ҚАЛАМЫ ЖҮЙРІК ТАЛАПТЫ ЖАС

Сайын далаға жайғасқан, ежелгі елдігіміз, бағзыдағы бостандығымызбен қайта қауышуымызға, сөйтіп мызғымас мемлекеттігіміздің іргесін қалауымызға даңғыл жол ашқан Тәуелсіздік екендігі аян. Бүгінде сол азаттықтың арқасында өрісі кеңіп, өркеніміз өсіп, жаһанға танылған Қазақ Елінің ертеңі – бай-қуатты болашағы жастардың еншісінде. Мәңгілік ел болуды көздеген ұлттық мұратымызды жүзеге асыру үшін атқарылуға тиіс шара-шаруалар шаш етектен. Соның бірі – бірегей білімді де білікті майталман мамандар даярлау. Міне, осы мақсатқа орай әлемнің әр елінің озат жоғары оқу орындарынан тәлім алуға жаппай жастар жіберіліп жатыр. Дер кезінде қабылданған «Болашақ» бағдарламасының арқасында экономика, технология және медицина салаларының үздік жетістіктерін меңгерген мыңдаған ұл-қыздарымыз ел игілігіне қызмет етуде.

Мен осы «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Шанхайдағы Шығыс Қытай ғылым және технологиялар университетін үздік бітіріп, инновациялық технологиялар менеджері мамандығын алған Дәурен Омаровтың өмір жолына тоқталып, азды-көпті сыр бөліспекпін. Ондағы мақсат – бозбаланың ата-анасы ғана емес, ел-жұрты артқан аманатты қалай түсініп, нендей қарекет жасап, іс тындырып жүргенін баяндап, өзгелерге өнегесін айтып ұлықтау. Бір ескерте кететін жағдай, менің әңгімем жай ғана жел сөз емес, сол Қытай асып, оқу бітіріп, қызметіне кірісе жүріп, кейіпкерім Дәуреннің үш бірдей жарияға шығарған кітаптарына сүйеніп те сүйсіне сілтеме жасай отырып, ойға түйгендерім.
Дәуреннің студенттік жылдарында жазған мақалалары әуелі «Астана хабары», кейін «Айқын» газеттерінде жарияланып тұрған. Сол жазбаларының басын құрап «Ерте тұратын ел» деген тұңғыш жинағын шығарды. Осы жерде орта мектепті бітіре сала шетел асып, Шанхай сынды Қазақстанның халқы түгел сыйып кететін (20 миллион) әлемнің үшінші қаласын қызықтап, ду-думанға араласып кетпей, тіл үйреніп, білім алуға ынтыққан жасөспірімнің көре жүріп, көңілге түйгендерін жұптап, санасында сараптап, мақала жазуға машықтанып, тырнақалды туындыларын елге – баспасөзге жазып тұруы қандай ғанибет. Ондағы ойы алып держава – көршілес елдің тіршілік тынысымен, өнері мен мәдениетімен, өркендеу-өсу жолдарымен таныса жүріп, оны өз Отанының жағдайымен салыстыра, сабақтастыра отырып түйін түйіп, әрі танымдық, әрі үлгі аларлық тұстарын қазақ оқырмандарына жеткізу. Бұл – Дәуреннің жас та болса, зерделі, байқампаз, талғампаз жаратылысының белгісі.
Сөйтіп, Қытайдағы білімнің байырғы бесігінде оқитын қазақ студенттерінің ахуалы, арман-аңсары, қандай мамандық­тарды меңгеріп жатқандары, араласа жүріп байқаған мінез-қылықтары, сондай-ақ Шанхай қаласының тарихы мен алып мегаполистің мәдениет ошақтары және қала тұрғындарының тіршілігі турасындағы ойларын орайластыра қалам тербегеніне дән риза боласың. Ал кітабының тақырыбын «Ерте тұратын ел» деп дөп басып, дәл тауып қоюы тапқырлық емей немене?! Ерекше еңбекқорлығымен танылған елдің асқақ мақсат-мұратына ұмтылысы мен жеткен жетістіктерін, тиісті дерек-дәйек­тер келтіре отырып баяндауын қызыға, құмарта, тұшына оқисыз. Дәуреннің үш кітабына да алғысөз жазып, ағалық батасын берген жампоз жорналшы, қарымды қаламгер Нұртөре Жүсіп бауырымыздың өзі ыстық ықылас білдіріп, жас жігіттің ойының алғырлығына, сөзінің мәнділігіне, тақырыптарының тартымдылығы мен мазмұндылығына тәнті болып, айрықша атап өтуі де тегін емес.
