ЛАТЫН ӘЛІПБИІН МЕҢГЕРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын ерекше атап көрсетті.

Еліміздің үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын жүргізуде дәйектілік пен жүйелілік қажет екендігін уақыт сұранысы көрсетіп отыр. 2017 жылы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» №569 жарлыққа қол қойылғаннан бергі уақытта латынәліпбилі қазақ жазуына көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлем кеңістігіндегі көпте­ген мемлекеттерде латын графикасына негізделген жазу жүйесі ақпараттың оң­тайлы қабылдануына ықпалын тигізіп, экономикалық тұрғыдан да тиімді болып отыр.
Жаһандық жаңалықтардың негізгі өзегіне айналған, қоғамдық резонанс пен пікір­таластарды, дискурсты тудырған латын графикасы болашақта қазақ руханиятының төрінен мәртебелі орын алары сөзсіз. XXI ғасырдағы қазақ жазуын латинизациялау үрдісі бір ғасыр бұрын тіл мамандарының арасында қарама-қарсы ойлардың түйісіп, әліпбидің бірнеше нұсқасының пайда болуына себеп болған еді. Осы бағытта жұмыс атқарып келе жатқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жанынан құрылған Латын ғылыми-практикалық орталығы өз міндеттерін жоспарлы түрде жүзеге асыру үстінде. Орталық латын әліпбиін меңгерудің теориялық, әдістемелік және практикалық бағыттарын байланыстыра отырып, оқытушылар мен докторанттар, студенттер мен магистранттар арасында әртүрлі шаралар өткізу барысында істің мақсаты мен нәтижесіне айрықша көңіл бөледі.
Мәселен, «Ғылым онкүндігі – 2019» аясында өткізілген «Қазақстанның білім беру кеңістігіндегі интеграция: латыннегізді әліпби және емле» тақырыбында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогика­лық университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен өткен семинар-тренинг жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Ұлт та, ұлттың рухы да ең әуелі тіл арқылы танылады. Тілін сақтай алған ел өзін, өзінің ертеңі мен болашағын қамтамасыз ете алады. Сондықтан бұл мәселелер туралы айтқанда, сана төрінен орын алар ең киелі ұғым – Тіл. Тілдің мемлекеттік мәртебесі жазу сауат­тылығымен, әліпби ұтымдылығымен өлшенеді» деген ұстанымға сүйенген семинар барысындағы ойталқы тың ұсыныстарға жол ашты.
Сонымен қатар аталған орталық ­«Бола­шаққа бағдар: руxани жаң­ғыру» бағдар­ламасының негізінде «Латынәліпбилі қазақ жазуын меңгерту» байқауын ұйымдастырып, жастардың жаңашылдықты қабылдау дайындығын тексерді. Филология және көптілді білім беру институтының 5B011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5B002100 – «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтарында білім алатын 30-дан аса студент конкурсқа қатысуға өтініш білдірді. Конкурсқа академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жанындағы «Сөзтаным» ғылыми-танымдық тіл үйірмесінің сту­денттері де белсене қатысты.
Байқауға қатысушылар латын әліпбиі мен қазақ тілінің емле ережесін меңгерудің бастапқы деңгейін анықтау үшін арнайы әзірленген сұрақтар мен тапсырмаларды орындап, латын әліпбиін игеруге қатысты өз білім деңгейлерін көрсетті. Сұрақтарда әртүрлі сөздер берілгенімен, мониторингтің нәтижесі студенттердің қанша пайызының тұрақты позициясының бар екенін анықтауға көмектесіп, статистикалық мәліметтер анықталды. 2-курс студенттері Қараша Кокушева­ мен Гүлназ Қосниязованың жауаптары ерекше аталды, себебі олар емлеге қатысты ережені дұрыс ұстанып, барлық сөздерді латын қарпіне сол тұжырым бойынша алмастырған.
