ГАЛСТУК

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Моншада мен арқаларды көп ыстым,
Моншада мен сан тағдырмен тоғыстым.
Монша деген мүгедектер музейі,
Сол музейде документі соғыстың.
Қадыр

Түрмеде бәрі тең. Моншада да солай. Жалаңаш тұрып ештеңені жасыра алмайсың. Он екі мүше – ашық тәннің алдында қызыл тілдің бірдеңені бүгіп қалуы мүмкін емес. Бұл жердің салты солай – теңдік пен ағыл-тегіл ашық көңілге көлбеу жатқан шекара жоқ.
Тәуелсіз әңгіменің бәрі моншада айтылады. КСК ыстық су бермегелі үшінші апта – соңғы күндері осында үш рет келдім. Орта деңгейдегі зиялылардың бас қосқан жерінде қолына қалам ұстағандар мен «еңбек сіңіре алмай» жүрген әртіс-актерлер, теледидардың «Мың бір мақалында» жылт етіп көрініп қалатын ауылдың иісін аңсағандар, «Қарекетте» түсін суытып сөз алған заңгерлер, әйтеуір, қанында ұлтқа деген жанашырлық сезімі барлар терлеп-тепшіп отырып тақырып таңдамай ой толғайды. Бір тәнті болатының – көгілдір экрандағыдай көлгірсу жоқ, жейде кимегендер не айтса да ағынан жарылып, көңіл қақпасын айқара ашып тастайды.
Бір мезет бет-аузы жып-жылмағай, таяқ сүйенген бір кісі тәй-тәй басқан сәбидей тәлтіректей басып, киім шешінер жерге кіріп келді. ­Мойнында галстук. Моншада галстук таққан да жалғыз өзі. Жас шамасы жетінші ондықтың үстінде ме деп ойладым. Ең әуелі, түйіні тобықтай қара галстугін қолы қалтырап әрең шешті. Ілкі сәтте ішке кіріп, шойқаңдап қайта шықты.

– Сабынымды ұмытып кетіппін, – деп жәшігін аштырып еді, іздегені табылмады. Сөйтсе, бөгде жәшікті меңзепті. Кәрілік әбден белден басқаны көрініп-ақ тұр. Қас қылғанда, жәшіктің иесі – көккөз жігіт шығып қап, шәңк-шәңк етіп шалды ұрыға теңеді.
– Үйіңде отырмайсың ба!? – деді ең соңынан.
– Әй, мен сексеннің тоғызын­дамын. Сен мені ұры деп соттата алмайсың. Мен сені соттатамын, – деп шал да күш көр­сетті. Біз басу айттық. Көккөзге «Үлкенге олай сөйлеме» деп ақыл үйреттік. Сосын ақсақалдан:
– Неге тоқсанға келгенше сақал-мұртсыз жүрсіз? – деп сұрадық.
–«Мұсылманның көркі – сақал-мұрт». Біз – коммунистік партияның солдатымыз. Партия сақал-мұрт қоюға қырын қарайтын.
– Көсемдердің бәрі қойды ғой. ­Лениннен бастап…
– Олар… партияның қаймағы еді. Біздің тұсымызда сауын сиырдай суалды ғой. Суалды емес, сұйылды дер едім. Сұйылып-сұйылып, ақыры, құлады. Партияның жолы дұрыс жол еді, оны жеке басқа пайдаланып кетті. Халық үшін пайдаланғанда өмір сүре берер еді. Мен қандай көсе болсам, қолым да сондай таза. Мойнымнан галстугім түскен жоқ.
Бізбен бақұлдасып жатқан әкемнің «Аузымнан Құраным түскен жоқ» деген ақыретке аттанар алдындағы өз-өзіне риза үні құлағыма қайта естілгендей болды.
– Осы жерге галстукпен келген сіз ғана, – деп, біреу сөзін бөліп жіберді.
