Аристотельдің болжамы

Ертеде Египеттегі Ассирия және Вавилон патшалықтарының халқы қаптай ұшқан көшпелі шегірткелерден (азиялық шегіртке) зардап шекті. Көшпелі шегірткелердің қай­дан келгені белгісіз, лезде-ақ жайқалып тұр­ған егін мен көкорай шалғын өсімдіктерді өрт алғандай жойып жіберген де, егін жай­дың топырағын шығарып, халықты ашар­шылыққа ұшыратқан. Қараңғы халық не істерін білмей абыржыды.
Күйзеліп, өліммен күрескен қараңғы халық көшпелі шегірткені жою үшін лаулата от та жақты, «құдайға» да табынды, тас атты, сойылмен соққылады, бірақ ешқандай нәтиже шықпады. Бұл жойқын күштің қаһарынан құтылудың бір жолы – тек насекомдардың қайдан, қалай шыққанын білуде ғана екендігін жұрт еріксіз мойындауға мәжбүр болды.
Осы мәселемен сол кездегі ғалым Аристотель (біздің эра­мызға дейінгі 384-322) шұғылданған. Оның ұзақ бақылап, тексергені – капуста ақ көбелегінің даму және өмір сүру кезеңі. Ұлы философ Аристотель зерттеуінің ақырында көбелек – жұлдызқұрттан, ал ол жасыл жапырақтан пайда болады деген қорытындыға келді. Аристотель бақылау қорытындысын былай баяндайды: «Алғашында жапырақ бетіне тары дәнінен кішірек түйір, біраз уақыттан кейін осыдан құрт пайда болады. Ол көлем жағынан ұлғая келе үш күннен соң жұлдызқұртқа айналады. Ұлғайған сайын оның қозғалысы баяулайды да сыртқы пішінін өзгертеді. Оны қуыршақ деп атайды. Шамалы уақыттан соң қуыршақ жарылады да, одан қанатты тіршілік иесі – көбелек шығады».
«Көбелек жасыл өсімдіктен пайда болады, сонда көшпелі шегіртке қайдан болады екен?» деген сұрақ Аристотельді көп толғандырды. Рас, ол кезде көшпелі шегірткенің қай мекеннен келетіндігі белгісіз еді. Сондықтан Аристотель көшпелі шегіртке батпақта өсетін шөп пен тұнбадан пайда болады деген болжам айтты.
Одан бері 2300 жылдан астам уақыт өтті. Соған қарамастан, көптеген ғасыр бойы ірі ғалымдар насекомдар өсімдіктен пайда болады деген ұғымға көпке дейін сеніп келді.

Нұрлан ҚҰМАР 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.