БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ МӘСЕЛЕ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы­ Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті.

Жиында Түркістан облысының Арыс қаласындағы қазіргі ахуал және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Арыс қаласында қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, сондай-ақ жарылыс салдарын жоюға атсалысып жатқан барлық ­құ­зырлы орган қызметкерлерінің және волонтерлердің қажырлы ­ең­бегін ерекше атап өтті.
– Соңғы ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендердің саны 160-тан асты. Барша қазақстандықтар бірлігіміздің бекем екенін көрсетіп жатқанын атап өткім келеді. Еліміздің әр түкпірінен азаматтар алаңдаушылық білдіруде, түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмыскерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бірігіп жатыр. Бір өңір­дің басына түскен қиыншылық – бәрімізге ортақ мәселе. Біз хал­қы­мыздың ынтымағының арқа­сында барлық қиындықты еңсе­реміз. Барша қазақстандықтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірде қалыпты жағдайды тезірек қалпына келтіру және тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар қолданылып жатқанын атап өтті. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша еліміздегі су ресурстарының және су шаруашылығы нысандарының жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ тұрғындар үшін таза ауыз судың қол­жетімді болуына және суды үнем­деп пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Отырыс қоры­тындысы бойынша Арыс қала­сында жөндеу жұмыстарын жүргізу және азаматтардың тұрғы­лықты жеріне оралуын ұйымдастыру жө­нінде нақты тапсырмалар берілді.

Дәукен Айтқожаұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.