– Сөз тыңдап үйрен, ойымды аяқ­тайын… Менің балам бір үлкен кәсіп­орын­ның басшысы еді, сонда қазақтар көп жұмыс істеп кетіп, награданың бәрін солар тағып кетіп… Сол үшін 86-ның желтоқсанынан кейін оны партиядан шығарды. «Оған партия қатарында орын жоқ» деп «Социалистік Қазақстан» бірінші бетіне ҚазТАГ хабарын жариялады. Заман өзгерді, балам сол кәсіпорынға басшы боп қайта келді. Казір онымен Елбасы да санасады. Асыра сілтеуіміз аз емес. Оған өзіміз, мына отырған өздерің кінәлісіңдер, – деп бір қойды да, моншашы әйелге тарпа бас салды.
– Неге еден таза емес, неге отырғыш сүртілмеген?! Бұл сіздің тікелей міндетіңіз.
– Менің міндетім – билет тексеру.
– Бұл да Сіздің міндетіңіз. Шақы­рыңыз меңгерушіні. Тазалық социализммен бірге кетті. Менің өмірім моншамен тығыз байланысты. Монша – монша сияқты болу керек. Мәселен, Қонаев «Арасанды» соқтырғаны үшін Мәскеуден сөгіс алды. Ол «Арасанды» өзімен бірге алып кеткен жоқ, игілігін тірілер көріп жатыр. Қазақ баласы Республика Сарайы мен «Арасан» үшін сол кісіге рақмет айта жүрсін, – деп үндемей қалды да, «Өзі сонда бір рет шомылды ма екен?..» деп орнынан тұруға ыңғайланды.
– Әлгіндегі әңгімеңіз аяқталмай қалды ғой, – деп қасына жақындадық. – Награданы қазақ алмай, кім алуы керек сонда?
– Қазақ көп алып кетті деп жүрген де ұлты қазақ, өзіміз өсірген шәкірттеріміз. Біз оларды «осылай айт» деп тәрбиелеген жоқпыз. Жуыну – күн тәртібіндегі бірінші міндетім, дискуссия үзілісте болсын, – деп таяғына сүйеніп ішке енді.
Зиялы жастар арқасын езіп, қартқа демеу көрсетті.
– Менің күнім – сейсенбі, сағат он бір, – деді кетіп бара жатып…
Үй басқармалары жойылып, орнына КСК келгелі «қоғамдық ұйыммын» деп халыққа ойына келгенін жасауда. Пәтерақы талап етуді білгенмен суды уақытылы жібермейді. Әсіресе, ыстық судың мылт-сылты көп. Қоғамдық ұйымға сот жоқ деп, қолынан келгеннің бәрін істеп, қонышынан басуда. «Қазақфильм» шағынауданында ыстық су тартылғалы төртінші аптаға аяқ басты.
Тағы да моншадамыз. Бұл жолы атай таяқты тастап, бір балдақпен келіпті. Сол мұнтаздай таза кейпі, қара галстугі ақ көйлектің мойнын дар жібіндей қылқындырып, бір уыс боп түйіліп тұр. Жадырай қарсы алып, буға бір кіріп шыққаннан кейін ескі көзтаныстар шалды қаумалап алдық.
– Осы «Алматы ақшамы» газетінен бұрынырақ «Киевке Абай керек пе?» дегенді оқыдым. Абай – біздің Абай, Шевченко – хохолдың Шевченкосы. Біз өз жерімізде айдауда болған украин ақынына бір емес, екі қаланың атын бердік – Шевченко деп облыс орталығын, Форт-Шевченко деп соның қасынан қонжиттық. Ол жарықтық күнделігінде «Прощай, проклятая страна!» деп коштасыпты. Сірә, бораны мен құйынына шыдай алмаса керек. Жеріміз кең, көңіліміз одан да кең болғасын ба, жұртқа жалпақшешейміз. Біздің Абай сол жақта бола қалса, екі қала түгілі, бір көше берер ме еді?! Фурманов көшесін караңыз, қатар тартылған Қонаев көшесін караңыз. Бұрынғы Фурманов – Горный Гиганттан теміржол бекетіне дейін созылып жатыр, Қонаев болса Абайдан басталып, Академияның тұсынан шолтаң ете қалады. Алматыға екеуінің қайсысының еңбегі сіңді?
– Осының бәрін жасаған өздеріңіз емес пе?! – деп, бой-бойы шығып терлеген актер жігіт саңқ ете қалды.
