ҚАЛЫПТАСҚАН ТЕРМИНДЕРДІ ӨЗГЕРТУ – ТІЛ ДАМУЫН ТЕЖЕУ

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымының
докторы, профессор:

Жуырда «Қазмедиа орталығының» залында өз қызметіне жаңадан кіріскен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Есеп беру кездесуінде министр ағымдағы мәселелермен қатар қазақ тілінің терминология саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті. Әңгіменің бір парасы – осы күнге дейін қалыптасқан терминдерді өзгерту шаралары туралы өрбіді. Ведомство басшысы терминологиялық қорға мониторинг жүргізілгенін, осыған орай бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілгенін айтты. Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер екен. ­«Мысалы, «мұражай» деген сөз «музей» болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер» деді сала басшысы. Бұдан бөлек, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина, теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал «әлеует» деген сөз «потенциал» болып қайта өзгертілді.
Министрдің бұл сөзі қазақ тілі жанашырларының тарапынан сынға алынды. Тіпті әлеуметтік желілерде қарсы пікірлер көп айтылды. Үйреншікті болып, санамызға сіңіп, кең қолданыс тапқан термин сөздерді, ұғымдарды несіне қайта өзгертеміз деген мәселе талқыланды. Осы орайда біз белгілі тілші-ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін сөзге тартып, күн тәртібіндегі сауалға байланысты көзқарастарын білдік.

– Бұл жерде бір нәрсенің ­басын ашып айту керек. Аталған терминдердің барлығы Ақтоты Райымқұлова министр болғанға дейін 2014-2018 жылдар аралы­ғында бекітілген. Нақтырақ айт­қанда: азатжол – абзац (2014), мұражай – музей (2014), әнұран – гимн (2014, 2018), мұрағат – архив (2017), мейрамхана – рес­торан (2017), пайыз – процент (2018), сынып – класс (2018), теңгерім – баланс (2018), ақау – дефект (2018), шегендеу – демаркация (2018), әлеует –потенциал (2018) болып қайта бекітілді. Ал жұртшылық ол жайында енді біліп жатыр.
Осы кезеңде ол вице-­министр ретінде терминком төраға­сының орынбасары болған. Тіл комитетінің жұмысына жетек­шілік етіп, бұл терминдердің бекітілуіне жауапты басшы әрі терминком мүшесі болған. Осы жұмысты ұйымдастыруға тікелей қатысқан, істің мән-жайын ішінен білетін басшы. Министр ханым бұл шешімдермен ке­ліс­песе немесе ол терминдер ­жө­нінде басқаша ұстанымда болса, сол кезде-ақ айтуына болар еді. Одан кейін көзқарасы өзге­ріп жатса, атқарылған жұмысты мойнына алып, өз есебінде оны министрлік атынан түстеп-­­тү­ген­деп, әр терминді нақты атап айтпаған болар еді. Қалай десек те, осы мәліметтерді кім ұсын­са да, өз баяндамасына кір­гі­зіп, өз аузымен жұртқа жет­кізді. Яғни министрліктің осы ұс­танымын, шешімін саналы түр­де қолдайды, жұмысын сол ба­ғытта жалғастыруға ниетті деген тоқ­там жасауға толық негіз бар. ­Мә­селені көтерген журналистер, түрлі сала мамандары үн қосып, пікір білдіріп, министр ханымға наразылықтарын айтып жатыр.

Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Біз осы саланың маманы ретінде бұл мәселені министрліктегі, термин­комдағы әріптестерге аталған терминдер қайта қаралмақ болып жатқан кезде де, бекітіле салып та айтқанбыз, жазғанбыз. Баяндамаларымыз бен сұхбаттарымызда да арнайы тоқталғанбыз. Өзіндік дәлелдерімізді де келтіріп, бірнеше рет мәселе көтергенбіз. Бірақ біздің ұстаным мен пікіріміз қабылданбады. Терминдерді бекітерде оған қатысы бар мамандарды жиып, «Мына мәселені талқылайық», «Сіз неге бұлай пайым­дайсыз?» деген басшы-қосшыларды көрмедік. Мемтерминком бекітіп, шешім шығарғанын бір-ақ білдік. Терминдер бекітіліп кеткен соң да оларға қатысты Парламент Сенатында өткен мәртебелі жиында қойған сұрағымыз бен айтқан пікірлеріміз ескерілмеді. Одан кейін де осы мәселені қайта-қайта көтеріп, сөз қозғағанымыз үшін көпшілік алдында «Сіз неге бізді үнемі сынай бересіз?» деп реніш білдірген әріптестер де болды. Енді жұрт жаппай мәселе көтеріп, осы терминдер дау-дамай нысанына айналғаннан кейін шешім қайта қарала ма – оны уақыт көрсетеді. Қалайда бұдан сабақ алу керек шығар.
Маман ретінде мынаны айтамын: біріншіден, Терминком жұмысын түбегейлі қайта қарау, оның жұмыс істеу тәртібін түбегейлі өзгерту керек. Мәселе оның құрамында емес. Жұмысты бұлай ұйымдастыру бүгінгі күн талабына мүлде жауап бермейді. Бұл іспен кәсіби мамандар тұрақты түрде айналысуы тиіс. Осы пікірімізді біз 101-ші рет айтып отырған шығармыз. Екіншіден, жалпы тіл, терминология мәселесі мамандар мен жұртшылық алдында ашық, жария түрде талқылануы керек. 4-5 жыл бұрын бекітілген терминдерді елдің енді біліп, қызу талқылап жатуы – сол ашықтықтың жоқтығын, ақпараттың уақытылы таратылмағанын, жұмысты ұйымдас­тырудың әлсіз­дігін, терминоло­гиялық жұмыстардың кәсіби деңгейде жүргізілмей отырғанын айқын көрсетті. Үшін­шіден, термин мәселесін лауазымы мен беделі зор басшылар, министрлер әкімшілік жолмен, пәрмен берумен емес, тілші, терминтанушы және осы іспен тікелей айналысып жүрген сала мамандары ақылдасып, кеңесіп шешуі керек. Сонда ғана сапа болады. Әйтпесе, бұл жыр бітпейді, әлі талай даудың куәсі боламыз. Нәтижесінде ұлт тілі ұтылады, оның терминқоры зардап шегеді. Төртіншіден, сөз соңында айтарымыз: азатжол, мұражай, әнұран, мұрағат, пайыз, сынып, теңгерім, ақау, әлеует сияқты атаулар халық жақсы қабылдап, қолданысқа еніп кеткен, мейлінше ұтымды жасалған терминдер деп санаймын. «Халықаралық термин» деген – шартты ұғым. Кейбіреулердің «халықаралық» деп шаң жуытпай жүрген терминдерін көп ұлттар баяғыда өз тілдеріне аударып алған немесе ол ұғымдарға ұлттық танымына сәйкес атау берген. Оған мың бір мысал келтіруге болады. Оны тек термин жайын түсінбейтіндерге ғана түсіндірген жөн деп ойлаймыз.

Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік
тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы:

