ӘН АРҚАУЫ – САҒЫНЫШ

Ән дейтін ұлы құбылыстың өмірге келуі қашанда жұмбақ. Сонысымен де ол тыңдарманын баурай түседі, еліктіре береді… Арғы замандарды айтпағанда кешегі Шәмші, Әсет, Әбілахат, Нұрғиса, Мыңжасар аталарымыздан бастап бүгінгі арамызда жүрген Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев, Марат Омаров ағаларымызға дейінгі композиторлардың туындылары тұнық кештерде, көңілді отырыстарда, шырайлы басқосуларда неліктен көп тыңдалады, жиі орындалады? Себебі ол әндер терең сезімнен, шалқар шабыттан, Отанға, елге, анаға деген махаббаттан, ғашық жарға деген сағыныштан, қимас дос-жарандарға ­деген ақ көңілден, құрбы-құрдастарға ­деген риясыз ыстық ықыластан туған. Сол бір ғажайып әуендердің өн бойындағы тылсым сыр, қайталанбас лирика тыңдарманның жүрегіне әппақ арман болып қонақтап, санасына сәуледей нұр шашып, жанына мөлдір бұлақтай құйылып… әйтеуір, ойыңның түкпірінде мүлгіп жатқан нәзік пернелерді қозғап өткендей күй кештіреді. Рухың көтеріліп, жаңа бір әлемге енгендей боласың. Қайта-қайта тыңдай бергің келеді, ән-қанатын кеңге жайып, самғай бергің келеді. Себебі құлақ құрышың есті әнді тыңдаудан еш жалықпайды. 

Қазақ әнге келгенде талғампаз. Татымсыз әнді қабылдай қоймайды. Өйткені жақсы әннің қандай болатынын бойына әбден сіңірген. Алайда сол талғампаздық азайып бара ма деп те алаңдайсың. Мұны бүгінгі нөпір болып шығып жатқан «әндердің» көптігіне қарап та бағамдауға болады. Жақсы әнді жүрекпен қабылдау, сезіну, бағалай білу қасиетімізді жоғалтып алмасақ екен. Себебі біз тек жақсы ән мен тәтті күй тыңдап өскен елміз. Әнді тәрбие мектебі деп қабылдаған жұртпыз. Әнмен серпілетін, әннен шабыт алатын, қанаттанатын қазақпыз! Жоғарыда атап өткен аяулы есімдерден кейін бүгінгі қазақ ән көшінің жолына қарап, таланттардан кімдер бар екен деп назар салып жүреміз. Мүмкін олар онша таныла алмай тасада қалып жүрген де шығар. Әйтеуір, қазақ әнінің көші сапа тұрғысынан өз деңгейін жоғалтып алмаса деген тілек әрдайым көкейімізде маздап тұратыны сөзсіз…
Бір-екі жылдың жүзі болған шығар деймін, қазақтың қоңыр мінезді, қарапайым азаматы Ержан Тастанбековпен таныс-біліс болғанымызға. Алдымен оның ән жинағы қолыма тиді. Асықпай барлығын тыңдап шықтым. Ерекше әсер етті. Көңілге жылылық ұялатты. Бүгінгі шуылдақ, даңғаза дүниелерден жалығып жүрген басым әлгі әндерді ой елегінен өткізе отырып, қайта тыңдадым. Тыңдадым да: «Қазіргі заманда мынадай да композитор бар екен ғой» деп таң-тамаша болдым. Байқағаным, Ержан Отанұлы өз шығармашылығын кешегі ұлылардың ізімен жалғастырып келеді екен. Иә, ол жеңіл-желпі айта салатын, бүгін естіп, ертең ұмытылатын әндердің шығарушысы емес. Оның жаратылысы, табиғаты, болмысы эстрадалық әндерден мүлде алыс. Есесіне, қазақтың мінезіне, ұлттық рухына жақын. Мәселен, оның әндері жайлауда, табиғат аясында немесе алтыбақан үстінде тербетіліп, ауыл кештерінде шырқайтындай тамаша әндер. Кең тынысты, әсем сазды. Жалықтырмайды, жаныңа шуақ сыйлайды, сарайыңды кеңітіп: «пах, шіркін», «беу» дегізеді.
Әндерінің орындаушылары да осалдар қатарынан емес. Тастанбековтің әндерін елімізге белгілі әншілер Нұрғали Нүсіпжанов, Талғат Күзембаев, Майра Дәулетбақова, дәстүрлі әншілерден – Рамазан, Ерлан Стамғазиевтер, Еркін Шүкіманов, Жоламан Қожыбанов тәрізді өнерпаздар шырқайды.
Композитордың бірқатар әндері домбы­раға арналып жазылғанына да қуандым. Себебі қазір домбырамен шырқайтын жаңа, есті әндер азайып кетті. Жоқтың қасы. Көпшілігі эстрадаға бейімделіп, бой ұрғаннан ба, Сәкен Сейфуллин суреттегендей: баяулатып, жаяулатып, ырғалтып, шырқап, толғатып дейтіндей әндер жоқ­тың қасы. Ерекең осындай олқылықтың орнын толтырып жүрген ­санаулы композиторлардың бірі. Өзі «мен осындай едім» деп насихатын жасай бермейді. Қарапайым тіршілік кешеді. Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, несібесін өнерден теріп жүрген жайы бар. Өзі де зор дауысты, талантты әнші. Сондықтан болар әннің табиғатын өз жүрегінен өткізіп, терең сезіне алады. Балуан Шолақтың «Ғалиясын», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін», «Қызыл асығын», Жаяу Мұсаның «Сұрша қызын», Ақан Серінің «Балқадишасын»…айта берсек көп, небір тамаша әндерді биік деңгейде орындайды. Ержан Отанұлы Кәкімбек Салықов, Ибрагим Исаев, ­Абдрахман Асылбек­ сынды қазақтың көрнекті ақындарымен шығармашылық бірлестікте жұмыс істеп, олар ақын ретінде мәтін жазып, тамаша әндерді өмірге әкелген. Сазгердің көптеген әні Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған. Жиыны 50-ден астам әннің авторы. «Арман ғашық», «Астана таңы», «Тоғжан назы», «Домбыра сылқым күмбірі», «Әнімсің», «Сұлулар мекені Талдықорған», «Аққу күндер» және т.б. әндері халыққа кеңінен тараған. Радиолардан беріліп, шығармашылық кештерде, концерттерде орындалып жүреді. Бүгінде де ол өз шығармашылығын жалғастыруда. Айтпақшы, ол аттың сынын да жақсы біледі. Кезінде серілерге тән болған бұл қасиет те бүгінгі заманда ұмыт бола бастағандай. Ол жайында алдағы уақытта бөлек сыр толғармыз.
Осы мақаланы жазудағы мақсатымыз – есті әндерді өмірге әкелуші композитордың өнеріне қолдау көрсетіп, қалың елге, оқырман қауымға кешегі ұлылардың ізін басып, өнердің өресін төмендетіп алмайық, қазақ әнінің табиғатын сақтайық деп еңбек етіп келе жатқан азаматтың ортамызда жүргенін жеткізу болатын.
Өзінің шығармашылығы туралы айтқан мына бір ойларына да құлақ түрсек: «Халық мені білмесе де, әндерім шығып жатса, маған сол жетеді. Кейде ел арасында өзімнің әндерімді тыңдап қалсам, төбем көкке жеткендей қуанып қаламын», «Шабытты көбінесе табиғаттан аламын. Бір жақсы адаммен танысасың, ол да сенің жан дүниеңе әсер етпей қоймайды. Өткен уақытқа ой көзімен қарап, жастық шағымды еске аламын. Жақсы ән-күйлерді тыңдап та шабыт алатын кездерім жиі болады», «Менің ойымша, жас композиторлар Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа» тәрізді күйлерін тыңдау керек. Мысалы, Біржан сал, Ақан серілердің әндерін, Нұрғисаның «Аққу» күйін тыңдайтын болса, композитор ретіндегі жауапкершілігін арттырады. Жеңіл дүние жазуға жүрексінеді. Өйткені алыптарға қарайды. Солардың өнері белгілі бір дәрежеде шығармашылығына өлшем болады. Сондықтан өзім ән жазар алдында қатты ойланамын. Жеңіл-желпі әуендерді тудыра салу, орындай салу – мұның бәрі кешегі өткен ұлы композиторларды тыңда­мағаннан. Тыңдаса, сахнаға именіп шығар еді. Бұл сөзімді кейінгі жастарға тәлім-тәрбие болсын деп айтып отырмын».
Ержан Отанұлының әндері туралы әншілердің көптеген жылы пікірі бар. Солардың бір парасын осы мақаламызда ұсындық. Қысқасы, ән әлемінде өзіндік жолын, соқпағын қалыптастыра білген, өнерге адал қызмет жасап келе жатқан ұлт сазгерінің шығармашылығы алдағы уақытта да молынан өрістей берсін деген тілектеміз.

Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, Қазақстан Республикасының Халық артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Ержанның «Әнімсің» деген туындысы таза лирикаға құрылған. Жігіт адамның өмірге, сүйіспеншілікке, махаббатқа ынтызар жүрек тебіренісінен туған. Концерттерде айтып жүрміз. Әндердің 99-пайызы махаббаттан туындайды. Ол еліне, жеріне, Отанына деген махаббат. Жалпы ән құрылымы, мәнері құлағымызға сіңген ұлттық нақышта жазылған. Бөтен құрылымдардан, әуез, иірімдерден ада. Соңғы кездері кез келген таныс ырғақтардың соқпағына түсіп еліктеу, жаттанды, әуесқойлықпен біреудің үрдісін қайталау кездеспейді. Композитор өз жүрек сезімін, өз бояуын беруге баса мән бергені байқалып тұр.

Ерлан СТАМҒАЗИЕВ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
– Ержанның «Астана таңы» әні – дәстүрлі әншілердің орындауына арналып жазылған туынды. Орындаушыдан өрлікпен қатар шеберлікті бірдей талап етеді. Әсіресе, иірімдері өте терең, нәзік, кең тынысты. Ән құрылымы, бояуы – жас қаланы, табиғат сұлулығын, ондағы атқан таң мен келіп қоныстанып жатқан жастардың өмірін әуен арқылы жеткізіп тұрғандай әсер қалдырады. Кәкімбек Салықовтың «Күлімдей шалқып, арудай балқып» деген өлең жолдарымен сырласып, астарласып жатыр. Дәстүрлі әншілерге арналған соқталы туынды деп бағалаймын.

Жоламан ҚОЖЫБАНОВ, Ә.Қашаубаев атындағы байқаудың бас жүлдегері:
– Көп әншілердің ыңғайына келе бермейтін күрделі ән – «Домбыра сылқым күмбірі». Ол өткен күнге деген қимастық пен сағынышты, сұлулық пен өкінішті суреттейді. Сәтті шыққан ән деп айтар едім. Әннің күллі мәні табиғатымызбен, өзен-тауларымызбен астасып жатқандай. Әлдебір дүниеге қимастық бардай… Жоғары көңіл күймен орындалады, шабытқа шабыт қосып, көңілге алабөтен серпіліс береді.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.