Күре жол

«Жол – өмір» деген Шығыс пәлсапасындағы берік қағида біздің өміріміздің әлеуметтік портретін аша түсетіндей. Кезінде Ұлы Жібек жолы сүрлеу салған жолдар қазір жаһан талабына жай жасалып, Қазақстанның жаңа индустриялдық-инновациялық даму көрсеткішін айғақтауда. Соның бірі мемлекеттік маңызы зор деп бағаланып отырған «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы болып отыр.

Бұл – тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі Еуразия кеңістігі үшін стратегиялық мүддесі басым жоба. Болашақта Еуропа мен Қытайды жалғастырып, алтын көпірге айналатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің Қазақстан үшін маңызы өте зор. Бұл халықаралық көлік жолы Санкт-Петербор-Мәскеу-Нижний Новгород-Қазан-Орынбор-Ақтөбе -Қызылорда-Шымкент-Тараз-Қор­ғас-Үрімші-Ланчьжоу-Чжэнчжоу -Ляньюньган бағыты бойынша өтеді. Оның жалпы ұзындығы 8445 ша­қырымды құрайды екен. Осынау асқақты жобаның 2787 шақырымы Қазақстанның 7,9 миллион адамы тұратын 5 облысын басып өтеді. Бұл дегеніміз – аталған облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беру деген сөз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы еліміздегі және әлемдік ауқымдағы ірі жобалардың бірі болып саналады. Ғасырларға қызмет ететін бұл көлік жолының бойындағы елді мекендердің индустриясы дамытылып, шағын қонақүйлер, жанармай құю бекеттері, көлік жөндеу орындары ашылмақ. Ол өз кезегінде қазақ елінің жаңа бренді болудан үміткер туризм саласын дамытуға жағдай жасайды. Жол жасалып, еліміздің ішкі аймағы берік байланысқа түсіп жатса, қосымша инвестицияның келетіні айқын. Себебі еліміздің алуан түрлі табиғи жерлері және керемет тарихи жәдігерлері туризмді дамытуға таптырмас орын болып табылады. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербековтің айтуынша, қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының құрылыс-монтаждау жұмыстарында 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Оның ішінде шетелдік жұмысшылар – 500-ге жуық адам, жергілікті жұмысшы­лар – 17 мың адам, ал қалғандары – республикамыздың әр өңірінен келген мамандар. Келесі жылы жол-құрылыс жұмыстарына тағы да 20 мыңға жуық жұмысшы тарту жос­парланып отырған көрінеді. Аталған дәліздің құрылысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қо­салқы жұмыс орындары ашылуына, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің жақсаруына өз септігін тигізетіні анық.
Мәселен, еліміздің батыс об­лыстарының бірі Ақтөбе бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік жолы аймақтың 621 шақырым аумағын басып өтетінін ескерсек, талай жолдың жаңа келбетке ие болатыны анық. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың айтуынша, бұл жоба аяқталса, алдағы 2-3 жылдың кө­лемінде-ақ Ақтөбе облысының экономикасы 15-20 пайызға көтеріліп, бірқатар әлеуметтік мәселелер өз шешімін табатын көрінеді. Жергілікті халыққа тағы бір көмек – жобаның басталуымен жаңа жұмыс орындары ашылуда. Одан бөлек, облыста 14 құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Мұндағы жұмысшылардың басым бөлігі – жер­гілікті тұрғындар. Мұнымен қатар Ақтөбеден Ресей шекарасына қарай 14 көпір салынады. Бұл нысанда 2 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Бұрындары ел аузында Ақтөбе облысындағы «өлім алқабы» аталып кеткен 215 шақырымдық жолдың күрделі жөндеуі биыл аяқталатын болыпты. Жалпы алғанда, Ақтөбе облысы аумағы жолдарындағы жұмыстар келесі жылы аяқталып, мерзімінен бұрын пайдалануға берілетін көрінеді. Ендігі үміт бұл жолдың «өмір жолына» айналып, облыстың экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталуында болып отыр.