– 27 жылдың ішінде біраз нәрсе қалыптасты. Егер ол қалыптасқан дүние қазақ тілінің табиғатына лайық болса, оны неге өзгертеміз? Қалыптасқан қалпында қалсын! Ал халықаралық терминдердің тілімізге жат, баламасы табылмаса оны қайта қарауға, өзгертуге болады. Қазақ тілінің құдіреті жетіп, арамызға еніп кеткен сөздерді өзгерткеннен, мәселен, бүкіл түркітілдес ұлт қолданып отырған «пайыз» сөзін қайтадан «процент» дегеннен не ұтамыз? Сол сияқты «әнұран» деген сөзді алайық. Әнұран – ол халықтың ұраны, елдің ұраны. Кезінде «гимн – әнұран болсын» деп газетке мақала жазғанның бірі – менмін.  Ахмет Байтұрсынұлы «Байтақ жер де, бай тіл де – қазақтыкі» деген. Түсіне білген адамға, түркітілдес халықтың ішінде қазақтың тіліндей бай тіл жоқ. Осы бай тілді өз қалпында пайдаланып, кәдеге асырып, өзіміз қолдануымыз керек. Әр басшы келіп, күн сайын өзгерткенін мен өз басым қаламайын. Әзербайжан ұлтының өкілі болсам да,  осы елдің азаматы ретінде, тілші ретінде, қазақ халқынан көрген қамқорлығым бар, менің айтарым – қазақтың тілінің тазалығын, әуезділігін, мәнділігін сақтаңыздар.

Айгүл ІСІМАҚОВА, филология
ғылымының докторы, профессор:

– ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қызметіне кірісе сала, термин мәселесін қозғап, ойланбастан, аяқ астынан қолданыстағы сөздерді айналымнан шығару керек дегеніне бүкіл ел-жұрт таңғалды. Тіпті зиялы адамның аузынан осындай сөз шыққанына қайран қалдық.
Тіл білімі институты тұрғанда, тілтанушы мамандар отырғанда бұл бір түсінбейтін жағдай болды. Әнұран, сынып, мейрамхана секілді айналымдағы қазақ тілінің төл сөздеріне айналып кеткен терминдерді ауыстыруды ғалым ретінде де, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының еңбегін білетін замандас ретінде де қолдамаймын. Мұндай асығыстыққа жол беруге болмайды. Кезінде Мәдениет министрлігінің Шерубай Құрманбайұлы басқарған Терминком комиссиясы болған, сол комитеттің жұмысын қайтадан жандандыру керек шығар. Бұл мәселені «Ана тілі» газеті бастап, тілші ғалымдар қостап, батыл айту біздің парызымыз деп санаймын.

…Жат сөздерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Бұл туралы Аурупа тілдерінен алдымызда үлгі келтіреміз. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген – шатасқандық. …Аурупа сөздері бізге орыс арқылы жалғасады. Сондықтан, Аурупа сөздерін, орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Аурупа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек.… Аурупа сөздерін алғанда, сөзді қазақ-қырғыз тілінің заңымен өзгертіп, сіңуге қолайлап алу керек. Аурупа тілінен бізге әсері көп тиетін тіл – орыс тілі, орыс сөздерін ықтиярсыз көп қолдануға керек болатын дәуірде тұрмыз. Сондықтан орыс сөздерін қолданғанда, өте сақтық керек.

Халел ДОСМҰХАМЕДОВ

Марат ТОҚАШБАЕВ, журналист, қоғам қайраткері:

