«ӘДЕБИЕТ-АҒАЙ»

2005 жылы Алматыдағы хәкім Абайдың атындағы №147 мектеп-гимназиясын тамамдап, қасиетті қарашаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне іліндік. Дәл сондай сәтте бозбала студентке бағыт-бағдар сілтеген ұстаздың орны алабөтен. Жұртқа белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар: Өмірхан Әбдиманұлы, Жолдасбек Мәмбетов пен Шоқан Шортанбаевтар І-курстың екінші семестрінде «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша кезек-кезек дәріс оқыды. Өмірхан аға шешендерше шешілетін ділмар, Жолдасбек аға барлығын байыппен түсіндіретін бейнеткер, ал Шоқан ағамыз арғы-бергіні сапырғанда парасат-пайымымен тамсандыратын білімдар. Өз басым осы әдеби лекцияларды тағатсыздана күтетінмін. Шоқан Шортанбаев – лектор, ол кісі салақұлаш конспект жаздырғаннан гөрі, еркіндеу форматты, талғамды қалыптастыру үшін үздік туындылар талдатқанды жөн деп ұғатын. 

Шоқан ұстаз үйге берілген тапсырманы робот-құлтемір ұқсап сезімсіз судырататын емес, керісінше көп ішінен миының оң жақ бөлігіне еркіндік берер шығармашыл талапкерді іздейтін-ді. Әгәрәки, бір мәселе жайында білетініңді білдіре қойсаң, бітті, сені төс пен балға арасындағы темірше шыңдау мақсатында түрлі мазмұндағы, түрлі сипаттағы сан сауал қойып, өзі соған риза боп, жаздай жайдары қалпын бұзбайды. Алайда ағамыздың алғашындағы артық-ауыс сөзге барыспай, қабағын қарс түйіп, қаталдығынан еш айнымай, студент делінген ерке елдің ауа жайылып кетпес үшін аудитория назарын мейлінше өзіне аудартуға белін бекем буған кескін-кеспірі көз алдымнан кетер емес. Содан соң, арада туған-туыстай жақындық, бауырдай жылылық пайда болды. Ұстазымыз не турасында сөйлесе де, оны бір-бірімен сабақтастыра, «переходтарының» тігісін жатқызып, жік-жігін байқатпастан жалғастырады.
Кейіндеу оқуға түскенімізде де жазған-сызғанымды зор ыждағаттылықпен оқып, ой бөлісетін мінезі бөлек ағамызбен байланыс үзілген жоқ. Кейін республикалық «Қазақ әдебиеті» апталығында қызмет етіп жүргенде жиі іздеп жүрдік. Ш.Шортанбаев – өңгелерден ерекшеленбеуге тырысатындығымен ерекше кісі, айқын артықшылығы, шын мәніндегі ғалымға тән һәм ел үйренуге тиіс ең қажетті қасиеті – ізденімпаздығы, кітапты былай қойғанда, басылым бетінде жарияланған әрқилы жанрдағы мақалаларды да ұмыт қалдырмайды.
Қайбір кезде қатардағы оқырман ретінде түнімен кітапқа көз сүзіп, бірінші сабаққа кешігіп қалған едік. Жүгіре-жүгіре ентігіп екінші қабатқа көтерілгенімізбен, кабинетке кіруге жүрек құрғыр дауалар емес. Сөйтіп, не керек, топсасы майланбаған ескілеу сұр есік «айқайлап» барып ашылды-дағы, алдымен оқытушымыздың қайратты қара шашпен қапталған, адамды қайран қалдырар идеялардың ордасына айналған, дөңгелене біткен басы, содан барып сақал-мұрты ұқыпты қырылған мүбарак жүзі көрінді:
– Қайда жүрсіңдер?
– Кітап оқып… және…
– Кіріңдер, тез.
