Емле мәселесін кеңесіп шешкен дұрыс

2017 жылы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге даярлық тұрғысынан арнайы «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» атты еңбегімді баспадан шығарған едім. Бұл еңбекті жазарда екі нәрсені мақсат тұттым. Біріншіден, орыстілді қандастарымыз қазақ тілі сөзге жұтаң, кедей деп мұрнын шүйіріп қарамасын, әзіл-мысқылға жол бермей, тілімізді құрмет тұтып, оны ұлықтап, үйренуге деген ынта-ықыласын кемітпесін, өз ана тілін өзекке теппесін, өз тілінде сөйлегенді намыс көріп, қор санамысын десек, емлемізді ұштай түсудің ептейлі тұстары мен тетіктеріне мән берейік деп ойладым. Екіншіден, келер ұрпақтың мүддесін ескердім. 

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобына «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» атты еңбегіме арналған дөңгелек үстел отырысында асығыстық жасамай, мәселеге жеңіл-желпі, атүсті қарамай, тыңғылықты түрде пікір алыссын ­деген мақсатпен мына төмендегілерді де ескерусіз қалдыр­маса екен деп өтінемін. Біріншіден, «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» – қазақ әліпбиін латын гра­фикасына көшіруге даярлық тұрғы­сынан жазылған тұңғыш арнайы еңбек. Басқа авторлар бұл тақырыпты арнайы әңгімелеген емес. Екіншіден, бұл – сынап-мінеуге жатпайтын еңбек. Өйткені тіліміздің лексикалық, фонетикалық, морфологиялық құры­лымын, бүкіл тіл жүйесінің барлық саласын жетілдіру арқылы оны көр­кей­тудің сан түрлі тәсіліне ешбір тіл жанашырының шетқақпай болмайтыны анық. Үшіншіден, қазақ әліпбиін 26 әріппен алғаш құрастырған Ахмет Байтұрсынұлы кезіндегімен салыс­тырғанда қазіргі тіліміз – көш ілгері дамып жетілген тіл. Осы тұрғыдан І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, тағы басқа ғұлама ғалым­дарымыздың кирилл графикасына көшкеннен кейінгі тұста жазу жүйесін дұрыс қалыптастыруға, қазақ тілі орфографиясын тіл таби­ғатына, ұлттық-артикуляциялық базасына сәйкес жетілдіруге септігін тигізген қыруар еңбегін зая кетірмеу жағы ескерілді.
Төртіншіден, әуел бастағы үш дүркінгі дөңгелек үстелді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, академик Әбдуали Қайдар, «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы, академик Өмірзақ Айтбайұлы, сол кездегі институт директоры, профессор ­Мырзаберген Малбақовтардың қолдауымен өткізген едік. Бұл аталған ғұлама ға­лым­дар еңбегімді оқып шығып, оны жоғары бағалап, оң пікірін айтты. Бесін­шіден, атақты тіл мамандары мен қаламгерлерінің басым көпшілігі Алма­тыда екенін ескеріп, мұндағы барлық жоғары оқу орындарындағы тіл маман­дарына, мерзімді баспасөз орын­дарына 150 кітапшаны таратып беріп, бір жарым жыл бойы кең көлемде, жан-жақты пікір алыстық. Олар ең бір өзекті мәселеге арналған еңбектің маңыздылығына мән беріп, оң пікірін айтты. Ешқандай ескертуі мен тілімізді көркейтудің оңтайлы тәсіліне қатысты айтар қосымшасы да болмады. Қайсыбір авторлардың айтып жүргеніндей, «кірме әріптерден то­лықтай тазартып, таза қазақ әліпбиін қалыптастыру мақсатымен түбегейлі реформаны іске асыру керек» дегені – тілімізді алға оздырмайтын, орфографияны кері кетіретін пікір. Емлені тек ішінара ұштай түсіп, орфографияны жетілдіріп, тілімізді көркейте аламыз. Қазақ тілінің әлемдегі ең бай, көркем тіл екеніне орыстілді қандастарымыздың көзін жеткізу үшін емлемізді ішінара ұштай