– ҚР Мәдениет және спорт министрі болып таяуда тағайындалған Ақтоты Райымқұлованың қазақ тілінде пайдаланылып, қолданылып келе жатқанына 25-30 жыл болып, санаға сіңіп кеткен сөздерді өзінің бастапқы орыс, латын тілдеріндегі формасында пайдалану жөніндегі ұсынысы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде үлкен талқыға түсті. Жаңа министр алдымен елі­міздегі мемлекеттік тіл – қазақ тілі өзінің Конституциялық орнына ие болуы жөніндегі мәселені көтергені жөн болар еді. Өйткені қазіргі таңда мемлекеттік тілді дамытуға байланысты Үкіметтен қаншама қаражат жұмсалды, бірақ 30 жылдан бері мемлекеттік тілдің ахуалы орнынан жылжыған жоқ. Тіпті 15-20 жыл бұрынғы жағдайдан да құлдырап кетті. Қазір қалалы жерлердегі негізгі тіл – орыс тіліне айналған. Біздің елімізде орыс тілінің ешқандай мәртебесі жоқ, ал қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі белгіленген. Бірақ статусы жоқ тіл өмірімізге еніп кетті. Ғимараттардың маңдайша жазуларында, жарнамаларда, көшедегі ұран сөздерде қателер өріп жүр. Ең болмаса, ­соларды жөндеу жөнінде мәселе көтермей, тілімізге сіңіп қалған сөздерді өзгертеміз деу – министр тарапынан жіберілген қателік.
1992 жылы Тәуелсіздігімізді алғанымызға жарты жыл енді ғана болғанда мемлекеттік рәміздер туралы заң қабылданардың алдында мен гербті – елтаңба, гимнді – әнұран деп аударып ұсындым. Ол депутаттарға ұнап, қолданысқа еніп, мемлекеттік заңға кірді. Енді 30 жылда қайтадан өзгертеміз деу ағаттық деп ойлаймын. Өйткені ­Ахмет Байтұрсыновтың өзі кезінде шет мемлекеттердің қазақ тіліндегі сөздерін мүмкін болғанша қазақшалау жөнінде өз ойларын айтқан болатын. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып, қазақ тілін дамыту жолында, мүмкін болған сөздің бәрін қазақшалауымыз керек. Министр осылай айтты екен деп оны өзгерткенімізбен, халықтың санасына сіңіп қалған сөздер жойылмайды.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор:

– Мен терминологияның тікелей маманы емеспін, бірақ терминге қатысым бар. Бұрын орыстілді қазақтар дегенді естігенде «біреулердің ойланбай айта салған сөзі шығар» деп, онша мән бермейтін едім. Сөйтсем, орыстілді қазақтар дегенің – таза халықтық қазақ тілін түсінбейтін, одан алшақ адамдар екен. Турасын айту керек, төрде отырғандардың көбі – сондай қазақтар ғой. Министр айтқан «сынып», «пайыз», «ұшақ», «әуежай», «мұрағат», «мұражай» дегендер – халыққа сіңіп кеткен сөздер. Халық оны пайдаланып жүр. Мысалы, «сынып» деген сөзді қабылдағалы бері неше мың бала мектеп бітіріп кетті. Бәрі «сынып» деп оқыды. Енді «класс» деп айтыңдар дейміз бе? Одан қала берді мектептегі есіктерде «1-сынып», «2-сынып» деп жазылып тұр. Министр айтқан соң, амал жоқ, енді бәрін «класс»-қа ауыстырады. Бұл да – қиын мәселе. Әсіресе, балалар үшін. Сондықтан, менің ойымша, халықтың осындай қазақы сөздерін қолданыстан шығарып тастауға болмайды. Онда терминком, терминология ғылымы неге керек? Қазақы айтылған сөздердің бәрі бұларға соншалықты ерсі естіліп, ерсі көрінеді екен, онда «хлеб» – «нан», «яблоко» – «алма» демей, барлық сөзді бірден ала берейік. Бірақ олар ондай көп емес, қазақтың төбесінде отырған бір уыс қана топ. Ал біз қалай солардың ықпалында кетеміз? Министр мемлекеттік заң, әлеуметтік мәселе туралы айтса, тыңдауға болар еді. Ал мына жағдайда халық, керісінше, аталған сөздерден бас тартпай, пайдалана беруі керек.

Байынқол ҚАЛИЕВ, филология ғылымының докторы, профессор:

