І. ЖАЗУШЫЛАР ОРТАСЫНДА

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Менің Жазушылар одағымен қарым-қатынасым ерте басталды. Қайнекей Жармағамбетовтің көмегімен сол ортада сөйлеп, баяндамалар жасап жүрдім. «Әдебиет» баспасында, «Әдебиет және искусство» журналында істедім. Сыншы болып танылып, Жазушылар одағы мүшелері қатарына өттім. Қазақстан жазушыла­рының ІІІ-съезіне қатысып, сөз сөйледім, КСРО жазушыларының ІІ-съезіне бардым. Осылардың бәрі біртіндеп, мені одақ жұмысына тартты. Одақтың белсенді мүшелерінің қатарына кірдім. Осының бір айғағы – 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне баруым. Онкүндікке көп адам қатысты. Аттары белгілі аға жазушылармен бірге жастар да тізімге ілікті. Біздің қатарымыздан да бірсыпыра адам барды. Онкүндікке баратындарды Ғабит Мүсірепов (одақ басқар­масының І-хатшысы) өзі қабылдады. Онкүндіктің жұмыс кестесімен, онда болатын шаралармен таныстырды. Ең басты мәселе – Мәскеудің үлкен театрында өтетін онкүндіктің ашылу салтанатын көтеру, ұлт өнерін таныту, оның өсу жолын көрсету екенін айтты.

Онкүндік – үлкен мейрам ғой. Соған қатысу үшін көп жазу­шыларға әйелімен баруға рұқсат етілгенін хабарлады. Сосын «Үлкен әйелдерге қазақша киін деп тапсырма бермей-ақ қояйық. Жастар жағы, әйел­деріңді онкүндік ашылатын салтанатқа қазақша киіндіріп алып барыңдар. Қазақша оқалы қамзол, ұзын сәнді көйлек, басына үкілі тақия киіп, үлкен театрды ұлттық киіммен жайнатып жіберейік» деді. Мұны біз ресми тапсырма есебінде түсіндік. Солай­ еттік те. Үлкен театрдың фойесі сол күні қызыл-жасыл сәнді қазақ киіміне толып­ кетті. Әйелімізбен барып, «Тапсырмаңызды орындадық» дегендей, Ғабиттің көзіне көріндік. Ол да риза боп қалды. Онкүндікке біз Мұзафар Әлімбаев, Аманжол Шәмкенов, Нығмет Ғабдуллин және мен – төртеуміз бір топ боп бардық. Бір вагонның қатар екі купесіне орналастық. Тамағымыз, жүрген жүрісіміз, саяхатымыз – бәрі бірге. Елден алып барған қазы-қартамыз таусылған кезде, Мәскеуде қазіргі Мир (бұрын Маломещанская деп аталатын) көшесінде «Қазақстан» атты дүкен болатын – содан қосымша қазы-қарта алып, оны жатқан қонақүйіміздің (Киев вокзалының қасындағы «Киевская» қонақүйі) асханасына әйелдер барып пісіртіп алып жүрді. Тобымызбен театрларға бардық, Мәскеу музейлерін араладық, салтанатын қызық­тадық. Кейбір жолдары бізге өзіміз қатарлы жігіттер де қосылып, тобымыз көбейіп жүрді. Бір демалыс күні мен Шереметьев музейін көру жөнінде ұсыныс жасап едім – әйел­дер онша құп алмай, дүкен, базар аралап, шай кесе іздейтіндерін білдірді. Алматыда мұндай тауар өте қымбат болатын. Менің оларды «Останкинода кесе сатылатын көрінеді» деп алдап алып барып, Шереметьеводан бір-ақ шығарғаным бар. Алдына барған соң музейге кірмей кете алмады. Қыстың күні ғой, от жағылмаған, музей іші суық екен. Ел тоңып, қайтарда бәріміз «Өзбекстан» мейрамханасына барып, жан шақырғанбыз. Онкүндіктің үлкен бір тәлімді күндері ­Жазушылар одағында өтті. Онда қазақ әдебиетінің қазіргі жайы, онкүндікке алып барған кітаптары талқыға түсті. Негізінен орыс жазушылары мен сыншылары сөйлеп, қазақ әдебиетінің табысына, өсу бағытына қанағаттанғандық білдірді. 