АУРУХАНА САЛУ – САУАПТЫ ІС

Смайыл СЕЙТБЕКОВ,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша
өкіл имамы

Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақындатып, бір-біріне көмек қолын созудың, қарайласудың мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі.
Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі иесі – Алла. Алла қалаған құлына дәулет беріп, қаламағанына бермейтінін мына аятта баян етеді: «Сен айт: «Патшалықтың иесі болған ей, Алла! Қалаған адамыңа патшалық бересің, қаласаң одан тартып аласың, ықыласың түскенге үйіп-төгіп байлық бересің де, қырыңа алғаныңды қор етіп қоясың. Игіліктің бәрі өз қолыңда. Сенің құдіретің бәріне толық жетеді», (3. Али Имран-26).
Осы ретте қоғам үшін ең маңызды нысанның бірі – аурухана жайын сөз етсек дейміз. Әрине, аурухана салу оңай шаруа емес. Дегенмен, тарихқа үңілсек, мұсылман әлемінде мұндай сауапты істен дәулетті жандар қалыс қалмаған. Өйткені сауабымен қатар, бір адамның жанын аман алып қалу жер бетіндегі адамзаттың баршасының жанын аман алып қалумен бірдей деген Құран аятына сай ұлық іс.
Ислам діні денсаулыққа қарауды міндеттейді. Емделуге қатысты ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көптеген өсиеттері бар. Науқастанған мұсылманға сол кезеңнің емделу жолымен ем қабылдауына рұқсат еткен. Емделудің өзін Пайғамбар сүннеті деп қабылдаған мұсылмандар уақыт өте емделуге қатысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан өсиеттерді жинақтап, «Пайғамбар медицинасы» (Тиббун-Нәуәуи) атымен кітаптар жинақтаған. Сол хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, Алланың құлдары, емделіңдер. Өйткені Алла әрбір жаратқан ауруы үшін міндетті түрде шипасын қоса жаратқан» (Тирмизи, Тиб, 2) деп, ауырған жағдайда емделу керектігін бұйырады. Ажалдан өзге әр дерттің емі бар. Бірде бәдәуилер: «Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.)! Науқастанған кезімізде емделу жолына жүгінбесек, бұл күнә бола ма?» деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.) оларға: «Ей, Алланың құлдары! Емделу жолын іздеңдер. Себебі Алла жаратқан әрбір дертке шипа да жаратқан. Тек қарттық қана бұдан тыс (оның емі жоқ)» деп жауап береді. (Әбу Дәуд, Тирмизи риуаяты).
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезеңіндегі алғашқы дәрігер тайфтік Харис б. Кәләдә еді. Харис дәрігерлік тәлімді Иран патшасы ІІ. Шапур тарапынан 350 жылы ашылған «Жундишапур медицина мектебінде» оқыған еді.
Әділетті халифалар дәуірінен (632-661 ж.) бастап ислам діні қанат жайып, Әмәуи халифаты кезеңінде ұлан-ғайыр аймаққа иелік еткен мұсылмандар әр елдің медицинасымен танысып, медицинаны дамыта түседі. Ислам тарихында алғашқы медицина мектебін аштырған халифаның бірі Омар б. Абдулазиз­ (717-720 ж.) еді. Ол Харранда медицина мектебін аштырады.
Ислам медицинасына Ибн Синадан (980-1037 ж.) кейін үлкен серпін берген дәрігердің бірі Зәкәрия әр-Рази (865-925 ж.) Тегеранда ашылған аурухананың бас дәрігері, артынан Бағдаттағы ауруханада қызмет еткен.
Ислам бойынша адамның өмірі аса маңызды. Сондықтан емделуді талап етеді. Емделу, әрине аурухана арқылы жүзеге асатыны белгілі. 931 жылы халифат астанасы Бағдат қаласында бір науқас ота жасалу сәтінде қайтыс болады. Жағдайға қатысты сол кездегі халифаға шағым түсіреді. Сол жылы Бағдат шаһарында 5 аурухана болған екен. Халифаның жарлығына сәйкес бас дәрігер Синан б. Сабит арнайы комиссия құрып, адам емдейтін дәрігерлерден сынақ алып, талапқа сай болғанға сертификат береді. Ал сертификаты жоқ дәрігердің адам емдеуіне тыйым салынады. Сол кезде тек Бағдат қаласының өзінде 860 дәрігерге сертификат берілген екен.
Ислам тарихында ең алғашқы аурухана жаралыларды емдейтін емдеу орталығы ретінде 627 жылы Ор соғысы кезінде пайда болды. Сол шайқас кезінде Әсләм руынан шыққан Руфайда әл-Ансари есімді сахаба әйел шатырда Сағд б. Муаздан бастан соғыста жараланған сахабаларды алғаш рет емдеумен айналысады. Осылайша, жылжымалы аурухана іске қосылады. Ал арнайы аурухана ретінде ашылған ғимарат әмәуи халифасы Уәлид б. Абдулмаликтің жарлығымен 707 жылы ашылады. Ол ауруханада алапеске шалдыққан жандар емделеді. Аталмыш аураханада қызмет еткен дәрігерлер мемлекет тарапынан жалақы алып, аурухананың барлық шығыны үкімет қазынасынан төленеді.
Аббасид халифаты тұсында (750-1256 ж.) аурухана елдің әр аймағында ашылады. Мәселен, 931 жылы ауылдарға дейін жылжымалы ауруханалар барып қызмет көрсетеді. Қала берсе, абақтыда да арнайы аурухана жұмыс істеген. Ауруханада ешкімнің ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай, науқасқа бірдей қараған.
Орта Азияда алғаш рет ашылған аурухана 1065 жылы Қарахан қағаны Тамғаш Буғра хан тарапынан ашылып, қор ретінде беріледі. Жалпы мұсылман баласы сауабы үзілмейтін амалды жасауды мақсат тұтады. Аурхана салу да сондай амалдың бірі. Әрине, үлкен талапқа сай аурухана салу оңай шаруа емес. ­Дегенмен, елді мекендерге арнап шағын болса да аурухана салуға мүмкіндігі бар азаматтар мұндай ­сауапты істен қалыс қалмас деп ойлаймыз. Бір адамның өмірін сақтап қалу, барша адамзаттың өмірін сақтап қалғандай сауапты іс екенін де ескерген жөн.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.