«ЖИЕН САҒАН АЙТАМ, НАҒАШЫ, СЕН ТЫҢДА…»

Өзгенің еңбегіне сұғын қадай атын шығару ма, қараулық па, пасықтық па, әлде, жұрт білмей қалады дейтін құйрығы бір тұтам қулық па, әйтеуір, жиеншілік атты пәлекеттің әлімсақтан бері белгілі екені анық. Бұрында жиеннің құрығына, негізінен, ақын-жазушылар ілінетін болса, қазір әдебиеттен бөлек, өнер, мәдениет, ғылым – барлығына дендей енгені құпия емес. Күнәң күйгір жиендердің жиендігін тоқтату мүмкін болмай тұр-ау, болмай тұр. Оны айтасыз, осы күнде ұрлығы ашылып, беттері аймандай болған жиендердің түк болмағандай жүріп жататынына сіз де, біз де көндігіп, етіміз өліп кеткендей. Айғақ-дәлел шаш етектен. Солардың өзіме мәлім бір-екеуін келтірейік те, ары қарай өзге әңгімеге ауысайық.

1960 жылдардың басында Сарыағаш аудандық газетінде жұмыс істеп жүргенде Алматыдан менің атыма жолданған конвертті ашып қалсам, кәдімгі Оспанхан Әубәкіровтің осыдан сәл ілгері республикалық газеттердің бірінде басылған «Шофердің батасы» атты сықақ өлеңі екен. Бірақ авторы басқа, аты-жөнін сырттай білетін бір қасқа. Кейін Алматыға кеп «Мәдениет және тұрмыс» журналына орналасқан бойда кездейсоқ ұшырасқан ол қасқаға «мұныңыз қалай!» дегенімде, ыржақ-ыржақ күліп, жөнді жауап айта алмады. Рас, кейін ол әдетін қойып, кітаптар шығарып, сатирик ақындар қатарында жүрді. Есесіне…
Аталмыш журнал редакциясына жер-жерден келетін өзге жиендердің өлеңдері жиі-жиі әшкере боп, мұнда да у-шу боп жатады екен (көбінің аты-жөндері есте).
Енді бірде – арадан біраз уақыт өткенде – әлдебір газеттің бір бетіне тұтастай белгілі қоғам қайраткері, атақты ғалым Сәбетқазы Ақатаевтың докторлық диссертациясынан үзінді басылып, келесі бетке сол күйінде басылған сол мәтін соңында басқа біреудің аты-жөні көрсетілді. Дәл… сол газеттің келесі санында жалғасы тағы жарияланды. Сәбетқазы Ақатаев, сөйтіп, «жиенін» тауып әшкереледі. Қандай нәтиже шықты дейсіз бе? Ешқандай!..
Әкелі-балалы ғалымдар Әуелбек, Тынысбек­ Қоңыратбаевтардың тапа-тал түсте қолды болған диссертациясының да жиені табылып, «Мәдениет» журналында басылды. Бірақ Әйелдер педагогикалық университетінде істейтін профессор ­Тынысбек Қоңыратбаев «Ол ұялмаса, мен ұяла­мын» деп «жиеннің» аты-жөнін көрсетпеді (тектілік).
Ақын Байбота Серікбаев өз дүниелерін өз атынан жариялаған – бірге жүріп, бірге тұратын – «жиенін» белгілі бір газеттің бір бетінде әшкереледі. Нәтиже ме? Ешқандай!
Шымкент облыстық партия комитетінде ұзақ жыл жауапты қызмет атқарған атақты Нартай ақынның немере інісі Мұхамеджан Рүстемов марқұм көзі тірісінде өнер саласы бойынша көптеген кітап жазып, әндер шығарған еді. Сөзін Сәнімгүл Желдербаева жазған «Қимаймын» атты әнін тұңғыш рет теледидар мен радиодан Халық артисі, белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов орындап, кең тараған-ды. Әне, сол әнді соңғы екі-үш жыл төңірегінде есімі белгісіздеу бір әнші «мен шығардым» деп, теледидардан шырқады. «Бұл қалай?» деген ешкім жоқ. Қазір ән ұрлайтын жиендерге түк істей алмай, пұшайман боп жүретін (нағашы) композиторларда есеп жоқ. Біз тек бірді-екілі фактілерді келтірдік. «Жиендер-ау, бұл қалай?» деуден әріге барар шама жоқ бізде де. Иә, жиен, саған айтамын!.. Нағашы, сен тыңда! Тыңдағанда енді былай ғой…
Мұны да қысқа қайырып, тоқ етерін айтар болсақ, сонау жылы – мен ­«Парасат» журналынан зейнетке шыққан соң, сонда бөлім меңгерушісі боп жүргенімде – жұмыс бөлмеме бір азамат келіп, өзін пәлен деген жазушымын, түген деген жазушы менің романымнан ұрлап, кітап шығарды деп шағымданды. «Әдейілеп сізге келдім» деген соң, жазғандарын қарап шықтым да, аса құптамасам да, жобаға келетіндей көрінгендіктен – тез жарыққа шықты. Өзімізше бір игі іс тындырдық деп жүргенде, ойламаған жерден әлгі нағашының «жиені мен едім» деп екінші бір қасқа келді. Ол да тура маған. Ешкімнен ештеңе ұрламағанына айғақ-дәлелдер келтіріп айтқан соң: «Ендеше, осыларыңызды қағазға түсіріп, жазып әкеліңіз, онан соң көрейік, бәлкім, журналға басармыз» дедім. Ол солай етті. Жазбасы «қарсы мақала» деген айдармен жарияланды. Оны да айта кетейік, мұндай нәрсе ­«Парасат» журналының тарихында бұрын-соңды болмаған жай еді. Сондықтан ба журнал басшысы маған бір айлық жалақы көлемінде сыйақы беріп, алғыс айтты. Алайда…