Ал «Мерекесі мол мемлекет» – Дәуреннің қытайтануға арналған екінші кітабы. Қайтсек жақсы оқып, қалаған мамандықтарының қыр-сырын үйреніп, өзімен бірге бес жыл оқыған 40 студенттің елге оралатын сәттегі қимас көңіл күйлерін баяндаудан басталатын кітап беттерін қызыға парақтайсың. Әсіресе, осы жылдары танысып, тіл табысып, тату-тәтті, жандары жараса ғұмыр кешкен студент достарымен қимай қоштасқанын әсерлене әңгімелеуі, кешегі бота тірсек бозбаланың, ақылы-білімі толысып, азаматтың өмір кешулеріне қадам басқанын байқайсың. Ол осы достарының кейбіреулері туралы ой толғап, қиялға берілетіні бар. Дәурен «бас жүлдесі бақыт болып табылатын өмір деген бәйгеге қосылып, әркім өз бағына сай тай қосуға…» аттанғанын айта келе, олардың ертеңгі күндері ел игілігіне қызмет етіп, абыройға бөленетіндеріне ­риясыз сенетінін сөз райынан сезесің. Ұзақ жыл­дардан кейін жүздесе қалса да баяғы ақ көңіл Асланды, сөзге шешен Мұқанды, ойлы Ақылды, алғыр ­Диасты, спортшы Сәкенді, тапқыр Асқарды, пысық Рауанды жазбай танитынын айтып, осынау студенттік жылдардағы достарының бол­мыс-бітімдеріне баға беріп, адами қасиет­терін ерекше атап өтуі де оның кісі тани­тын кемел жасқа жеткендігін айғақтап тұр.
Аталмыш кітап бастан-аяқ Қытай елінің тұрмыс-тіршілігі, бүкіл жаратылысы туралы толымды дәйек-деректерге толы құнды жазбалар. Қалың оқырман қауым атүсті ғана хабардар Ұлы Қытай қорғаны, әлемге әйгілі Хайнянь аралы, атақты арналы қос өзен Янцзы мен Хуанхэ жер-әлемнің жаратылысы туралы түсініктері, көзқарастары, аңызға айналған хикаяттары егжей-тегжей әңгімелерге арқау болған.
Сондай-ақ ежелгі Қытай халқының өркениетке қосқан ұлы жаңалықтары ­азамат тарихындағы төрт өнер табысы: алғаш рет қағаз, шрифтерді теру арқылы кітап басу, оқ-дәрі және компос жайында естісек те, оны қашан кім ойлап тапқанының нақты деректері көпшілігімізге белгісіз болатын. Дәурен сол олқылықтың орнын толтырып, тамаша мақалалар түзіпті. Оқырмандар Ханзулардың діл, дағды, салт-дәстүрлерімен де жан-жақты танысуларына осы кітаптың жол ашары ақиқат.
