ЕМІ ШИПАЛЫ ДӘРІГЕР

Жуырда елімізде медицина қызметкерлерінің күні атап өтілді. Осы саладағы әрбір маманның жанкешті еңбегі – талай науқасты аман сақтап қалып, олардың өмірі мен денсаулығы үшін күрес жолында күн-түн демей жүретін нәтижелі қызметінен аңғарылатыны сөзсіз. Дәрігерлерге мың сан адамның рақметі мен алғысы күн сайын ­жауады. Әлбетте, оңай мамандық емес. Бүкіл уақытыңды сарп етіп, өз ісіңнің кәнігі шебері болуды талап ететін мәртебелі мамандық. Сондай абзал жанның бірі – Сәрсенбай Мүсірепов дер едік. 

Иә, асылы ықылым заманнан бері қоғамдық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс – тұлғалардың жаратылысы ерекше болып, көпшілік ортада Құдай берген қадір-қасиетімен бала кезден-ақ танылатындығы. Сөйтіп, жастайынан көзге ілігіп, қай істе де мақсаткерлік мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығы. ­Хирург дәрігер Сәрсенбай Райымқұлұлы ұлттық дәстүрде тәрбиеленген, халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, басқаны былай қойғанда, тіл, тарих, мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан ұлтжанды азамат.
1949 жылы (Алматы облысы, Қарасай ауданы) Қаскелең (қаласы) ауданы Киров ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі колхозда істеген, шаруаның отбасынан шыққан Сәрсенбай Райымқұлұлы 1964-1967 жылдар аралығында Қаскелеңдегі мектеп-интернатынан түлеп ұшып, 8-сыныптан кейін Республикалық медициналық университетінде білім алып, оқуын ойдағыдай тамамдайды. Адамға дәрігер мамандығының қыр-сырын толық біліп, сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Жас маман 1967-1969 жылдары өзін-өзі шыңдап, жетілдіру мақсатында А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының Нейрохирургия бөлімінде лаборант болып қызмет етіп, сол жерде де елдің аузына ілігеді.
Жұрт ішінде «ақ халатты абзал жан» деген дәрігерлерге қарата айтылады. Шынында да, нағыз абзал адамдар – солар. Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі доктор Лавровты адамдардың барлығы тегіс сыйлайтыны бар емес пе. Осы фильмді көрген соң «дәрігер – шынында да қадірлеуге лайық мамандық екен ғой» деген ой келеді. Буырқанған өмір-өзен бір орында тұра ма, С.Мүсірепов 1969-1971 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтейді. О заманда дәрігер болғысы келген азаматтың арманы бірден орындала қоймайтын. Өйткені медициналық оқу орындарына түсу үшін қажырлы еңбек, зор зейін, ерекше талап қажет. Ол Құдайдың берген таудай талабы, құлшыныс-құштарлығы, тынымсыз еңбегінің арқасында 1971-77 жылдары бұрынғы Алматы мемлекеттік медицина институты, қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің емдеу факультетінде оқуын ары қарай жалғай түседі.
Сәрсенбай Райымқұлұлы өмір ­жолында талай сынақты басынан өткерді. Алдына биік мақсат қойды, ұмтылды, жетті. 1975 жылдың 28-қарашасында Гүлнәр Шаншарқызымен отау құрып, бір ұл, екі қыз сүйеді. 1978-2013 жылдар аралығында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылының ауруханасында жұмыс істейді. «Халық – менің шын атым» деп Жамбыл айтқандай, дәрігерлер қауымының ортасында жүрді, еліне еңбек етті. Адамның өз бағасын білуі – үлкен олжа. Өз бағасын білмейтіндер өмірден көп опық жейді. Ал Сәрсенбай Мүсірепов қай ортаға барса да судай сіңіп, тастай бататыны, ортақ тіл тауып сөйлесе алатыны, үлкеннің алдында жөнсіз пәсеймей-ақ, жастың алдында ретсіз көсемсімей-ақ өз шындығымен жүретіні – кісілігі мен кішілігі дер едім. Қазіргі кезде Алматы қаласы Медеу ауданының Қорғаныс ісі жөніндегі басқармасында жұмыс істейді.
Тәжірибесі мол дәрігер өзінің білген-түйгенін жазып, ара-тұра баспасөз бетіне жариялап тұрады. Мұның өзі де – «кейінгі толқын інілер» үшін өшпес өнеге. Қорыта келгенде айтарымыз, дәрігер – ­жауапты мамандық. Осынау жауапты мамандыққа барынша адал болып, талай жанға шипалы емін дарытып, сауықтыру ісінде үлкен еңбегімен көрініп келе жатқан Сәрсенбай Райымқұлұлының өмір жасының жаңа белесіне көтерілген сәтінде тек жетістіктер тілейміз.

Мейірбек АСЫЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.