Орныма орныққаннан соң, Шоқан Шортанбаев­ менен сабақ сұрасын кеп. Бірінен кейін бірі ­балалай беретін миллион сұрақ қойылды, жауап бердік, әйтеуір. Тысы жып-жылтыр қоңыр жорналға жоғарылау баллдың қонжия кеткенін байқадық, семинар аяқталғаннан соң Біз әдебиет турасындағы әңгімені әрмен қарай дәлізде жалғастырдық. Әр әдеби, мәдени құбылысқа асқан ұстамдылықпен қарайтын ұстазымыз «Ахиллес өкшесіндей» өте әлсіз жеріңді көрсе, оны басқалар секілді бетіңе басуға асықпайды, қайта жеке шақырып алып бәрін әдеппен, сабырмен түсіндіретін-ді. Ең кереметі, қай ақынның атын ата, мейлі, өлеңдерін жатқа соғады, ағып тұр. Қауырсын қаламды күзгі жапырақ сықылды сап-сары сағынышқа толы сиясауытқа малып-малып алып жазылған бұ жолдар, жадымның бір бұрышында жатқан осынау естелік кімге қалай әсер етерін білмеймін, бірақ мен үшін құнды, қымбат, бағалы…
Нағында, қазақы дүниетанымға сәйкес, «ердің жасы – елу» емес пе?! «Көп тілегі – көл» деген. Аллаға шүкір, ұстазымыз аман-есен елуді еңсеріп, ел ағасы атанып, ендігі бір елуге бұйда түзепті, жүз жасасын!.. Өмір дегеніңіз, бұл – құдірет-күші шексіз Құдай-тағаланың сыр-құпиясы мол, шеберлікпен, мінсіз, классикалық үлгіден де тым жоғары деңгейде жазылған ұлы сценарийі. Өмір дегеніңіз, бұл – бұралаң-бұлтарысы көп, терезе бетіне қатқан қыраудағы сексен кристалл торынша үйлесіммен жаратылған ғажап жол.
Оның есім-сойының өзі – рухани кеңістіктен хабар береді. Қазақтың кіл марғасқаларының басы бір кісінің бойына үйлескен кейіпкеріміз оқырман жұртшылыққа етене таныс. Аты – Шоқан, ХІХ ғасырдағы қазақтың үлкен әдебиетші, әмбебап ғалымы болса, әкесінің есімі – Амангелді. Халық батыры атанған Иманов та сол ХІХ ғасырдың атойлы перзенті еді. Ал ұлы атасы – Шортанбай екен. Зар заман болған сол ғасырда «О, заман-ай!» деп налыған шайыр Шортанбай Қанайұлы болатын. Міне, бұл осындай үш ұлы қазақтың «тірі» ескерткіші болып, ортамызда алшаң басып, әзіл-қалжыңымен, парасат-пайымымен дараланып жүрген оқымысты, энциклопедист кәдімгі Шоқан Шортанбаев! Иә, сол қасиетті қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіндегі оқытушы. Кешегі әдебиеттану ғылымының алыптары Зейнолла аға Қабдолов пен Тұрсекең, аяулы Тұрсынбек Кәкішұлы «Шоқаным!» деп еркелетіп, бауырына басқан сол зерек, танымы биік ағамыз.
Шоқан Амангелдіұлын алғаш рет Т.Кәкішұлы­ның тоқсан жылдық мерейтойына арналған конференция кезінде көрдік. Бұл біздің жүзбе-жүз кездесуіміз, емен-жарқын сөйлесуіміз еді. Бұрыннан таныс ескі достардай бір-бірімізге тез бауыр басып, шекарасыз байланысқа өттік. Содан кейін Шоқан аға Астанаға іс-сапармен келгенде, Ұлттық академиялық кітапхананы бірге аралап, Т.Кәкішұлы атындағы «Ғылым» залында риясыз бір сұхбат құрып едік. Бозөкпе студент шағымыздан «сырттай» жақсы білетін, жазғандарын құлшыныспен оқып жүргендіктен, бұл кісіні өзімнің туған ағамдай әрі өмір жолындағы ақылшы досымдай бағалап, құрметтейміз.
Шоқанның жазуы, әдеби пайымы, сөйлеу мәнері мүлде бөлек. Әдебиет тарихының жылнамасын жіліктегенде алдына жан салдырмайды. Маған оның әдеби шығарманы талдаудағы еркіндігі, эрудиттігі ұнайды. Ал оқыған кітабын, кейіпкерін, шығарманың мазмұны мен сюжетін айтып, оқиғасымен, тіпті түйдек-түйдегімен тұтас сөйлемдерді жатқа соғатыны студент жастар арасында аңыз сияқты айтылады. Бала күнінен әдебиетті өмірлік мұратына, кітапты сенімді серігіне айналдырғаны бірден байқалады.