Күре жолдың Қызылорда об­лысындағы бөлігінде төрт бірдей бас мердігер мен 16 қосалқы мердігер компаниялар жоспарға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Мердігерлерге қойылып отырған талаптардың бірі – дәліз құрылысына тек қана отандық өнімдер қолдану. Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды жалғайтын халықаралық автодәліздің 811 шақырымы осы облыстың аумағынан өтеді. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов: «Осы жолға қазіргі күні төрт мыңға жуық жұмысшылар тартылған болса, соның жартысы – жергілікті мамандар. Бізде мамандар жеткілікті. Қызылорда қаласында және аудан орталықтарында оқыту бөлімдері ашылып, біздер мамандарды әзірлеудеміз». Жылжымалы лаборатория инженері Мұхитдин Тұр­жановтың айтуынша, ескі жолдағы асфальт-бетон 4-ақ сантиметр болса, жаңа жолға үш қабат асфальт-бетон төселмек. Бірнеше қабаттан тұратын асфальттың қалыңдығы 65 сантиметрді құрайды. Мамандардың айтуынша, ылғалдылығы көптеу аумақтарда ол әлі де қалыңдай түседі. Бұл ауыр салмақты көліктерді еркін көтеруге есептелген. Маңызы зор бұл тас жолға үлкен үміт артылып отыр. Еліміздің транзиттік мүмкіндігін арт­тыруға бағытталған мегажоба об­лыстың әлеуметтік жағдайына да, эко­но­микасына да серпін берері анық.
Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтетін магистраль дәлі­зінің ұзындығы – 454 шақырым. Бұл облыстағы ахуалға келсек, жол құрылысын жүргізетін 6 компания анықталып, жолдың 232 шақырымында ашық жұмыс жасау бағыттары қарастырылуда екен. Ал Жамбыл облысындағы жолдың ұзындығы 495,3 шақырымды құрап, Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Шу және Қордай аудандарының аймақтарын басып өтеді. Сондықтан жол құрылысында Күйік, Шақпақ, Қордай сияқты асуларды және Тараз қаласы мен Шақпақ ата, Бауыржан Момышұлы, Айша Бибі, Құлан, Меркі, Қордай елді мекендерін айналып өтетін жол айрықтары ескерілген. Бұл жердегі басты ерекшелік: жоба аясында ақылы екі жол салынады. Біріншісі – 209 шақырымдық Ташкент-Шым­кент-Жамбыл облыстарының шека­ралары аумағы болса, екіншісі – Алматы-Қорғас жолы. Алматы-Қорғас жолының жалпы ұзындығы 301 шақырымды құрайды. Автожол құрылысын салуға жергілікті жердегі құрылыс материалдарын тарту және жергілікті мамандарды жұмыспен қамту жолға қойылған. Әлем көз тігіп отырған бұл транзиттік дәліздің дүниежүзі үшін де маңызы өте зор деуге болады. Өйткені аталмыш жол құрылысына «Азия Даму» банкі – 702 миллион, «Ислам» банкі – 394 миллион, «Еуропа» банкі – 180 миллион, Жапонияның «Джайко» агенттігі 68 миллион доллар көлемінде қаржы бөлген екен.
Дәліздің құрылысы толық аяқ­­­талғаннан соң жүк тасымал­дау­шыларға ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз ету үшін халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген 20-дан астам жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу жоспарлануда. Бұл дәліздің құрылысының аяқталуы еліміздегі туризм саласын дамытуға жаңа серпіліс алып келеді. Дәліз «Көксай» тау шаңғысы базасы, «Ежелгі Түркістан», «Ежелгі Оты­рар», «Қасқасу» таулы шаңғы курорты, «Байқоңыр», «Қорқыт Ата», «Қамбаш», «Ғарыштық айлақ», Киіз үйлі отель, «GREENLAND» және «Ырғыз сарайының керуені» туристік аймақтары арқылы өтеді. Осы аталған туристік орталықтарға қауіпсіз, ыңғайлы жүріс қамтамасыз етілетін болады. Жобаның техни­калық-экономикалық негіздемесіне сәйкес 2020 жылы жүк тасымалы 2,5 есе, яғни жылына 13 млн. тоннадан 33 млн. тоннаға дейін өсетін болады. Жоба Қытай-Қазақстан (25%), Қытай-Орталық Азия (35%) және Қытай-Қазақстан-Ресей-Батыс Еу­ропа (40%) аралықтарында үш бағыт бойынша жүк тасымалын та­сымалдауға мүмкіндік береді.
Бір сөзбен айтқанда, күре жол халықтың күнкөрісін арттырып, елдің экономикалық дамуына жаңа серпін берері анық. Бұл тек еліміздің ішкі қатынасын ғана арттырып, әлеуметтік мәселелерді шешу ғана емес, сондай-ақ елімізде туризм саласын жаңа қарқынмен жандандыру деген сөз.

Сұлтан ТАЙҒАРИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.