50-жылдардағы қазақ әдебиетінің табыстары, негізінен, аға жазушылар есімдерімен байланысты ғой. Мұқаң, Сәбең, Ғабең, Ғабекең романдарымен қатар, кейінгі ұрпақтан Тахауидің «Қаһарлы күндері», Бауыржан Момышұлы­ның әскери жазбалары, Хамит Ерғалиевтің поэмалары жөнінде жылы пікірлер айтылды. Сыншылардың ішінен Мұхамеджан Қаратаевтың, Темірғали Нұртазиннің, менің (Ғабиден Мұстафин жөніндегі кітабым), Айқын Нұрқатовтың еңбектері жақсы баға алды. Басқа шаралардан «Совет Армиясы театрында» Бауыржан ­Момыш­ұлы­­мен өткен қызықты кездесуді, сурет көрмелерін, қазақ театрлары алып барған спектакльдердің табысты өткенін атауға болады. Ермек Серкебаев онкүндікте Мәскеудің үлкен театрында сол театр ұжымымен бірге «Севиз шаштаразысына» қатысып, Фигароны ойнады. Ермектің қызықты ойынын «Правда» газетінің өзі мақтап жазды. Ұсақ-түйегін термей-ақ қояйын, онкүндікке дуылдап барып, дуылдап қайттық. Онкүндік желтоқсанның соңғы күндері өткен. Келесі, 1959 жылдың басында оның қорытын­дылары шыға­рылды. КСРО Жоғарғы Кеңесі­нің президиумы­ қазақ әдебиеті мен өнерінің үлкен бір тобын орден-медальдармен марапаттады. Мен «Еңбекте үздік шық­қаны үшін» деген медаль алдым. Осы жылы Қазақстан жазушыларының ІV-съезі мен КСРО жазушыларының ІІІ-съезі өтті. Соларға қатыстым. Қазақстан Жазушылары­ съезінде Ғабит Мүсіреповті сынап сөйлегенім, ол кісіге өкпем болғаны, кейін табысқаным жөнінде Ғабит Мүсірепов ­туралы естелігімде кеңірек жазам. Үлкен жазушы ғой, ішінде не жатқанын кім білсін, бірақ сыр берген жоқ. Мені одақтық съезге делегат етіп сайлады, одақ басқармасының құрамына кіргізді. Одақ басқармасының І-хатшысы қызметін Ғабиденнен алған Ғабит 1962 жылы Ғабиденнің өзіне қайтып берді. Ғабиден онда 1964 жылға дейін істеп, Ғабитпен қайта орын ауыстырды. Сөйтіп, екеуі кезектесіп, екі реттен басшылыққа келді. Бұл тұс – Жазушылар одағының ең бір биікке көтерілген кезеңі десе артық емес. Екеуі де басшы ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болды. Одан босағаны Республика Жоғарғы Кеңесіне сайланды. Екеуі де Орталық партия комитетінің құрамына кірді. Жоғарғы басшылық алдында беделдері зор еді. Олармен бас­шылардың бәрі де есептесті. Н.Хрущевтің кезінде көптеген шаруашылық министр­лігін жойып, халық шаруашылығы кеңесін құрғаны белгілі. Осы кезде біраз министрліктер тарады да, Қазақ КСР Ет және сүт шаруашылығы министрінің үйін Ғабит Жазушылар одағына сұрап алған. Қазіргі Жазушылар одағы отырған үй – сол. Ғабиден кезінде Н.Хрущев қызметінен кетіп, халық шаруашылығы кеңесі тарады. Министрлік үйлерін өздеріне қайтара ­бастады. Бірақ Ғабиден үйді қайтаруға көнбеді. Оның басшыларға барып көнбей кеткенін естідік. Сондай күндердің бірінде мен Ғабиденге келіп отырып, оның жоғарғы басшылықтағы адамдарының бірімен осы тақырыпқа сөйлескенінің куәсі болдым. Оның Ғабиденнің бірінші бастыққа келіп кетуін сұрағанын байқадым. – Не мәселе жөнінде, – деді Ғабиден. – Тағы да үй мәселесі ме? Онда мен бармаймын. Мені қызметімнен алып тастаңдар да, үйлеріңді ала беріңдер. Осыдан кейін оны ешкім мазалаған жоқ. Міне, бұл – екі бастықтың да беделді, табанды, принципті болғанын көрсетеді. Олар пейілдерінің кеңдігімен әдебиет ақсақалы қатарына көтерілді. Жастарға қамқор болды, көп адамның үй алуына көмектесті. Ең бастысы – әдебиетке адал қызмет етті. Әсіресе, Ғабиден мейлінше орнықты, тұрақты адам еді. Ол әдебиеттің көркемдік сапасы мен жазушылар қатарының тазалығы үшін батыл күрес жүргізді. Бұл екеуінен бұрынғы одақ басшыларынан мен Сәбит Мұқановты да, Әбдірахим Жаймурзинді де көрдім, істес болдым. Сәбең тұсында мен одаққа араласа бастаған