– Мен он жыл бойы еліміздің Терминология комитетінің мүшесі болдым. Сонда аэропортты – әуежай, вертолетті – тікұшақ деу үшін айтысып-тартысып, дұрыс-бұрысын дәлелдеп жүріп бекіттіргенбіз. Ал бекіткен терминдерді кез келген министр алып тастап, өз ойын жүзеге асыра беретін болса, терминкомның не керегі бар?
Жаңа тағайындалған министрдің қызметке тағайындала салып, осындай пікір білдіруіне мен ғылыми тұрғыдан да, адами тұрғыдан да келіспеймін. Егер біз мұндай ұсыныстарға бас изей беретін болсақ, мемлекеттік тілді дамытудың орнына оны тек отбасылық тілге айналдырамыз. Интернетті – ғаламтор десек, әлеммен байланыса алмай қаламыз ба, әлде кеденді – таможня десек, кеденіміз жақсарып кете ме? Әуежай, ұшақ, тікұшақ сөздерінің не жамандығы бар? Термин дегеніміз – сөз. Барлық халық өз терминдерін өз ұлтының тілінің негізінде жасап алады. Сөздің, терминдердің сыртқы формасы, яғни дыбысталуы, ­айтылуы, жазылуы, оқылуы ұлттық, ал мағынасы халықаралық болуы керек. Мемлекеттік тіл ­деген не? Мемлекетте тұратын барлық азаматтар, ұйымдар, ұжымдар, мекемелер осы қазақ тілінде сөйлеуі керек. Ал тілге жүрдім-бардым қарауға болмайды, тіл – қазақ халқының ең бірінші белгісі. «Мен қазақпын» деген сөз қазақтықтың белгісі емес, оның ең бірінші белгісі – тіл.
Жаңа министрдің мамандығы – музыкант. Ол терминдерге қатысты ұсыныс айтып, шешім қабылдауы үшін термин деген не, оның мәні мен қыр-сыры қандай болады, соны біліп барып үн қатуы керек. Келе салып мемлекеттік тілімізді ауызекі тілге айналдырғысы келсе, дәрежесін көтерудің орнына артқа тартса, бізге ондай министрдің не керегі бар? Бұл шешіммен ешбір тілші келісе қоймайды ғой деп ойлаймын.

P.S.

Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы «Тіл – ұлттың жаны» деді. Осы негізде ой өрбітетін болсақ, термин – тілдің өнбойына қан жүгіртіп, оны қуаттандыратын, әрлендіріп-түрлендіретін, аясын кеңейтуге себепші болатын маңызды дүние. Демек, тіл мәселесінде шешуші рөл атқаратын терминдерге бейжай қарауға болмайды. Қазақтың тілі қаншалықты бай болса, ана тіліміздің жаңа сөз тудырудағы тілдік әлеуеті де соншалықты зор. Олай болса, тіліміздің мүмкіндігін шектемей, ақылға қонатын, тілге жатық, сөз мағынасына үйлесетін терминдерді жатсынбай қабылдау – тілімізді өсірмесе, өшірмейтіні анық. Қалай болғанда да терминнің ар жағында тіліміздің тағдыр-талайы, келешектегі жай-күйі тұрғанын естен шығармауымыз керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. QAZAQ

    «Догма, аксиома» — қатып қалған нәрсе болмайды. Барлығы адамға пайдалануға ыңғайлы болу керек қой. ШОФЕР сөзін тілімізге енгізгенмен, ол сөзді ешкім автокөлік жүргізушісі немесе басқаша атамайды, барлық қазақ тіл ғалымдарымыздың рұқсатынсыз ШОПЫР дейді. Тілімізде сондай сөздер көптеп кездеседі.Біздің ТЕРМИНКОМ неге басқа мемлекеттердің ыңғайына жығып, елді-мекен, жер-су атауларымызды өзгертеді? Қарама-қарсы тарап өз атауларына біздің тілімізге ыңғайлы өзгеріс жасағанда ғана сондай қадамға баруға болады деп санаймын. Қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарынан басқасы шетелдік (көбінесе орыс) оқулықтарының аудармасы екені жасырын емес. Сол оқулықтардың ішінде оқушы түгіл ұстаздарға түсініксіз сөйлемдер кездеседі. Пайдаланушыға ыңғайлы болу үшін әр-бір оқулықтарда кездескен аударуға «қыйын сирек кездесетін сөздердің» сөздігі болғаны жөн.

  2. Ақжарқын

    Термин ісі- атүстілікті көтермейтін шаруа, ана тілінің тағдырын халықпен санасып,жариялы түрде шешу қажет.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.