Нағашы-жиен екеуінің қандай мәмілеге келіп, айтыстарының соңы немен тынғанын өздері білмесе, біз білген жоқпыз. Нағашы-жиен. Екеуі де қытайдан келген қандастар, онда да, мұнда да кітаптар шығарып, қаламы төселген жазармандар екен. Аты-жөндері: «нағашы» – Тұрсынәлі Рыскелдиев, «жиен» – Жақсылық Сәмитов. Содан бері сирек көретін Тұрсынәлімен кездейсоқ жолыққанда сәлемдесетінім болмаса, іштарта әңгімелесіп, сөйлескен жағдайымыз болған емес. Ал, мейлінше қарапайым, кісілікті, иманжүзді Жақсылықпен жиын-той, қонақта ұшырасып, дәм-тұздас болып жүрдік. Ол да ертеректе қытай жақтан атамекенге оралған марқұм Қиялбек Шайкиннің үйіндегі басқосуда, тағы басқа жерлерде дегендей. Өмір-ғұмыры «Мәдениет және тұрмыс» журналында істеп, сол жерден зейнетке шыққан үлкен тұлға, айтулы азамат, марқұм Жағда Бабалықтың Жақсылық Сәмитовке деген ілтипатты жылы лебіз, ынта-ықыласы есте. Жақсылық нағашы-жиен мәселесін қозғамаса да, маған деген жылы ықыласы бет әлпеті мен сөздерінен аңғарылмай тұрмайтын. Бақиға озғанына біраз жыл болды. Рухы шат болсын.
Ал өзі зерделеп, зерттеп жазған жиені жайлы мақаласын журналға басқаннан бөлек жазығым жоқ Тұрсынәлі бауырымның маған өкпе-назы болмаса керек, айттым ғой, сирек кездесеміз (деп). Әйтсе де, осы күндерде оның марқұм Жақсылықтан басқа да жиендері ­барынан хабардар екенім рас. Қайсыбір жылы көрнекті жазушы Сәбит Досановтан «жиен жасамақ» болған жазбасын оқып, келтірген дәлел-айғақтарының ала-құла, көңілге қона бермейтінін аңғарсам да, қатысым қанша деумен шектелген жайым болатын. Әрі, жұрт неге Сәбит Досановты қырына алуды қоймайды, ол соншама кімнің егініне түсіп, арпасын орды екен деп те ойлағаным рас-тын. Бұған дейін Сәбиттің көзіне түсті ме, түспеді ме, біле ме, білмей ме, қайдам, бірақ, өз басым о бастан сол және тектен-тек сөзге ұрынып жүретін сол тектес – түк жазығы жоқ – қаламгерлерге сырттай араша түсіп, арагідік жазып та жүретінімді білетіндер болса керек (деп ойлаймын). Бір емес, бірнеше рет сөз арасында: «Ау, Досановқа пәлен атақ, түген атақ, Шолохов сыйлығына ұсынған да, берген де сен емессің ғой, неге қарадай тиісіп ұрынасың, әлде, бұл әлгі бір шамалы уақыт есекке мінгеніне есіріп, тұла бойы күншілдік, қызғаныш, өсекпен қақталған екіжүзді, парақор, пайдакүнем жамантайский көжекке еліктеу ме?» дейтінмін.
Сөйтіп, айтарыңды ашық түрде дәлелмен айтсаң болмас па деуге тәуекел еткенім ­жадымда. Сол райдан қайтты деме. Әлі солай. Тұрсынәлінің Сәбиттен жиен жасау қам-қарекетінен не өнді, не өнбеді, білмеймін. Бірақ білетіндерім де жоқ емес, мәселен… таяуда… осы биыл…
Сол менің алғашқы нағашы – авторым Тұрсынәлі, Тұрсекең тағы бір кезекті жиен ­тауып, бас-көзге қарамай, сыпырта жазғырыпты. Келтіретін қамды-қатала айғақ-дәлел бойынша, жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Әй, дүние-ай» романын Тұрсынәліден ұрлап жазған-мыс. Жазғанда күндіз-түні етпетінен жатып алып, ерінбей-жалықпай, бал жинаған арадай нәр жинапты-мыс. О-һо!. Пах! Осымен доғарамыз…
Себебі Тұрсекең нағашының назы жарыққа шығар-шықпаста жиені Бексұлтан Нұржекеев сыбағасын сілейтіп бере сапты. Және сол Бексұлтанның айтуынша, Тұрсекең өз ұлының жазушы досынан да жиен жасап жіберіпті. Кезекті жиен, әрине. Тұрсынәлінің Бексұлтанға деген өкпе-назын оқыған бойда менің де көкейіме бір ой келген еді. Бексұлтан алдымды орап, оны да менен бұрын бүк түсіріпті. Қалай десеңіз, Құдай сақтасын, былай: «Тұрсеке, келесі жиен кім болар екен? Жазушы атаулының бәрі сенен ұрлап жазатын болған ба, немене? Ендеше, алға! Аянба! Нұрпейісов, Жұмаділов, Байғұтовты да ұмытпа! Бәлкім, қармағыңа бірдеңе-шірдеңе ілігер. Ура..а..а?»!
Дәл осы тіркеске менің де қатысым бар деп білгейсің!..

Құрметпен, алғаш сөзіңді
сөйлеген танысың:
Зәкір АСАБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.