СЕНІМ МЕН СЕРТ

Дәуіржан Төлебаев
«Ана тілі»

Мемлекетіміздің өмірінде ерекше маңызға ие Президент сайлауы өз мәресіне жетіп, Қазақстан халқы жаңа басшысын сайлады. Бұл – тарихи сәт. Қазақстанның саяси кезеңінің жаңа белесі десек те болады. Биылғы сайлау науқанына жұртшылықтың қызығушылығы да басым болғанын айта кеткеніміз жөн. Сайлаудың нәтижесіне байланысты да түрлі жорамалдар айтылып, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары да, саясаттанушылар мен сарапшылар да еліміздегі ­Президент сайлауына ерекше ­назар аударып, оның өту барысын жіті қадағалады.

Сонымен, Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыс­пен жеңіске жетті. Өзге канди­дат­тардың нәтижелері келесідей болды: Әміржан Қосанов – 16,02%, Дания Еспаева – 5,2%, Төлеутай Рахымбеков – 3,2%, Амангелді Таспихов – 2,7%, Жамбыл Ахметбеков – 1,83%, Сәдібек Түгел – 0,92% дауыс жинады.
Алдын ала мәліметтер жария­лан­ған күні Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне сенім білдірген барша отандастарына алғысын білдірді. «Сайлауал­ды науқан өр­кениетті әрі жүйелі түрде жүр­гізілді. Шын мәнінде, бұл науқан бағдарламалардың бәсекесі болды. Халық бізге сенім артып, өз таңдауын жасады. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол үгіт-насихат кезеңіне қатысқан республикалық қоғамдық штабтың мүшелеріне, барлық белсенді аза­мат­тарға және партия жақтастары­на атқарған жұмыстары үшін алғы­сын білдіріп, электоралды науқанның ауқымы мен технологиялық мүм­кіндігін атап өтті.
«Бүкіл әлемдегі сияқты біздің елімізде де жағдайдың өзгергенін көріп отырсыздар. Әлемдік қауым­дастықтың бір бөлшегі бол­ған­дықтан Қазақстанға жаһан­дық оқиғалардың да ықпалы болары сөзсіз. Сондықтан біз еліміздің жар­қын болашағы үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек» деді.
Республикалық қоғамдық штаб­тың жетекшісі, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта пар­тияның Елбасы жолын әрі қарай жалғастырып, сайлауалды бағдар­ламаны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
– Бүгін қазақстандықтардың басым бөлігі біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беру арқылы Елбасы саясатының сабақтастығына және бірлік пен тұрақтылыққа қолдау білдірді, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар іс-шарада рес­пуб­ликалық штабтың мү­шелері, аймақтық штабтар мен «Team Qazaqstan» жас­тар қанатының өкілдері сөз сөйле­ді. Олар exit-pool-дың нәтижесіне бірауыздан қолдау білдіріп, Қа­зақстан хал­қын өткен Президент сайлауымен құттықтады.
Сайлауалды науқан кезінде еліміз бойынша кандидаттың 228 штабы жұмыс істеді. Мобильді үгіт-насихат тобының құрамында болған 20 мыңнан астам сенімді өкіл «Есіктен есікке» акциясы аясында сайлаушылармен кездесті. Еліміз бойынша кандидаттың 228 қоғамдық қабылдауы тұрақты жұмыс істеп, 21 мыңнан астам азаматты қабылдады.
ҚР СІМ әлемнің 40-тан астам елінен 227 шетелдік корреспон­дентті аккредиттеді. Сонымен қатар ­Ми­­нистрлік жанында тұ­рақты негізде шетелдік БАҚ-тың 121 шетелдік кор­рес­пон­денті тіркелген. Бұл әлемдік қо­ғамдастықтың біздің елімізге деген жоғары қызығушылықтың және мемлекеттің саяси және әлеу­мет­тік өміріндегі болып жатқан өз­герістердің айқын көрінісі.
Еліміздегі Президент ­сайлауы туралы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары да кеңінен хабар ­та­рат­­ты. Қазақстандағы қезектен тыс ­Пре­зи­дент сайлауы жөніндегі ақ­па­рат­тар Түркияның бірқатар басылым бе­тінен көрініс тапты. Euronews-тің Түркиядағы бөлімі Президент сайлауы кезінде халықтың көңіл күйі көтеріңкі болғанын, халықпен бірге Президенттікке үміткерлер де туыс­тары мен әріптестерімен бірге дауыс бергенін жазса, «Анадолу агенттігі» еліміздегі сайлауды жіті бақылап, соңғы жаңалықтарымен бөлісіп, түрік халқын хабардар етіп отырды. «UzNews.uz» порталы «Қазақстандағы сайлаудың нәтижесі – халықтың Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен толық сенімі мен кең қолдауы, оның елдің орнықты дамуы мен халықаралық беделін арттыруға қосқан үлесіне зор бағасы» деп жазды. Сондай-ақ портал екіжақты ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан Президентінің биыл сәуір айында Өзбекстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары жаңа серпін бергендігін, бұл сапар кезінде достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік байланысты нығайтуға одан әрі де бейілді екендері расталғанын атап өткен.
Шетелдік басылымдар 2019 жыл­дың 9 маусымында Қазақстанда өткен кезектен тыс Президент ­сайлауы ­туралы көп жазды. Соның бірі америка-лық The New York Times басылымы «Қазақстан жаңа көш­басшысын таңдады» деген тақы­рыппен көлемді сараптамалық ақпарат жазды.
Ресейлік gazeta.ru сайты елімізде биылғы 9 маусым күні өткен прези-денттік сайлау жөнінде таратқан ақпарат­тарында қазақстандық сарап­шылардың пікірлерін негізге ала отырып, аталған сайлаудың тыңғылықты ұйымдастырылғанын әрі барлық үміт­кер­лерге тең мүм­кіндіктер берілгенін атап көрсетті.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сай­лауы­нан кейін, яғни 10 маусым күні Ақордада шетелдік және отандық журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы алдымен өзіне қолдау білдірген сайлаушыларға алғысын білдіріп, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.