Ғалым-педагог Фаузия Оразбаеваның ті­келей ұйымдастыруымен өткен кон­курстың форматы да ерекше болды. Тілдік коммуникацияның әлеуметтік-қоғамдық маңызын теориялық тұрғыдан зерттеген ғалымның аталған байқаудың кезеңдерін сөйлесім әрекетінің жазылым, оқылым түрлерімен байланысты өткізгені сайысқа түсушілер үшін де, бағалаушы алқа мүшелері үшін де ұнамды тәсіл болды.
Латынәліпбилі қазақ жазуын меңгерту байқауы үш кезеңнен тұрды:
І кезең сауалнама алу деп аталды. Мұнда студенттер ережедегі қиындықтарға қатысты өз көзқарастары мен ұсыныстарын білдірді. «Жазылым» кезеңінде байқауға қатысушылар жазылым әрекеті мен Блум таксономиясы бойынша өздерінің білімдері мен біліктерін қолданып, кириллицамен жазылған сөздерді латын қарпіне алмастырып жазды. Акутты жеке символ ретінде емес, әріп таңбасының құрамдас бөлшегі ретінде дұрыс пайдалану арқылы конкурсқа қатысушы студенттер аталған дағды бойынша жоғары нәтиже көрсете білді. «Оқылым» кезеңінде студенттерге түрлі тақырыптағы мәтіндер латын қарпінде беріліп, мәтінді оқудағы уақыт көлеміне, мәнеріне, орфоэпиясына назар аударылды. Байқаудың оқылым кезеңінде алқа мүшелері студенттердің жылдамдығын, оқу және оқыған ақпаратты түсіну қабілеттерін бағалады. Оқылым кезеңінде латын графикасымен жазылған қарапайым тақырып пен күрделі сөздердің үйлесімінен құрылған танымдық мәтіндер ұсынылды. Студенттердің мәтінді оқуда орфоэпиялық норманы дұрыс сақтауы, дикция мен кідірістерді орынды пайдалануы, оқу техникасына қойылатын талаптар басты назарға алынды. Оқылым кезеңінің қорытындысы бойынша студенттердің бір бөлігі жылдам, бірақ қателермен оқыса, екінші бөлігі қатесіз, бірақ баяу оқыды.
Байқаудың соңында үздіктер анықталып, жоғары балл жинаған 5B011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің 2-курс студенті Қапарова Эльнара – І дәрежелі дипломмен, Дулат Сұлтанбек және Кәмила Абаева – ІІ дәрежелі дипломмен, Алтын Нұрланова, Оралбай­ ­Мырзақұлов, Арай Бисенғалиева – ІІІ дәрежелі диплом иегерлері атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Қатысушылардың барлығына Латын ғылыми-практикалық орталығының арнайы сертификаттары табысталып, еліміз бен тіліміздің ертеңін қалауға үлес қосып жүргендері үшін алғыс білдірілді. Университетіміздің Латын ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған конкурстар, семинар-тренингтер мен конференциялар өз ойын аргументтер мен фактілермен негіздей алатын, бәсекеге қабілетті, интеллектуалды тілдік тұлғаның қалыптасуына септігін тигізіп келеді. Ал үкілі үмітті ақтап, әлемдік аренада Қазақстанның мерейін асқақтатып, ғылымы дамыған, өркениетті ел ретінде таныту – жастардың басты міндеті.
Ойымызды тұжырымдай келгенде, ХХІ ғасырда еліміздің өсіп-өркендеуі, дамуы жолындағы сәтті қадамын байыппен зерделеп, игілікті бастаманы жатырқамай, жатсынбай қабылдағанымыз орынды. Ұлттық мәдениетіміздің өркендеуінде латын әрпімен өрнектелген көркем де шұрайлы, шешен де ­шебер, таза да бай тіліміздің тұғырлы мәртебесінің биік болатындығына жастар да сенімді. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен ұлттық жазуы Қазақ Елінің рухани жаңғыруына септігін тигізіп, Қазақ руханиятында өлшеусіз орын алатындығына сеніміміз мол.

Роза БАҚБЕРГЕНОВА,
Кәмила АБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Алиакбар

    «Тіл қазына» орталығының маңайында Ербол Ердембекұлы Тілешов жүрмеуі тиіс. Өйткені, ол аты шыққан парақор. Мұны Еуразия ұлттық университетінің филология және журналистика факультеттерінің барлық профессорлары мен оқытушылары, сондай-ақ түлектері жыр қылып айтып жүр.

  2. Ерлан

    Ол осы ПИ-дің түлегі ғой. 1990 жылы бітірген. Ұяты сіздерде қалады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.