– 1946 жылы Нюрнбергте гитлершіл фашистерді соттағанда «Біз бұйрықты орындадық» деп бәрі бірауызды жауап берді. Біз де бұйрықпен өстік. Енді сендер бұйрықсыз өмір сүретін дәуірдесіңдер, бұрынғыны қайталамаңдар. Қайталама дегенде, мәселен, Ленин социализмді мойындамаған Плехановты іздеп барды. Сол Плеханов мырза ойлы адамдардың тек Ресейде ғана емес, күллі әлем бедерінде тоғышарлықты түпкілікті жеңе алмайтындығына өкінеді, социализм тоғышарлықтың түпкілікті күйреуі болар деп ойлайтындар қатты қателеседі деді. Ал Герцен болса шайқас алаңында жеңіске жеткен социализм тоғышарлыкқа өзі белшесінен батып тұрғанын ескертеді. Ленин Плехановтың атын өшірмей сақтап қалды.
– Мен Плеханов атындағы НАРХОЗ-ды бітірдім, – деді бір бөтелке сыраны аузынан сімірген сабаз әңгімеден қалыспайын дегендей қақалып-шашалып.
– Сөзді бөлме! Сендер де ескінің бәрі жаман дегеннен аулақ болыңдар. Жаманның арасынан жақсысын таңдап алу керек, – деп, орнынан көтеріле берді. Сексен тоғыздағы шал қос өкпені сыққан қайнап тұрған буға сүңгіді. Жігіттермен бірдей отырды. Біз қарттың төзіміне тәнті болдық.
***
Тағы да сейсенбі. Бұл жолы ақсақал қос балдаққа сүйеніп келді. Көңілінде кірбіңі бар билет тексеруші әйел күбір етті: «Үйінде отырмай ма екен?»
Шал ішке кірерде қос балдағын қатаң тапсырды, «Жоғалса сіз жауап бересіз» деді. Билет тексеруші басын алып қашты. Біз ұры-қары көп болғанмен балдақты ешкімнің ұрламайтынын айтып, ақсақалдың көңілін демдедік.
Бұл жолы шал туған жеріміз бен шыққан жүзімізді, руымызды сұрады.
– Шиеліденмін дейсің. Сол Шиеліні өзгертіп, Жақаев ауданы десе қалай болар еді. Шиелі, ұмытпасам, дөңгелек көл ғой. Ол Жақаевтан бұрын жаралған табиғат сыйы. Нарынқол мен Байынқол да Райымбек батырдан бұрын жаралған жаратқанның киесі. Жер, судың бәрі кие. Жер, сумен аталған елді мекенді кісі атымен өзгертуге болмайды. Бұрын біліп тұрып білмеген болсақ, казір шындықтан сескенбейміз. Ленинград пен Сталинград қайда қалды?! «Адамға табын, Жер, енді!» десек, қазір «Адам, Жерге табын!» деп қателігімізге кешірім өтінеміз. Жер – адамның бесігі. Елді мекеннен жер, судың атын алып тастау – бесігіміздің әлдиін бұзу болып табылады.
– Ал кісі атындағы сыйлыққа қалай қарайсыз? – деп тықыр бас актер тағы да төте сауал қойды.
– Бір кездегі Сталиндік сыйлық Мемлекеттік сыйлық болды. Лениндік сыйлық келмеске кетті. Оған екеуінің де кінәсі жок. Нобель сыйлығынан бас тартқандарды білеміз. Ондайлар өте сирек. «Покаяние» фильмін шығарған армян режиссері Абуладзе әуелі Лениндік сыйлықтан бас тартты. Бірақ ел-жұрты қолпаштап коймады. Онын бас тартуы – Ленин іргесін қалаған социалистік қоғамның адамзатқа тигізген зардабын кино өнерінде алғаш әшкерелеп тұрып, сол қоғамның сыйлығын иемденгісі келмеді. Бұл да арлылық. Екінің бірінің қолынан келмейтін жігіттік.
Ақсақал будан бусанып шықты. Өзі аз уақытта моншаның көркіне айналды. Сейсенбі сайын дәл бір Мәскеудің ЦДЛ-ындағыдай қаумалап, қоршап аламыз. Тек шарап ішіп, темекі шекпейміз. Объектіміз – шалдың аузы.