кезде, жағдай ауыр еді. 50-жыл­дардың бас кезіндегі «Ұлтшылдық» науқаны одақты да, оның төрағасы Сәбит Мұ­қановты да қысып тастаған. Бұрын­ғыдай кең, шалқып жүрген бастықты да, жазушыны да көре алғам жоқ. Күнде ұрыс, сөгіс естіп, сүмірейіп келіп, бүрісіп отырып қайтатын. Ақыры орнынан босатты. Сәбең орнына Гурьев облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Әбдірахим Жаймурзин келді. Сталин тұсында шығармашылық ұйымдарда пар­тия­лық басшылық жүргізу үшін комиссар жіберу әдеті болатын. Горькийдің тұсында Щербаков, Фадеевтің тұсында Поликарпов сынды комис­сарлар болған. Ж.Шаях­метов те осы тәжірибені қабылдап, Жаймурзинді одаққа жіберді. Әбекең ақыл­ды кісі еді. Жазушылар ортасында жұмыс істеудің қиындығын тез байқады. Әуелде міндетін партиялық принциппен адал атқарып көруге ұмтылды. Бірақ, бір жағынан, жоғарғы биліктің қысымы, екінші жағынан, төменгілердің қарсылығы, үшінші жағынан, зорлықпен, күшпен таңылып жатқан ұлтшылдық науқанының сырын аңғары­сымен, адал, таза, ар-абыройын былғамаған қалпында сұранып, Қоғамдық ғылымдар академиясына кетіп қалды. Сол екі ортада республика басшылығы өзгеріп, олар Жазушылар одағы басшылығын Ғабиден Мұстафиннің қолына берді. 1966 жылы Жазушылар одағына Әди Шәріпов келді. Ол бұдан бұрын Оқу министрінің орынбасары, министр, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған белгілі қоғам қайраткері болатын. Ұлы Отан соғысы кезінде партизандар қатарында болған, кейін осы тақырыпқа шығармалар жазған, Жазушылар одағына сол еңбектері арқылы мүше болып кірген қаламгер. Оны одаққа жіберуде басшылықтың сылтау еткені де – оның жазушылығы. Әдидің одаққа келуі мен оның шын жағдайлары жөнінде, Әдидің мұнда істеген істері жайлы мен ол кісі туралы естелігімде толық жазғам. Әдидің тұсында Жазушылар одағы ұйымдастыру жағынан да, материалдық жағынан да едәуір нығайды. Мәскеумен байланысы күшейді, қазақ жазушылары­ның шығармалары орыс тіліне аударылып, одаққа кеңірек танылды. Әди ағаларымен де сыйлас болды, олардың ақыл-кеңесін тыңдап тұрды. Сонымен бірге талапты жастарға да сүйенді. Соның бірі болып мен де одақ басшылығына кірдім. Әдидің тұсында өткен съезде одақтың президиум мүшелігіне өттім. Кейін президиум тарап, секретариат құрылды. Мен секретариат құрамына кіріп, Сын кеңесін басқардым. Одақтық Жазушылар одағының Сын кеңесіне мүше боп кірдім. 1981 жылы өткен КСРО жазушыларының съезінде тексеру комиссиясының мүшесі болып сайландым. Осы жылдары ауысып-түйіскен одақ басшыларының бәрімен де қызметтес болдым. Әдиден соң одаққа Әнуар Әлімжанов келді. Бұл – басшылықтың кездейсоқ шешімі еді. Әнуар – негізінен журналист, жазушылық еңбектері де жалаң публицис­тикадан тұратын, ел басқаратын, көппен тіл тауып сөйлесетін қабілеті жоқ адам болатын. Қаламы ұшқыр журналист ретінде «Литературная газетада» тілші болып жүріп көзге түсті де, орысша білетіндердің заманы туып тұрған кездің мүмкіндігін пайдаланып кетті. Жол Жұбандікі еді. Ол ұзақ жылдар ІІ-хатшы болып Ғабитпен, Ғабиденмен, Әдимен бірге істескен, талантты ақын, шебер ұйымдастырушы. Соның аты аталып тұрған жерден Әнуар алға түсіп кетті де, Жұбанның қолы ол кеткеннен кейін ғана І-хатшылыққа жетті. Жұбаннан кейін ­Олжас Сүлейменов келді. Оның келуі де көптің көңілінен шыға қойған жоқ, таза Қонаевтың ұйғаруымен шешілді. Қазақша сөйлей білмейтін, бір қазақ жазушысы кітабын оқымаған адам қалай Қазақстан