Тағы бір айтпай кетуге болмайтын жағдай, Қытайдың бас мерекесінің тойлану салтына байланысты. Ол – жаңа жылды тойлау рәсімінің өзгеше сипаттары. ­«Чуньджие» қытай тілінен аударғанда «Көктем мейрамы» деген мағынаны білдірсе керек. Мұсылмандар Рамазан айын, христиан­дар Рождествосын қалай қадірлесе, қытайлар өмірінде ­Чуньджие сондай мәртебелі мейрам екен. Осы мереке тұсында қытайлар өздері табынатын құдайларына арнап құрбан шалатын көрінеді. Көктем мейрамы қаңтар айының 20-сы мен ақпан айының 20-сы аралығында атап өтіледі. Оның басты ерекшелігі – мерекенің әр күнінің атаулы себебі барлығында. Айталық, мерекенің бірінші күні Жер мен Аспан құдайларына арналса, келесі күн ата-бабаларын еске алуға, үшінші және төртінші күн – отбасылар арасындағы туыстық қатынасты нығайтуға, ал бесінші күн – үйде отырып, біздің Қыдыр атаны күтетініміз сияқты, қытайлардың өздерінің Ауқаттылық құдайы күніне арналатынын білдік. Осылайша жалғаса беретін Чуньджие қытайлардың салт-дәстүрлері мен терең мағынаға толы ұлы мерекесі – бас мерекесі болып табылады. Сондай-ақ Қытай еліндегі үйлену тойының да біз білмейтін сан тарау қызықтары бар. Басқа да танымдық материалдарға арналса да, кітаптың «Мерекесі мол мемлекет» аталуының сыры осында жатса керек.
Ендігі әңгіме, автордың үшінші – «Жаһанға жайылған жұрт» деген кітабы туралы. Бұл – Дәуреннің аспанасты елінің кешегі мен бүгінгі өмір-тіршілігінің тарихы мен тағдыры, сабақтастыра шерткен шежіресі. Егер алғашқы екі еңбегінде көрген-білгендері мен естігендерін ғана ортаға салса, жаңа кітабын бастан кешкендерімен, оқыған кітаптарымен толықтырып, алған тақырыбы – қытайта­нудың таным-түйіндерін тереңдете талдап, оны өз еліміздегі қоғами құбылыс, уақыт жаңалықтарымен, өмірлік өзгерістермен салыстыра саралаған ой-пікірлерімен толықтыра жазғанын бірден байқайсыз, бағалайсыз, түйсінесіз, сүйсінесіз…
Үшінші кітапта қытай халқының бізге беймәлім салт-санасы, әдет-дәстүрін, ұстанған үлгі-үрдісі, ұлттық қасиеті мен болашаққа бағдары, экономика мен әлеуметтік саладағы таңғажайып жеткістіктері жөнінде барынша кеңінен қамтыла жазылған. Сондай-ақ алып мемлекеттегі қазақ диаспорасының жай-күйі, ондағы өнерлілігімен, білімділігімен, еңбекқорлығымен есімдері елге танылған қандастарымыздың өмір жолдары да қамтылған. Бұл орайда Дәуреннің жүзден астам қисса-дастанды жатқа білетін, есте сақтау қабілеті ерекше Қазым Әлменұлының – ұлттық мұрамыздың алтын сандығы іспетті көкірегі қазыналы қарияның қызықты да тәлімді өмір тарихын өрнектеген жазбасын бас алмай оқисың. Ал «Шұғыла шашқан шаңырақты» оқи отырып, қалың елге танылған дарынды әулеттің тағдырына таңғалып, сондай бір мақтаныш сезіміне бөлендім. Өнегелі де өнерлі отбасының бас иесі Сағат Жайпақұлы мен Тұрсын Жолымбет есімді қадірлі қариялар. Сағат – Қытайдағы қазақ радиосының негізін қалаған қаламгер болса, Тұрсын – ақындық өнерімен танылған кісі. Осы шуақты шаңырақта тәлім-тәрбие алған ұлдары Амантай – белгілі әдебиетші, баспасөзде қызмет істеген, атақты кинорежиссер, Майгүл – Шыңжан теледидарының дыбыс режиссері, немерелері Айдос пен Майра да өз қатарларынан оза шапқан дарынды жастар. Майра – Шыңжан аймағына аты мәлім сәнгер, Жанар мен Айдос туралы әңгіме бөлек…
Жанар 11-ші сыныпта оқып жүрген қаршадай кезінде «Жетім қыздың махаббаты» деген фильмде басты кейіпкер Ғайнидің рөлін сомдап бірден көзге түсіпті. Содан әуелі Бейжің театр институтының актерлік факультетіне оқуға түскен. Арада бір жыл өткенде озаттар қатарындағы қазақ қызы Мәскеуге оқуға жолдама алған. Атақты ВГИК-тен режиссер мамандығын алып шыққан Жанар кейін сынақтан өтіп, «Мир» телерадиокомпаниясына қабылданады. ­Украинада Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романынан телехикая түсіріп, ол жоғары бағаланған еді. Ал Қытайға оралған соң «Бір дәуірдің ­жастары» деген телехикаяны түсірді. Ол «ең үздік мемлекеттік туынды» деп танылып, ­жиырмадан астам сериядан тұратын Қытай көсемі Мао Цзэдунның балалық шағын баяндайтын фильм ­Жанар Сағатқызының абыройын асырып, қытайлықтардың ықыласпен көретін ­хикаясына айналды.
