Заң мен тәртіп – ел тыныштығының кепілі

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау жолында ерен еңбек етіп келеді. Соңғы жылдары бұл салада жасалып жатқан реформалар да оң нәтиже беруде. Полиция қызметкерлерінің айлық-жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайлары да шешімін табуда. Сала қызметкерлерінің арасында күнделікті еңбегімен, ерлігімен, қаһармандық істерімен өзгелерге үлгі болып келе жатқандары да аз емес.

Өз кәсібіне адал, мемлекеттің тыныштығы мен бейбітшілігін ойлайтын полиция қызмет­керлері 23 маусым күні кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осы орайда еліміздің бірқатар өңір­лерінде әртүрлі деңгейдегі шаралар да ұйымдастырылуда. Солардың бірі – Тараз қаласында өңірдің барлық полиция бөлім­дерінен 300-ден астам делегат қатысқан облыстық жас полиция қызметкерлерінің форумы.
Форумға қатысуышылар пленарлық отырысқа кіріспес бұрын, форум делегаттары Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы көше бойында батырдың құрметіне арналған ескерткіш тақтаның ашылуына қатысты. Салтанатты митингте гүл шоқтарын қойғаннан кейін Полиция департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Ералин сөз сөйлеп, өткізіліп отырған іс-шара антына адалдық танытқан, қоғам алдындағы азаматтық және қызметтік борышын өмірінің соңына дейін орындап, өлім қаупінен жалтармаған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне құрмет көрсету екенін атап өтті.
Шара барысында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева сөз сөйледі. Достық үйінде өткен пленарлық отырысты Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты, Полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші орган­ның төрағасы Мұқаш Ескендіров кіріспе сөзбен ашты. Жиында өзіндік қауіпсіздік басқармасының жеке құрам жөніндегі инспекциясының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Жалғас Жақыпов, Жамбыл аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Заманбек Маханов, Мойынқұм ауданы полиция бөлімі бастығының кадр ­саясаты жөніндегі орынбасары Алмас Садуов, Сарысу АПБ учаскелік полиция инспекторы Баубек Дошекеев және т.б. азаматтар сөз сөйледі. Іс-шараның модераторы, ПД Кадр саясаты басқармасының бастығы Ержан Егембердиев белгілі бір жетістікке жеткен жас полицейлерді дипломдармен марапаттау туралы бұйрық оқыды.
Жас қызметкерлер форумы «Халықтың қуаты – бірлікте» атты дөңгелек үстел басында әңгімелесіп, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне танымдық экскурсия жасаумен аяқталды. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, полиция қызметкерлері!

Балым Рысберген

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.