жазушыларын басқармақ? Өмір бұл шешімнің де әділетсіз болғанын дәлелдеді. Олжас та, одан бұрын істеген Әнуар да қазақ жазушылары жиындарына бармайтын. Орыс жазушыларының секциясына ғана қатысатын. Олжаспен әмпей жүретін Әлжаппарға мен талай: «Олжасқа айт. Сөйлемесе де, қазақ жазушыларының ­жиналысына қатысып, тыңдасын. Кім не жазып жүр, жазушылардың аты мен кітабы туралы әңгіме құлағына сіңе береді ғой» деп айтқаным есімде. Әлжаппар «Айттым, келеді» дейді. Бірақ Олжас солай, келмеген қалпында кетті. Әнуар да, Олжас та одақтың ішкі тіршілігіне кіре алған жоқ. Ондай ниеттері де болмады. КСРО Жазушылар одағының хатшысы, Азия мен Африка ­жазушылары бірлестігінің басшылары есебінде уақыттарының көбін Мәс­кеуде, шетелдерде өткізді. Тек одақтың бірінші басшысының Жоғарғы кеңеске депутат, партияның орталық комитетіне мүше болу хұқын пайдаланды. Жазушылар одағы басшылығында болған осы жиі өзгерістер одақтың пайдасына шыққан жоқ. Жазушылар­ ортасында жік, бөлінуші­лік көбейді. Әнуардың кезінде ІІ-хатшы болған ­­І.Есенберлин­­ бастығының ішкі шаруаға араласа алмайтынын білген соң, оны алдап қойып, өзі билеп-төстеді. Елді жікке бөліп, Қонаевқа өсек тасумен болды. Осындай әңгімелерге, қолы жеткен адамдардың өсегіне сенген Қонаев одақ басшыларын ауыстырумен уақытты өткізіп алды. Мұның аяғы Олжастың одақты өз еркімен тастап кетуіне алып келді. Горбачевтің қайта құруының КСРО құлауына жеткізген кезінде одақтың да берекесі кетіп, бәріміз де тарадық. Қырық жылдан астам жазушылар ортасында болып, одақ жұмысының қыры мен сырына қанығу мен үшін үлкен өмір мектебі болғанына дау жоқ. Бұл жылдары аты белгілі әдебиет классиктерінен бастап, мен талай ағаларыммен істес болдым, араластым. Кісі таныдым, өзімді таныттым. Бұл жайында Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбу, Жұбан, Мұқан, Қайнекей, т.б. жазушылар жайындағы естеліктерімде кеңірек айтам.


Ең алғаш қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасына барған кезде мен екі Ғалекеңнің қарамағында қызмет істедім. Бірі – баспа директоры Ғалым Ахмедов, бірі – бас редактор Ғали Орманов. Бұрын әрқилы басшылық қызметтерде болып, ысылған, тәжірибелі баспагер Ғалым Ахмедов­ өте байсалды, ақылды адам еді. Ол кісімен қызметтес болған күндерде де, кейін де Ғалекеңнің біреуге айғайлап, ренжіп, дауыс көтеріп жатқанын көрген де, естіген де емеспін. Нені болса да ақылмен шешетін, қарамағындағы адамдарға қамқор бола білетін. Әуелде аудармашы ретінде танылған ол орыс тіліндегі бірқатар көркем әдебиет кітаптарын қазақ тіліне аударып жүрді. Л.Толстой мен А.Чеховтың біраз әңгі­мелері, Б.Горбатовтың «Бағынба­ғандары»,­ М.Бубенновтың «Қыран ұшқан құла дүз», К.Фединнің «Алау», ­Т.Семушкин­нің­­ «Аласталған Алитет» атты романдары Ғалекең аудармасымен тарады. Кейін жасы ұлғайып, зейнетке шыққаннан соң ол прозалық шығармалар жаза бастады. Қазақстанның Орынбордағы кезінен бергі өмірінің бәріне куә болған Ғалекең өзі көрген оқиғаларға жаңа көзбен қарап, баға беруге тырысты. Оның «Жем бойында», «Өткен жылдар», «Ескі достар», «Алаш Алаш болғанда» кітаптары негізінен деректі мәліметтерді мол қамтыған туындылар еді. Мінезі жұмсақ, әңгімешіл, көргені көп Ғалекең ұзақ жасаған өмірінде (96 жасында қайтыс болды) ешкімге не еңбегін, не сақалын сатқан адам емес. Кіммен болса да сыпайы, сыйластықпен өтті. Қазақтың үздік лирик ақыны Ғали мен баспаға