Осылайша, өзі артист, режиссер, журналист мамандықтарының әр саласында да оқшау көзге түсіп, талантына табынтты. Қазақшасының сыртында қытай, орыс, ағылшын тілдерін жетік білетін Жанар дара дарынымен миллиардты мойындатқан қазақ қызы. Жанардан кейін бұл шаңырақта жұлдызы жарқырап шыққан, есімі қалың елге танылып қалған жас жазушы Айдос Амантайұлы. Оның «Айдос – Шолпан» романы қытай тілінде жазылған. Он мың данамен таралған бұл туындыға Қытайдың белгілі қаламгерлері арнайы мақалалар арнап, жылы лебіздерін білдіріпті. Он үш жасында тырнақалды өлеңдері жарияланған Айдостың, он алты жасында алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шыққан. Қытай еліндегі 1,5 миллиардқа жуық халықтың ішінде өнер-білімімен озып шыққан тамаша талантты ұл-қыздарымыздың жүргенін жүрегі жарыла қуанып, олардың есімдерін елімізге жеткізуге асыққан Дәурен баламызға мың алғыс айтсақ артық болмас.
Қазіргі таңда тәуелсіздіктің алтын бесігінде тербелген Қазақ елі әлемдегі мықты мемлекеттердің қатарына қосылудың қамын жасап, озық білім, заманауи мамандық алу мақсатында жүздеген ұл-қыздарын – таңдаулыларын шетелдерге жіберіп, оқытып жатыр. Бүгінде он мыңнан аса жастар осы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, елімізге оралып, қызметке кірісті. Ел болашағы солардың қолында.
Мен сол елі сеніп, үміт артқан жастар­дың бірі Дәурен Омаровтың өмір жолынан аз-кем сыр бөлістім. Ондағы ойым, әлемнің әр қиырында, озық оқу орындарында білім алып жатқан жастар зиялы замандасы Дәуреннің өмірлік өнегесінен тәлім алса деген ақ тілегімді білдірдім.
Әрине, жастардың бәрі бірдей Дәурен сияқты білімді-білікті маман болып, әрі жүрген жері – оқыған елінің қазақ жұртына жұғысты болатын қағидалы өнегелерінен өздері ғана үлгі алумен шектелмей, оны жалпақ елге жайып, баспасөзге, теледидарда ой бөлісіп тұрса игі. Білім қуып, шетел асқан жастарымыздың бәрі де Дәурендей болсайшы деп тілек қосуымның сыры осы еді.
Ал шындығына келгенде, жүйрік журналист, білікті білімпаз көрнекті қоғам қайраткері Бауыржан Омаровтай әке тәрбиесін көрген баланың осындай тақырыбын тауып, тілін төгілтіп, мазмұнын мөлдіретіп, танымдық, үлгі аларлық кітап жазбауы мүмкін бе?! Балаларымыздың азамат атануы тікелей ата-аналарының өнеге-тәрбиесіне байланысты екенін есте ұстайық! Ұрпақ жалғастығы жарасып, ұлтымыздың рухани жаңғыруы үшін осындай санатты ұл-қыздарымыздың қатары көбейе бергей!
Ал адал еңбек қашанда атаусыз қалмақ емес. Дәуреннің «Шабыт» халықаралық фестивалінің Гран-При жүлдесін алуы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атануы осы сөзіміздің айғағы.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.