Р.S.

Кеше саяси додада жеңіске жеткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ұлықтау рәсімінде: «Антқа адал болу, сертке берік болу — менің халық алдындағы парызым» деді. Иә, бұл cөз ел сенген ердің саяси мұратының басты қағидасын айқындап тұрғандай. 

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы: Тілімізді төрге шығаратын кез келді

Бұл сайлау, шынымен, ерекше болды. Оның басты ерекшелігі – соңғы 30 жылда Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтті. Халық жаңа Президентін сайлады. Сондықтан да бұл сайлауға деген жұрттың құлшынысы, үміті зор болды.
Біз бұл сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бердік. Өйткені біз үшін ең қымбат нәрсе – Тәуелсіздік. Қасым-Жомарт Кемелұлы тәжірибелі, мемлекетшіл, саясаттың да, қыз­меттің де барлық деңгейінен өткен азамат. Осы тұрғыдан алғанда дұрыс таңдау жасадық деп ойлаймын. Биылғы сайлаудың бір артық­шылығы – әрбір үміткер жақсы бағ­дарлама ұсынды. Оның ішінде Әміржан Қосановтың бағдарламасында бірінші кезекте мемлекеттің беделін көтеру болса, Сәдібек Түгел түнгі клубарды аралап, оларды жабу туралы ұсыныс білдірді. Мұның бәрі жүзеге асуы тиіс жақсы идеялар деп білемін. Баспасөз арқылы жаңа ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ең бірінші қазақтың заңы мен тілін қолға алуды аманаттаймыз. Мемлекеттік тілімізді босағадан төрге шығаратын кез келді.

Рахман АЛШАНОВ, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы: Қазақстан халқы өз таңдауын жасады

Осы жолғы сайлау ерекше болды. Біріншіден, оған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев түскен жоқ. Жеті кандидат ұсынылды. Олардың бәрі бағдарламаларын ұсынып, пікірталас жасады. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы өзгелерінен басым түсті.
Жалпы биылғы Президент сайлауы халықтың саяси деңгейінің өскенін көрсетті. Жастар белсенді түрде қатысты. Өзге ұлт өкілдері де науқаннан тыс қалмады. Тұрақ­тылық, тыныштық үшін дауыс берді. Халық енді жаңа көзқарас, жаңалық күтіп отыр. Сайлауда жеңген кандидат басқа кандидаттардың бағдарламасына енген барлық жақсы-жақсы ұсыныстарын пайдаланамыз, іске асырамыз деп отыр. Себебі олар да халықпен кездесті, тыңдады, мұң-мұқтажын бағдарламасына енгізді. Мысалы, Ә.Қосановқа 1,5 миллионға жуық адам дауыс берген. Оның ішінде өңір тұрғындарының үлесі басым. Демек, өңірлерде проблема бар деген сөз. Неге наразылық білдіріп отыр, неге көңілі толмай отыр? Сайлау нәтижесі бойынша осыны да қарау керек.
Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. ­Дауысын тұрақтылық, даму үшін берді.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры: Келешегіміз кемел болсын