– Араларыңда баспасөз өкілдері бар ма? — деді жәшік үстінде жатқан қос бал­дағына мойнын соза карап. – Болса… анау Абай менен Гагарин көше­лерінің қиылысындағы алты қабатты Баспа үйін соқтырған әлгі менің желтоқсаңда партиядан шыққан балам. Сол үй кітаптың ақшасына соғылды. Қазір сол үйде баспагерлер аз, коммерсанттар көп. Бірақ бәрінен бірдей шаршы метріне алты доллардан төлемақы алатын көрінеді. Ол – қаламгер еңбегінің жемісі, яғни жазушылар өздері соққан үй. Анау құрт­тай құжынаған ком­мерсанттардан алсын, сендерден алмау керек қой. Көк базардың түбіндегі тоғыз қабатты Баспасөз үйі де солай. Таза газет, журналдың кірісімен соғылған. Ақ шағаладай үйдің ғана емес, атамекеннің, елдің, жердің де заңды мұрагері – сендерсіңдер. Заң көп, соны іске асырып, өз еңбектеріңді талан-тараждан қорғауларың керек.
– Осы Түркі­стан­ға қалай қарайсыз? Оған мәртебе сұрау­дың өзі артық қой. Сұраусыз беру керек қой, – дедім мен де бір кілтипанның басын шығарып.
– Түркістан – астанамыз. Рухани ма, жоқ әлде басқа ма, Абылай жатқан Ақ Орда – біздің астанамыз. Жиырмасыншы жылы Тұрар Рысқұлов: «Түркітілдес түгел бол» деді. Ол да бәрімізді Түркістанға шақырды. Қошке Кемеңгерұлы: «Түр­кістанның мәдени шырайын бұзған – өзбектер» деді…
Ақсақал сөйлеп отыр. Ағыл-тегіл аққан терін жібек орамалмен жай ғана сүртіп қояды. Өзім болсам, Түркістанда өткен бір тойды көз алдыма әкелдім.
…Той домбырасыз өтті. Қазақтың домбырасы көрінбеді. Тойбастар айтылмады. Қазақ әні шырқалмады. Өзбек әуеніне жұлқына билеумен той тарқады. Шәмшінің «Қайықтасы» мен «Қайдасыңын» күттік. Шәмшідей ұлы­ның Отанында ұрпақтары бір әнін де шырқамай, тойға сағыздай созылған өзбек әуені иелік етті. Жастар қымсынбай биледі, кілең қазақ елеңдеп, ел әуенін іздей қоймады.
– Барлық той осылай өте ме? – деп сұрадым.
– Осылай. Біздің тойларда тек өзбек музыкасына, одан қалса «Ча-ча-ча»-ға билейді, арагідік болмаса қазақ әні шырқалмайды.
«Көрген көзде жазық жоқ», тұрғы­лықты халықтың тілі де өзбекше бұралып тұр. Тіл мен әуен түгел өзгергесін, алпыс екі тамырдың лүпілінен не пайда? ­Қа­нындағы қасиетінен айырылған адамнан көп нәрсе дәметуге бола ма?
Көшедегі таксишілердің де көбі – өзбектер. Өзбек күтіп тұрып, өзбектің таксиіне мінеді. Бір тиын болса да өзбек-әкәнің қалтасына түссін дейді. Қазақ өзбекпен өзбекше сөйлеседі, ал баласы қазақша сөйлей қалса, өзбек сойып салады. Қазақ жүргізген таксиге мінсе, «Неге өзбектің таксиіне мінбедің?!» деп жанын көзіне көрсетеді.
Кайран қазағыма бәрібір.
– Өзбектің тойында қазақша әуенге билей ме?
– Не айтқаныңыз?! Ондай жоқ қой…
Осындай босбелбеулікпен енді жетпіс жылда қай босағаға барып жығылар екенбіз? Рухани астанамыз мына түрімен қазаққа рухани қорған бола ала ма? Қошке бабамның сөзін тірілтіп, Түркістанды тазартар жаңа сана – жас ұрпақтың өспегені ме? Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілдері атанып, тойда тізіліп отырған академик, профессор, ғылым докторларының жаны мынау санадағы селкеулік – қауіпті элементке дір етпегені ме?