Шоқан студент болып, университет табалдыры­ғын аттап, 102-әдебиетшілер тобына келгенінде филфакта кілең маңдайы жарқыраған сайыпқыран ұлағатты ұстаздар дәріс беретін. Тағылымы зор әйдік­тердің шапағатын көріп, тәлімін алған соңғылардың сапынан болуы мүмкін. Бүгінгі танымал лингвист-ғалым Шерубай Құрманбайұлы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Түрксойдың өкілі Асқар Тұрғанбай, ғылым докторы Сарқыт Әлісжанов, ғылым кандидаттары Бижомарт Қапалбек, Жарқынбек Жақсымбетов, Серікбай Қосан сынды тағы басқа елімізге белгілі азаматтармен бір топта оқыған Шоқанды 1991 жылы әдебиетшілер ұстаханасын үздік бітіргенінде-ақ, мэтр ғалымдарымыз елгезек бозбаланы аттай қалап, кафедраға конкурссыз жұмысқа қабылдаған екен. Содан бері сырғып жылдар, зулап айлар өтті. Жиырма сегіз жыл бойы бір университет, баяғы сол әйгілі кафедрада жемісті, абыройлы қызмет етіп келе жатыр. Негізінде біздің ағай – ғылыми дәрежесі жоқ атақты ұстаз! Абыз ғалым ағаларымыз табанымен жер тіреп, диссертациялық кеңестің қамшысын ұстап тұрған сол кездері-ақ еңбегін қорғап, ғылыми дәреже иеленуіне мүмкіндігі болған, бірақ ғылыми дәреже мен атақты шартты нәрсе деп ұқса керек… Бүгінде кешегі корифей зерттеушілердің еңбегі сіңген қасиетті шеберханада ғылыми дәрежесі бар небір докторлар мен кандидаттар дәріс беріп жүр, алайда сол көптің арасынан ғылыми атағы жоқ, қарапайым оқытушы Пазылбек Бисенбаев пен Шоқан ­Шортанбаев айрықшаланып-ақ тұрады.
Әдебиетші Шоқан Шортанбаевтың қаламынан тақырыбы мен мазмұны өзгеше сипаттағы көптеген дүниелер туды. Соның ішінде «Қазақ романындағы тұлға әлеуеті болмысын қалыптастырудағы дәстүр мен жаңашылдық», «Қан мен тер» адам – тағдыры, жаңа көркемдік өріс», «Құланның ажалы» романы және тұлға әлеуеті», «Роман арқауы – ұлт тағдыры», «Сапарнама сабақтары», «Шәкәрімнің әдеби мұрасын зерттеудің мәселелері», «Қазақ романындағы кейіпкер болмысын зерделеу тәсілдері», «Роман және кейіпкер болмысы», «Сәкен жүрген ізбенен…», «Қалихан Ысқақовтың «Тұйық» романы және тұлға әлеуеті» мақалаларының тұрпаты бөлек-ті. Оның ізденгіштігі, роман мәселесін талдаудағы методикасы ешкімнің қолтаңбасына ұқсамайды. Бірақ та, иә сол «бірақ та…» дегізетін зор өкініш бар. Осы аталған мазмұндық сипаты, мәні өзгеше дүниелер ешқашан кітап болып шыққан емес. Автордан өтініп сұрарымыз да – осы. Болашақ студенттерге, ізденушілерге ауадай қажет, пайдасы мол мақалаларыңызды жинақтап, кітап ретінде оқырман назарына ұсынсаңыз.
Сөз өнері саласының өкілі болып жүрген азаматтың Мағжан, Мирас деген қос ұлы бар. Екеуі де өзі сияқты кітап десе, футбол десе, спорттық ойындар десе, ішер асын жерге қоюға әзір екен. Шоқанның үйін шырайын кіргізіп отырған Әсия жеңгей де ­филолог. Өнегелі отбасын құрған ағамыз қаншама жас әдебиетшілердің жұбын жарастырып, шаңырақ көтеруіне себепкер болып, құрметіне бөленді.
Есім-сойы да, өмірі де әдебиетке, әсемдік пен эстетикаға айналған жазу-ғұмыр иесі – үш тоғысты арқан сияқты көрінеді. Олай дегенімнің мәні: ол – болашақ әдебиетшілерге ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы мен қазіргі қазақ әдебиеті пәндерінен дәріс беріп, үш ғасырды жалғап, білімгерлерге академик З.Қабдолов, профессор Т.Кәкішұлы, профессор С.Садырбаевтардың өнегесін үйретіп, асылдардың сарқытындай жарқылдап жүргені. Біз сырттай «әдебиет-ағай» атап кеткен ұстазымыз туралы шәкірттік сезіміміз осылай ақтарылды.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
Әлібек БАЙБОЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.