Биылғы сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгеше. Халықтың артқан үміті биік, соған сәйкес белсенділігі өте жоғары болды. Жаңа заманда, жаңа қоғамда қандай жаңалықтарға жетеміз деген дүниені халық көкейінде қатты тұтты. Сайлаудың қорытындысы ­туралы жария болып жатқан мәліметтерге сүйенсек, ҚР Президентіне кандидат Қ.Тоқаев сайлаушылардың 70%-дан астам дауысын иеленді. Менің ойымша, бұл сан – бүкіл сайлаушылардың жаңа Президентке артқан үлкен аманаты. Қазақта «аманатқа қиянат жоқ» деген сөз бар. Жаңа Президентіміз сол аманатқа адал болуы керек.
Өйткені Қ.Тоқаевтың бағдарла­масында көр­сетілген үш үлкен тұғыр: біріншісі – дәстүрге беріктілік, екіншісі – әділеттілік, әсіресе әлеу­меттік әділеттілік, үшіншісі – өркендеу жолымен жүру, еліміздің саяси, әлеуметтік бағдарын, даму жолын айқын көрсетті деп ойлаймын. Халық осы бағдарламаға сүйеніп, дауыстарын берген ­болуы керек. Сондықтан келешекте мемлекетіміздің ­саясаты осы үшін бағыт – үш тұғырға сүйене отырып, халықтың әл-ауқатын жақ­сар­туға қызмет етсе, әлеумет­тік әділеттілік орнатса, қазіргі рухани жаңғырып жатқан қоғамды одан әрі жаңғырта отырып, үлкен ұлттық арманға қол жеткізетін болса, бүгінгі сайлаушылардың аманатының ақталғаны деп ойлаймыз. Солай боларына кәміл сенейік.
Біздің еліміз – болашаққа, келешекке сенетін оптимист ел. Сол үкілі үмітіміз ақталсын, келешегіміз кемел болсын, жақсылықтардан ешқашан күдер үзбейік. Қоғамымыз үнемі өзгерісте, дамуда болсын. Ол дамудың өзі эволюциялық жолмен жүруі керек. Сонда біздің алмайтын қамалымыз болмайды деп ойлаймын. Болашаққа сенейік!

Ермахан ИБРАИМОВ, Сидней олимпиадасының чемпионы: Ел көшін бастайтын тұлға

Президент сайлауы – ел өміріндегі маңызды оқиға­лардың бірі деп білемін. Әрбір мемлекеттің, әрбір елдің келешегі – оны басқаратын Президентімен тікелей байланысты. Өйткені Ел басшысы стратегиялық шешімдер қабылдайды, мемлекетін алға бастайды. Мен спортшы ретінде әлемнің көп елінде болдым. Халықаралық жарыстарға, олимпиадаларға қатыстық. Сонда байқағаным, әрбір мемлекеттің кемел жетістігі – халықтың биік арман-мақсаттарға ұмтылуымен қатар, соған жұмылдыра білген, дұрыс бағытты айқындай білген Президенттеріне қатысты болады. Әрине, Қазақстанды әлемдік деңгейде танытқан, беделін арттырған Тұңғыш Президентіміздің рөлі қашанда жоғары тұратыны сөзсіз. Елбасының жасаған игіліктерін әрі қарай жалғастырып, тарихи сабақтастықты алып жүретін лайықты тұлғасын халқымыз таңдады. Қасым-Жомарт Кемелұлының саясаттағы салмағы, халықаралық қауымдастықтағы беделі зор. Біздің елімізге осындай азамат, осындай көшбасшы керек. Өйткені қазіргі заманның талаптары басқа. Әлемдік саясатта болып жатқан жағдайларды білесіздер. Осының бәрін жете түсінетін, маңызды әрі дұрыс шешімдер қабылдай алатын тұлға керек. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы болса, қандай да болсын талаптарға жауап бере алатын, мемлекетіміздің көшін лайықты алып жүретін қайраткер деп білемін. Спорт саласының өкілі ретінде айтарым, бізге қазір елім, жерім деп жалындап тұрған патриот азаматтар керек. Сондай жастарды қалыптастыруымыз қажет. Бүгінде отандық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Спорттық жетістіктер арқылы да – әлемде ойып тұрып орын алуға болады. Бірлесе еңбек ете берейік. Ең бастысы – заманымыздың бізге беріп отырған мүмкіндіктерін жіберіп алмай, қарыштап дами беруіміз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.