Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: КЕПІЛСІЗ НЕСИЕ КЕШІРІЛЕДІ

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттарды табыстау рәсімін өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев рәсім кезінде сыйлық лауреаттары мен грант иелерін, алғыс жарияланған шығармашылық ұжымдарды және барлық журналистер қауымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Бұқаралық ақпарат құралдары – жаңа­лықтың жаршысы. Ел ішіндегі және әлемдегі оқиғалардан халыққа шұғыл әрі шынайы ақ­парат тарату – Сіздердің кәсіби еңбектеріңіз. Сондықтан Сіздердің қоғамдық маңызы зор қызметтеріңізге біз әрқашан құрметпен ­қа­раймыз, бағалаймыз. Менің тапсырмам ­бо­йынша Үкімет арнайы қаулымен Қазақстан жур­налистерінің кәсіби мерекесін бекітті, – деді Президент. Отандық медиа-қауымдастықтың сындарлы негізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары екенін тілге тиек етіп, мемлекет өз тарапынан БАҚ-қа қолдау көрсете беретінін жеткізді.
Марапаттау рәсімінде Президент әлеуметтік саладағы оң өзгерістерге тоқталып өтті. Көптеген азаматтың қарыз жүктемесі артып, олардың шынайы табыстары төмендегеніне баса назар аударды.
– Қазақстанның басшысы ретінде адамдардың белшеден батқан қарыздан шы­ғуға қауқарсыз екендігін көре отырып, бұған аралас­пай тұра алмаймын. Сондықтан Үкіметке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдауды тапсырдым: жоғарыда атап өткен санаттағы әрбір заемші үшін нақты және атаулы қаржылай көмек ретінде мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді, – деді Қ.Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президенттің атап өтуінше, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыз­да­рының жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс. Несие алғандардың 55 пайызы, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі несие мен сыйа­қы­ны­ қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді. Қалған ­несие алған азаматтардың қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлеу қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізетінін айтты. Осылайша Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойды.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары: «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға, «Жас Өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбекке, «Астана» телеарнасының редакторы Жайна Жақсылықоваға, «Комсомольская Правда – Қазақстан» газетінің бас редакторы Виктор Кияницаға берілді.
БАҚ саласындағы гранттар «Хабар 24» телеар­насының тілшісі Рауан Мыңбаевқа, «Qazaqstan» телеарнасындағы «Мәселе» талда­малық бағдарламасының жүргізушісі Нартай Сәрсенғалиевке, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының шеф-редакторы Әсем Сартбаеваға тапсырылды.
«Егемен Қазақстан», «Экспресс К», «Знамя труда» және «Шалқар» радиосы шығармашылық ұжымдарына Қазақстан Республикасы Прези­дентінің алғысы жарияланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарына «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачев,­ «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Қымбат Досжан және Дана Нұржігіт, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев, «Qazaqstan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Жанна Ойшыбаева, «КТК» телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова, сондай-ақ «Қазақпарат» ХАА және «Жетісу» телеарнасы ие болды.
Қазақстан-Ресей және Қазақ­стан-Қытай ынтымақтас­тығын нығайтуға белсенді атса­лыс­қаны үшін Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия және радиохабарларын тарату компаниясы мен «CCTV» Халықаралық телеарнасы Қазақстан Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мемлекет басшысының атынан еліміздің барлық өңірлеріне жіберілген Алғыс хаттар үздік журналистерге салтанатты түрде табыс етілетін болады.

Дәуіржан Жұмажанұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.