Тойдан торығып қайттым…
Сақал-мұртсыз атай сөйлеп отыр.
– Түркістанның жағдайы солай, – деп соза қайырды ол кісі. – «Билік тектінің қолында болса – теңдікке жетерсің, тексіздің қолында болса – тентіреп кетерсің…».
– Санамызды қалай көтереміз? Түркістан идеологиясын қазаққа қарай қалай бұрамыз? – деп сауалды төтесінен қойдым.
– Мысалы, – деп атай дір-дір еткен қолынан жібек орамалын түсіріп алды да, таза жағымен бетін сүртті. – Жапондар велосипед мінеді. ­Солар темір құрастыра алмағандықтан міне ме? Темірдің тәңірісін солардан сатып алып жүрген жоқпыз ба? Велосипедтен түтін шықпайды, денсаулыққа һәм пайдалы. Ең ғажабы, олар мінген көлігін, маркасына қарамай кез келген жерге тастап жүре береді. Бізде велосипед мінсең, бетін басып күледі, ең төменгі адамға теңейді. Тастап кетсең, ұрлайды. Әуелі бір-бірімізге, қазақ қазаққа күлмеуі керек. ­Сонда ұрлыққа да тыйым болар ма еді. Бірімізге-біріміз күлудің орнына қамқор бола білсек… Қазақтың таксиіне қазақ мінсе… таксишінің қалтасы томпайып қалды деп күндемесек… бүгін көп сөйлеп кеттім, ішке кірейін.
Атай буға қос балдағына сүйеніп кетті.
Бір мезет бәрі шу етіп, әбігерге түсті. Атай талып қалыпты. Көтеріп алып шығып, терезені айқара ашып, орамалмен желпідік. Көзін ашқан қарт:
– Көп сөйлеп қойдым. Бәрі сонан, – деп, өзіне сығырая көз салған билет тексеруші бөренедей доғал әйелге тағы да тарпа бас салды:
– Неге менің қасымда дәрігер тұр­майды?! Неге жедел жәрдем шақыр­майсыз?
– Мен міндетті емеспін.
– Міндеттісіз. Моншада медициналық аптечка болуы тиіс. Мұндай жағдайда сіз мүсәтір иіскетуге тиіссіз. Осыны орындамағанда не бітіресіз?! Бұрын осының бәрі болатын.
– Ол… бұрын… бұрын премия да болатын. Сен кімсің маған айқайлайтын.
– Мен елу жыл партия мүшесі болғам…
– Партия… Лениннен күшті емессің. Айқайлама!
– Сіз міндетіңізді адал атқарыңыз!
– Мен атқарып отырмын.
Біз атайға басу айттық.
Атайдың сөзінде шындық бар. Әлгінде айтқанының бәрі моншада болуы тиіс.
Өзіне-өзі келіп, киіне бастады. Ең соңынан тобықтай түйіні бар қара галс­тукті дар жібіндей тартып қалып, мойнына қылқындыра тағып, дір-дір еткен алақанымен үстінен жұмсақ бір сипап, қос балдағына сүйеніп, мәрмәр еденді төбесінен тоқ-тоқ шертіп, шығып бара жатты.
Маған галстугіне адал біреу кетіп бара жатқандай көрінді…
Тоқсандағы қартқа моншаның буын көпсінсек те, сейсенбіде жастар мен жа­самыстар есік жаққа жалтақтап қарай бердік.
Ол келген жоқ.

P.S.

Бір құрдасыма: «Осы сен неге мойныңнан галстугіңді тастамайсың?» деп едім, «Қызметке әртүрлі адамдар келеді. Галстук сес беріп тұрады ғой» деді айналасына ­сескене қарап. Қызметінен кеткесін көргенім жоқ. Галстугін де шешкен шығар.
Моншаға галстук тағып келетін сол кісі жер басып жүр ме екен? Тыр жалаңаштардың арасынан таба алмадым. Көшеде көріп қалам ба деп іздеп жүремін.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.