қызметке келгенде, бас редактор еді. Сын мақалалар жазып, жаңа көріне бастаған мені ол жылы қарсы алып, «Біз сені білеміз ғой, қаламы жүйрік баланың бірісің» деп, жұмысқа сынақсыз қабылдаған. Мінезі жұмсақ, «айналайындап» тұратын. Жас ақындарға ерекше қамқор болатын. Жақсы өлең көрсе қуанып, кейде қолын да шапалақтап, авторының бетінен сүйіп жататын. Сол тұста баспаға жиі келіп жүретін Қуандық Шаңғытбаев пен Сырбай Мәуленовті кабинетіне кіргізіп алып, жаңа өлеңдерін оқытып, мәз болып отырғанын талай көргенбіз. «Құдайдың өзі қолымен қалап кеткендей» деп, Сырбайдың ұйқастарының беріктігіне риза болатын. Елгезек, кішіпейіл, ақынжанды адам еді. Ол кісіні құрмет тұтпайтын адам болмайтын. Кейін Ғабиттің тұсында Ғали одақтың ІІ-хатшысы қызметін атқарды. Ғалекеңмен, оның отбасымен менің жиірек қарым-қатынас жасауым да осы кезден басталды. Оған Ғабит пен Ғабиденмен карта ойнайтыным себепкер болды да, Ғалекең сирек те болса, картаға араласып жүрді. Нашарлау ойнайтын ол біраздан кейін үлкен карташылардың тегеурініне шыдай алмай шығып қалатын. Көбінесе, ойыншы жетпей қалғанда Ғабит оны зорлап ойнататын. Алғаш одаққа араласа бастаған тұста да, «Жазушы» баспасында істегенімде де Ғалекеңнің сараңдығы жөнінде түрлі әңгімелер айтылатын. Әсіресе, жастарға қызық көріне ме, Тәкен мен Тахауи өздері көргені бар, естігендері бар – көпіртіп айтатын. Арагідік болса да замандастары аузынан да сондай әңгімелер шығып қалады. Карта ойнап отырғанда да, Ғабит қалжыңдаған болып, бетіне басады. Мінез ғой. Ондай мінездердің кейбір көріністеріне өзім де куә болдым. Алайда Ғалекеңнің ­отбасымен араласқан тұста, Айтбала жеңгейдің дастарқанын көріп, «Құдай Айтекеңді Ғалекеңнің кем-кетігін жойып, орнын толтырып отыру үшін берген ғой» дейтінбіз. Шын Ғалиды оның ақындығынан, ақкөңіл, адал болмысынан таныдық. Баспаның бас редакторының орынбасары болып Әнуар Ипмағамбетов деген жігіт істейді екен. Жұмсақ мінезді, кеңпейіл, сүйкімді жас жігіт. Әрқашан таза, жинақы жүреді. Алматының жазғы ыстықтарында үстінен костюмі, мойнынан галстугі түспейді. Екі тілде бірдей сауатты Әнуар бізбен бірге отырады да, баспа редакцияларының жұмысына басшылық жасайды, басқа мекемелермен жазысатын хаттарды дайындайды. Қызметке орнықтылығы мен жеке басы мәдениетінің биіктігіне қарап, мен оны көргенді, оқыған ортадан шыққан-ау деп ойлайтын едім, рас екен, кейін білдім. Әкесі революциядан бұрын-ақ Петербургтің әскери-меди­циналық академиясын (1911) бітірген, Түркістан округында әскери дәрігер болыпты. Әнуар, негізінен, аудармашы ретінде қызмет етті. Көптеген орыс жазушыларының шығармаларын аударды. Баспаға кейін бас редактор болды. Тың көтерген жылдары «Тың өлкесі» газетіне редактордың орынбасары болып кетіп, тың өлкесі тарағанда, Ақмола облыстық газе­тінде редактор болып қалды. Онда ұзақ істеді: әйелінің (Қорлан) денсаулығына бай­ланысты Алматыға орала алмады. Бір­талай жыл бірге демалып, араласып жүрдік. Біз таныған жақсы адамдардың бірі еді. Баспада бұлармен қатар Қ.Әбді­қадыров, Ж.Сыздықов, Ж.Қосыбаев, Ғ.Сланов, А.Байтанаев, Ф.Дінисламов, Т.Ахтанов, А.