түсудің ептейлі тұстары мен тетіктеріне мән беріп, өзгеріс енгізіп, орфографияны жетілдірер сәттегі көздеген ­басты мақсатымыз көңіл көзін әрірек жүгіртіп, тіліміздің тартымдылығын төмендететін, табиғилығын кемітетін, кем соғар тұстарын жөнге келтіріп барып, шешім қабылдаудың керек екеніне кітапшамды оқығандардың көзі жетті. Біздің айтып отырғанымыз – тіліміздің өзіне тән кемшін тұсы емес. Емле ережесін ұштай түсіп, орфографияны жетілдірудің оңтайлы тәсілдерін ескермеудің салдарынан тілімізде орныққан кемшін тұстарын дұрыстап, жөнге келтіру арқылы тілімізді көркейту.
Қазақ тілі емле ережесінің жаңа жобасына енгізілген өзгерістер толық­тыруды, жетілдіруді қажет етеді. Өйткені латыннегізді «қазақ емле­сінің негізгі ережесінде» кирилл әліп­биіндегі әріп санын азайтуға қатысты жазуды ғана өзгертіп, қазақ орфо­графиясының ережелерін жаңарту, жетілдіру мәселесі алдағы атқа­­рылар іс-шаралардың ең бастысы және өзектісі екені өз мәнінде жет­кілікті түрде ескерілмей қалған.
Қысаң ы, і әріптерін мүлдем естіл­мейтін тұстарына үстемелеп жазып, солай оқу салдарынан сөздің қалыпты дұрыс дыбысталуын бұр­малап, оқылуын ауырлатып, естілім жағымдылығын нашар­латып, әуез­ділігін солғындатып, табиғи тартым­дылығын төмендетіп, оның дыбыстық құрылымының дамып-жетілу үрді­сіне тежеу жасап жүргеніміз, айналып келгенде, қазақ тілін үйретуде қиындық ту­дыруда. Мұның өзі – қазақ тілі емле сөздігінің ғылыми принципі әлі де болса жүйеленіп, жете зерттеле қой­мағанының бір айғағы. Орфографияны жетілдіру арқылы қазақ тілін үйретуде ыңғайсыздық тудырып жүрген тұстарын жөнге келтіру арқылы тілімізді елеулі түрде көркейте аламыз. Мағыналық дербестігі жоқ сөз­дердің ішіндегі тек қазақ тілінде ғана айтылатын «жатыр» сөзі көршілес туыс халықтар тілінде кіріккен сөздің қосымшасына айналса, «алды» сөзі біріккен сөздің қосымшасы түрінде жазылады. Біз де, ең бірінші кезекте, осы екі сөздің емлесін оңтайлы етіп, бір жүйеге келтірсек, тілімізді елеулі түрде көркейте, жетілдіре түсуге қатысты өзекті мәселе өз шешімін табар еді.
Орфографияны жетілдіру мақса­тында арнайы жазған еңбегім жайын­да бірде-бір ескерту немесе келіс­­пейтін пікір естіген емеспін. Емле мен орфографияның кемшін тұс­тарын жөнге келтірмей, тілімізді көр­кейтіп, кемелдендірмей, ешбір өз­ге­ріссіз қалдыру алдағы ұрпақтың қамын ойламағандық па деп ойлай­мын. Ол айналып келгенде келер ұрпаққа қалдырар ең қымбат, ең асыл қазынамыз саналатын ана тіліне деген жанашырлық емес. ­Өкініш­тісі­ «Қазақ тілі емлесінің негізгі ере­желерінің» екі басылымына да мені қатыстырмай, пікір алыспай, жұмыс тобына қаратпай, сараптама жасатпай жібере салды. Екі басылымда да емлені ұштай түсіп, орфографияны жетілдіру мүлде ескерілмеген. Менің еңбегім осы олқылықты ескеріп, орфографияны жетілдіруге арналғандықтан, жаңа емле ережесінің үшінші басылымына міндетті түрде қатысқаным жөн деп ойлаймын.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ана тіліміздің көсегесін көгертуге атсалысып, аянбай еңбек етіп жүрген орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобындағылар ортақ ісімізді дұрыс жолға қоюда күш біріктіріп, күрмеуі күрделі мәселені зейін қоя зерделеп, орнықты, әділ пікірін айтып, ұтымды жолды табуға жәрдемін тигізсе екен.

Сейдін БИЗАҚОВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.