25 қыздар гимназиясының «Еркетай» домбырашылар ансамблі өнер көрсетті. Заманында «Ақжелеңнің» 60-тан астам түрін түгелдей тартып «Күйдің пірі» атанған Қазанғаптың «Шыныаяқ тастар» шығармасын орындады. Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Бабамұра» домбырашылар ансамблі халық күйі «Бытпылдақ» пен күйші, сазгер Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйін ойнады. Ал Ақсу қаласының «Дарын» фольклорлық ансамблі Курбаниеттің «Навой шарк» және «Қара жорға» композициясын орындап, Қаршыға Ахмедияровтың адамның өмірге деген ерекше құштарлығын сездіретін «Күткенде» күйімен түйіндеді. Майқайың кентінен келген «Серпер» фольклорлық ансамблі халық күйі «Телқоңырды», Дина Нұрпейісованың «Тойбастарын» және халық әні «Угәй-әй» әнін шырқады. Екібастұз музыка мектебінің «Арайна» домбырашылар ансамблі ойнаған Ермұрат Үсеновтің «Кербез сұлу» шығармасы құлаққа жағымды естілді.
Байқаудың гала-концерті өзгеше өтті. Біз көріп жүрген байқауларда жеңімпаздар тиісті жүлделерімен марапатталып, содан кейін көпшілік алдында өнер көрсететін. Бұл жолы олай болмады. Зал лық толды. Өнер сүйер қауым әуелі байқауға қонақ ретінде шақырылған «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының өнерін бір сағат бойы тамашалады. Ондағы мақсат – өнер додасына қатысушы ансамбльдерге, көрермендерге фольклорлық ансамбльдің деңгейі қандай болу керектігін үлгі етіп көрсету.
Байқаудың қорытындысы бойынша Бас жүлде Естай атындағы балалар музыка мектебінде қалды. Яғни «Жанды дауыс» фольклорлық ансамблінің қанжығасына байланды. Өнер ұжымы қаржылай 100 мың теңгеге ие болды. Бірінші орынға Ақсу қаласының «Дарын» фольклорлық және қаламыздағы №25 қыздар гимназиясының «Еркетай» домбырашылар ансамбльдері лайық деп танылды.

Айдана АЙТУҒАН
Павлодар облысы
Екібастұз қаласы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.