Құлбеков сияқты тәжірибелі баспа, баспасөз қызметкерлері істеді. Төлеужан Ысмайылов, Тілеген Қайдаров, Сәрсен Жұмағалиев, Күләнда Ұзақбаева сияқты жастар менімен қатар орналасты. Үлкен бір бөлмеде отыратын 20-дан астам қызмет­кердің түскі астан кейін әр жерде шошайып,­ бес-алтауы ғана қалады. Қалмақан, Жаулыбай,­ Әнуар, Күләнда, мен – ең тәртіптілері біз. Ылғи да орнымыздан табыламыз. Қалғандары кейде кезектесіп, кейде тұтасымен жоғалып кетеді. Алдымен кететіндер – Тахауи, Мұхамед Игісінов (партия қызметінен босап, баспаға келген), Фатих Дінисламов үшеуі. Ғабдол мен Жақанның да отыратын кезі сирек. Көбі «осында жүр деп ойласын» деп, оқып отырған қолжазбасын үстел үстіне қалдырып кетеді. Ол ертеңге шейін жатады. Қалмақан марқұм отырып алып өлең шығарады. «Мұхамеди, Тахауи, Фатих кетті іздеп үй. Бес сағатқа шыдайтын Темір емес баста ми…». Тағы да біраз адамдардың атын қосады. Көбі есте қалмапты. Аполинария Николаевна дейтін іс басқарушы әйел бар. Редакторларын іздеп таба алмай жүреді. Қалмақанның өлеңі «Аполинарияның жұмбағы» деген атпен қабырға газетіне шығады. Өлең біраз адамдардың аттарын атамай, жұмбақтап суреттейді. «Бөтелке қуып кетпесе, Жұмбағымды таба ғой» деп аяқталады. Жазушылар одағы мен баспа аралас. Бір қораның ішіндегі (Пролетар көшесі, 11 үй) екі үйде қатар орналасқан. Кішілеу үйде бұрын одақ болған еді, қасындағы үлкендеу үйді босаттырып, өзі соған көшті де, кіші үйді баспаға берді. Екі мекеме адамдары да араласып кетті. Кейін «Әдебиет және искусство» журналына ауысқанда, мен одақтың ішіне көштім. Сонда және кейін де араласа жүріп, көп ағаларымды таныдым. Жазушылар ортасында алғаш көргеннен құрмет тұтып, сыйласып кеткен ақындарымның бірі – Тайыр Жароков. Тәкең біздің бала кезімізде дүрілдеп шығып, кітаптары қолдан-қолға тимейтін ақын болатын. Алматыға келгеннен кейін мен оны 1948 жылы ҚазПИ-де өткен ақын-жазушылардың кездесуінде көрдім. Сәбит Мұқановпен қатар ­президиумда отырды. Сәбең сөйлеп тұрып: – Мына Тайыр түрі жас болғанмен, бізге ере шыққан егде ақынымыздың бірі, – ­дегенде, жалт етіп мойнын Сәбеңе қарап бұрды да, тағы да тез бұрылып, ілгері қарағаны есімде. Осындай оқыс қимылдап, қозғалыстар жасау Тәкеңнің әдеті. Өлеңді де даусын көтеріп, ырғаққа салып, артис­терше шабытпен оқитын. Жұрт оны Маяковскийдің өлең оқығандағы түріне ұқсататын. Әзіл-қалжыңға шебер болатын. Әзілдеп тұрып, өзі күлмей, елді күлдіретін. 1949 жылы Қайнекей мені балалар әдебиеті жайлы баяндама жасатып, одаққа алып барғанда, «Қирабаев деген біреу келіп, қиратып жатыр» деген сөзді де Тәкең айтқан. Сірә, мені мұқату үшін емес, күлкі тудыру үшін айтқан болу керек. Әйтпесе, Тәкең табиғатында жұмсақ, кісіге жамандық ойламайтын, жаман сөз айтпайтын адам. Біздің Қажыммен жерлес әрі ҚазПИ-де бірге оқыған, дос болатын. Менің ақынмен алғашқы кездесулерім де Қажым арқылы өтті. Қажекеңе еріп, Тәкең үйіне барғаным да бар. Тәкең бізге «Тасқынға тосқын» поэмасының алғашқы тарауларын оқып берген. 60-жылдары үкіметтің екінші демалыс үйіндегі жазушылар саяжайында көрші тұрдық. Заманның небір қиын кездерінде, әсіресе 1937 жылдары «Тайыр айтыпты» деген сөз шыққан емес. 1952 жылы Қажым сотында Мағжанның өлеңін оқыды деп біреулер мойнына қоюға тырысқанда, куәлікке тартылған Тайыр: «Мен сол кеште біраз ішіп қойып, ұйықтап қалып едім, естігенім жоқ» деп құтылған. 50-жылдардың у-шуы кезінде Т.Нұртазин мен З.Кедринаның Сәбит пен Мұхтар жөніндегі алғашқы зерттеулері шығып, белсенділер сынау ­орнына мадақтау айтты деп жабысып, осы мәселені Жазушылар одағында талқыламақ болып, Тайырға баяндама жасатқан. Тәкең сонда жазушыларға да, сыншыларға да ­жарытымды сын айтпай, басшылық жиналысты таратып жіберген. Кейін ­­Ә.Жаймурзиннің­ баяндамасымен жиналыс қайта өткен. Жазушыларды революциядан бұрынғы қазақ өмірін мақтады деп сынап жатқанда, Тәкең күлкі үшін болса да «өзім де қумын, револю­цияның ар жағына жуығам жоқ» дейтін. Тәкеңнен қалған қанатты әзіл сөз, ақынды еске алғызар қылықты мінез көп. Оны елдің бәрі сыйлайтын, «Тәке» дейтін. Өзінің бір замандас інісі «Тайыр» деп қалғанда, таянып барып, ақырын ғана: «Інім, мені сен түгілі атына қарамай, Мұхтар мен Сәбит те Тәке дейді» деген. Біз көрген тұста Тәкең арақ ішпейтін, аздап шарап ішіп қана отыратын. 30-жылдары Иса, Қасымдармен қосылып, біраз ішкені жайында әңгімелер айтылатын. Сірә, Исаның «Арақ көл, сыра дария болып ақса, Сол елге Иса барып, болса патша. Қасым, Тайыр секілді інілері, Мас болып жағасында құлап жатса» деп өлеңдетіп жүрген кезі болуы керек. Сол топтан Тәкеңді айырып алып, қатарға қосқан жары Мүнира еді. Мүкеңді Тәкең өзі де, жалпы ел, жазушылар қауымы сыйлайтын. Жазушылардың үлкен аналары қатарында ұстайтын. Мүкеңді сыйлаған Тәкең де оның қас-қабағына қарап, араққа жуымайтын. Кейде бір елігіп кететін мезгілдерінде аздап ішіп қойса, тамақ ішпей тез тайып кететін. Тамақ ішіп қойғанын білдірмес үшін үйге аш баруға тырысатын. Ол заманда жазушылардың топтасып жүріп, жолдағы будкаларға кіріп қалатын кездері көп болды ғой. Тәкеңнің сонда тиісті үлесін ішіп жіберіп, лып етіп далаға шығып кететінін талай көрдік. Аты белгілі ақын көзге түспеуге тырысатын. 1962 жылы Ғабиден Мұстафиннің 60 жылдығы аталып, жиналыстан кейін жазушының үйіне барғанымыз есімде. Ас кезінде аздап шарап ішіп отырған Тәкең үзіліс болып, әйелдер екінші бөлмеге шығып кеткен соң, маған қарап: «…Жап есікті» деді. Жаптым. «Басып тұр» деді. ­Басып тұрдым. «Құй» деді екінші біреуге. Ол арақ құйды. Тартып жіберді де, Тәкең: «Уһ, өзіме де керегі осы еді» деді. Әр сөзді бұйрық сияқты шапшаң айтуы да, оның орындалуы да күлкі шақыратындай қызықты еді. Тәкеңнің осындай мінездерін қызық көретінбіз. Кейде бір тойып алған кезінде «Уһ, өстіп жүріп өлеміз ғой» дейтін де сөзі болатын. Осының бәрінде ақынның ерке мінезі жатқандай көрінеді. Оның мінез-құлқында, жүріс-тұрысында, жалпы табиғатында ешкімге ұқсамайтын қиялдағы бір ақындық келбет елестейтін.
Үлкен ақынымыз Әбділда Тәжібаевпен менің қарым-қатынасым бірден жылы күйде дамыған жоқ. Ол маған суықтау көрінетін. Біртіндеп байқадым – Әбекең біздің жас кезімізде албырттықпен жазған артық-кем сын пікірлерімізге кектене қарайды екен. Жалпы кекшілдік Әбділданың бойында бар екенін де мен ерте байқадым. 1946 жылы Темірғали Нұртазин «Әдебиет және искусство» журналында «Жаңылыс қадам, жалған бағыт» деген мақала жазып, Әбділда шығармашылығындағы символистік сарындардың сырын ашып, сынаған болатын. Содан 1950 жылы Темкең «О творчестве Сабита Муканова» деген кітап жазып, сол кітап Жазушылар одағында талқыға түсті. Заманның сыншылдыққа бет алып тұрған кезі ғой. Баяндамашы Қапан ­Сатыбалдин де, сөйлеушілер де ­жазушыны да, сыншыны да қабаттап сынап жатты. «Жазушының ұлтшылдық қателерін ашудың орнына сыншы мадақтап жіберген» деп сынайды. Әбділданың осы жиналыста: «Әдебиетті біз әдебиеттің жауларының қолына бермеуіміз керек» деп сөйлегенін ұмытқам жоқ. Мұнда Темірғалидың 1937 жылы кетіп, жазаланып келгенін (яғни дұшпандығын) бетіне басу, жоғарыдағы мақала үшін кек қайтарып жатқаны түсінікті еді. Кейін 1962 жылы «Өмір және поэзия» кітабында Айқын Нұрқатов екеумізге айтқан сынында да кекшілдік жатқанын түсіндік. Әбділда мейлінше күрделі кісі болатын. Бірақ үлкен ақын еді. Ақындық салада көп ізденді. Гетені, Гейнені, Шевченконы үлгі тұтты. Батыс Еуропаның символист ақындарын (Ибсен, Меттерлинг) оқыды. Соларға еліктеп, әр салада тәжірибе жасады. Кеңес тұсындағы жаңа реалистік бағытта дами бастаған әдебиет үшін басқа әдістердің бәрі жат еді. Әбділда осы үшін сынға көп ұшырады. Көп сыналған адам әккі, қу болып, жан-жағына қарағыштап, кім дос, кім жау деп қарайтын болады. Адамға күдікпен қарап, әркімге сене беруден бой тартады. Әбділдада да осындай жаңа психология қалыптасты. Ол біреуді дос көріп, біреуді дұшпан санап, елді бөліп қарайтын болды. Сөйтіп, бойына екіжақты мінез жұқтырды. Бірде Сәбитке, бірде Мұхтарға дос болып, бірінен біріне ауысып кетіп те жүрді. Ғабиден Жазушылар одағын басқарған кезде соның маңын паналады. Тіпті үйінен шықпайтын. Ғабиденнің 60 жылдық тойында ел тарағаннан кейін қалған азын-аулақ адамдардың ортасында болып, «өз үйім, өз ағам» деп өзеурегені менің есімде. Ағасын бетіне ұстап, ойынан шыға бермейтін Мүсілім Базарбаев екеумізге қыр көрсеткені де бар. Ғабиден де Әбділдаға сенді. Осы тұста Әбділданың тұрақты дос емес екендігін айта барған бір жазушыға Ғабиденнің «менің үш балам бар, Әбділда – осы үйдің төртінші баласы» деп айтқаны туралы мен бір естелігімде жазғам. Ақыры Ғабиденнің қолдауымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғаннан кейін аралары алыстап кетті. Жазушылардың бірін дос, бірін жау санайтын, топқа бөлінетін әдетімен ол Ғабиден тұсында кітабы талқыға түскен бір жазушыны жақтаған болып, бөлініп кетті. Өзі дос санайтын адамдарына орынсыз ара түсіп, жаманы болса да мақтай салатын әдеті болатын. Уақыт өтеді, заман өзгереді. Сонымен байланысты адам да қатыгездігі жұмсарып, жаңарады. Заман түзеле келе Әбділда да сабасына түсіп, дүниеге ақындық, ағалық көзбен қарай бастады. Оның үстіне алдындағы ағалары кетіп, төр басында өзі қалды. Біздің де қарым-қатынасымыз осы тұста жылыды. Мен оның үлкен ақындығын сыйлайтын едім. Біздің арақатынасымызды жұмсартуға Шахмет Құсайынов (қайнағасы) марқұм араласты. Шахаң жастарға жақын жүретін, сыйлайтын ағам еді. Содан кейінгі өміріміз сыйласумен өтті. Мен оның сексен жылдығын тойлауға белсене қатыстым. Опера театрында, әдебиет институтында кештер өткіздік. Мақалалар жаздым. Кейде ескі мінезі есіне түсіп, ойынан шықпай қалған кезімде тісін де көрсетіп қоятын. Кісі айтқанына көне бермейтін, өзімнің ұғымыммен, түсінігіммен жүретін мен оған мән бермей, артын жуып-шайып жіберетінмін. Өмірінің соңғы шағында жазушылар саяжайында көрші тұрдық. Осы жылдары өлеңді көп жазды. Сараның қайтыс болған тұсы еді. Жалғыз адам ойшыл болады ғой. Ойындағысының бәрін қағазға төкті. Жақсы өлең көрсе, қуанып, «Оқыдың ба?» деп телефон соғатын. Жастарға қамқорлықты да көп жасады. Бүгін ол да жоқ. Тіршілікте олай, бұлай дейміз. Қазір сағынып еске аламыз. Шахаң арқылы табысып, дәмдес болған кезімізден бастап, Сара апам бізді ерекше іні тартып, жақсы көріп кетті. Қонақтарынан сырт қалдырған емес. Бізге де бұлданбай келетін, рақаттанып отырып кететін. Әлияны жақсы көріп, қыздарына үлгі ететін. Анасының айтуымен Әбділданың балалары бізге үйірлігін әлі де жалғастырып келеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.